Жексенбі, 5 Мамыр 2024
Жаңалықтар 4298 0 пікір 6 Ақпан, 2012 сағат 07:25

Ауыт Мұқибек. «Егемен» елінен кешірім сұрасын!

(Сейфолла Шайынғазыға жауап)

Алғашында Қытайдағы қандастардың «Күлтегін» атты сайтын ақтарып отырып, «Өз елінде өзі қонақ болғысы келетін оралман ағайындардың ойлағандары не?» деген мақаланы көзім шалған. Кім, қашан жазғанына мән берместен, жай шолып қана өте шыққам. Әйтеуір арғы беттегі ағайындар жерден алып-жерге салып, жеті атасын жездей қақтап жатқан көрінген. Бұл күнде кім не айтпайды, еріккен біреудің сандырағы шығар дегем де қойғам. Енді келіп «Егемен Қазақстанның» бетін ашып қалсам, манағы мақалам тұр табақтай болып. Өз көзіме өзім сенбей, салыстырып кеп жіберсем, дәл өзі. Кәдімгі  «Егемен Қазақстан», Сауытбек Әбдірахманов басқаратын, өзімнің жанымдай жақсы көретін, кезінде Қытайда туылып, бала кезінде мұнда келген, тумаларының тең жарымы арғы бетте келе алмай ұлардай шулап  отырған, жерлесім деп бүйрегім бұрып тұратын Жанболат Ауыпбайұлы жауапты болып шығаратын еліміздің ең бас газеті. Ал, жазған пақырыңыз Сейфолла Шайынғазы деген бейбақ болып шықты. Мен өмірі естімеген есім. Телефон шалып, Астанадағы ағайындардан ұғыссам, осы басылымның білдей орынбасары, жасы алпысты алқымдаған ақсақал болып шыққанын қайтерсің. Өзі Қостанайдың тумасы дейді.

(Сейфолла Шайынғазыға жауап)

Алғашында Қытайдағы қандастардың «Күлтегін» атты сайтын ақтарып отырып, «Өз елінде өзі қонақ болғысы келетін оралман ағайындардың ойлағандары не?» деген мақаланы көзім шалған. Кім, қашан жазғанына мән берместен, жай шолып қана өте шыққам. Әйтеуір арғы беттегі ағайындар жерден алып-жерге салып, жеті атасын жездей қақтап жатқан көрінген. Бұл күнде кім не айтпайды, еріккен біреудің сандырағы шығар дегем де қойғам. Енді келіп «Егемен Қазақстанның» бетін ашып қалсам, манағы мақалам тұр табақтай болып. Өз көзіме өзім сенбей, салыстырып кеп жіберсем, дәл өзі. Кәдімгі  «Егемен Қазақстан», Сауытбек Әбдірахманов басқаратын, өзімнің жанымдай жақсы көретін, кезінде Қытайда туылып, бала кезінде мұнда келген, тумаларының тең жарымы арғы бетте келе алмай ұлардай шулап  отырған, жерлесім деп бүйрегім бұрып тұратын Жанболат Ауыпбайұлы жауапты болып шығаратын еліміздің ең бас газеті. Ал, жазған пақырыңыз Сейфолла Шайынғазы деген бейбақ болып шықты. Мен өмірі естімеген есім. Телефон шалып, Астанадағы ағайындардан ұғыссам, осы басылымның білдей орынбасары, жасы алпысты алқымдаған ақсақал болып шыққанын қайтерсің. Өзі Қостанайдың тумасы дейді.
Алыстан келген, онсыз да көші тоқырап, келе алмай жатқан сол қазақтарда не әкесінің көз құны кетті екен деп оқысақ, жүрегің айнитын баяғы оралмандарды сынап-мінеген былжырақ. Ол сорлыларды төпештемеген енді Сейфолла Шайынғазы қалып еді. Елбасының бір кезде оралмандардың біздің елімізге еңбегі сіңген жоқ деп қалуы мұң екен, тұс-тұстан бөрінің к...ті құсап, шулап шыға келді бәрі. Оны да Н. Назарбаев айтайын деп айтқан жоқ, аузына салып жіберген осы Сейфолла секілді тоғышар, жандайшаптар болатын. Содан не керек, әрең тұрған көрінеді, шегірткенің айғыры құсап Т. Мамашев гідіңдеді «ұрғаным бар сендерді»- деп. Күйеу бала Т. Құлыбаев пен Ө. Шүкеев «Жаңаөзендегі көтерілісті ұйымдастырған оралмандар»-деп бастан бір-бір салып өте шықты. Ол аз болғандай Е. Ертісбаев деген желөкпе жерден жеті қоян тапқандай ысқыртып, сонау Лондонға жеткізді бұл күстаналауды. Енді келіп, сомадай «Егемен Қазақстандікі», оның қызметкері Сейфолла Шайынғазыныкі мынау...
