Жұма, 17 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2843 0 пікір 19 Қаңтар, 2012 сағат 04:51

Мұхан Исахан. Саяси ойындардың таяздығы, биліктің сауатттылығына сын...

Өткен отты күні Қазақстанның саяси сахнасында тағы бір дүрмекке нүкте қойылды. Иә, көрегенділікті қажет етпейтін меже бағындырылды. Нәтижесі еңбектеген балаға алдын-ала белгілі болған сайлау науқанында «Нұр-Отан» партиясы семіз шығып, 81 пайыз дауыс иеленді. «Нұр-Отанның» екі туып бір қалған туыстары «Ақ жол» мен «Коммунистер» партиясы да 7 пайыздан асыра дауыс жинады. Ал, әубаста сайлау науқаны басталғанда-ақ, күлдібадам күй кешкен қалған саяси партиялардың соры қайнады. Қанша жерден тырбаңдағанымен «Ауыл», «Патриоттар», «Әділет», «ЖСДП» Мәжіліске өтудің межелі пайызын жинай алмады. Сөйтіп, қашаннан екі аттап, төрді иеленетін озат партияның бағы жанды. Яғни, алдағы бес жыл бойы «ұлттық жиналыстың» ұйытқысы болу - тағы да «Нұр-Отанның» пешенесіне жазылды. «Ақ жол» мен «Коммунистерге» де Мәжіліс төрінен орын бұйырғалы отыр. Сонымен бұл саяси науқанда не көрдік, көңілге не түйдік?  Осыған аз-кем тоқталар болсақ...

«Бюджетті үнемдеу» сценарийі

Өткен отты күні Қазақстанның саяси сахнасында тағы бір дүрмекке нүкте қойылды. Иә, көрегенділікті қажет етпейтін меже бағындырылды. Нәтижесі еңбектеген балаға алдын-ала белгілі болған сайлау науқанында «Нұр-Отан» партиясы семіз шығып, 81 пайыз дауыс иеленді. «Нұр-Отанның» екі туып бір қалған туыстары «Ақ жол» мен «Коммунистер» партиясы да 7 пайыздан асыра дауыс жинады. Ал, әубаста сайлау науқаны басталғанда-ақ, күлдібадам күй кешкен қалған саяси партиялардың соры қайнады. Қанша жерден тырбаңдағанымен «Ауыл», «Патриоттар», «Әділет», «ЖСДП» Мәжіліске өтудің межелі пайызын жинай алмады. Сөйтіп, қашаннан екі аттап, төрді иеленетін озат партияның бағы жанды. Яғни, алдағы бес жыл бойы «ұлттық жиналыстың» ұйытқысы болу - тағы да «Нұр-Отанның» пешенесіне жазылды. «Ақ жол» мен «Коммунистерге» де Мәжіліс төрінен орын бұйырғалы отыр. Сонымен бұл саяси науқанда не көрдік, көңілге не түйдік?  Осыған аз-кем тоқталар болсақ...

«Бюджетті үнемдеу» сценарийі

«Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, естен тандыратын қызықтар сайлауға дейінгі дүбірлі шақта орын алды. Былтырғы жылы Президенттің өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзартуға референдум өткізу туралы бастама көтеріп, соңынан Елбасы көреген шешім қабылдаған болып, кезектен тыс Президенттік сайлау өткен еді. Бұл жолғы мерзімінен бұрынғы Парламенттік сайлаудың өтуіне Ирак Елекеев шын жүректен шыр-пыр болды ма, жоқ әлде «аузың бар да сөйлеп бақтың» кері ме, оны итім білсін, төртінші шақырылған Мәжіліс палатасының таралуы туралы бастама көтерді. Әдепкіде, әйдік тұлғаның бұл айқайын әшейінгі әртіс депутаттардың «шоуына» балаған едік. Сөйтсек, Елекеевтің емеуріні дуалы екен, жалма-жан Елбасы бұл бастаманы қолдай қойды. Сөйтіп, қашаннан толғағы толмай жатып шала шарананы дүниеге әкелгіш, біздің билік өзіне таңсық емес тағы бір кезектен тыс саяси науқанды өткізуге байлам жасады. Бірақ, қандай себеппен байлам жасады?  Иә, мемлекеттік бюджетті үнемдеу мақсатымен деген себепті алға тартып... Әйткенмен, мерзімінен бұрын Мәжілісті тарату жөніндегі шешіммен қоса, «халық қалаулыларының алдағы екі айлық жалақасы сақталады» деген қайырымды қарардың қабылданғанын естігенде, биліктің бюджеттің қай жыртығын бүтіндемекші болғанын түсіне алмай дал болдық.   

Сақтық па, әлде қорқақтық па?

