Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4199 0 пікір 3 Ақпан, 2012 сағат 05:47

Ғалым Бақыткерейұлы. Дүние игіліктері кімдерге бақ, кімдерге сынақ?

Аса қамқор ерекше мейрімді Алланың атымен бастаймын!

Дүние игіліктеріне, соның ішінде де байлық, билік, атақ-даңқ тәрізді игіліктерге қол жеткізу көптеген адамдардың бұл өмірдегі басты арманы. Өйткені, олар адамға өзіне, өзінің болашағына деген сенімділік бере отырып оған қалаған дүние қызықтарын қызықтауға жол ашады. Негізінде, шектен шықпаса мұндай талпыныс адам баласы үшін айып емес. Бірақ, көп жағдайда олардың мұндай талпыныстары  пендешілікпен астарланып кетеді. Ондай жандар өздерінің  пендешіліктерінің кесірінен төмендеген бастарын  байлық пен билік, атақ-даңқ  арқылы көтеріп, сол арқылы ғана өзгелерге силы болғысы келеді. Олар  сол  пендешілікпен өзгелерден үй-жайының, дүние-мүлкінің, мінген көлігінің, тіпті киген киімінің де артық болғанының  өзін көңілдеріне қуат етіп, солардың буымен жұрттың көз алдында көлбеңдеп жүргеннен үлкен ләззат алады. Міне, осындай арзан бедел, бос алданыштар үшін олар қулық-сұмдыққа жүгініп, қымқырып-жымқырып байлық жияды, өзгелерді баса көктеп ентелеп билікке ұмтылады, барын, тіпті, арын да салып атақ-даңқын шығарады.

Аса қамқор ерекше мейрімді Алланың атымен бастаймын!

Дүние игіліктеріне, соның ішінде де байлық, билік, атақ-даңқ тәрізді игіліктерге қол жеткізу көптеген адамдардың бұл өмірдегі басты арманы. Өйткені, олар адамға өзіне, өзінің болашағына деген сенімділік бере отырып оған қалаған дүние қызықтарын қызықтауға жол ашады. Негізінде, шектен шықпаса мұндай талпыныс адам баласы үшін айып емес. Бірақ, көп жағдайда олардың мұндай талпыныстары  пендешілікпен астарланып кетеді. Ондай жандар өздерінің  пендешіліктерінің кесірінен төмендеген бастарын  байлық пен билік, атақ-даңқ  арқылы көтеріп, сол арқылы ғана өзгелерге силы болғысы келеді. Олар  сол  пендешілікпен өзгелерден үй-жайының, дүние-мүлкінің, мінген көлігінің, тіпті киген киімінің де артық болғанының  өзін көңілдеріне қуат етіп, солардың буымен жұрттың көз алдында көлбеңдеп жүргеннен үлкен ләззат алады. Міне, осындай арзан бедел, бос алданыштар үшін олар қулық-сұмдыққа жүгініп, қымқырып-жымқырып байлық жияды, өзгелерді баса көктеп ентелеп билікке ұмтылады, барын, тіпті, арын да салып атақ-даңқын шығарады.

Дүние игіліктеріне қол жеткізе бастаған бастапқы кездердің өзінде-ақ көптеген жандар олардың буын бойына сиғыза алмай ісіп-кеуіп өздерінің адамгершілік қасиеттерінен айрыла бастайды. Ондай жандардың менмендігі, күншілдігі еселеп артатыны соншалықты олар жандарына адам шыдатпайтын болады. Олар өзгелерді өзімен санастыруға, өзгелерді өз дегенімен жүргізуге, өзгелерді өздерінен асырмауға тырысып, сол үшін де маңайындағылармен жағалай  арпалысып пендешіліктің отын көсей бастайды.

 

«Кедей бай болам, бай құдай болам дейді» деп халқымыз айтқандай дүние игіліктеріне құныққан жандардың қол жеткізген табыстарына қанағаттанып «болдым, толдым» дейтіндері некен-саяқ. Ондай жандардың көздері тойса тек «бір уыс топыраққа ғана тояды». Өйткені, қол жеткізген табыс қашанда адамға жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, оған алды-артын бағамдап, өз істеріне есеп беруге мұрша бермейді. Және, жеткен жетістіктері неғұрлым қомақты болған сайын табыстан басы айналатын мұндай адам өзін елден ерек сезіне бастайтын болады. Сол себепті де ол өзін мұнан да зор «биіктерге» лайық санап, өзінің «тиісті» орынын иемденуді өзінің заңды құқығы деп білетін болады.

