Сенбі, 27 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3767 0 пікір 2 Ақпан, 2012 сағат 12:49

Интернет-конференция: МузАрт (басы)

Қазақ ән өнерінде халықтың ықыласына бөленіп, міне, 11 жылға айналса да өнер биігінен түспей келе жатқан «МузАрт» тобы оқырмандар тарапынан келіп түскен сауалдарды топтай келіп: «Уақыттың тапшылығына байланысты біртекті сұрақтардың басын біріктіріп, бір-ақ жауап беруге тырыстық. Кейбір ұсыныс, сауалдарыңызға жауап бере алмасақ кешірім өтінеміз. Болашақта да байланыста боламыз деген үміттеміз»-деп жауап қатып отыр.
«Абай-ақпарат»

Қазақ ән өнерінде халықтың ықыласына бөленіп, міне, 11 жылға айналса да өнер биігінен түспей келе жатқан «МузАрт» тобы оқырмандар тарапынан келіп түскен сауалдарды топтай келіп: «Уақыттың тапшылығына байланысты біртекті сұрақтардың басын біріктіріп, бір-ақ жауап беруге тырыстық. Кейбір ұсыныс, сауалдарыңызға жауап бере алмасақ кешірім өтінеміз. Болашақта да байланыста боламыз деген үміттеміз»-деп жауап қатып отыр.
«Абай-ақпарат»

- Жігіттер, хош келдіңдер! Сендерге сұрақ көп болатынына күмәнім жоқ. Алғашқы сұрақ: сынға төзімдісіңдер ме? Бір-бірлеріңді сын тезіне алып отырасыңдар ма?
- Сын шын болса, құба-құп.
- Ассалаумағалейкум! «Музарт» тобы!
Сіздер қазақ ән өнерінің ең жарық жұлдызысыздар! Оған ешкімнің таласы жоқ. Сондықтан Алаштың аспанында жарқыраған ең жарық жұлдыз ретінде қазақ елінің қазіргі жағдайына қалай қарайсыздар? Сіздерді мүшкіл тартып бара жатқан ұлттық тіліміз, дініміз, діліміз қаншалыкты ойландырады? Ал сол құндылықтарымызды қалпына келтіруге Сіздер тек ән өнерімен ғана үлес қосасыздар ма? Азаматтық үндеріңізді қашан тыңдаймыз? Неге «Жаңа өзенге» байланысты бір ауыз сөз айтпайсыздар? Неге теперіш көріп, көзге түрткі болып жатқан (Құлыбаев, Ертісбаевтың сөздері) оралман бауырларыңыз туралы бір жылы пікір білдіріп, сұхбат бермейсіздер? Елдің тізгінін ұстап жүргендерге тек қазақтың әнін ғана айтпай, зарын да айтсаңыздар етті...

- Алаш аспанын бұлт шалмасын! Өнер адамдарының басты міндеті - ұлт арасына іріткі салу емес, ауызбіршілікке, берекеге шақыру.
Жеке азамат ретінде қоғамда болып жатқан кейбір келеңсіз жағдайларға  бей-жай қарап, бұқпалап қалған кезіміз болған жоқ. Ол туралы аз-кем пікірлеріміз БАҚ-на берген сұхбаттарымызда жарияланып та жүр.
- Сіздер қайырымдылық шарасына қаншалықты атсалысасыздар?
- Қайырымсыздардың қатарынан емеспіз.
- Мейрамбек, Сіз жалпы тыңдарманның бетін қазақ эстрадасына бұрған қазақ өнеріндегі дара құбылыссыз. Әрбір ақпарат құралдарында Сіз жайлы жазған мақалалар мен сұхбаттар Сіздің қарапайым адам, өнер адамы ретіндегі қырыңызды түгел ашып бере алмайтын секілді. Қазір «Жизнь замечательный людей» деген сияқты танымал адамдар жөнінде кітаптар шығып жатыр ғой. Менің Сіз жайлы еңбек жазғым келеді. Бұған қарсы болмайды деп ойлаймын. Егер құп көрсеңіз, Сізге қалай хабарласуға болатынын айтуыңызды өтінемін.
- Сөз жоқ, Мейрамбек - қазақ өнеріндегі шоқтығы биік дарын иесі!
Кейде екеуміз: «Осы біз бір-бірімізді жанұямыздан да жиі көреміз» деп қалжындасып жатамыз. Мейрамбек, Алла өмір берсе, жетпіске келгенде сен туралы кітап жазам дегенім бар еді. Сол ойым сіздікімен бір арнада тоғысып отыр екен. Болашақта бірге жазып қалармыз мүмкін:)
- Құрметті «Музарт» тобы!
Жақында теледидардан топтың жеке концертін тамашаладық. «МузАртпен» бірге осы топтың бұрынғы мүшесі, «Музарттың» іргесін қалаған өнер саңлақтарының бірі Мақсат Базарбаевпен бірге ән айтқандарыңызды көрдік. Меніңше, Мақсаттың орны бөлек. Егер Мақсат достарыңыз топқа қайта оралу туралы ұсыныс айтса, қабылдар ма едіңіздер? Біз әу баста Мейрамбек, Мақсат, Сәкен үшеуінен құралған «Музартты» жүрегімізбен қабылдап қалдық, Кенжебек ренжи қоймас, дегенмен қазіргі құрам алғашқыдай емес секілді. Осы сұрғымызға жауап берсеңіздер екен.