«Елім» деп «еңіреп..»! -дейді автор, өзінше тырнақшаға алып. Кекеген түрі ғой бейшараның. Басқа - басқа, қазақ біріне-бірі бұлай шекесінен қарайтын, қыжыртатын деңгейге жете қойған жоқ. Ел болғанымызға әрең жиырма жыл болды. Өз қолынан өткен Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Біздің еліміз - жас, жеріміз - ұлан-ғайыр, халқымыздың саны болса - көп емес. Сондықтан Елбасы ретінде елімнің болашағын ойлап алаң¬даймын» (Тәуелсіздіктің 20 жылдығында сөйлеген сөзінен) - деген сөзін естімеген, оқымаған көрінеді мына қасқа.
Сол сорлы қазақтар өзі қайдан келген? Қайда келіп жатыр? Оның бәрін өзі шімірікпестен пайызға шағып тұрып айтады. Алып Қытайдан, кешегі өзі шекпенінен әзер шыққан жендет Ресейден тышқаншылап бері сырғып жатқанын біледі. Әрине, елім деп, еңіреп келіп жатыр. Немене сонда, Қазақстан қазақтың мемлекеті емес пе екен?! Осыдан басқа оның барар жері, басар тауы жоқ. Бүгін жолы тосылса, ертең бір мұсылман келіп ашады, жүрісін жеделдетеді. Сондағы көпсініп отырғаны екі он жылда әрең оралған бір-ақ миллион қандас. Келмегені тағы бес миллион. Бұл жер бетіндегі қарайған жалпы қазақтың үштен бірі деген сөз. Қазақты осылай тағдырдың тар соқпағына салып, Шайынғазы секілді шаяндарға шақтырып қойған Құдай шығар. Біз егемен елде отырып алып оларды неге кінәлаймыз? Сол орыстың қолына қарап, телмірген, көзтүрткі болған күндерді 20 жыл өтпей жатып, бейішке қолы жеткендей, ұмыта қапты егемендіктер. Кеше ғана Социалистік қазақстандықтар едіңдер ғой. Тап бір жаралғалы ешкімге бағынып көрмеген жандай шекесінен, кекесінмен қарайды өз тумаларына. Ретке тұрғызып, жақсыларын басқа ұрып санап алғысы келеді. Басқаның бәрін қойшы, Сейфоллақтың кешегі Торғай мен Қостанай даласында қолдан жасалған ашаршылықтан қырылған өз ата-бабаларын (өте-мөте арғындарды) бір ойлап қоятын жөні бар. Олар аштықтан қырылса, мыналар ұлт ретінде басқа алпауыттарға жұтылып, жойылып барады бүгін. Екеуінде еш айырма жоқ. «Егемен Қазақстанда» орынбасармын деп оттауға болмайды. «әр қазақ - Сенің жалғызың» болу керек, Сейфеке!
Тағы бір тұсында «...Әйтпесе қазақ үшін, әсіресе, алыста,  жат жұртта жүріп туған елін аңсаған қазақ үшін ұлан-байтақ Қазақстанның кез келген түкпірі Отан емес пе? Жалпы, Отан деген асыл сөзді белгілі бір облыстардың шеңберімен ғана шектеп,  мына жер жақсы, мына жер жаман деп, атамекенді алалауға бола ма өзі» - деп ақылмансиды.