 

Дүние игіліктерінің айрықша дәмін сезініп, оларға деген «тәбетінің ашылып кететіні»  соншалықты мұндай жандар оларға қол жеткізу үшін «от пен судан» да өтуден тайынбайды. Олар діннің,  халықтың,  ұлтының қамын бетке ұстап, сол арқылы көптің күшін өз мақсаттарына пайдаланып, адам сүйектерінен өздеріне жол салудан да тартынбайды. Егер адамзат тарихында орын алған небір қан-қасап қырғындар мен қасіретті зобалаңдардың түп-тамырына үңілсең, олардың басым көпшілігінен дүние игіліктеріне араны ашылған белгілі бір адамдардың күйкі пендешіліктерін тануға болады.

Жалпы, жер бетінде орын алып жатқан небір зұлымдықтар адамдардың дүние игіліктерін бөлісе алмауынан туындайды. Біреуге жетсе біреуге жетпей жататын дүние игіліктерінен  өздеріне  неғұрлым мол үлес қарпып қалуға тырысатын өлермен жандар бұл өмірді  жан алысып, жан беріскен күрес майданына айналдырып жібереді. Осынау қиян-кескі күресте олардың бәріне де тек жеңіс қажет. Сондықтан да олар жақсылық пен жамандықтың, адал мен арамның ара жігін ажыратып әуре болып жатпайды. Олар үшін ең басты құндылық - жеңіс. Ал, жеңімпазға ешқандай да сот  жоқ. Өйткені,  пенделік тірліктің заңы сондай.

 

Бірақ, бұл дүниеде тірліктің жабайы заңынан да өзге заң бар. Ол - Алланың  заңы. Тірлік заңы адамға «қара басыңның қамы үшін ештеңеден де тайынба» десе, Алла Тағаланың заңы «өз міндеттерің мен жауапкершілігіңді ұмытпа!» дейді. Егер  тірлікке бас қойып Раббысына құлақ қойғысы келмейтін  жан болса, онда оның зор еңбекпен қол жеткізген бар игіліктерінің рахатын көрсетпей оларды оның қорлаушы азабына айналдырып қою Алла Тағала үшін еш қиын емес. Сонда  адам олардың қызығын да сезе алмай, не олардан безе алмай, не азабына да төзе алмай екіортада жүндей түтіліп, бордай үгітіліп қор болып тынатын болады.

Дүние игіліктеріне құныққан әрбір  адам да өзі аңсаған шылқыған байлыққа, шексіз билікке,  жер жарған атақ-даңққа қол жеткізген жағдайда «бақыттан басы айналарына»  өте сенімді болады. Бірақ, айналып келгенде мүлде шектен шығып кететіндіктен ондай жан тіпті, әрбір қарапайым адам да сезіне алатын  қарапайым бақытты сезінуден  қала бастайды. Өйткені,  жамандық арқылы жақсылыққа жету,  өзгелерді бақытсыз ете  отырып бақытты болу мүмкін емес. Әрине, әркімнің де  жақсылықтан, бақыттан  дәмесі болады. Бірақ, шындықпен бетпе-бет келген кезде дәмесі алдағандарға қандай  өкініш!

Бұл өмірде әр адамның да  жүрегін ауыртып,  жан тыныштығынан айыратын уайым, қайғы, қорқыныш, өкініш тәрізді небір жайсыз сезімдері болады. Оның осындай сезімдеріне жаңа сезімдерді үстеп, оның жан азабын  еселей  түсетін адам міндетті түрде сол сезімдерден өз үлесін алатын болады. Өйткені, «бұл дүниенің ісі о дүниеге кетпейді» деген сөздің  жаны бар. Кімнің болса да өзгелерге тартқызған жан азабы мен тән азабы ерте ме кеш пе  айналып келіп оның өзін табатын болады. Сол себепті де бір емес жүздеген, тіпті мыңдаған адамдарды да өз мақсатына аяусыз пайдаланып, оларды есепсіз қайғы-қасіретке  душар ететін  адамның жан тыныштығын тауып, қарапайым адами шаттыққа бөленуі екіталай. Ол үшін оған өзгелердің қайғы-қасіретінен ләззат алып, көз жасы мен қанынан тоят алатын шайтан адамға айналу қажет болар еді.

