Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Әңгіме 3916 4 пікір 12 Қараша, 2020 сағат 12:44

Депутат бола салайыншы...

(Сатира)

Зейнеткерліктен әбден зеріктім. Ішім пысты. Осылай жүргенде «Парламент сайлауы өтеді екен» деген хабарды естіп, есім шыға қуандым. Текке сандалып жүргенше «Депутат бола салайыншы» деген ойдың келе қалғаны ғой. Билікке жағатын «Үндеместер» партиясына қабылданып, тиісті құжаттарын тапсырып, сайлаушылармен кездесе бастадым.

-Ақсақал, жасыңыз қаншада?- деп сұрақ қойды бір ақымақ бір кездесуде.

-Жасымды қайтпексің?- деп шақ ете қалдым мен. Мәселе жаста емес, баста ғой. Жасым сексенде болса да, басым баяғы қалпында. Миым әлі кепкен жоқ.

-Астапыралла! - деді әлгі әңгүдік. Сізге депутаттыққа емес, «ана жаққа» дайындалу керек қой.

-Өй, айналайын - дедім мен оған. Ойымды қалай дәл таптың.«Ол жаққа» жәй зейнеткер болып кеткенше, депутат болып кеткенім дұрыс қой. Солай емес пе?

Сонда Парламент, Үкімет: «Пәленше» деген аса құрметті депутатымыз «ана жаққа» «жұмаққа» жүріп кетті» деп «айқайлатып», газеттерге суретімді басып, қоштасу сөзін жазып, теледидардан хабарлап, бірер депутаттар «көз жасын сығып», аза тұтпай ма? Парламенттегі зейнеткерлер неге кетпей отыр дейсің? Бәрі де өзің айтқан «жаққа» солай депутат ретінде құрметпен кеткісі келеді. Енді түйсігіңе бірдеңе жетті ме?

-Апыр-ай, сіз зейнеткер депутаттардың аса маңызды «мемлекеттік» құпиясын ашып қойдыңыз ғой, - деді әлгі әңгүдік. Бәсе, олардың алды сексенді орталап қалса да неге кетпейді десек, солай ма еді? Рахмет, сізге! Сіздің де «бағыңыз жанып», аса мәртебелі Парламенттің аса мәртебелі депутаты болуыңызға тілектеспін!

-Әмин! Айтқаның келсін! 

-Ақсақал, сіз депутаттыққа қай партияның атынан түсіп тұрсыз?- деді тағы бір мәңкүс.

-«Үндеместер» партиясынан.

-Не дейт!- деді әлгі есуас. Сондай да партия бар ма?

-Е, неге болмасын. Оған неге таңқаласың? Қазір жасылдар партиясы дей ме, «масылдар»  партиясы дей ме, шығып жатыр ғой.

-Сонда сіздің партияңыздың мақсаты не?

-Өте орынды сұрақ. Біздің партияның мақсаты түсіне білген адамға өте керемет.

-Сонда қандай?

-Үндемеу.

-Түсінбедім.

-Түсінуге міндетті емессің. Біздің партияның «ұраны» - «Үндемеген үйдей бәледен құтылады». Біз Парламентте қандай мәселе көтеріліп жатса да, үндемейміз. Өйткені, ешкімді күндемейміз, ешкімді тілдемейміз, ешкімді тілмен түйремейміз. Біздің басқа «болтун» партиялардан артықшылығымыз да осында.

-Мәселен, Парламенттің қазақ депутаттары қазақша сөйлейтін болсын деген ұсыныс түссе, не дейсіздер?

-Үндемейміз.

-Ал саяси тұтқындарды босату керек деген ұсыныс түссе ше?

-Үндемейміз.

-Митингіге шыққандарды қудалауды тоқтату керек деген ұсыныс болса ше?

-Ау, айттым ғой саған үндемейміз деп, үндемейміз, үндемейміз, үндемейміз. 

-Астапыралла! Осындай да партия болады екен ғой,- деді манағы мәңкүс. 

-Е, неге болмасын. Үндедің не, үндемедің не, бәрібір емес пе? Үндесең де алатыңың сол жалақы, үндемесең де алатының сол жалақы. Үндесең де, үндемесең де мінетінің сол қызметтік «супер» машина. Үндесең де, үндемесең де тұратының қызметтік керемет пәтер. Үндесең де, үндемесең де жасалатын әлеуметтік жеңілдік. Сен үндемедің екен деп жалақыңды қысқартып, көлігіңді тартып алып, пәтеріңнен қуып шықпайды ғой. Сонда атаңның басына сөйлеуіміз керек пе? Сөйлемейміз, үндемейміз. Үндейтіндер «пожалыста», үндей берсін. Біз оларға да үндемейміз.  Өйткені, біз ешкімді күндемейміз, ешкімді тілдемейміз, ешкімді тілмен түйремейміз. Тыныштық керек құлаққа, үндемей- ақ отыра  береміз, Парламент деген «жұмақта». Түсіндің бе, маубас!

Дамир Әбішев

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1568
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1457
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1205
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1190