- Әрине, Мақсаттың «МузАРТ» тарихында ойып алар орны бары даусыз. Аллаға шүкір, Кенжебек келгеннен кейін де көрермен кеміген жоқ.
- Конференцияға «Музартты» шақырып отырғандарыңызға қатты қуанып отырмын. Рахмет, абайлықтар! Қазақтың маңдайына біткен тобымыздың ғұмыры ұзақ болғай!
Рахмет, айтқаныңыз келсін!
- Сәкен, маған сіздің киім кию стиліңіз қатты ұнайды, имиджді қалыпты және ұнамды етіп ұстау үшін де қабілетті мамандармен жұмыс істейтін шығарсыз? Стилистіңіз кім және қайдан киінесіз? Айнұр
Рахмет, Айнұр сұрағыңызға! Киім тандауда көбіне өз талғамыма жүгінемін.
- Біз неге ағылшын, француз, неміс, араб, түрік, жапон, қытай т.б. елдердің эстрадалық әндерін сүйіп тыңдаймыз? Және оларды бүкіл әлем халқы неліктен қабылдай алады деп ойлайсыздар?
Неге қазақ эстрада әндерін басқа елдің адамдары есі кетіп тыңдамайды?

- «Өзінді өзің сыйласаң жат жанынан түңілер» - дегендей, басқаларды     бағындырғанға дейінгі баспалдақтар бар емес пе? Бірінші кезекте дүбараларымыздың бетін бері қаратып алу.  «МузАРТ» тобы о бастан қазақ әндерін насихаттауға бағытталған топ. Сондықтан тыңдармандарымыздың тек қазақ тілді болуы да зандылық. Біреудің қансығын өзімізге таңсық қылмай-ақ қояйық. Өз асылдарымызды бағалайық.
- Сәкен, |Мейрамбек, Кенжебек, орындайтын әндеріңіздің бәрі тамаша. Жүрекпен айтасыздар  - жүрекке жетеді. Сіздер осы әндерді қалай таңдайсыздар? Трио болғандықтан әнді кімнен кейін кімнің айтатыны да дұрыс таңдауды қажет ететін сияқты. Сіздердегі үйлесімге қатты ризамыз. Құпия болмаса, бір әнді қалай алып шыққандарыңызды әңгімелеп бересеңіздер екен дейміз.
Құсни мен Ержан

- Үлкен рахмет, келісіп пішкен тон келте болмайды.
«Әннің де есері бар естісі бар». Әншілер де солай. Ән айтқанның жөні осы екен деп сахна мәдениетін тәрк етіп, көрінгенге еліктеп жүргендер туралы не айтасыңдар?
Шырақшы

