Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3715 0 пікір 24 Қаңтар, 2012 сағат 07:09

Шамсат ИСАБЕКОВ. Мұстафа салған жол

Бүгінгімізге көңіліміз толмаған сәттерде егемендігіміздің алғашқы жылдарын еске алсақ, тәубемізге келетініміз анық. Түнекте түртпектенгендей болсақ та, сол ауыр шақтың да өз қуанышы, өз жетістіктері, өмір-өзеннің өз бастаулары бар болатын. Қазақтың қарадомалақтары қарсыласының қабырғасын қақыратып жүрген спорт түрі таэквондоның елімізде еңсесін тіктей бастауы да сол тоқсаныншы жылдары еді. Осы спорт түрінің отымен кіріп, күлімен шығып жүрген  досым, таэквондодан мемлекеттік жаттықтырушы Мақсұт Нарбаев былайша емірене еске алады.  

«Ауылдағы ағайындар Мұстафа десе аузын ашып, көзін жұмады. Құдды күш атасы Қажымұқан тіріліп келген сияқты. Мұстафа елін көп күттірмеді. Қасына Алмания жерінде өзі таэквондоға баулыған ноян жігіттеріне  неміс журналистерін қоса ертіп, Қазақстанға келді.
Алматы. Цирк сарайы. Мұстафа баулыған жігіттер өнерлерін  көрсетті. Қимылдарына көз ілеспейді. Шеберліктері соншалық, қылышқа шаншылған алмаларды аяғына бір сызат түсірмей теуіп қақ жарады. Үш-төрт жігіт ұстап тұрған тақтайларды жұлдыздай ағып келіп, жан-жаққа жаңқадай жарып, ұшырады. Бұрын мұндай кереметтерді кинодан ғана көрген жұрттың есі шығып кеткен.

Кезек Мұстафаның өзіне келді. Кәдімгі екі парақ қағазды екі пышақпен тесіп, жүзін төмен қаратты да ортасына шыбық орнатты. Қолына қылыш алды. Қақ бөлмек. Қағаз, жүзі жалтылдаған лөкет пышақтар. Сәл салмақ тисе төмен қаратылған жүзімен қағазды айырып тастайды. Сәл салмақ болса. Ал мына қазақ ортасына ағаш қойып, соны қылышпен қақ бөлмек. Оу, ондай мүмкін бе?!
Мығым денелі жігіт алдаспанды қос қолымен сығымдай қысып, ауада біраз көтеріп тұрды да, жарқ еткізіп сілтеді. Қағазға ілінген шыбық қақ бөлінді. Пышаққа өткізілген қос парақ сол күйінде қалды.
Елдің қуанғанын-ай.  Мұстафаның  шын талант екеніне көз жеткізді. Әлемде мұндай шеберлікті Мұстафадан бөлек орындай алатындар кем-кем екен».
Таэквондо - корей жекпе-жек өнері. Негізінен аяқпен айқасады. Лондондағы Олимпиадаға Қазақстан спортшылары бүгін  үш жолдама алып отыр. Бұл көп пе, аз ба деген сұраққа келсек, Азия құрлығында өзіндік спортынан үміт үкілеген Оңтүстік Корея құрамасы ғана төрт жолдамаға ие.  Осы спортты елінде ерекше дамытып жатқан Иранның өзі үш жолдаманы қанағат тұтуда. Жұрттың алдында болуды көксейтін Қытайыңызда да сол үш жолдама. 2004 жылы өткен Афины Олимпиадасының додасына біздің  жалғыз ғана спортшымыз Әділхан Сағындықов қатысса, 2008 жылы Бейжіңге екі спортшымыз қатысып,  Арман Шылманов қола медальды төске тақты. Лондоннан да қоржынымыз бос қайтпасына сенім мол.   
Досым еске алып отырған кезде таэквондо қазаққа ғана емес, дүйім Кеңес Одағына  да таңсық спорт еді. Ресейде алғашқы жарыстар өте бастаған. Қазақ, жалпы, жауынгер халық қой. Мына қызықты қараңыз, Ресейдің тұңғыш чемпионатында алғашқы  салмақ бойынша чемпиондық атақ  қазаққа тиесілі.  Шадияр Қондыбаевқа. Қиыр Шығыста, кешегі Сібір халықтары жеріне жолдамамен барып, жұмыс жасап жатқан  жігітке. Оңтүстікте Сәтбай Жұмабаев, Молдияр Оразалиев, Серікжан Сейітжановтар, Арқада Нұрлан Алтынбеков, Көмекбай Қизатовтар Мұстафаның жанынан табыла білген жігіттер. Және мұндай азаматтар Қазақстанның барлық жерінен атойлап шықты, спортшыларын Мұстафаға сеніп тапсырды. Олардың қатарында Ахан Бихаев, Қайрат Қырғызбаев, Мұрат Темірғалиев, Мұстахим Қабдрашев, Жақсыбек Жүнісбеков, Дәулет Жүндібаев, Советхан Әлімбай, Имантай Әбеевтер болғанын үлкен құрметпен еске салу керек.
Кейінірек қазақ спортшыларын  Мұстафа  талай халықаралық жарыстарға апарды. Қазақ байрағы талай мемлекеттерде желбіреді. Жаңа спорт түрінің аяғына тұрып кетуіне қазақтың Қуаныш Төлеметов, Амалбек Тшанов сияқты  біртуар азаматтары атсалысса, көрнекті суретші, шығыс жекпе-жегінің кәнігі шеберлерінің бірі, марқұм Бексейіт Түлкиев пен атақты боксшы Серік Қонақбаев сияқты азаматтар  Мұстафамен бірге жүрді.  Оларды бір арман біріктірді: күні кешеге дейін өзгеге бодан болып, мойнындағы қамыты енді алынған Қазақияның атын әлемге әйгілеу, даңқын шығару еді.
Қазақстан Мұстафаның таэквондо әлемінде орны ерек екендігіне сонда көз жеткізді. Әлемдегі таңдаулы мамандар иіліп тұрып амандасқанда, даңқты қазақ үшін, қазақ жұрты үшін төбеміз көкке жете жаздайтын.
Сондай Мұстафа да тарих болып қалды. Ажал арамыздан ерте әкетті.
Мұндай адамдар туралы өлді деп айтуға болмайды. Арттарында батырлық баяндар қалды. Мұстафа өмірі - қазақ жастарына үлгі. Оның жұдырықтай жүрегі елім деп соқты. Сәл сәтсіздігіне налыды, қазақ жеңіске жетсе, шат-шадымен болып қуанды. Қазақстаннан Алманияға аттанғанда қолына қазақтың киелі домбырасын ұстап аттанды. Еуропаның төріндегі үйінен қазақ киесі кетпесін, қазақ иісі шығып тұрсын деп.
Бүгінде жастарға үлгі қылар азаматтарды таппай жататын уақыттар болады. Қазақ жастарын патриотизм рухында тәрбиелегіміз келсе, Мұстафадай ардағымыз дайын тұр. Көп жазайық, еске алайық, сан қырлы қасиеттері туралы әңгімелейік. Мұстафадай дарқан жүректі, арыстандай айбарлы жігіттер екі туа бермейді. Мұстафаға тартқан қазақ - ол мықты қазақ.

Шамсат ИСАБЕКОВ,
ҚР Таэквондо федерациясының президенті,
қара белбеу мен VIІ-дан иегері,

Ұлттық Олимпиада комитетінің мүшесі
«Жас қазақ» газеті

0 пікір