Бейсенбі, 16 Мамыр 2024
Аңыз Абай 6564 8 пікір 5 Қараша, 2020 сағат 11:29

Абайдың кемелдік сатылары...

(Абайдың өмірбаянына жаңаша көзқарас)

Аңдатпа сөз

Ғарышта қалқыған көгілдір планета –  Алла тағаланың айырықша махаббатының көрінісі. Абай: «Құдай тағала дүниені кәмәлатты шеберлікпен жаратқан һәм адам баласын өссін-өнсін деп жаратқан» дейді. Жер-Ана сол кәмәлатты шеберліктің, адамға деген қамқорлықтың дәлелі!

Бірақ жұмақ мекенді аялай алдық па? Жоқ, бұзып, бүлдіруден көз ашпадық. Тіршілік иелері қырылып, зардап шегуде. Шәкәрімнің айтқаны:

Адал еңбек, ақ пейіл, мейірім жоқ –
Осы болар таза ақыл өлді демек.
Сондықтан адам – залым, әлемге жау,
Ебін тапса, қоймайды ешкімді сау.  

Себебі, көңілдегі көзді шел басты, нәпсі жеңді.  Онан құтқарар құдірет қайсы?  Ол  – махаббат. Құдай ғаламды махаббатпен басқарады. Абай: «Оның керек емес жері жоқ,  кіріспейтұғын да жері жоқ» дейді. Сөйтіп, жақсылық атаулы – махаббаттан, ал, бәленің (ғадауаттың) күллісі – құдайсыздықтан.  Кемеңгердің «Махаббатсыз – дүние бос», «Адамды сүй, Алланың хикметін сез»,  «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп», «Пендеге иман өзі ашады жол» деген өсиеттерінің күллісі осының айғағы. 

Абай соңғы «Тасдиқ» атты еңбегін де: «Құдай жолында жүруді шарт қылып, кім қадам басты, сол таза мұсылман, толық адам делінеді» деп қорытады. Сондай-ақ, «Құдай жолы» деген не дегенді «өзгелерге жақсылық тигізбектің жолы» деп анықтап береді. Міне, толық адам тұжырымын түсіну кілті осы! Тек Құдай жолына қадам басқан адамның ғана қайраты ыстық, ақылы нұрлы, жүрегі жылы болмақ. Әйтпесе жоқ. Осы айтылған тура жолдағы толық адамның үлгісі – Абайдың өзі! Оған «Патша Құдай, сыйындым, Тура баста өзіңе» деген күреске толы өмірі, әсіресе, феномен шығармашылығы айғақ. Хакім Абай толық  адам деңгейіне көтерілген сол тура жол, оның басқыштары мен кезең-кезеңдері жайын анықтай алдық па? Бүгінгі қазақ руханиятының ең мәнді мәселенің бірі осы сияқты. 

Көпке аян, бас абайтанушы Мұхтар Әуезовтің Абайдың ғұмырын бүге-шігесіне дейін зерттеп-зерделегені. Әлемге танытқаны. Бірақ қаһарлы дәуір, саяси қыспақ жағдайында ұлы ақынның рухани кемелденуін саты-сатылап қарастыра алмай іштей өкініште өтті. Құдайдың қолдауы, қалауы еленіп, ескерілетін теологиялық таным есігінің тарс жабылғаны да өтірік емес. Міне, осы екі олқының орнын толтыру қажеттігі туындап отыр қазір.   

Сонымен, біздің мақсат – Абай өмірбаянын заман талабына сай түгендеу, рух еркіндігіне сәйкес тың көзқарасты қалыптастыру.

 Әуелгі саты – Абайдың бала, бозбала, жігіт шақтары

(1845-1877 жылдар аралығы)

 