Адам баласы көргендеріне қарап қортынды түюге бейім. «Көрген көзде жазық жоқ» дегендей бұл өмірде Алла Тағала тиым салған небір күнә істер арқылы дүние игіліктеріне қол жеткізіп жатқан жандар аз емес. Және, жұрт алдында жайраңдап жүрген осындай көптеген танымал  адамдардың өмірлері сырт көзге ғажайып  ертегідей көрінеді. Сондықтан да сол адамдарға еліктеп, олардың басқан іздеріне дейін басып, солардың өмірлеріндей «ертегі» өмірге қол жеткізбек болып жүрген жандар аз емес. Мұндай жандар, әрине, өздері пір тұтып қатты қызығатын танымал  адамдардың  «бақытты өмірлері» бар болғаны әдемі ғана ертегі екенін біле бермейді.  Шындығына келгенде, ондай жандардың билікке өздерін билетпеген, байлыққа жан байлықтарын ұрлатпаған, даңқ үшін өздерінің адам деген атақ-даңқтарын жоғалтпағандары кем де кем. Сол себепті де олар жалғыз қалса жабығып, жұртқа шықса жымиып бақытты болып көрінетін, шын бақытты болғанына емес,  бақытты болып көріне алғанына ғана жұбанып жүретін бақытсыз жандар болып табылады.

Әрине, олардың іштерінде небір жаман істері өздеріне жаққандай болып, өздерін шын бақытты сезініп, шалқып жүрген жандардың да бар екенін жоққа шығаруға болмас. Бірақ, шын мәнінде, бұл олардың бағы емес, соры болып табылады. Өйткені, жаман істері жаққан сайын адам одан әрі жамандыққа құлшынып, араны ашылып, тоқтауы қиын бола береді. Тойымсыздығы мен желігі айдап алды-артын бағамдаудан мүлде қалатын ондай жан тозақтың түбіне жеткен кезде ғана есін бір-ақ жиып тәубесіне келер.

 

Бұл дүниенің игіліктері   көптеген адамдардың  қиялдарында армандағы бақ құсы ретінде көрініс табады. Бірақ, шындығына келгенде оны бақ құсы дегеннен көрі адамның басына қона отырып оның иманын, адамгершілігін сынайтын, сол арқылы лайықтыны көкке көтеріп, лайықсызды батпаққа батырып кететін сынақ құсы деген жөнге келіңкірейді. Адам баласы өзі лайықты бола алса аңсаған  игіліктері  алысқа кете қоймайды, ал егер лайық бола алмаса онда өзіне сор болып жабысатын нәрселердің соңына өлгенше түскені  жөн болар ма екен?

Шын мәнінде, бар жақсылық бір Алладан ғана болады. Сол себепті де бай болуды қалайтын, мансап пен атақ-даңқты аңсайтын әр адам оларға қол жеткізе бастаған кездерде ең әуелі Раббысын ұмытпауға тиісті. Егер қол жеткізген жақсылықтары Алла Тағаланы еске салмаса, керісінше,  қазақ айтатындай «құдайын ұмыттыратын» болса онда ол адам көп ұзамай-ақ қол жеткізген бар жақсылықтарын өз қолымен-ақ жамандыққа айналдырып тынады. Өйткені, байлық та, мансап та, атақ-даңқ та адамға әдеттегіден көрі мол мүмкіндік ашады. Сол себепті де иманды серік етіп, шек пен шаманы білмейтін жан қолда бар мүмкіндігін жамандыққа  көбірек пайдаланып, тиым салынған істерді көп істеп өзіне еселеп зиян істей бастайды.

 

 

Дүние игіліктерін қалайтын, және оларға қол жеткізе бастаған әрбір адам оларды қайда жұмсап, қалай пайдалану қажеттігін білуге міндетті. Егер адам өзінде бар байлықтан Алланың Тағаланың ризалығы үшін  зекетін беріп, имандылық,  қайырымдылық бағытындағы ізгі шараларға қолдау көрсетіп отырса, онда оның иманы өсіп, жаны тазарып, адамгершілік қасиеттері артқан үстіне арта беретін болады. Сол арқылы оның абыройы да өсіп, ісі де жүріп, байлығы  да еселенген үстіне еселене береді. Өйткені, Өзіне жәрдем еткен жандарға жәрдем етіп, бергендерін  еселеп қайтару Алла Тағаланың хақ уәдесі. Ал, тиым салынған арам істермен айналысып, арам нәрселер арқылы байлығын еселеу,  азғындық өмір салтын насихаттап, сондай іс-шараларға қолдау көрсету, өз ықпалын арттыру  мақсатында  «қайрымдылық» жасап, сән-салтанат шараларын ұйымдастыру, өзгелермен байлық таластырып мақтаныш үшін ысырапшылық жасау, жалпы айтқанда, қолда бар байлығын Алла Тағалаға жағымсыз істерге сарп ету өзіне қастық істейтін адамның ғана ісі.