- Біздің тарапымыздан көркемдік кеңес құрылу керектігі туралы пікір аз айтылып жүрген жоқ.
- Жазушы, композитор Ілия Жақанов бір сұхбатында: «Қазіргі қазақ әндері азып барады. Менің трагедиям осы әндердің тарап бара жатқанын құлағыммен естіп, көзіммен көру, осынау азғындыққа куә болу» деген еді. Ағамыз қатты кетіп қалған жоқ па, әлде дұрыс айта ма?
- Жалпы бұл пікірге біржақты қарауға болмайды. Ағамызға қосылатын тұстарымыз да жоқ емес. Ессіз әндердің көбейіп кеткені рас. Десек те, С. Сейтман, Қ. Сарин, Қ. Омар т.б.ақындарымыздың, олардың ойлы өлеңдеріне әуезді әндер жазып жүрген  Ж. Дәулет , Ұ.Жолдасов,  А. Бексұлтан және т.с.с сазгерлердің еңбегін де жоққа шығаруға болмайтын шығар.
- Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлымен кездесіп көрдіңдер ме? Ол кісіге сендердің әндерің жетіп жатыр ма екен? Кездескен болсаңдар, әңгімелесе алдыңдар ма?
- Тобымыздың он жылдық мерейтойында елбасынан кұттықтау хат алдық. Мемлекеттік маңызы бар мерекелерде елбасы алдында бірнеше рет ән шырқадық, бірақ әңгімелесудің сәті түспеді.
- Көптен бері қойсам деп жүрген тілек әрі сұрақ бар еді. Мейрамбек мырзаның шығармашылығында Бекболат Тілеухан сияқты әсіре діншіл «ревизия» жүріп өткендей. Мысал үшін танымал бір ән бар еді «Мұңайма бала» деген. Жаңылмасам Әбүйірбек Тінәлиевтікі, сөзін Әбдірахман Асылбек жазған-ау... Мейрамбек сол әндегі:
«Арыма бала, налыма бала,
Күш-қуат берсін жаныңа дала » деген жолдарды дала қуат бермейді деп шешкен болуы керек:
«Арыма бала, налыма бала,
Күш-қуат берсін жаныңа Алла» деп өзгертіпті. Жарайды, авторлық ой-пікірге қиянаты болмаса, мұндай «ревизияларды» кім байқайды?! Бірақ, аталған өлеңнің келесі жолдары Мейрамбектің бұл ревизиясынан қорлық көріп, қайталауға ұшыраған: «Құлыным аман, болсын деп әмән, Жаратқанға мың жалынады ана»... Түсінікті болар. Алланың жаратылысын көргенде адам жанының қуаттанып, күш-қуат алатыны рас қой. Оның несі жаман, даладан Құдай жасап жатқан кім бар?! Кейбіреулерге ұсақ-түйек болып көрінгенімен, мұндай ревизиялар ортағасырлық инквизицияға ұқсап барады. Дардай ғалымдарымыздың (Айгүл Ісмақова) қылығы анау. Бүкіл жырларымызға қол салып, «Он ғасыр жырлайды» деген кітапта қазақы орфографиядағы түпнұсқаға тым жақын «Алла» сөзін «Аллаһқа» өзгертіп шығыпты.
Бұл сұрақты койғандағы мақсатым, Мейрамбекті болмаса қазақ эстрадасында шын мәніндегі революция жасаған талғампаз шығармашыл ұжым «Мұзарттың» бәсін түсіру емес. Үнемі тыңдайтын әндерім солардың орындауында. Бірақ жоғарыдағыдай өзгерістер әр тыңдағанда құлағымды қариды. Осындай «балалық аурулардан» арылды ма екен Мейрамбек, деген сұрақ қой. Жауап бермесе де, айтарсыздар.
Дүйсенәлі Алматыдан.

- Менің ойымша байбалам салып, бас ауыртатын мәселе емес. Екі сөздің орны ауысқанынан өлеңнің мағынасына да, ұйқасына да ешқандай зиян келмеген сияқты. Оның үстіне Мейрамбек бұл мәселе жөнінде авторларды құлақтандырды.
- Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығының қарасаңында Абай.кз ақпараттық порталы тағайындаған Әлихан Бөкейханның 145 жылдығына орай ұлт көсемінің бейнесі таңбаланған төсбелгімен марапатталған екенсіздер. Құтты болсын! Әлихан Бөкейхан туралы, ол кісінің күрескерлік ғұмыры туралы қандай ойдасыздар?
Нұрқанат

- Ұлт азаттығы үшін басын бәйгеге тіккен бабаларымыздың бірегейі, көрнекті қоғам, мемлекет қайраткері, Алаш қозғалысының жетекшісі, Алаш Орда автономиялы үкіметінің төрағасы Әлихан Нұрмұхаметұлы Бөкейхан атамыздың атындағы төсбелгіні тағыну үлкен жаупкершілік екенін сезінеміз.
Шетелдің қазіргі тірі классиктерінің қандай шығармаларын және кімдерді қызығып оқисыздар?
- Қанша ат үстінде жүрсек те, БАҚ жаңалықтары мен әдеби-тарих шығармаларды шама келгенше назардан тыс қалдырмауға тырысамыз. Кітап дүкендерін аттап өтіп кеткен кезіміз болған емес.
- Әнші қауым ішінде терең білімді, оқыған-тоқығаны көп, ақылы асқан адам деп кімді атар едіңіздер?
Жауап күтем. Сәлеммен, ЖауҺар.