«Е-е, Абай да ет пен сүйектен жаралған пенде емес пе» десетін кісілер көп. Бірден айтайық, Абай  – ерекше жаратылыс иесі. Жаңағы материалист адамдар мүмкін басын шайқар: Алла мен адам арасындағы байланысты рух атқарады. Шапағат, көмек жанға Жаратқан тарапынан түседі. Бұл, әрине, терең сырлы тылсымдық қарым-қатынас. Ол, сірә да, тек ұлы тұлға болмыс-бітімінен көрінбек. Мәселен, әкесінің өлең жазардағы түрін шебер суреттей келе, Тұрағұл айтады: «Өлеңнің тығыны суырылып кеткенге ұқсайды» деп. Шыққан тегі, өскен ортасы мен көрген тәрбиесі бір, бірге туған Тәкежан, Ысқақ, Оспаннан мұндай рух ұшқыны еш байқалмаған. Алланың назарында болған жалғыз Абай. Бала кезінен. Өзгелерін қоя тұрып, кәрі әжесі Зере тек Абайын ғана жанына жақын тартқан. Ерекше қабілеті мен өткір сезімі үшін. Сәулелі немересін жөргөгінен мәпелеп:

Әлди, әлди, Абайым,
Атқа тоқым жабайын.
Тыста жүрген анасын
Қайдан іздеп табайын, - деп мейірімін төккен. Кісі танығыш сұңғыла Құнанбайға тұстастары «Кәне, балаларыңды сынашы» дегенде, ол Абайға сілтеп: «Не күтсеңдер де, осы қарашұнақтан күтерсіңдер» депті. Бұл туралы Мұхтар Әуезов: «Барлық балаларына қатты сыншы болған Құнанбай Абайдың өзгелерінен артық екенін ертеде сезген» деп жазады (М.Әуезов. Абай Құнанбайұлы. – Алматы, 1995. – 34 бет). Алғашқы ұстазы татар Ғабитхан молданы да шәкіртінің қабілеті тәнті еткен. Құнанбайды көргенде: «Мырза, мына Абай дана йігіт. Шаһарға оқуға жиберсеңіз не йетеді. Сөйтәргә керәк, хакім-хазіреттер алдын көрсе – бек дұрыс» деп айта беріпті жарықтық. 

Міне, осы айтылғандар Абай бала кезінен илаһи махаббатқа бөленген, даралық бірден-ақ қонған деуімізге жеткілікті сияқты. 

Бала Абай алдынан жарқырай ашылған жолға, ондағы көп сәттілікке көз тігіп, олар кездейсоқ емес-ау деген ойға тірелесің. Қырда, өз ауылында «Ескі там» мектебінде тіл сындырған он жастағы Абай Семей қаласындағы Ахмет Риза медресесінің табалдырығын аттаған. Біле білсек, феномен оқиға. Көп ұзамай-ақ қазақ мәдениеті тарихының тың парағын ашып, ғасырлар бойы мүлгіген сахара өміріне саумал самал соқты емес пе. Татар қауымы (ол күнде Семей қазақтары татарды «татар» демей, «ноғай» деп атаған) ортасында, келешекке терезе ашқан үш жыл оқуға ұзақ тоқталудың қажеті шамалы. Ізденгіш дарын ғылым-білім қайнарына тап болды. Ескіше оқудың әптиек, мұхтасар, нәху салаларын қырдан тоқып үлгерген шәкірт Шығыс шайырлары мұрасын құмарта меңгереді. Алғашқы өлең шумақтарын қағаз бетіне түсіреді. Орысша оқуы үш-ақ айлық сабақпен бітсе де, бұл да болашаққа ауадай қажет сәттілік еді.

Сөйтіп, медресе қабырғасында бала Абай санасына сіңірген сопылық поэзиясы, яғни Құдайға ғашықтығы келешекте жинайтын барлық ғылым-білімнің базисі сияқтанып жүрегі түбіне қаланды. Кемеңгердің тәлім-тәрбие негізі, адастырмас темірқазық жұлдызы осы болды.   

Енді Абайдың бозбала, жігіт шақтарына келейік.

Мұхтар Омарханұлы Әуезов «Абай Құнанбайұлы» атты монографиялық еңбегінде: «Абайға ендігі зор тәрбиеші, ұстаз қазақтың қалың бұқара халқы бола бастайды» (М.Әуезов. Абай Құнанбайұлы. – Алматы, 1995. – 36 бет) деп көрсеткен. Расы, бозбала Абай қыр өміріне қатты араласқан, өзі үшін көп нәр алған. Үлкендерге, әкесі Құнанбайға ере жүріп, ел басқару өнерінің қыр-сырына қаныққан. «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» (1881) деп ақын қала оқуынан ерте қол үзгеніне өкінгенін білеміз. Әйтсе де:

Өзім де басқа шауып, төске өрледім,
Қазақта қара сөзге дес бермедім, - дейді. Көрдіңіз бе, жастық шағын зая жібермей, төске өрлегенін айтқан. Бұл кездің ерекшелігі: ұстазы – қазақтың қалың бұқара халқы, ал үйренгені – шешендік өнер болды. Айтпақшы, ғылым бағудан, кәсіп қылудан ада ел адамдары бос уақытын қалай өткерген еді?  

