Сенбі, 27 Сәуір 2024
Анық 4731 7 пікір 30 Қараша, 2020 сағат 12:29

Мемлекеттік тілді білмеген адам мемқызмет атқармасын!

Тәуелсіздігімізді алған жылдан бері қазақ тілінің қайта дамуына, кең таралуына, келешек ұрпақ сол Конституцияда айтылғандай мемлекеттік тілде еркін сөйлей білуіне бағытталған қаншама реформа жүргізілгенімен, ана тіліміздің мәртебесі 20 пайызға ғана жоғарылады деуге болады.

Оған бірнеше себептер бар: заң шығару процесінің орыс тілінде жүргізілуі, ал қазақ тілі тек ілеспе аударма тілі ретінде ғана қолданылуы; Үкімет үйінде 70 пайыз қызметкердің бір-бірімен қазақ тілін біле тұра, орыс тілінде сөйлесуі, өйткені ресми құжаттар орыс тілінде жазылады және көпшілікке «жағымпаздану» не қазақ тілін «менсінбеушілік» сияқты қоғамдағы құбылыстардың орын алуы (сол шенеуніктердің көбісі тәуелсіздігімізді алған жылдарынан бастап білім ала бастаған жастар). 

Бүгінгі жастардың заманы – бұл шекіз мүмкіндіктердің, тұңғиық ілім-білім мен ой-өрістің уақыты. Алайда, басқа ұлт өкілдері бір жылда мемлекеттік тілді меңгеріп алып жүргенде, біздің қазақтарымыз тілді үйренуде не қиыншылыққа тап болатыны беймәлім.

Менің ойымша, мемлекеттік тілді білмеген адам, мемлекеттік лауазымды атқаруға қақысы жоқ. Егер басқа елдің азаматтығын алу үшін шетелдіктерге міндетті түрде сол елдің тілін еркін меңгеруіне талап қойыла, біз неге еліміздің болашағын шешетін лауазым иелеріне кәсіби біліктілік талап ретінде мемлекеттік тілді еркін меңгеруін талап ете алмаймыз. Яғни мемлекеттік қызметке тұрарда қазақ тілінен тек тест ғана тапсырмай, шығарма жазуды да талап ету қажет. Бірақ сыбайлас жемқорлықтың арқасында ол талаптан да еркін өтіп кетіп, әрі қарай еш саспай қызмет атқара беретін қызметкерлердің болатынына күмән жоқ.

Қазіргі таңда тіл мәселесін бақылайтын бірде бір ұйымдастырушы және бақылаушы орган жоқ деп айтуға болады. Бұрын ол қызметті Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің Идеологиялық орталығы атқаратын. Қазіргі таңда ҚР Мәдениет министрлігінің Тіл комитеті атқаруда. Алайда оның өкілеттігі бұл мәселені шешуде шектеулі және елімізде 30 жылда  мемлекеттік тілдің дұрыс дамымауына оған жауапкершілік жүктеуге болмайды. Ал дәл қазір ақпараттық технологияның жедел дамуы заманында оны қолға алу мәселесі күрделі болмақ, өйткені уақытты жоғалтып алдық.

Біз ең алдымен ұрпақтың бойындағы ұлттық талғамның отбасыдан бастау алатын тәрбтесімен айналысуымыз керек. Ұлттық талғам қалыптасқанда ұлттық болмысқа жат дүниелерің, барлығы да өздігінінен шетке ысырыла бастайды.

Жалпы қоғаммен байланыств «тіл» атты құралдың маңызы еркеше. Билік пен бұқара түсініспей, тіл табыса алмай жатса, оған ең бірінші себеп – тілдердің жарасым таппауы. Өйткені тіл - бірліктің белгісі. Тілдің ар жағында бүкіл ұлттың болмыс-бітімі, мінезі, тіршілігінің мән-мағынасы жатқанын бәріміз білеміз. Ендеше кім ана тілін өзге ұлттың тілінен төмен қояр болса, ол қайтіп өз ұлтына қызмет етеді?

Құдайбергенова Татьяна Сергейқызы

Abai.kz

7 пікір