Ей, көке, Бұл ақылды олар сізден он есе жақсы біледі. Бірақ, сол қандастарды анау Солтүстігіңе апарып, орналастыратын дені дұрыс бағдарламаң бар ма өзі? Кім оларға сол жерге кел, мына ауылға қоныстан деп отыр. Тіпті, Көші-қон саласымен айналысатын құзырлы орынның өзінің, тәуелсіздіктен бері байырқалап, к...ті жер иіскеп көрді ме екен? Ең алғаш осы мекеме департамент боп, аяғын қаз-қаз басқаны есімде. Сонан кейін Еңбек және Халықты әлеументтік қорғау министрлігін атақты сұлу бикеш Каржова басқарған тұста, аталмыш департаменттің басынан бағы тайып, басқарма деңгейіне дейін құлдырағаны тағы көз алдымызда тұр. Бұл бассыздыққа шыдамай, ұлт зиялылары өре түрегелген болатын. Сол кездегі «Егемен Қазақстаннды» айтсаңшы!  Бас редақторы Уалихан Қалижан емес пе еді, «Көш керуені кері бұрылып кетпесе екен» деген мақаланы бұрқ еткізген. Соның арқасында қазақ көшінің тамырына қайта қан жүгіре бастаған еді. Манағы басқарма бірден Агенттік дәрежесіне көтеріліп, қайта құрылып, Елбасының өзіне тіке қараған шақ осы. Қор болғанда, біздің жетесіз басшыларымыз соның өзін дұрыс басқара алмай, бассыздыққа, жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа жол берді ғой. Сөйтіп жүргенде, сормаңдай қазақ көші қайта құлдырады. Баяғы Еңбек және Халықты әлеументтік қорғау министрлігінің етегіне келіп және кірді. Оны басқарған Хабылсаят та қарық қылған жоқ, Моңғолдан келген қазақтар сауатсыз деп ит болған. Ал, бүгін ІІМ-нің темір құрсауында отыр бұлқына алмай. Жалпы, осы көші-қон сорлының маңдайына жақын арада дербес бір министрлік болу бақыты жазылмағанға ұқсайды. Анау-мынау емес, алыста жатқан бес миллион қазақтың тағдыры дегеніңіз атты қойып, атан түйеге жүк болатын мәселе ғой. Күн өткен сайын олардың тілінен, ділінен, салт-санасынан айырылып, қазақ ұлты деген қасиетті ұғымнан алыстап бара жатқанын ойласаң,  қысқа таңда қырық оянасың. Демек, ең алдымен бірден министрлік болып құрылатын салаң осы еді. Ол, ол екен, Қазақстан деген ел бола тұрып, осы жиырма жылдан бері соның тағдырын шешетін есі дұрыс заң да шығара алмадық қой, Құдай атқанда. Кеше ғана өзгертулер мен толықтырулар енгізіп қабылдаған Көші-қон заңың өлдім-талдым дегенде көшіп келген ағайындарыңды өзің келген елдің азаматтығынан шығып кел деп, азаматтыққа қабылдатпай отыр. Ал, бір елдің қабылдаймыз деген келісімі болмаса, ешбір ел өз адамдарын азаматтықтан шығармайды. Бұл бүкіл әлемдік ортақ қағида.
Сейфолдың жырғатып тастадық деп сондағы айтқалы отырғаны «Нұрлы Көш» бағдарламасы шығар. Оның аясында бұрын салынған үйлердің сапасы сын көтемейтінін БАҚ бұрқыратып көп жазды. Оны былай қойғанда, кәзіргілерінің бағасының қанша тұратынын Шайынғазы қарақ біле ме екен өзі. Бұл аз десең, келген қандастарға тегін емес, ұз-а-а-а-қ мерзімге несиеге беріліп отыр. Сөйте тұра, қандастарға шағын аудандар, ауылдар сап бердік деп айғайдайды, біздің мемлекет бала алдағандай.
Осындай алмағайып қиыншылықтарға қарамай, елім деп еңіреп келген қандастарға қайта рахмет ату керек қой! Қазақтан аяғанды қасқыр жесін деген жөн ғой!!
«Шынын айтсақ, Қазақ¬станда өмір бойы табан аудармай тұрып келген және елдің өсіп-өркендеуіне белгілі бір дәрежеде үлестерін қосқан қазақтардың да мынадай аумалы-төкпелі нарық заманында шекелерінің шылқып тұрғаны шамалы».
Міне, масқара!
Енеңді дегелі отырғанын, емеуірінінен байқап тұрмыз. Осы қазақты әлемнің қырықтан астам еліне тарыдай шашқан, тентіреткен кім? Тұтасып жатқан қазақ даласын қақ бөліп, ағайынды бір-бірінен айырған қандай жауыз күш? Өз атамекенінде бейбіт отырған елді үркітіп, шетел асырған кімнің текпісі?... Соның бәріне осы келіп жатқан қазақ жазықты ма сонда!? Мәселені осы жағынан да қарау керек бас газеттің батырашы. Бір ақиқаты сол, қазақ қайда жүрсе де, қазақ болып қалу үшін күресті. Енді ұрпағын Егемен еліне жеткізіп кетпекші. Енді келіп, осынау Арқа төріне Ақорда қанатын жая қалып еді, отырықты елдің «бұқашықтары» оқырайып, шыға кепті, олар тап бір жат елде маңдайы жарқырап, бағы тасып жүргендей.
