Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
3634 12 пікір 11 Қараша, 2020 сағат 13:10

Байден және біз

Байден президент болған соң, Қазақстанға, жалпы біздің аймаққа қатысты Вашингтонның саясаты өзгере ме, өзгермей ме деген сұрақ жап-жақсы талқыланып жатыр.

АҚШ-тың сыртқы саясатының басты бағыттарының ішінде Қазақстанның орны қандай екені бесенеден белгілі ғой. Ол тізімде біз көш бастап тұрмағанымыз анық. Оның үстіне президент болғанымен Байден және Демократиялық партия шешуші орган – Сенатта басымдыққа ие бола қойған жоқ, онда трампшылдар да әлі де өз күшінде қалды. Жаңа президенттің бастамаларын олар бірден және оңайлықпен қолдай қоймас: саяси тартыс заңдылығы сондай.

Сонда да мына нәрселерді айтпасқа болмас.

Біріншіден, экономикалық, сауда-саттық саласында біз АҚШ-пен соншалықты тығыз байланыста емеспіз. Иә, «Шеврон» және басқа да үлкенді-кішілі факторлар бар. Бірақ АҚШ үшін олар соншалықты шешуші емес. Біздің әлі де авторитаризмнен арыла қоймаған елге АҚШ инвестициясы молынан құйылады деп болжау қиын болар. Оның үстіне әлемдік дағдарыс пен коронавирус пандемиясы секілді тежегіш-кедергілер тағы бар.

Екіншіден, АҚШ Ресей мен Қытайға қатысты өзінің сыншыл, бәсекелес саясатын жалғастыратыны анық. Ол саясат Трамп не Байденге байланысты емес, ол сол елдің истеблишментінің о бастан өзара келісілген, ортақ ұстанымы. Оның оң да, сол да әсері екі алпауыттың тура ортасында орналасқан бізге де тиері сөзсіз.

Үшіншіден, Ауғанстан факторы бұрынғыша бізге әсер ете бермек. Яғни, осы бағыттағы, соның ішінде, наркотрафикке байланысты АҚШ-тың қимыл-әрекетінің бір ұшы бізге де тиеді.

Төртіншіден, АҚШ-тағы демократтар дәстүрлі түрде адам құқы мен демократия принциптерінің әлемде орнығуына мән беріп келеді. Кезінде АҚШ Мемхатшысы Мадлен Олбрайт Қазақстан демократиялық күштерімен бөлек кездесіп жататын. Орта Азиядағы ең алғаш тәуелсіз баспахананы Алматыда ашу туралы ұсынысты да айтып едік. Бірақ бір себептермен ол баспахана Бішкекте ашылды.

Трамптың кезінде басқаша саясат жүргізілді.

Әрине, бізге ешкім шетелден келіп, демократияны орнатып бермейді. Ол керек те емес! Біз - өз тағдырын өзі шешетін тәуелсіз елміз.

Бірақ бұл мәселенің бір астары бар.

Оның мәнісі мынада.

Қазақстан - халықаралық демократиялық ұйымдардың мүшесі және де дамыған елдермен қарым-қатыаһнаста өзі демократиялық мемлекет ретінде таныстырғысы келеді.

Ал АҚШ болса, осы беделді ұйымдардың негізгі құрылтайшысы әрі демеушісі, басты акционері.

Міне, ол ұйымдар мен дамыған елдердің барша қауым мойындаған демократиялық стандарттары бар. Олар билік тармақтарының тепе-теңдігі, шынайы саяси бәсеке, сөз бостандығы, сот тәуелсіздігі, адам құқы, әділ сайлау секілді маңызды мәселелерге қатысты ортақ прициптер мен талаптар.

Дәл осы стандарттардың орындалу қажеттігі туралы біз талай рет ОБСЕ, Еуропарламент, Еуропа Кеңесі, АҚШ Конгресі мен Мемдепартаментінің мінбесінен айтқанбыз.

Меніңше, біз, қазақстандық демократтар, осы жұмысымызды біз одан әрі жандандыруымыз керек.

P.S. АҚШ-тағы осы сайлаудың біз үшін тағы бір сабағы бар. Осы науқанда шынымен де ел қақ жарылды. Осы жәйтті ескерген жеңімпаз Байден алғашқы күні-ақ «мен маған дауыс бергендердің ғана емес, дауыс бермегендердің де мүддесін ескеріп, жұмыс істеймін» деп мәлімдеп, елді бірлікке шақырды.

Өткен президент сайлауында Ақорда өзіне деген қарсылықты ап-анық сезді емес пе? Олай болса, тек «Нұротанның» ғана емес, бүкіл халықтың басшысы болғысы келсе, президент Тоқаевқа неге дәл осылай сөйлеп, дәл осындай қимыл-әрекет жасамасқа?

Әміржан Қосан

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1579
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1466
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1216
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1198