Сол заманның салбурын салу, құс салу, салдық құру, ат жарату, ит жүгірту сияқты машықтарын Абайдың «молынан көріп толық қызықтағаны» (Көкбай) аян. Кейініректе қолы босағанда қылған ермегі, алданышы көбіне «тоғызқұмалақ, дойбы ойнау»  (Әрхам) болған.

Бірақ Абайдың айырықша бір қасиеті – көңілді сергітетін бұл істерінің қайсысына болмасын белшеден батып, «түсіп» кетпеген. Қандай қызықтан демеңіз, тез жалығып, көңіл суытқан, өзге түріне ауысқыш болған. Мысалға «біреудің атына көңілі түсіп бұлдап алады да, тез жеріп бір болымсыз адамға бере салғыш еді» (Тұрағұл). Естеліктен мәлім, бірде тентек інісі Оспан «жаяу жарыс» дейтін әйелдер жарысын ұйымдастырған екен. Бұл қатарлы қызық шоғын Абай сөндіріп отырған. Себебі, «Күлкіні онша күйлеп, шуламалық» деп өзі айтқандай,  жауапкершілікті ерте сезінген. Күлкі күйлеп, шулауды – ішкі дүниесі қаламаған. Артық кеткенге қабақ шытып, жаратпайтыны сол.   

Адамды жаратылысы билейді. Жаратылысы асыл жанды заман илей алмай, ол небір сынақтан сынбай, сүрінбей өтпек. Ғұламаның бірі: «Алғашқы махаббаттың міндеті – жас жүректі азапқа салу арқылы шыңдау» деген екен. Жас Абай жүрегін Тоғжандай алғашқы махаббаты сынады да, шыңдады. 

«Айттым сәлем, қаламқас» өлеңінде Абай:

Асыл адам айнымас,
Бір бетінен қайрылмас.
Көрмесем де, көрсем де,
Көңілім сенен айрылмас,  дейді. Сүйген жүректің хәлін бұдан асырып айту қиын-ау. «Шын көңілмен сүйсе екен, кімді сүйсе, Бір сөзінде тұрса екен, жанса-күйсе», «Ғашықтық,  құмарлық пен ол – екі жол» деген ұстын махаббат поэзиясын көктей өтеді Абайда.  

Кей-кейде «Абай қыз-қырғынға да бейім болған деседі» деген әңгіме арамызда естіліп қалады. Бұл – жел сөз, қате ұғым. Жоғарыдағы жәйттерді осының дәлелі деп біліңіз.  Абайдың «Асыл адам айнымас» дегені өзіне де қатысты. Алғашқы махаббаты Тоғжанға, жан досы Ерболға деген сезімі өле-өлгенше суымаған. Қоңыр-Көкше елінде Ағыбай деген пысықайды сынап:

Адам деп есеп қылма Ағыбайды,
Анттан қорқып, Құдайды танымайды.
Сабын жаққан терідей жылп-жылп етіп,
Шіркін-ай бір орыннан табылмайды (1877) – дейді. Иманы берік, тұтас тұлға ғана өзгенің айнығыш көңілін көре алмақ.

Сөйтіп, «Салынба, қылсаң-дағы сан құмарлық» деп өзі айтқандай, жас Абай қызыққа қызынбаған, желікке салынбаған. Жүрек айнасын таза ұстаған. 

Кімнің күмәні болса, он бес жасар ақын жазған «Сап, сап, көңілім, сап, көңілім!» өлеңін зейін қоя оқысын! Керемет шығарма. Жүрек деген –  асау,  әлбетте, алқынып тұрады. Абайда соны тежейтін, ақылды сақтайтын мінез болған. Аталған өлең осының бұлтартпас дәлелі.  