Сонда мұндағы «...қазақтардың да  мынадай аумалы-төкпелі нарық заманында шекелерінің шылқып тұрғаны шамалы» - дегені не сандырақ. Қазақстанда олардың «шекелерін шылқытпай тұрған» кім екен сонда?! Өзің шығарып отырған «Егемен Қазақстанды» парақтап, Елбасының мына бір сөзіне көз салшы бір сәт:
«Жұмыссыздық деңгейі 7-ден 5,4 пайызға дейін төмендеді. Біз халық әл-ауқатының жаһандық рейтингінде әлемдегі алғашқы 50 мемлекеттің қатарына ендік. Жан басына шаққандағы ІЖӨ көлемі биылғы жылы 10 мың доллардан  астамды құрайды, ал 2015 жылға қарай 15 мың долларға жетеді. Біз кезінде бұл туралы тіпті армандай алдық па? Бүгінде осы көрсеткіш бойынша біз, басқа көршілерімізді айтпағанның өзінде, Украинадан 2 еседен астамға  асып түстік. Біз Шығыс Еуропаның бірқатар елдерінің алдында тұрмыз...».
«Ұлы жеңістерге халықпен бірге жетеміз»
Сенбі, 26 Қараша, 2011
Өзі нанын жеп отырған газеттің ақпаратын өзі жоққа шығаратын опасыз кімді оңдырады дейсің?! Дүниені құртатын осындай байламы жоқ сұмпайлар ғой. Қарашы, бас газетте отырып, патшаны қыжыртып отырғанын! Демек, бұл сөзіңді Н. Назарбаев естімесін де. Құлағына тисе, «Егемен»-сегеменіңмен қосып, әкеңе танытады, Сәке.  «Жан басына шаққандағы ІЖӨ көлемі биылғы жылы 10 мың доллардан  астамды құрай» тұра, сенің елім деп келген әр қазаққа беретін көмек ақшаң, небары, бір-ақ мың доллар. Оның өзі жемқорлардың жемі болып кетпей, қолына түгел тисе де!
Айтшы, қане, қайталап, қазір мұндағы қазақтың шекесі шылқымай, күйі кетіп жүр деп тағы бір мәрте?
«Біз бұл жерде тиесілі квотаны алып, соған сәйкес белгілі бір жеңілдіктерді пайдаланып, артынша келген жақтарына қайтадан қашып кеткен қазақтар туралы тіпті айтып та отырған жоқпыз».
О шіркін-оу десеңші!
Бекер істеген. Айтуы керек еді бақырайтып. Олар кім, қанша отбасы, қанша ақша үптепті, қайтіп тонапты - бірін қалдырмай толық айтқанда жөн болар еді. Бірақ бізді қызықтыратын бұл жағы емес, қандастардың қарсы жағында, яғни, атқарушы тарапында кім тұр? Сол жері кісінің аузын қышытады. Ойлаңызшы, шеттен келген қарапайым бір қазақ. Ол мұндай сұмдықты келе салып, бірден қалай істейді. Оларды осындай бассыздыққа дәндеткен, еркіне жіберген, жолын кедергісіз етіп ашып берген кім? Ешкім де емес, Қазақстанның құзырлы мекемелерінің қызметкерлері. Қауқарсыз, шикі заңдары. Бұрынғы заң бойынша квотаны азаматтық алмағандарға беретін. Енді олардың келген еліне кері көшіп кетуіне, әрине, болады.  Онымен қоймай, ол заңда  «...Жеке өзi жүгiнуi мүмкiн болмаған жағдайда өтiнiш берушi уәкiлеттi өкiлге жүгiнуге нотариалды расталған сенiмхатты оралман мәртебесiн беру және (немесе) оралмандардың көшiп келу квотасына енгiзу туралы өтiнiшпен қоса бередi» (14- бап, 1-тармақ) деген тармақ болатын. Бұл заңды шығарған оралмандар емес, ҚР-ның Парламенті.
Сол сенімхат бәрін бүлдірген. Төлқұжат, виза, кеден таңбасы, тіркеу қағазы дегендеріңізді көзді жұмып отырып көрінген пысықтар жалғаннан жасады да, ақша дегенді қиша сыпырып отырды.  Бұл біраз жылға созылды. Көші - қон саласын басқарған құзырлы орган оны «байқамай» отыра берді. Он бес жыл шулап жүріп, осы екі тармақты өткен жылы зорға өзгерткіздік. Жаңа заң бойынша ағайындар азаматтық алғаннан кейін барып, тиісті ақшасын өз қолдарымен алатын болды. Демек, билік тұтқасын ұстап отырғандардың өз мемлекетіне өздерінің жаны ашымаса, оны апарып сырттан келген қазақтарға жабуға бола ма, Сейфошжан!
