Жұма, 26 Сәуір 2024
Анық 4871 30 пікір 30 Қазан, 2020 сағат 13:06

Тіл реформасы жасалмай ештеңе өзгермейді...

Билік өз тарапынан қазақ тілін латын жазуына көшіру және ана тіліміздегі терминдерді жұртқа ұғынықты етуді қолға алды. Бұл батыл қадам Әділбек Қабаны Тіл комитетінің басшысы етіп тағайындаудан басталды.  

Тіл комитетінің басшысы Әділбек Қабаның төрағалық етуімен «Тіл қорғандары» онлайн еріктілер жұмыс тобы өз шаруасын қолға алды. Енді осы топқа түрлі салада ана тілімздегі термин қалыптастыруда тек тілші филолог қана емес, өз мамандығы бойынша оқулық және проблемалық мақалалар жазып жүрген әрі өз тарапынан белгілі бір салалық термин қалыптастырып келе жатқан кәсіби авторлардың тізімін жасауды қолға алатын және оларды ақылы негізде жұмысқа тартатын кез келді. 

Біз латынға көшпес бұрын үш басты проблеманы шеше алмадық. Біріншісі – латынды қазақ тілді қауымның бірден бірте-бірте және баяу меңгеретіндеріне қатысты әлеуметтік сараптама жасамадық. 1987-2020 жылы туғандар – бірден жаңа жазуды меңгеріп кететіндер санатына жатса, 1976-1986 жылы туғандар – бірте-бірте игеріп кете алады, ал, 1930-1975 жылы туғандар  жайында олай дей алмаймыз. Осы соңғыларына қатысты жаңа жазуды үйрету әдістемесі 45-тен жоғары жастағыларды оқыту мәселесі әлі өз шешімін тапқан жоқ. Керек десеңіз соңғы екі әлеуметтік топқа жататындар арасында әлеуметтік сауалнама да жүргізілмеді. 

Екіншісі – орыс тілді қазақтар үшін КСРО-да 1927 жылдары жасалып, өзін жақсы жағынан танытқан Яковлев әліпби негізінде қазақстандық немесе орта азиялық латын жазуын қабылдауды насихаттау қолға алынбады. Тіл бөлінсе де, ұлттық жазуымыз бөлінбесін деген принцип сақталынбай отыр. 

Үшіншісі – біздегі тілдік жағдайға байланысты кирилицадағы қазақ әліпбиін 28 әріптік нұсқаға түсіріп, русизмдер мен еуропизмдерді қазақша айтылып, қазақша жазылуына қатысты орфографиялық және орфоэпиялық бірізділік қалыптастыру қолға алынбады. Сөздік шығаруды салаға да, ғылым мен техникалық кәсіпке қатысты бөлуге болмайды. Тек түп тамыры шетелдік сөздердің жалпыға ортақ сөздігі қазақша айтылып, қазақша жазылған орфографиялық және орфоэпиялық бірізділікпен жыл сайын толықтырылып шығарылып тұруы керек. Оны салаға бөлу әм кәсіпке бөлу еш опа әпермейді.

Осы орайда, ана тілімізде сөйлейтін қандастарымызды інтернетте қай тілде жазылса да бірден қазақ тіліне аударылатын жан-жақты ақпар алуы үшін әлемдік тәжірибеде өзін таныта алған қазақша машиналық тәржіма бағдарламасының жөнді қолға алынбауы қынжылтады. Тілі дамыған елдер өздерінің синонимсіз түбір сөздерін оған жалғанатын барша жұрнақтары мен жалғауларын ағылшын тілінің жұрнақ әм жалғауларымен ала-құлаландырмай ағылшын тілінің заңдылығымен сәйкестендіріп қотарып алды. Біз солай ете алсақ, қытай, жапон т.б. ағылшынға сәйкестендірілген тілдердегі материалдарды ана тілімізде санаулы секунтта оқи аламыз. 

Бізде әлемнің дамыған тілдерін ағылшын тілі арқылы қазақша оқып білуге қадам жасалмауын немен ұғындырамыз? Ағылшын тіліндегі барша түбір сөздерді синонимсіз дәлді қазақи баламамен сәйкестендірместен бұрын ең әуелі тіліміздегі барша жұрнақ пен жалғауларымыздың жалғалмалық алгоритмін ағылшын тіліне мүлтіксіз дәлдікпен тәржімалана алынуын қолға алуға тиіспіз. Одан кейін термині қалыптасқан кірме сөздерді әм   орфографиялық және орфоэпиялық бірізге түскен қазақи  түбір сөздерімізді дәлді мағынасын білдіріп, баламалы болып табылатын ағылшын сөзімен синонимсіз аударлып берілуін жолға қоя аламыз. 

Бұл үш проблема шешілмей біз өз тілімізді әлемдік аренада таныта алмаймыз. Осы орайда, тіліміз түзелсе, оны қазақтан бөлек, құмық, қарашай-балқар, татар-башқұрт, қырғыз-қарақалпақ және өзбектің қыпшақ диалектісінде сөйлейтіндер де аймақтық дамыған тіл ретінде тұтынатынын да естен шығармайық. Бұдан бөлек кез келген бейнеролик немесе көркем фильмді субтитрмен көре беруге қол жеткіземіз. Ескеретін дүние тек көркем туынды ғана машиналық тәржімаға көнбейді. Және тек қазаққа тән тұрақты сөз тіркестері машиналық тәржімада байқастап қолдануды қажет етеді. Ол үшін ағылшын-қазақ тұрақты сөз тіркестерінің баламалы сөздігін жасау бойынша жеке жұмыс жасалынады. Бірақ машиналық тәржіма бұл саланы онша құптай қоймайды.

Ол үшін тілі машиналық тәржіма арқылы өзге тілдерден тікелей аударма жасай алатын дәрежедегі берісі орыс пен қытай, арысы түрік елдерінен үйренеріміз көп. 

Ағылшын тілін бүгінгі технология жоғары деңгейде көз ілеспестікпен дамыған жағдайда машиналық тәржіма арқылы меңгерген тіл жойылмайды. Оған жазуымыздың кирилица мен латын әліпбиінде болуы шарт емес! Тек жазудағы тіл реформасы кідіріссіз жүзеге асуға тиіс!

Әбіл-Серік Әлиакбар

Abai.kz

30 пікір