Біздің билік аса сақ па, жоқ әлде қорқақ па?  «Халық рухы» мен «Алға» партиясын тіркемей жүргенін сақтығына балаған едік. Себебі, бірі әсіре ұлтшыл (биліктің көзімен қарағанда) болса, бірі радикальды оппозициялық бағыттағы саяси партия-тын. Ұлтшылдар тобын ресми саяси партия ретінде тіркесе, олар ертең ушығып тұрған ұлттық мәселелердің қоламтасын үрлеп кеп жіберсе, халық бір-ақ күнде төңкеріс жасауға ұмтылуы әбден мүмкін. Сондай-ақ, «Алғаны» да тіркесе, бұл партия да қалың бұқараның саяси сауатының оянуына ықпал етіп, нәтижесінде билік сау басына сақина тілеп алуы ғажап емес. Ал, Ғазиз Алдамжаровтың жетекшілігіндегі Коммунистер партиясының жарты жылға саяси қызметін тоқтату туралы шешімін неге жатқызуға болады? Уағында сақа саясаткер Серікболсын Әбділдин жетекші болған тұста билікке өз ықпалын жүргізе алмаған Коммунистер партиясы Ақордаға соншалықты несімен қауіпті? Әлбетте, бұл биліктің көрегендігінің емес, қорқақтығының көрінісі. Әйтпесе, шілдің боғындай шашырап жүрген коммунистер саяси науқанда сара жол ұстанып, «Нұр-Отанның алдына түсіп, дара келеді дегенге кім сенеді?
Жағанова Руханияттың жаназасын шығарды

Елордадағы саяси технологтардың тағы бір таяз ойыны - «Руханият» партиясын көрер көзге сайлау науқанынан шығарып тастауы еді. Әлбетте, партия жетекшісі Серікжан Мәмбеталинді мінсіз саясаткер деп кесіп айта алмаймыз. Партияның аймақтық жиындарын өткізбестен, жалпы сьезд ашып, үміткерлерді бекіте салуы, қай жағынан алып қарағанда да саяси сауатсыздыққа жатады. Бұл сөз жоқ Серікжан мырзаның партиялық күрес тәжірибесінің жоқтығы. Мың жерден шетелде оқысаң да, саясат сахнасында, әсіресе сайлау науқаны секілді сындарлы шақта аяғыңды шалыс бастың ба, біздің шаш ал десе, бас алатын әпербақан саяси технологтарымыз жаныңды көзіңе көрсетуге әзір... Десек те, бар «гәп» мұнда емес, біздіңше Шахановтің «Руханият» партиясының атынан сайлауға түсуі билікті қатты шошытып жіберген тәрізді. Иә, рас, соңғы жылдары ұдайы қордаланып қалған ұлттық мәселелерді жиі-жиі көтеріп, сыздаған жараның аузында жүретін Шахановтың адуыны, аузын айға білеген Астананың өзін қатты абыржыта бастады. Абыржытқаны былай тұрсын, апшысын бидайдай қуыруда десек асыра айтқандық емес. Билік осыдан үш жыл бұрын бұрын «Қазақстандық ұлт» деген жасанды ұғымды заңдастыру мақсатында «Ел бірлігі доктринасы» атты құжатты әзірлеп, дүйім жұртты азар да безер еткені есімізде. Мұхтар Шаханов бас болып, ұлт зиялылары қарсылық акциясын жасамақ болғанда ғана, саяси сценариистер дереу есін жиып, әлгі құжатты қабылдаудан бас тартты. Соңынан ұлт зиялыларының ұсыныстары ескеріліп, аталмыш құжат «Ұлт бірлігі тұжырымдамасы» деген атпен қайта қабылданды. Яғни, ешқашан тауы шағылып, меселі мерттігіп көрмеген билікті қатты састырған арқалы ақынды Ақорданың саяси технологтары қайдан ұната қойсын. Сөйтіп, Мәмбеталиннің аймақтық жиындардыын батасын алмай, белден басып үміткерлерді бекіте салуын сылтау еткен билік, дәлірек айтсақ партияның экс-төрайымы Алтыншаш Жағанова «Руханияттың» жаназасын шығарды...

«Жаңаөзен оқиғасының» әперген абыройы

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші осы жолғы сайлау науқаны барысында қанды қырғын «Жаңаөзен оқиғасы» орын алып, Астана айдай әлемнің алдында шөмішпен жинаған абыройын шелектеп төгіп ала жаздады. Шиеленіскен жағдайды тез арада шешпесе, «Қазақстанның әлеуметтік ахуалы қарыштап дамып келеді» деп ұрандатқан биліктің жиырма жылдық еңбегі еш кетейін деп тұр. Одан қалса, алда бес жыл да бір келетін сайлау науқаны есік қағып тұр. «Жауырды жаба тоқуға» шебер Елорда технологтары дереу Жаңаөзенді жарылқауға көшті. Жарылқаймын деп жүріп құзырлы орындар (Конституциялық Кеңес) Жаңаөзенде сайлаудың өтуіне қарсы шықты. Әрине, қан төгіліп, арыстарынан айырылып отырған азалы қаланың саяси науқанда белсенділік танытпасы бесенеден белгілі-тін. Қала берді, «Жаңаөзен оқиғасына» қолдау білдірген жер-жерде акциялар қайта-қайта төбе көрсете бастады. Осы тұста, билік өзі жасаған сценарийді өзі жұта алмай, қатты қақалды. Жаңаөзенде сайлауды өткізбесе, халық ертең жергілікті биліктің лигитимдігін жоққа шығаруы әбден мүмкін. Осыны қаперге алған Елбасы Конституциялық Кеңестің шешіміне вето қойды. Әлбетте, жоқ жерден абыройға кенелуге кет әрі емес биліктің бұл қадамы бізге таңсық емес-тін. Сөйтіп, қанды қасап «Жаңаөзен оқиғасы» еліміздің арына дақ түсірсе де, билік түлкі-бұлаңға басып, бұлғақты да өз пайдасына шешті.