Ал, ақыры жемқорлық туралы айтып қалдық қой, енді соны ары қарай дамыта түсейік. Сейфошканың ойынша бүкіл қаржыны қалтаға басып, тайып тұратын оралмандар екен. Енді басқа жаққа бармай-ақ, сол «Егемен Қазақстанның» «Өз елінде өзі қонақ болғысы келетін оралман ағайындардың ойлағандары не?» деген мақала шыққан санынан артқа қарай қолымызға түскен аз ғана беттерін парақтап көрейік, жемқорлық туралы не жазылды екен:
«...Пак деген азамат сот шешімімен жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Сөйтіп, заңды түрде салық төлеуден бас тартып, жалған фирмалар құрып, мемлекетке 11 миллиард теңге көлемінде залал келтірген ол өз қылмысы үшін жауап беруде».
«Сұлтанғалиев туралы атап айтқан жөн. Кәсіпорын ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстарына мемлекеттік сатып алу-өткізу барысында ол 86 миллион теңге көлеміндегі мемлекет қаражатын иеленгені анықталып, оның ісі сотқа берілді»
«Қылмыстық топ құрған Әуезбекова, Сәбитов және Броникова болса заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып, 50 миллионнан астам теңгені қолма-қол ақшаға айналдыру барысында ұсталған. Сонымен қатар олардан он үш жалған фирманың мөрі мен құжаттары да табылды, одан келтірілген залал көлемі - бір миллиард теңгені құрады».
«Мәселен, өткен 2010 жылы Алматы қаласы бойынша 996 қылмыс анықталуы соның айқын айғағы. Атап айтарлығы, олардың жартысынан астамы ауыр және аса ауыр қылмыс түрлеріне жатады. 1146 қылмыстық іс сотқа жіберіліп,  қылмыстық іс өндірісі аяқталғаннан кейін, мемлекетке қылмыстық істерден 18 миллиард теңгеден аса залал өндірілді».
«Жетісу» кедендік бекетінің аға маманы Жақанов 100 мың АҚШ долларын декларация құжаттарында көрсетпей ҚР кедендік шекарасынан контрабандалық жолмен өткізуге ықпал еткені үшін 1500 доллар сыйақыға алу үстінде құрықталды».
«Егемен Қазақстан»
«Жемқорлық - індет, жою - міндет»
12 Ақпан, 2011
***
«Облыстық қаржы бақылау органдары 2010 жылы 9337,9 миллион теңге көлемінде заң бұзушылықтарды анықтаса, соның 7110,4 миллионы кері қайтарылыпты».
«Оның алдыңғысы темір жол үстінен салынған көпірге қатысты. Аталған нысан құрылысына 1 миллиард 530 миллион 940 мыңнан астам теңге жұмсалған. Онда да оның 530 миллион теңгесіне қатысты сұрақ туындаған. Ал біткен көпірдің тарлығы сонша автобус пен жүк мәшинесінің көпірге сыймай қалып, әбігерге түсіп жатқан көрінісі ешкімді бейжай қалдырмады».
«Егемен Қазақстан»
«Сырдағы сыбайластық сынға алынды»
22-қазан, 2011ж
***
«Егер 2006 жылы 102 заң бұзушылық көрініс берсе, өткен жылы 52 дерек тіркелді. Сөйтіп, жалпы келтірілген 198,9 млрд.теңге зиянның 100,9 млрд.теңгесі өтелді. Бұлар құрғақ цифрлар емес, олардың артында осы сандарға жауапты жемқорлардың да тұрғаны белгілі».
«Егемен Қазақстан»
«Әрбір жемқор жауап береді»
29-сәуір, 2011ж
***
«Атап айтқанда, қадағалау тексерулерінің қорытындысы бойынша 500 мыңға жуық адам мен 2 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектілерінің конституциялық құқығы қорғалған. Прокурорлардың араласуымен 5 млрд. теңгеге жуық еңбекақы төленіп, 30 млрд. теңгеден астам келтірілген залал қайтарылған.
«Егемен Қазақстан»
«Қадағалау қарымы арта түсті»
16-шілде, 2010ж
***
«М.Ерденов 2003-2009 жылдардағы салық есебін ұсыну кезінде бухгалтерия қызметкерлеріне салық декларациясына бұрмаланған мәліметтер енгізу туралы арнайы нұсқау берген. Соның салдарынан жергілікті қазынаға 60 миллион теңге салық кем түскен.
Тергеу амалдары кезінде нақты шешімдер қабылданып, пайшыларға жер телімдерін қайтару жолымен 5,3 млрд. теңге көлемінде шығын өтелді. Берешек салық толығымен кері қайтарылды».