Енді ел жұмысына жегілген, болыс Абайға келейік. Жігіт Абай 1865 жылдан бастап, төрт мерзім, яғни 12 жыл ұдайы болыс болған. Бұл да жаңа айтылған зор ақыл мен қайрат иесі болғанының куәсі. Алдыңғы тоғыз жыл өз елі Шыңғыста, ың-шыңсыз, еш алаңсыз өткен. Құнанбайдың болыс баласы әділетті әрі мырза деген атағы шыққан. Бірақ соңғы үш жылғы болыстық қызметі өзгерек өтті. 1877-78 жылдары бөтен елде (Қоңыр-Көкше елінде) болыс болған Абай алғаш рет дұшпандық, өз сөзінше, етекбастылық көреді. Ұры-қарыға қарсы киіз үйді құлатардай екпіндеп кірісіп, жауды көбейтіп алғанын өзі де аңдамай қалған.  Осы кездегі өр мінезін «Өлсем орным қара жер...» деген өлеңінде: 

Жасымда албырт өстім ойдан жырақ,
Айлаға, ашуға да жақтым шырақ, деп жеткізген. Жаулықтың соңы 1878 жылы Абай 12 айыппен істі болуына әкеп соғады (барша қыр қазағына ортақ қалыпты өмірі бір сәтте төңкеріліп түсері Абайдың үш ұйықтаса түсіне кірмеген болар).  Әрбір айып бойынша тергеуге тергеу жалғасып, сенсеңіз, сегіз жылға созылған! Әрхам Ысқақов естелік жазбасында Абайды тергеу ісі «аяғы 8 жылға созылып, 600-дей  адамнан жауап алынды» дейді (Абай туралы естеліктер. – Алматы, 2018. – 108 бет). Бір анығы, басы осы болған «етекбастылық», яғни мыңмен жалғыз алысу жиырма жыл бойы (1878-1898 ж.ж. аралығы) толас таппаған. Ұзақ та ауыр сынақтың сыры неде? Бұл да – Құдай тағала қамқоры, хикметі. Бұла өскен қыр қазағы Абай осы айтылған сынақтың арқасында адамзаттың ой алыбы биігіне көтерілді.  

Мұхтар Әуезов: «Күрес жолында алғашқы жекеленіп шығу жаңағы 12 тергеуден басталуға керек» деп жазады 1933 жылғы тұңғыш жинаққа енген Абайдың алғашқы өмірбаянында. Әрі қарай: «Сол тергеулердің тұсында Абай ұлық атаулының талайын көріп, ...көп-көп адвокат, тілмаш сияқтылармен кездескен», – дей келе, бүй деп пікір түйеді: «Алғашқы рет орыстың тілін іздеп, оқу біліміне қарай көңіл бөлуі осы кезден басталған сияқты». Көрдіңіз бе, Мұхаң Абайдың ғылым-білімге бас қойған уағын 1878-1879 жыл деп межелеген. Олай болса, албырт жігіт Абайдан оқымысты Абайға ауысып, келесі кемелдік сатысына ой жүгіртейік.

Оқымысты биігін бағындырған бес жыл 

(1879-1883)

1877-78 жылдың қысы  жас өмірдің сарасы артта қалған, отыз үш жастағы Абайға бұрылысты шақ болды.  Жоғарыда айтылғандай, 12 үлкен іспен тергеліп, үйқамаққа алынды. Семей қаласынан 3-4 айға шейін шыға алмай, тозақ азабын шегеді. «Ерте ояндым, ойландым», «Қартайдық, қайғы ойладық» дегеннің барлығы да осы қамауда отырған кездердің жаңғырығы. Әсіресе, кейіннен табылған «Жаңа закон» деген ұзақ өлеңі албырт, ойдан жырақ өскен жастың халық мұңын мұңдаған, жоғын жоқтаған қайраткер тұлғаға қалай айналғанының куәсі. Ақындық қызметке неліктен кіріскенін де аңғаруға болады.   

 Сонымен, жеті-сегіз жылдық тергеу уағында – Абайда ой-сана өзгерісі өтті. Дүниеге көзқарасы мүлде жаңаша қалыптасты. Келешек ойшылдың алдынан жаңа бір сәуле төгіліп, үлкен сәттілік құшақ жайғаны тағы анық. Ол – ғылым-білім сарасын тапқаны.   