ЖСДП-ні жерге ұру ойыны

Бізде шынайы оппозициялық партия бар ма? Бар болса, шүбәсіз сеніммен қай партияны атай аламыз? Әрине, бірден «ЖСДП» есімізге оралады. Құрамындағы кейбір күмәнді тұлғалары болмаса, Жармахан Тұяқбай бастаған саяси топтың өзгелерден әлдеқайда шоқтығы биік екендігі дүйім жұртқа аян. Билік құрамында жүріп құлтемірше бас шұлғудан жалыққан Жармахан Тұяқбай, Әміржан Қосанов, Болат Әбілов сынды қайраткерлер кәріне мінгенде шенеуіктер былай тұрсын, Елбасының өзін есін шығаратын сындарды айтып салады. Алайда, «тура сөйлегенде, тоғыз ауылдан қуыпты» демекші, саясат сахнасында осы азаматтардың жолы болмай-ақ қойды. Жолы болмады емес, билік алдын кес-кестеп, адымын бір аштырған емес. Осы жолғы науқанда «ЖСДП»-нің бір топ мүшелері партия құрамынан өз еріктермен шығып, «Ақ жолдың» қатарына өте бастады. Басқа уақытта емес, қасақана дәл сайлау науқаны барысында жасады қаскөйлікті. Әлбетте, бұл ойын жалпы жұртқа белгілі болғанындай «ЖСДП»-ні жерге ұру үшін жасалды. Бірақ, бұл ойынның артында тұрғандар баланың қулығын жасап, айдай әлемге күлкілі болды. Иә, «аспаннан былғары жаудыртып, сорлығы оқшантайлық та бұйыртпаған» сараң билік тағы да «ЖСДП»-ны жарға итерді. Десек те, құрық бойламас қулықпен жасалса бір сәрі, аңқау адамның өзі аңдай алатын айлаға жүгінгені, биліктің саяси ойындарды ұйымдастыруда әлі де пісіп-жетілмегенін әйгілеп берді...

«Нұр-Отанға» тыйым сала алмаймыз...

Еліміздегі ең үлкен саяси күш сөз жоқ «Нұр-Отан» партиясы. Қазастанның кез-келген өңірінде теңдесіз саяси айбары бар. Оған ешкімнің таласы жоқ. Әйтсе де, осы науқанда «Нұр-Отан» партиясы жұрт естісе табалайтын қарекеттер жасап бақты. Мысалы, «Депутат болуға сізді итермелеген қандай күш?» деген дәстүрлі сауалға, партияның атынан сайлауға түсіп жатқан баһадүр бауырымыз Ермахан Ыбрайымов: «Депутат болған жақсы ғой, Астанада тегін үйің болады, қомақты еңбекақы төлейді» деп жауап беріп масқарасы шықты. Саяси тұрғыда жан-жақты жетілген партияның үміткерлерінің сықпыты осы болса, басқасынан қандай қайыр күтеміз? Одан қалса, Білім және Ғылым уәзірі Бақытжан Жұмағұлов Ақтауда болған іс-сапарында «Нұр-Отанды» жер-көкке сыйғызбай мадақтай жөнелді. Сірә, министр мырза мемлекеттік қызметте жүргенде саяси партияға пияр жасауға болмайтынын ұмытып кетті-ау деймін. Әйтпесе, дүниежүзілік тәжірибеде атқарушы биліктегі мемлекеттік қызметкерге сайлау науқанында бір саяси партияны насихаттауына қатаң тыйым салады. Егер, әділ билік болса, осындай жөнсіздігі үшін «Нұр-Отанға» да «Руханияттың» кебін кигізуге болатын еді. Иә, «әттең» деместен басқа лажымыз жоқ...

Түйін

Халықтың көзі көр, түйсігі бітеу емес. Ниеті бұрыс, ындыны теріс жайттың бәрін жадына түйіп отыр. Иә, енді биліктің таяз ойындарынан зәрезап болған біздің қоғам әрбір саяси үдерістің шынайылығына  күмәнмен қарайтын халге жетті. Сенімсіздік - бұл жетістік пе, жоқ әлде жеңіс пе? Біздіңше, халықтың сенімсіздігіне душар болудан асқан қасірет жоқ. Арыдан барланбаған бір күндік жеңістердің ақыр-аяғы трагедияға апарып соғатынына тарихтың өзі барометр. Ендеше, терең сұңғылалығы жоқ саясатттың да түбі шикі, соңы сор! Бұл біздің кешегі саяси науқанға айтар соңғы сөзіміз...  
«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2120
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2529
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2242
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1636