- Қайсы бірін айтайын, мақтан тұтатын майталмандарымыз жетерлік.
- Осы әншілерге, басқа да өнерде жүргендерге саясат жөнінде сұрақ берсең  ыршып түседі, «саясатпен айналыспаймыз» дейді. Жалпы адамда азаматтық позиция болу керек қой, саясатпен айналыспай-ақ қой, бірақ қоғамдағы өзгерістер, келеңсіздіктерді сендер айтпағанда, кім айтады енді?! Сендерді көтеріп жүрген сол Халық емес пе?! Осы Жаңаөзен оқиғасында қаза тапқан отбасыларына арнап, қайырымдылық концерт неге өткізбейсіңдер? Сендердің концерттеріңе адам көп жиналады ғой, сондықтан ақша да көп түседі. Ең болмаса, осылай көмек беріңдерші.
- Барлық өнер адамдарына топырақ шашу тәрбиесіздік деп түсінемін. Ерді ер етіп жүрген ел екенін бір сәт те есімізден шығарған емеспіз. Жаңаөзендегі жағдай біздің де жанымызды жегідей жеп жүр.
Сәкен, сенің жеке орындаған әндеріңе де ризамын. Оның үстіне сен бірнеше музыкалық аспаптарда да өте шебер ойнайды екенсің. «Виа-Музарт» тобында қолыңа жеке музыкалық аспап алып шығу ойыңда жоқ па?
- Үлкен рахмет. Бізді сүйемелдейтін шынайы аспаптарда ойнайтын мамандар тобымызда жетерлік болғандықтан онша қажеттілік туындап жатқан жоқ.
- «Музарт» тобына рахметтен басқа айтарым жоқ,басқа артистеріміз кішкене шен бітсе, орысшаға ауысып адасып жатады, Мен өзі видео монтаж немесе өңдеумен айналысам. Көбінесе үйлену тойларына «Музартың» өлеңдерін қоспасаң қызығы кетеді, соған кейінгі шыққан заң кері әсерін тигізетінін білемін, шағын ақша болса төлеуге дайынбыз, ал көп төлеуге халықтың қалтасы көтермейді. «Музарт» тобына шағын болса да ақша түсе бергені жақсы ма, әлде заңды қолдайсыздар ма?
- Үлкен рахмет! Біздің ұстанымымыз - қазақ үшін жазылған ән әр қазақтың игілігіне жарап жатса, біз үшін сол қуаныш.
- «Музарт» тобы сіздердің дауыстарыңыз алтын қорға сақтала ма? Әрине, бұны музыкатанушылардан сұраған дұрыс болар еді. Деседе, сіздер қалай ойлайсыздар?
Маржан Қызылағаш ауылынан

- Біздің бірнеше әндеріміз 90 жылдық тарихы бар қарашаңырағымыз «Қазақ радиосының» Алтын қорында сақталған. Алдағы уакытта да сіздер үшін еңбектене береміз.
- Басқа топтарға қарағанда, қазір сіздердің топ әлдеқайда биікте тұр. Халық сол биіктен түспесе екен, сол деңгейде қалса екен деп тілейді. Алланың берген өнерін бағалап, «ағалардың» емес, халықтың көңілінен шығатын әндерді айта беріңіздер. Тек әсіре діншілдікке салынып, «ән айту - күнә» деп өнерден қолды бір сілтеп, депутат болып, әкім болып шен қуып кетіп жүрмеңіздерші. Өнер адамы сол өнерін жандырса  -  халқы үшін еткен ұлы еңбегі сол. Ал әкімдер мен шенеунік болуға құмарлар бізде жетіп артылады. Осылай тамаша әндеріңізбен жабырқаған сәтте көңілімізге қуаныш сыйлап, ойландырып, үміттендіріп, тәтті қиялға батырып жүре беріңіздер.
- Рахмет, Алла разы болсын!
-  Қазіргі қазақ эстрадасында шалдыр-балдыр әні көп болғанымен бірде бірі хитке айналмайтын әншілер неге көбейіп кетті? Біздегі шоу-бизнесте ұлттық сипат бар ма? Әлде ол (ұлттық нақыш) керек емес пе?
Ол тек қазақ эстрдасында ғана емес, әр елдің эстрадасында бар проблема.
- Мейрамбек сіздің діни әндеріңіз жақсы-ақ , талай діни әндер айтатыныңызға сенем. Бізге сіздің қоңыр даусыңызбен орындалған діни әндер қатты әсер береді. «Музарт» істеріңіз оң болсын!
- Алла разы болсын!
- Сіздерді жақсы көретін қыздар көп. Отбасыларыңызды қалай сақтап қалып жүрсіздер?
Айжан