1878 жылы орыс зиялысы Михаэлис Евгений Петрович (1841-1913) Семей облыстық Статистика комитетінің хатшысы сайланып,  қалада өлкелік музей мен кітапхана ашылуына мұрындық болды. Аталмыш кітапхана қоры абайтанушы ғалым Қ. Мұхаметхановтың айтуынша: «Ол замандағы Сібір қалаларындағы кітапханалардың ішіндегі ең байы деп танылған. ...Тарих, философия, табиғаттану, тағы басқа ғылым салаларына арналып жазылған кітаптарды және  сол кезде Ресейде шығып тұратын «Вестник Европы», «Наблюдатель», «Русский вестник», «Русская мысль», «Исторический вестник», «Новое время», т.б. журналдарды жаздырып алып тұрды» (Абай журналы, 1992 жыл, №1. - 39 бет). 

Абай ғылым-білімді қайдан алып, қайтіп қаныққаны осыдан-ақ аян. 

Болыстық қызметтен шеттелген Абай әуелде бос уақытын батыстың және орыстың көркем әдебиетіне, «сүгіретті әдебиетке» (Әуезов) жұмсаған. Мұхаң сөзінше: «Абай орыс халқының ХІХ ғасырдағы классик әдебиетінің мектебінен өтіп, содан үлкен үлгі, ұстаздық көреді». Соның әсерінен өз өлеңдерін  («Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Интернатта оқып жүр», «Лашын мен шымшық», «Есек» және т.б.) жазған,  алғашқы аудармаларын дүниеге әкелген (бұл үйренушілік кезең шығармашылығы «Абай. Жаңа үлгідегі басылым» атты екі томдық жинақта баяндалған, қайталап жатпадық).  

Алғашқы кезде көркем әдебиетті құныға оқыған Абай, көп ұзамай-ақ ойшылдық өріске құмартқан. Философия, өзге де әлеуметтік ғылымды еңсеруге Абай досы Михаэлистің ұсынысы бойынша кіріскен екен. Осынау жаңа өріске басқан тың  қадамы жайында: «Ол кездегі білім-өнердің мол қорда, үлкен бесігі Батыс Европа  екенін аңғарып, – дейді Мұхаң «Орыс классиктері және Абай» атты мақаласында, – сол жақтың ақындары ғана емес, неше алуан философ білімпаздарын да зерттейді. «Европаның  есею тарихы», «Ескі шығыс мәдениетінің тарихы» сияқтыларды да сол Батыс Европа ғалымдары арқылы оқып біледі» (Аталған монография. – 262 бет ).

Сөйтіп, бойына біткен зеректігі бес жылда Абайды телегей-теңіз білім иесі еткені шүбәсіз. Қырдағы атқамінер ортасы Абайды түсінбей, Абай оларды жат көріп, қабылдай алмай қалған ахуал осымен өз түсінігін табады.   

Батыс пен Шығыстың айырмасы неде? Танымдық тәсілдері несімен ерекшеленеді? Енді осыған келейік. Кезінде Абайды қатты қызықтарған бұл мәселе қазір де ескірген жоқ, керісінше өзектілігі арта түсуде.  

Шығыстың танымдық тәсілі – жоғарыдан төменге қарай. Адамның Алланы тануы, онан соң өзін тануы, онан соң дүниені тануы деген реттілікпен. Бұл тәсілге ғылымда «дедукция» деп ат қойған. Абай «баланың аты адам болуы», яғни өмірде адаспауы ғылым-білімді осы ретпенен үйренуге байланысты деп қадап айтқан. Дедукциялық таным – адамзаттың дұрыс және орнықты даму заңдылығы сақталуының кепілі. Бұл – аксиома.   

Енді Батыс Еуропаға ауысайық. Бес ғасыр бұрын зор бетбұрыс болған. Ойшылдар таңдауы «индукция» дейтін (төменнен жоғары қарай, яки объективті дүниені зерттеушілік) танымдық тәсілге түскен дүр. Мұның өзі дүниені тануға, кереметті неше қилы ойлап табуға жол ашты. Әділі керек, бүгінгі таңғажайып материалдық гүлдену соның арқасы. Алайда Абай қойған: «Ғылым, өнер ғадаләттан шықпасын, шарғыға (Құдай заңына) муафих (сәйкес) болсын» деген талап ескерілді ме? Жоқ, олай болмады.  Жаратқан Ие мен адамның байланысы үзілді. Адамның мәні рух екені ұмыт қалды. Позитивистік ағым материалистік ілімді туғызып, ақыры, Еуропа рухани тұсалып, философиясы мен ақыл-парасаты көк тұманға оранды. 

