Сенбі, 27 Сәуір 2024
Деп жатыр 10782 31 пікір 13 Қараша, 2020 сағат 13:00

Ресейдің не ойлағаны бар?

Христиан әлемі Арменияның жеңілісіне күйініп, мұсылман әлемі бөркін аспанға атып жатқанда Ресейлік «Южный Федеральный» сайтында Алиса Селезневаның «Ердоған Қазақстанды Кавказдағы конфликтіге тартып, қосарлы ойын жүргізуде/Эрдоган ведет двойную игру, втягивая Қазахстан в конфликт на Кавказе» атты мақаласы жарық көрді. 

Ресейдің 1990 жылдардағы ескі әскери техникасын ТМД елдеріне тықпалауының арты неге соқтыратынын Қарабақ соғысы дәлелдеп берді. Әлем орыс қаруын сатып алудан бас тартатын дәуір туды. Ресей заманауи соғысқа дайын болмай шықты. Енді экономикасы қуатты Қазақстан НАТО қару-жарағымен өз армиясын қайыра жасақтайды деген ой солтүстік көршімізге тыным бермеуде. 

Енді осы ойбайдың алғашқы байбаламын жасаған автордың Орталық Азияның алтын қақпасы саналатын еліміздің заманалық әскери қару-жараққа ие бауырлас түріктермен әскери ынтымақтасуды қаламайтын пиғылда жазылған мақаласын Abai.kz оқырмандарына тәржімалап ұсынып отырмыз.

Түркия Қазақстанды кавказдағы оқиғаларға тарта бастады. Таяуда Қазақстаннан түрік әскери тобы Қарабаққа атандырылғаны жайында БАҚ хабар тарады.

Анкараның стратегиясы өзгерді. Бұрындары қазақ әскерилері Стамбұлда білім алса, енді түріктер Қазақстанның Ұлттық Қорғаныс университетіне оқуға келе бастады. Өткен жылы Анкараның өтінуімен түрік Бас Штабының бір топ офицері Қазақстанда тәжірибеден өтті. «Русская весна» басылымы бұны Ердоғанның кеңестік әскер кеңістікке енуі үшін жасаған стратегиялық шешімі деп жазады. Қазақ еліне келген офицерлер құрамы барлау, арнайы әскер және әскери насихат мамандарынан тұрды. Олар іс-тәжірибесін орыс тілді ортада өткізіп, посткеңестік әскери жарғыны оқып үйренді.

Түркі офицерлерін оқыту Нұр-Сұлтанда 2020 жылдың наурызында аяқталып, жаз айында олар әскери оқу-жаттығуға қатысуға Әзербайжанға аттанып кетті. Әскери оқу-жаттығудан кейін түрік әскерилері сол жерде қалып, штаб жұмысына жетекшілік етті. Осы жолдардың авторы да Анкара тап осындай жолмен Қазақстанды Кавказдағы шиеленіске тартуда деп санайды.

Автор одан ары жаны жай тауып: «Бірақ қазір жағдай өзгерді. Қарабақ бойынша бейбіт келісімшартқа қол қойылды. Аймаққа жағдайды тұрақтандыратын әрі Ресейдің Кап тауы елдеріндегі салмағын арттыратын ресейлік бітімгерлік күштері жіберілді» деп қуана жазады. 

Ресей қорқа бастаған Тұран армиясының нағыз шындыққа айналуы үшін әм заманалық әскери техникаға ие болу үшін ендігі жерде бұрынғыдай жерімізге көз алартқан әскери технологиясы артта қалған Ресеймен емес, НАТО-ға мүше Түркиямен тығыз әскери байланыс орнатқанымыз жөн деген ой алаш жұртының ұлттық идеясына айнала бастады. 

Әбіл-Серік Әлиакбар

Abai.kz

31 пікір