Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Осы ғой енді... 2950 2 пікір 12 Қараша, 2020 сағат 18:55

Елбасы ашқан логистикалық кешенді Қорғаныс министрлігі неге сүріп тастамақшы?

27-шілдеде Алматының қалалық соты GEGA логистикалық кешенін сүру туралы шешім шығарды. Арыз беруші-Қорғаныс министрлігі. Халықаралық стандартқа сай түрлі тауар, азық-түлік, дәрі-дәрмек сақтайтын қойманы осыдан бес жыл бұрын елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ашқан болатын.

Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында мемлекет қазынасынан бұл жобаға 4,5 млрд теңге бөлінді! Енді келіп, аяқ асты Қорғаныс министрлігінің Алматыдағы әуе базасы жанында салынған нысан заңсыз болып шықты. Министрлік дәлел ретінде осыдан 80 жыл бұрын Қазақ КСР Халықтық комиссарлар кеңесінің казарма салуға жер бөлінсін деген құжатын желеу еткен. Ойлаңызшы, 1940 жылғы бұйрық. Одан бері Кеңес үкіметі құлады. Қазақстан өз алдына отауын тігіп, тәуелсіздігін жариялады. Ол құжаттың қазіргі уақытта заңды күші бар деп қалай аламыз? Басты айтқан уәждері-логистикалық кешен әуе базасы жанында орналасқандықтан, ұшып-қонуға кедергі келтіреді.

Сонда әскерилер осы әңгімесін сол кездегі Алматы әкімі Иманғали Тасмағамбетов құрылыс бастауға жерді заңдастырып берген 2005 жылдары неге айтпады? Тым болмаса пайдалануға енді берілген 2015 жылы Ахметжан Есімовке қауіпті деп неге ескертпеді? Бұл жайтқа қарап, еріксіз һәкім Абай «қайран елім қазағым, қайран жұртым, ұстарасыз аузына түсті мұртын» деп аяқтан шалатын қанға сіңген қасиеттің көрініс тапқанына күйінесің. Болмаса Орталық Азияда теңдесі жоқ халықаралық талапқа сай кешеннің Қорғаныс министрлігіне сүйелдеу көрінуін қалай ақтарсыз. Олар Бек Эйр апаты, Арыстағы қойма жарылысынан кейін шолақ белсенділікке салып, билік алдында ұпай жинау үшін осындай қадамға барғанын аңдауға болады. Былайша айтқанда бұл салдармен күрес.

Ал, дер уақытында Қорғаныс министрлігі жұмысын мүлтіксіз атқарып, бармақ басты, көз қыстыға салмаса айдын күннің аманында Арыстағы жарылыс болмайтын да да еді ғой деген мұңлы ойға кетесің. «Таз ашуын тырнадан» алар деп, енді келіп қопарып жұмыс істеп жатқандарын көрсету үшін басқаларға қырғидай тиюдің не қажеті бар? «Қауіпсіздікті»  қалқан ету арқылы қиратудың соңы неге әкеліп соғарын түсіне ме екен? Алматының 70 пайыз азық-түлік, дәрі-дәрмек қорын сақтап отырған нысан жермен жексен болса бір күнде мыңнан астам адам жұмыссыз далада қалады. Мынадай пандемия қанатын кеңге жайған қиын-қыстау заманда әлде министрлік бәрінің екі қолына бір күрек тауып бере ме екен?

Шетелден ел шекарасына өткен қай тауар болмасын осы логистикалық кешеннің кеден аумағындағы тексерістен өтеді. Оның жұмысы тоқтаса балама басқа кешен жоқ. 80 жыл бұрынғы құжат негізінде шешім шығарған сотқа бұдан кейін қалай сенесің? «Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмау» үшін бұл жағдайға президенттің тікелей араласқаны қажет. Әйтпесе, сүрілейін деп жатқан дүкен, я үй емес.

Мемлекет бюджетінен кезінде 4,5 млрд теңге бөлінген нысанды сүрсе, оның шығынын кім өтейді? Министрлік мойнына алуға дайын ба? Бұл жайт қазір әлеуметтік желі, бұқаралық ақпарат құралдарында қызу талқыланып жатыр. Бірақ, биліктен үн қатып араласқандары жоқ. Оқиға қалай өрбиді? Әліптің артын бағайық.

2 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1569
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1458
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1206
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1191