- Өнер сүйер қауым  өзімізді емес, өнерімізді бағалайды деп түсінеміз.
- Сәкен, қандай иіссу себінесіз? Жасырмай айта салыңызшы?
- Қиылып сұрап қалган екенсіз: Davidoff  Adventure
- Сәкен, Мейрамбек, сіздер ұлтшылсыздар ма? Мысалы, Вахтанг Кикабидзе өзін «грузин ұлтшылымын» депті.
- Біздің ұлтшыл екенімізді сіз ғана естімей қалған екенсіз ғой.
- «Абай.кз» порталын оқып тұратын сияқтысыздар ғой. Дәурен Қуаттың кім екенін білесіздер ме?
«Абай.кз»-те отырып Д. Қуаттың кім екенін бізден сұрағаныңыз қызық болды.
- Ақкөңіл, адал жігіттер, шын таланттар ішімдікке үйір болады деген пәлсапа бар. Осыған қарап отырып, қайсыңыз қандай екендеріңізге жауап беріп көріңіздерші?
Нұрсұлу

- Қадірсіз қағида ғой.
- «Музарттың» жігіттері жарайсыңдар! Сендер, әндерің де сәндерің де жарасқан жігітсіңдер. Сүйіп тыңдаймыз. Сендердің осындай мәртебеге жетулерің, біріншіден, орындаушылық шеберліктерің, екіншіден, сендерді сүйемелдейтін музыканттарың да мықты жігіттер. Әнші де, ән де, музыканттар да келіскен, қазақ шоу бизнесіндегі төрт аяғын тең басқан топ сендер ғана ғой деймін. Өнерлерің өрлей берсін, қазақ сахнасында ұзақ ғұмыр жазсын сендерге! Бір таң қалатыным, үшеуің сахнада орындарыңды неге ауыстырмайсыңдар? Бұрын киімдерің, стилдерің онша ұнамаушы еді, кейінгі кезде жақсы киінетін болдыңдар. Баяғы кеңестік сықиған, біп-бірдей сахналық костюм деген ұғымнан арылып, заманауи, стильный, модный киінгендерің дұрыс.
- Пікіріңізге рахмет!
- Өткен жылы Монголия еліне барып концерт қойдыңыздар. Неше рет қойсаңыздарда жаман театрмызда инне шаншар жер қалмай, тіпті орындықтан тысқары түрегеп тұрып көргендерде разы қош болып қайтты. Ал сіздердің көңіл күйлеріңіз қалай болды? Қандай ой түйіп қайттыңыздар?
Көңіл-күйіміз көтеріңкі, әдемі әсермен қайттық.
- Сіздердің ұзақ жыл береке бірлікте жұмыс жасауларыңыздың құпясы неде?
- Құпия!
- Сәкен мықты азамат! Жарайсың Сәкен! Ал Кенжебек саған қызғанышпен немесе сынап әр түрлі сұрақтар қойып жатады сынды қалай қабылдайсыз? «Музарттың» асқарлы «Музарт» болғанына сіздің де еңбегіңіз айырықша екенін ешкім де жоққа шығармайды.
- Үлкен рахмет!
- Ансамбілдеріңіздің қал ауқалы қалай? Оларды қалай қаржыландырасыздар?
«МузАрт», қоржындарыңызға ән таңдау шешімін кім шығарды?

- Бұрынғыдай үшеуміз ғана емес, қазір он адам талқылап, таңдайды.

- «Музарттықтар», Сіздер шетелдерге жиі шығып тұрасыздар. Үлкен сапарды былай қойғанда, мына іргемізде тұрған Қытай еліне тойларға барып жүресіздер. Ол жерде қазақтар тұрады. Қазір шетелден келетін қазақтардың көші тоқтады. 5000000 қандасымыз жат жұртта қалып, жойылып кетудің алдында тұрғаны айдай ақиқат. Ал, біздің жеріміз ұлан-байтақ. Халқымыз бір-ақ уыс! Осы мәселе азамат ретінде Сіздерді қаншалық толғандырады? Мейрамбек, Сәкен, Кенжебек, қарақтарым, бізді жат жұртқа осылай тастап қоясыңдар ма, анау Елбасының алдына ән айтқалы барғанда біздің тағдырымызды үшеуің айтыңдаршы, жандарым,- десе, не деп жауап берер едіңдер? Елбасыға кездескенде айта аласыздар ма сол қандастарыңның аманатын?
Алматы қаласынан А. Мұқабай