«Егемен Қазақстан»
«Басқарушылық қызметін асыра пайдаланған»
23-қаңтар, 2012
***
«Мәселен, Алматы қаласы әкімдігінің құрылыс басқармасының бөлім бастығы 70 мың АҚШ доллары көлемінде пара алу үстінде құрықталды».
Сондай-ақ, Медициналық және фармацевтикалық қызметке бақылау департаментінің қалалық комитеті бастығының міндетін атқарушы болған Әбдіров те қылмыстық әрекет үстінде ұсталды. Жеке дәріхана ашуға лицензия алу үшін 2000 доллар көлемінде пара беру күдігі бойынша құрықталған оның ісі сотқа жіберілді.
Сонымен қатар, коммерциялық банктердің бірінде бөлім бастығы қызметін атқарған Зейнешова өзінің қызметтік жағдайын пайдаланып, банк клиенттерінің есепшотынан ретін келтіріп, ақша жымқыруды әдетке айналдырған. Ұрлығының жалпы сомасы - 10 миллион 793 мыңға жеткен Зейнешова бес жыл бас бостандығынан айырылып, дү­ние-мүлкі тәркіленді».
«Егемен Қазақстан»
«Кәсіпкерлер құқы қорғалып,
жемқорлық ауыздықталуда»
27-желтоқасн.2012ж
***
«Мәселен, 2009-2010 жылдары судьялардың үстінен жемқорлық бойынша 11 іс қозғалған, Жоғарғы Соттың 6 судьясы лауазымынан босатылып, екеуіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ал бүгінгі мониториг қорытындысында айтылған әлеуметтік зерттеу ресми статистиканың судьялардың жемқорлығын нақты көрсетпейтіндігін анықтауы да бізді алаңдатуы тиіс деген. Сұрау салынған 1400 азаматтың жартысынан көбі судьялардың жемқорлықтарымен өз бастарының кезіккендіктерін айтқан. Әсіресе, соттардағы жемқорлық аудандық, ауданаралық сот корпустарында жиі кездесетінін мониторинг анықтап отыр».
«Егемен Қазақстан»
«Заңға әркім де бағынуы тиіс»
16-қыркүйек 2011ж

***
«Жоғарғы Соттың алты бірдей судьясының үстінен қозғалған қылмыстық іс осындай кемшіліктердің салдарын көрсетсе керек. Өткен жылдың өзінде әр түрлі деңгейдегі 11 судья заңды бұрмалағаны, пара алғаны және өзге де қылмыстары үшін жазаланды. Менің пайымымша, судьялық кадрларды іріктеген кезде жариялылық қажет. Халық тағайындалатын судьялар ту­ралы өз пікірлерін айтса, сонда ғана дұрыс таңдау жасалады. Сот жүйесінің жұмысы азаматтық қоғамға ашық болғаны жөн».
«Егемен Қазақстан»
«Қоғамдық бақылау - ашықтық кепілі»
10-қыркүйек 2010ж
***
«Қостанай облысының прокуратурасы азаматтардың еңбек құқығын қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күресу, мемлекетке келген шығынды қайтару сияқты маңызды мәселелерді жүзеге асыруда. Үстіміздегі жылдың жартыжылдығында мемлекет қазынасына 600 миллион теңгеден астам қаражат өндірілді, 22 мыңнан аса азаматтың конституциялық құқығы қорғалды. Заңнан аттаған 2 мыңдай лауазымды тұлға жауапқа тартылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресу заңнамаларын қадағалау жұмыстары нәтижесінде 816 заң бұзушылық анықталды. 194 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, мемлекет пайдасына 29,4 млн. теңге өндірілді. Бюджет қаржысын мақсатты пайдалану жөнінде тексеру жүргізіліп, заң талаптарына қарама-қайшы келген 29 мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесінің күші жойылды, 6 400 азаматтың еңбек құқығы қорғалды. Әсіресе, жұмысшы топтың жалақысын уақтылы алмау мәселесі прокуратура органдарының басты назарында отырады. Мысалы, үстіміздегі жылдың басынан бері облыстың прокуратура органдары еңбек заңнамаларының сақталуына байланысты 70-ке жуық тексеріс жүргізілді. Мұқият жұмыстың арқасында 3000 мыңдай заң бұзушылық анықталды, прокурорлардың қадағалау актілері арқылы 270 миллион теңге жалақы өз иесін тапты. Қостанай облысы Сарыкөл аудандық прокуратурасының тікелей араласуымен 2010 жылдың тамызынан бастап үстіміздегі жылдың қаңтар айына дейін тиісті жалақыларын ала алмай жүрген «Урицкое МТС» пен «Центр» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің 255 қызметкерінің конституциялық құқығы қорғалып, оларға 13 миллион теңге еңбек жалақысы қайтарылды».
