Жұма, 26 Сәуір 2024
2347 1 пікір 19 Қараша, 2020 сағат 13:23

Мысырда Абайдың 175 жылдығына арналған кеш өтті

Мысырда Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған шығармашылық кеш өтті. Бұл туралы ҚР Мысыр Араб Республикасындағы Елшілігі мәлімдеді. 

15 қараша күні Ұлы ақын, жаңа қазақ әдебиетінің негізін қалаушы Хәкім Абай Құнанбайұлының шығармаларын Мысыр оқырмандары мен көпшілік арасында кеңінен насихаттау мақсатында Каирде Қазақстан Республикасының Елшілігі мен Қазақстанның Ұлттық академиялық кітапханасы бірлесе отырып, ақпараттық-танымдық іс-шара ұйымдастырды.

Делегациясы құрамына қазақ зиялы қауым өкілдері Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Үмітхан Мұңалбаева, М.Әуезов атындағы Мәдениет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып, Алматы қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Роза Кабиева, Ұлттық академиялық кітапханасының қорларды қалыптастыру қызметі басшысының орынбасары Зәуре Майшина мен Басылымдар бөлімінің меңгерушісі Сәуле Жүсіпова енді.

Мысыр Парламенті Сенатының төрағасы Әбдел Уахаб Әбдел Разық, Жоғарғы Конституциялық сотының төрағасы Саид Марей, Мысыр Ақпарат министрі Усама Хейкал мен Әділет министрі Омар Маруан, Министрлер Кеңесі Бас хатшысының үкіметпен байланыс жөніндегі орынбасары Тариқ Камил Бадр, Сыртқы істер министрінің орынбасарлары Хатим Тәж әд-Дин мен Шериф Иса, сондай-ақ Мысырдағы аккредиттелген шетелдік елшілер араб тіліне аударылған «Абай» кітабының алғашқы оқырмандары болды.

Салтанатты кеште алғашқы сөз сөйлеген Елші Қайрат Лама Шариф Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Абай аманаты» мен Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақалалары туралы баяндады.

Шара барысында Абайдың туғанына 175 жыл толуына арналған ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының қорынан жеткізілген кітап көрмесі ұйымдастырылып, арнайы ақпараттық стенд орнатылды. Cонымен бірге, Абай шығармашылығы туралы 200-ден астам жаңа кітаптар ұсынылды. Кеш соңында концерттік бағдарлама ұсынылып, онда қазақстандық және мысырлық студенттер қазақ және араб тілдерінде Ұлы Абайдың өлеңдерін мәнерлеп оқып, әндерін шырқады.

Аталған іс-шара қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырды. Мысырдың зиялы қауым мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Елшіліктің осы бастамасын жоғары бағалап, Ұлы ақын әрі ойшыл Абай Құнанбайұлының туындылары арқылы қазақ әдебиетінің құндылықтарымен жақын танысуға мүмкіндік алғандарын жеткізді.

Қазақстандық делегация Мысырдың астанасындағы «Еркіндік пен достық» саябағында орналасқан Абай ескерткішіне гүл шоғын қойды.

Abai.kz

1 пікір