- Шетелден келетін қандастарымыздың көшінің тоқтамағанын қалаймыз. Осы орайда, «МузАРТ» тобының Қытай Халық Республикасынан екі азаматты отбасымен көшіріп әкелуі ұлы көшке қосқан теңізге тамған тамшыдай ғана үлесі деп білеміз. Елбасымен кездесу бақыты бұйырып жатса, ондай  аманатқа қиянат жасамаймыз.
- Жігіттер сендерге мың алғыс! Концерттеріңіз керемет! Қазақстаннан екі рет қатар көрдік. Сұрағым: Елдос Еміл деген азаматты танисыз ба? Соңғы уақытта оған тағылған айыптар туралы (мәселен бірер күн бұрын «КТК» да көрсетілген «Черный квадрат» хабары) не айтар едіңіз? Әлде тек қана өнердің өрісі үшін тер төгіп жүріп елде болып жатқан шиеленіскен мәселелер туралы ойлануға уақыттарыңыз жетпей ме? Жалпы «Яссауи» тобы дегенді естіп пе едіңіз? Олардың әуендері туралы не айтасыздар?
- Яссауи тобының мүшесі Елдос Емілді талантты дәстүрлі өнер өкілі ретінде жақсы бағалаймыз. Тағылған айыптар мен алып-қашпа әңгімелерден бейхабармыз.
- Менікі сұрақ емес, тілек. «Музарт» жігіттері, сіздер елдің алдында жүрген азаматтарсыздар, сондықтан жастар көбіне сіздерден үлгі алады. Қазір небір сұмдықтар орын алып жатыр, сіздерден өтінерім; Ислам дінін бүгін көргендей болып, жалғаннан «Ислам» деп, «Дін» деп өз болмысын ұмытып, теріс жолға азып жатқандар қаншама... Сіздер сол жағын ескере жүрсеңіздер екен. Біздің қазақтың бағзы заманнан қалыптасқан, Ата-бабамыз аманат еткен ұлттық үрдісіміз бәрінен қымбат қой, соны үгіттесеңіздер екен!
- Болашағымызға бей-жай қарамайтыныңыз қуантып отыр. Алла тағала елімізге, тыныштық пен ауызбіршілік берсін!
- Ассалаумағалейкум, «Музарт»! Менің сұрағым: Шынымды айтсам, ансамбльдегі бас гитарада ойнайтын (есімі Ерлан болу керек кателеспесем) ағамыз қызықтырады. Сахнада өзін ұстауы ерекше көрінеді маған. Теледидардан қарап отырсаң, жүзінде үлкен жұмбақ жатқандай... Тұйық адам секілді және өз ісінің шебері сияқты. Бірақ, осы күнге дейін сол азамат туралы, өмірбаяны, шығармашылықтағы іс-әрекеттері туралы еш біліп көрген емеспін. Бірге жұмыс істейсіздер, сол ағамыз туралы жалпы мінездеме беріп кетіңіздерші...
Бақылаушы

- Топтың әр мүшесі өз ісінің шебері. Ерлан Құлахмет иманды, өнерлі, ақкөңіл азамат.
- Мейрамбекті көргенде , қазақ тілін менсінбейтін орыс тілді қыз-келіншектер көздері жайнап, қазақша сөйлеп кетеді. Мейрамбек өзінің қазақы әнімен, қазақы болмысымен, қазақ деген халықтың құдіретін мойындатады. Мейрамбектің артықшылығы ұлттық әндерді, Мақатаев айтқандай шекпен жауып халықтың өзіне қайтаруында. «Мұзарт» шынымен-ақ шың басында, осы бағытынан таймай, шүлдірлектерді мысымен басып, қазақ өнерін әлемге мойындатсын! Тіл-көзден аман болсын! Үшеуі жақсы үйлескен,бірі шырқатып, бірі қоңыр даусымен аяласа, Кенжебектің де өзіндік мақамы бар. «Мұзартты» мақтан тұтамыз. Олардың әндері рухты көтереді.
Нұрғайни әпкелерің, Шығыс Қазақстан.

- Үлкен рахмет!
- Қайрат Нұртас пен Бейбіт Қорған деген әншілерге қалай қарайсыңдар?
- Қалың көрерменнің ыстық ықыласына бөленген, жақсы көретін інілеріміз.
- «Музартқа» қоятын сұрағым жоқ. Жігіттер ел алдында жүрген соң, қанаттарың талмасын,  жақсы әндермен біздерді қуантып жүре беріңіздер дегім келеді.
- Мың алғыс!
- Айналайындар, мен ең бастысы  - сіздердің ұлтшылдық, азаматтық позицияларыңызға тәнтімін!
Үлкен құрметпен Руза апайларың, Керекуден