«Егемен Қазақстан»
«Конституция құндылықтары -
ең асыл қазына»
26-тамыз, 2011ж
***
«...Сондықтан да облысты жайлаған жемқорлықпен тез арада күресу мақсатында «Нұр Отан» ХДП күшімен түрлі шаралар қолға алынды.
...Партияның 13 мүшесі жемқорлық көріністерімен ұсталғаны үшін қыл­мыстық жауаптылыққа тартылды, өйткені кез келген жемқорлық көріністері партияның беделіне үлкен нұқсан келтіру болып табылатындығы белгілі.
...Мәселен, өткен жылы мемлекеттік қызметшілерге қатысты 105 қылмыстық іс қозғалды. Сол сияқты 101 лауазымды тұлға қылмыстық жауапқа тартылды.
Мәселен, үстіміздегі жылдың төрт айында ғана жемқорлыққа байланысты тағы 52 қылмыстық іс қозғалды. Қаржы полициясы 234 қылмысты анықтады. Сотқа әзірге 241 қылмыстық іс жолданды.
...2010 жылы жалпы сомасы 9 млрд. теңгеден астам бюджеттік заң бұзушылықтар туындады. Тексеру нәтижесінде 401 жер қойнауын пайдаланушылар анықталды. Оның 57-сі өз қызметін жер және жер қойнауын пайдалану туралы заңнаманы бұзу арқылы жүзеге асырып келген. Сондықтан олардың қоршаған ортаға тигізген зияны 108 млн. теңгені құраған. Алайда, бір таңқаларлығы әлгі лауазымды тұлғаларға жауапкершілік шаралары іріктеліп қол­данылыпты.
«Егемен Қазақстан»
«Сыбайластар сырқатын сылу керек»
21-маусым, 2011ж
***
«Бұрын бір лабораторияны аккредиттеу бағасы 300-600 мың теңге болса, бүгінгі күні 4-5 есеге, яғни 2,5 миллион теңгеге дейін өсіріп жіберілген. Монополияға иелік еткендіктен осылай жасалып отыр. Біз мұндайға неге көзжұмбайлық танытуымыз керек?! Неге жол береміз. Осылардың бәрін бақылау жоқ, қадағалау жоқ. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа болмағандықтан, білгендерін істеп жатыр.
Сонымен бірге, Ұлттық аккредиттеу орталығы инспекциялық бақылау жасайды. Оның қызметі осыдан 2-3 жыл бұрын 150-200 мың теңге болса, қазіргі күні 1,5-2 млн. теңге, яғни 10 есе өскен. Не деген тонаушылық, қанаушылық, ұятсыздық. Мұндай инспекциялық бақылау жыл сайын жасалатынын ескерсек, шағын бизнестің тамырына балта шауып жатқанымыз анық. Мұндай жағдайда бизнесті дамыту жөніндегі Елбасының тапсырмасы қалай орындалмақ?! Үш күнде 1,5-2 млн. теңге «олжа» табу деген нағыз қылмыс жасағанмен бірдей. Кәсіпкерлерден 10 мың АҚШ доллары алынып отыр. Бір парақ қағазбен және қаламмен үш күнде соншама қаражат табу қандай калькуляциямен есептеліп, қандай өлшемдерге негізделген?».
«Егемен Қазақстан»
««Шортандарды» қолдан жасамайық»
11-маусым, 2011ж
***
«Жиында облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің жауапты қызметкері А.Бекбосынова өткен жылы  жұмысты жоғары талап тұрғысында жалғастыру барысында сыбайлас жемқорлққа бой алдырған 51 қылмыс тіркелгенін назарға ұсынды. Сондай-ақ 35 қылмыстық іске қатысты тергеу амалдары аяқталған. Өндірісі біткен қылмыстық істердегі шығын көлемі 2,7 млн.теңгені құраса, оның 1,3 млн.теңгесі мемлекет қоржынына қайтарылыпты».
«Егемен Қазақстан»
««Болашаққа жемқорлықсыз»
шарасы жай сөз емес,
нақтылықпен жалғасты»
20-маусым, 2011ж
***
«...Мысалы, Алматы қаласындағы перинаталдық орталықтың құрылыс мерзімін мердігер созбалаңға салуына байланысты, оның жобалау-сметалық құжаттамасы 2008 жылдан бері үш рет қайта есептелген. Соңғы қайта есептеуден кейін нысанның құны қосымша 1,6 млрд. теңгеге өсіп шыға келді. Міне, қалтаға қосымша түсетін елдің есіл қаржысы деген осы.