Сол тәрізді мансапты да пайдаланудың жөні  бар. Өз қызметін  Алла Тағаланың ризалығы үшін адал атқарып, туралықтан таймауға тырысатын, өз саласында тәртіп орнатып, жамандықтан тиып, жақсылыққа бұйыратын, тиімділікпен іс жүргізе отырып қарауындағылардың, ел-жұртының жағдайын түзеуге ұмтылатын, осындай игі істерде жеке басының қызықтарынан да бас тартып отыратын жауапкершілік сезімі мол басшы, шын мәнінде, үлкен жетістіктерге қол жеткізеді. Өйткені, оның қызметінің өзі Аллаға құлшылыққа айналып, бұл дүниенің де, ақиреттің де  жақсылығына  жол ашады. Ал, қолында бар билікті  байлығын еселеп, өз ықпалын арттырып, шалқып өмір сүру үшін пайдаланатын, өз үстемдігінен қанағат алып, өзін қолпаштап, алдында құлдық ұрғанды жаны сүйетін, өскен үстіне өсіп, «көкке» өрлей бергеннен басқа «биік» мақсаты жоқ, өзі де жамандыққа құлшынып, өзгелерді де жамандыққа мәжбүрлейтін басшы, шын мәнінде, өзінің де, елінің де соры болып табылады.

Сол тәрізді атақ-даңқ та адамнан зор жауапкершілікті талап етеді. Өзі де, сөзі де, ісі де имандылықтың үлгісі болып, өзінде бар қабілет-қасиеті арқылы сол имандылықтың жаршысы болатын адамның қабілет-қасиеттері де, жолы да ашылып, атақ-даңқы өрлеген үстіне өрлей беретін болады. Себебі, ондай адам өзінің емес Алла Тағаланың атақ-даңқын көтеруші болып табылады. Ал, Алланың даңқын асқақтатуды мақсат етіп, бар мүмкіндігін сол жолға бағыштаған адам бұл дүниеде де, ақиретте де зор табыстарға қол жеткізеді.  Ал, өзінің ғана атақ-даңқын көтеруді мақсат етіп, өзгелердің өзін дәріптеп, пір тұтуын арман еткен адам өз көкірегінің құлы болып жүрген адам. Ондай жан көпшіліктің назарын өзіне аудару үшін небір сорақылықтар істеп,  сөздері де, істері де пендешілік пен азғындықтың жаршысына айналады. Ондай жан өзінің бар қабілет-қасиеттері арқылы өзгелердің жанын баурап, оларды өзіне табындыра отырып, өзінің істейтін пендешілік, азғындықтарын  оларға да таңып отырады. Мұндай адамның атақ-даңқы өзін айыптаушы атақ-даңққа айналып, неғұрлым зор болған сайын солғұрлым мол азап дайындайтын болады.

Шын мәнінде, қандай дүние игіліктері болмасын адамнан зор жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан  әр адам да шек пен шаманы білуі тиіс. Бұл дүниеде ешкім де Алла Тағаланың назарынан тыс қала алмайды, және Ол жазалауда да тез. Егер дүние игіліктеріне қол жеткізе отырып өз істеріне есеп бермей жамандыққа құнығатын жан болса, онда ол Алла Тағаланың қаһарының  қай жағынан келіп, қай жерінен ойсырата соғарын ойлап өз уақытын тоса берсін.

Бұл дүниеде адам баласының басына мың да бір жолмен келер мың да бір қасірет бар. Олардың қай-қайсысы болмасын қолда бардың  рахатын көрсетпей зар илетіп қоюға жетіп жатыр. Сондағы адамның бар қолынан келері қайғы-шерін арақпен, есірткімен  тұншықтыру ғана болар. Сөйтіп жүргенде бір күндері азып-тозып, бар абырой-атағынан да айрылып, елдің қоры мен сорлысы болып қаңғырып қалғанын оның өзі де аңғармай қалар. Ол да бір, қаңғып жүрген ит те бір болып, іздеусіз, сұраусыз қалып, бір қуыста бүк түсіп бүрісіп жатар. Сондықтан да дүние игіліктеріне қол жеткізген жан дәуренім жүріп тұр екен деп кеудесімен көкті тіремесін, мықтымын деп те шіренбесін. Шын мәнінде, ол  Раббысы үшін бір түйір тозаң ғана, қаласа шаң болып алтын таққа барып қонады, қаһарланса, сасық шалшыққа қонып балшық болады!

«Абай-ақпарат»

0 пікір