- Жалауымыз желбірей берсін!
- Сәлеметсіздер ме, құрметті «Музарт» тобының әншілері! Айтыңыздаршы, қазір фонограммамен айтатын әншілер толып жатыр. Оларды Б.Төлегенова апамыз айтқан сияқты жұлдыздар тарапына қосудың өзі ұят. Сіздердің концерттеріңізді сүйіп тыңдаймын, бірақ кейде күмән бар: сіздер тірі дауыспен айтасыз дар ма? әлде кейде фонограмма да пайдаланасыздар ма? Қазір Р.Бағланова, Р.Рымбаева, М.Ералиева сияқты жас әншілер бар ма? Тіптен, құрметті Алтынай Жорабаева сияқты бетке ұстар әншінің өзі Роза Бағланова апамыздың «Ақсұңқарым» атты әніне дауысы жетпей қалғанын теледидар беттерінен көрдім. Осы тұста екінші сұрақ: Сіздер «Құсни Қорлан», «Гаухар тас» т.б. вокалды талап ететін әндерді айтасыздар ма? Сүйіп тыңдар едік.  
Қуат бауырларыңыз

- Әрине, халық әндерін жазу ойда бар.
- Өз тапқан қаражаттарыңыздан қаражатқа зәру жетім-жесірлерге көмектесіп тұрасыздар ма? Жоқ, ойын-той қымбат заттарға шығындайсыздар ма?
Ойын-той, қымбат заттарға шығынданамыз деген жауап күтіп  пе едіңіз?
- Осы жолғы сайлауда қай партияға дауыс бергендеріңізді сұрауға бола ма ? Жаңа парламентті ел тілегінен шыға алады деп қарайсыздар ма?
- «Нұр Отан» партиясына дауыс бердік. Ел сайлаған парламент ел сенімін ақтайды деп үміттенеміз.
- Сіздер өте талғамды әншісіздер. Бірақ «Арман, арман, арман-ай» (қырғыздың әні), «Махаббат гүлі солмайды» сияқты солғын әндер репертуарларыңызға қалай кіріп кетіп жүр? Менімен пікірлес қыз-жігіттер өте көп. Олар да  ««Мұндай әндер» «Музарттың» деңгейін төмендетеді, оларға лайық емес» деп есептейді. Жалпы ән таңдауда ең бастысы - қандай критерийге сүйенесіздер?
Жамал, Тараз

- Талғамда талас жоқ. «Арман-ай» мен «Махаббат гүлі солмайды» әндерінің тыңдармандарын талғамсыз деп тапқаныңыз ба?
- Мейрамбек, Сәкен, Кенжебек, Қазағымның маңдайына біткен алтын дауысты әншілерісіңдер, аман болыңдар! Мен сендердің замандастарыңмын, талай рет бала кезімізде «Бозторғаймен» қосылып жылағанбыз, әсіресе, Мейрамбек алтын дауысымен қазақ даласын ұйқыдан оятты емес пе, бірақ елге көшіп келген соң бір таң қалғаным сендердің халыққа қайырымдылық концертін беріп жатқандарыңды көрмеппін. Ең болмаса бір жылда бір әсіресе, тұрмысы нашар, көп балалы отбастарына, жетім балаларға дегендей. Бала күнімізде анамыз айтушы еді:  «өскенде жеміс ағашындай бол, жемісің көбейген сайын төменге иіл», деп, ал қазіргі әншілер жеміссіз ағаш сияқты тек қана биікке ұмтылатын секілді. Халықты ұмытпаңдар! Қазағың сендерді сүйеді, ардақтайды, мақтан етеді.
- Алла разы болсын!
- Коммерциялық радиолардан бастап кәдімгі «Қазақ» радиосы мен «Шалқарда» шалқитын әндерді эфирге жіберер алдында көркемдік кеңестің рұқсаты керек сияқты. Яғни, көркемдік кеңестің талабынан өткен, кеңес мүшелері қабылдаған әндер ғана радиодан берілсе деген ойдамын. Сәкен, менің осы ұсынысыма қалай қарайсыңдар? Неге мұндай ұсыныс айтып отырғанымды білесіңдер ғой?
Жәмиғат

- Ол мәдениет министрлігі мен радио қызметкерлерінің құзырындағы дүние. Десек те, әншілер тарапынан да талап-тілектер болып жатыр.
- Жоғарыда сауал қойған азаматтардың қайсыбірі сендерді саясатқа араластырғысы келіпті. Батыс әншілерінен неге үлгі алмайсыңдар депті. Сендердің де ұлттық мәселеден, әсіресе, тілге қатысты ашық хаттар мен жиындардан тартынып қалмайтындарыңды жақсы білемін. Әйтседе осы саясаты құрғырдан аулақ жүріңдерші. Бекерге күйіп кетесеңдер. Бізде кәсіби саясатшы да, дені дұрыс саясат та жоқ. Әнмен әлдилеп те қазақтың жүрегін оятуға болады. Әнмен де ұлттық саясат жүргізуге болады. Солай емес пе? Әлде мен қателесемін бе?
Қанағат көкелерің