Осының салдарынан, үш жылдың ішінде келісім-шарт сомасы 188 млн. теңгеден 427 млн. теңгеге дейін өскен. Түк бітірмей-ақ, ақша жасаудың жолы осы.
...Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында елорда соттарында 19 адамға қатысты сыбайлас жемқорлық санатына жататын 12 қылмыстық іс қаралған.
...«Сарқыра­ма-2006» ЖШС-нің атына тіркелген Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Қаражар елді мекенінде орналасқан жер телімдеріне тыйым салып, оны бағалауға тапсырыс бергендігін айтып жер телімдерін сатқызбау мақсатында және «Сарқырама-2006» ЖШС-нің атқару өндірісін орындаусыз қалдыру үшін оның директорынан 4 000 000 теңге беруін талап еткен. Содан оны пара алу кезінде құқық қорғау органдары ұстаған».
«Егемен Қазақстан»
«Жемқорлардың жұлыны үзіле ме?»
11-мамыр,  2011ж

Ал, керек болса! Бұл беті ашылған, құрықталған, жауапқа тартылғандары ғана. Әлі қармаққа ілінбегендері қаншама? Ана Жаңаөзенге қатысты ашылған экономикалық қылмыстарды, шетелге ұшаққа тиеп алып кеткен байлықтар туралы Сейфидин құсап біз де тіпті айтып отырған жоқпыз. Соның өзінде адам шошырлық ақпаратқа кез болдық. Сөйте тұра шеттен келген қазақтарды билікке жеккөрінішті еткісі келеді. Өз басындағы боқты көрмей, кісі басындағы шоқты көру деген осы екен ғой. Міне, біздің мемлекеттік ақпарат құралдарының тұтқасын ұстаған ағаларымыздың, ұлт зиялыларының сиқы. Елдің басын қосып, айналдырған оншақты миллион қазақтың қарасын бір шаңырақ астына жинаудың орнына, тырнақ астынан кір іздейді. Арып-ашып келген ағайынын кәрі төбетіне талатады. Егемендіктер Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнің 64-бабының мына 1-тармағын бір оқып көрсінші, өздерінің қандай жікке бөліп, араздық тудырып отырғанын, алда не күтіп тұрғанын жақсы білетін болады:
«Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, дiни араздықты немесе алауыздықты қоздыруға, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн не дiни сезiмдерiн қорлауға бағытталған қасақана iс-әрекеттер, сол сияқты азаматтардың дiнге көзқарасына, тектiк-топтық, ұлттық, рулық немесе нәсiлдiк қатыстылығы белгiлерi бойынша олардың айрықшалығын, артықшылығын немесе кемдiгiн насихаттау, егер осы әрекеттер көпшiлiк алдында немесе бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып жасалса - бiр мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады».
Сонымен, сенген байтал - «Егемен Қазақстанға» да айғыр шапты. Жағдайы белгілі болды. Мұны былай, сайратып қоюға мүлде болмайды. Қазақстанда қалыптасқан дағды бойынша, Сейфошка жарықтық жұмыстан кетіп, бас газет қандастарынан кешірім сұрауы керек! Шеттегі қазақта ескі салт-дәстүр жақсы сақталған.  «Ат-шапан айыбы» деген болады. Оны Ақселеудің інісі болған, қасында көп жүрген, тәлімін алған Сәукең өте жақсы біледі. Сол ғұрып бойынша, Сейфолла пақырдың орнына алыстан келген ағайын журналистің біреуін орынбасарлыққа алғаны жөн! Жоғарыдағы «Қылмыстық кодекске» ілініп кетпей, осылай жеңіл құтылғаны, егемендіктерге өте тиімді. Әйтпесе, бес миллион қазақ қаһарына мінді. Осы жолдарды жазып отырған менің өзім қаңтарда жараған бурадай сақылдап, көзім қарайып зорға шыдап отырмын. Оның үстіне, Қазақстандағы шегінен асқан жемқорлық пен керенаулық момын елді түршіктіріп бітті. Мына соңғы кездегі орынсыз жағылған жала мен әділетсіздік сіркесі су көтермейтін халге түсірді. Елімізге тыныштық керек! Нағыз ер, жөн білетін азамат болса, дәл осылай істесін Сауытбек мырза! Болмаса, түбі жақсылыққа апармайды мұның. Біз де тым ашынып кеттік...
05.02.2012
Алматы

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1350
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1192
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 936
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1044