Қазір таңда әлем бойынша кісілік бірте-бірте алыстап барады. Неге? Себебі, құдайсыздық һәм рухани дағдарыс – қол ұстасқан құбылыс. Бірінсіз бірі жоқ. Құдайшылық (жүректегі иман) кетіп, құр адамшылық (мораль, этика деп ұғыңыз) қалды. Бүгінгі өркениет  көрінісі осы. Тағы айтайық,  адамшылық тамыры құдайшылықта. Дінсіздік (жан жоқ деушілік деп оқыңыз) жайлаған кезеңде азып-тозу тосарын Шәкәрім былай деп ескерткен:

Жан – қожа, тән дегенің – жанның құлы,
Нәпсі неге білмеген бұрын мұны?
Ойлашы: жан тапты ма, тән тапты ма
Жоғарғы кереметті неше қилы?       

Жә, екі танымдық тәсілге қайтып оралайық. Дедукция да, индукция да, бақсақ, үстіңгі емес, түбірі терең ұғымдар. Абайдың индукциялық танымды аулақ серпіп, материализмнен төнген зор қауіпті көре білгеніне (соңғы күш-қуатына шекті «Тасдиқ» трактатына, Құдайды тануға сарп етті) қайтіп тәнті болмасқа. 

Американдық саяхатшы Джордж Кеннан ХІХ ғасырдың соңында жарық көрген «Сибирь и ссылка» атты әйгілі кітабында қос тәсілді тілге тиек етеді. Леонтьев деген орыс зиялысы «Абай кітапханадан Милль, Бокль және Дрэперді алып оқиды» дей келе, Абай маған: «Дедукция мен индукцияның мәнісі неде?» деп сұрақ қойды дейді. Бұған сенер-сенбесін білмей таң қалған қауымға Леонтьев: «Ол, әсіресе, ағылшын философтарын тесіле оқып, зерделеп жүр, екі кеш бойына тексергенде менің осыған көзім кәміл жетті» деп жауап береді. «Абай – ойшыл философ» дегізетін мықты дәлел емес пе. Жігіт Абайдың «Күн шығысым күн батыс, күн батысым күн шығыс болып кетті» дегені, сонсоң егде жасында: «Дүниеде көзімді ашқан кісі – Михаэлис» деп орыс ойшылын ілтипатпен есіне алғаны да осы пайымның айғағы.  

Абай кім болған? Өзі туралы өлеңінде ақын:

Өкінішті көп өмір кеткен өтіп,
Өткіздік бір нәрсеге болмай жетік.
Ойшылдың мен де санды бірімін деп,
Талап, ойсыз мақтанды қалдым күтіп (1886), -

деп сыр бөліседі. Бұл шумақтың үшінші жолынан да Абай өзін ақын ғана емес, бірінші кезекте, «мен – ойшыл философ» деп сезінгенінің куәсіміз.  

Абайда терең орныққан көңілдегі сенім, ішкі дүние базисі – сопылық танымнан деп ә баста-ақ айтқан едік. Батыс әлемінен алған барлық ғылым-білімі сол базистің үстіне кірпіштер боп қаланды. Заманынан озған ойшыл, толық білім иесі болуының сырын осылай ұғынсақ дұрыстық сияқты. 

Қорытынды: шолу жасалған бес жыл – Абайдың үй университеті болды. Ақындық қабілетке ғалымдық қосылуы – ой-сана көкжиегін кеңейтіп, алға сатылауға мүмкіндік берді. Әртүрлі Еуропа білімділерінің кітаптарын оқып, «алдында жаңа жарық дүниенің шеті ашылғандай  болған» (Әуезов) Абай жаны құмартқан рух өрісіне неге көңіл бөле алмады, хақиқат шыңына деген ұмтылысы неліктен үзілді? Ойшылдықтан ағартушылық бағытқа ауысуға  қандай оқиғалар әсер етті? Бұл сауалдарды келесі ізденіс шеңберінде (1884-1890 жылдар аралығы) қаузайтын боламыз.          

(жалғасы бар)

Асан Омаров

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2078
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2502
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2133
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1612