- Үлкен рахмет, ұрпақтарыңыз өнерлі болсын!
- Шәмші ағамыз болсын, Әбілахат ағамыз болсын, Ілия ағамыз болсын, т.б. сазгерлер керемет әндер шығараса да сахнада ән айтпаған ғой. Қазіргі композиторлар бір ән шығарса бітті, сахана мен телеарнаға қарай емпеңдей жөнеледі. Мысалы, Гаухар Әлімбекованы өз басым талантты композитор деп білемін. Тәп-тәуір әнші. Өзі ән шығарып, өзі орындап жүреді. Бірақ «Ақ келінге» дейін кеңінен танымал болды дей алмаймын. Ал, сендер Гаухардың бір әнін, жаңылыспасам «Бір тамшы көздің жасындай» әнін айтып едіңдер, әлгі ән құлпырып шыға келді. Барша жұрт сендермен бірге сол әнді айтып кетті. Сұрағым: композиторлармен жиі араласасыздар, соларға «мына әнді біздер, әншілер, айтайық, сендер қоя тұрыңдар» десеңдер болмай ма? Жалпы осы «жұлдыз» болуға ұмытылудың қаншалықты қажеті бар?
Алдыңғы толқын ағалардың аңызға бергісіз достығы жиі айтылады. Сол кездегі творчество адамдарының арасында достық, сыйластық керемет болғанға ұқсайды. Олар сол достықтарының арқасында қазақ руханияты үшін кемел дүниелер жасап кетті. Сондай достық бүгінгі толқынның арасында бар ма? Меніңше, композиторлар өз бетімен («түйенің танитыны жапырақ» демекші олардың білетіні - Шөмішбай Сариев және Шөмішбай Сариев), ақындар өз бетімен, суретшілер бір бөлек, театр актерлары бір бөлек жеке-жеке лағып, ауа жайылып жүрген сияқты. Жас толқынның үні елге толық жетпей жатуының бір себебі осында ма деп ойлаймын. Сендер не дейсіңдер?
Замандастарың Заттыбек.

- Рахмет, Зәке, уәжіңіз орынды.

- Бұрын орыс тілінде ән айтатын эстрадалық әншілердің кенеттен қазақшаға бет бұруының себебін немен түсіндіре аласыңдар? Эстрада да жүрген жыртақбайларды тоқтату сендердің міндеттерің емес, бірақ, соларды бәсекелестік арқылы, елдің рухани талғамын өсіру арқылы ығыстыруға бола ма? Әлде бүгінгі көпшілік мәдениеті ондайға жол берме ме?
- Тәуелсіздік алған жылдары қазақ эстрадасының болашағы бұлыңғыр болғаны жасырын емес. Сол кезде тыңнан түрең салып, қазақ эстрадасының көшін бастаған «АБК» триосы еді. Сол жылдармен салыстырғанда қазір қазақ әншілерінің көбеюіне қуануымыз керек. Қазақ эстрадасы дегенде «Дуэт Л», П. Назаров, К. Ли, «АР-клубтарға» тосқауыл бола білген «АБК» ғана болатын.
- Сәлем, «Мұзарт», жігіттер!
Сіздер қазақтілді эстрададағы құбылыс болу арқылы қазақ көрерменін эстрадалық алаңға «Дос-Мұқасаннан» кейін алып шыққан топсыздар. Сол арқылы тілімізге де оңды әсер етудесіздер. Болашақта Тіл шарасын өткізсек, сіздерден қолдау күте аламыз ба?

- Қазақ тілін қолдау аясында өтіп жатқан іс-шаралардан қалып та жүрген жоқпыз. Қолымыздан келгенше атсалысып жүрміз. Атсалыса береміз де! Мемлекеттік тіліміздің мәртебесі жоғары болсын!

Уақыттың тапшылығына байланысты біртекті сұрақтардың басын біріктіріп, бір-ақ жауап беруге тырыстық. Кейбір ұсыныс, сауалдарыңызға жауап бере алмасақ кешірім өтінеміз. Болашақта да байланыста боламыз деген үміттеміз. Үлкен рахмет!
Сіздер мен біздерді қауыштырып, алтын көпір бола білген «Абай.кз» ақпараттық порталының ұжымына алғыс білдіреміз!

Соңы

«Абай-ақпарат»

0 пікір