Жұма, 26 Сәуір 2024
Біздің шенеунік 3770 1 пікір 27 Қазан, 2020 сағат 11:23

Әкімдер рейтингі - еріккеннің ермегі ме?

Қазақстан қашанда өзге елдерге ұқсамайтын, талай жұртты таңқалдыратын «дүниелерді» тауып алып, соны «керемет жаңалық» есебінде ұсынуға келгенде алдына жан салмайтындардың қатарында ма деген ой келеді.

Солардың бірі өздерін аса білгіштер санайтын, сарабдал сарапшымын деп есептейтін кейбір дилетанттардың «Облыс әкімдерінің рейтингі» деген оқырмандардың назарын аударуға әлектенген лохотрон тәріздес ойын тауып алған. Қарап отырсаң, облыс әкімдерінің іскерлік деңгейін, ұйымдастыру таланты мен халықпен тіл табыса білу қасиетін таразылау кез-келген агенттік немесе портал, болмаса тіпті қатардағы блогерлердің де қолынан келе береді екен.

Бұрын мұндай күмәнді тізімді ана Нұр-Сұлтан немесе Алматы секілді қалалардағы аты-жөні анда-санда болса да баспасөзде кездесіп қалатын бір компаниялар тоқсан сайын тыраштанып жасап жататын. Ал қазір бұл «жарысқа» ешкім естіп-көрмеген, өздері анау Көкшетау қаласында тұратын «Көкшетау-Азия» деген ақпараттық агенттік белсене кірісіп кетіпті. Мұны біз жақында осы біздің Қостанайдың жергілікті газеттері мен порталдары «Алақай, біздің әкіміз Архимед Мұқанбетов облыс әкімдерінің ішінде бесінші орын алып, лидерлер қатарына қосылды» деп бөркін аспанға атып жатқанынан білдік (Айтпақшы, бұрын лидерлер деп басты үштіктерді айтушы еді. Енді бестік те лидерлік болғаны ма? Әлде Архимед бесінші орын алса да көшбасшы бола бере ме?).

Әкімді жаппай марапаттаған мақалардың сілтемесі біз мұны оқырмандары тек қана Ақмола облысын ғана қамтитын әлгіндей агенттіктің «атқарған ауқымды жұмысы» екендігінен білдік. Барлығы да соған сілтеме жасаған. Бұл агенттік ештеңе басын ауыртпастан облыс әкімдерінің бір айдағы яғни тек қыркүйек айындағы жұмысын ғана «талдаған».

Бір қызығы, осы шағын ғана агенттік еліміздің барлық облысының әкімдеріне өздерінше «әділ» баға беріп қойыпты. Мұны өздері кішкене ғана қалада отырып, қалай біле қойған? Әкімдердің тізімі қандай талаппен жасалады, оның қызметі қалай сарапталады, оған баға беретіндер кімдер деген сауалдарға онша басын ауырта қоймаған секілді. Бұлай кете берсек, түбі әр облыс әкімінің рейтингісін сол әкімнің қолынан жем жеп отырған жергілікті порталдар мен ақпараттық агенттіктер де жасай береді. Онда қай әкімнің бірінші орыннан түспейтіндігі туралы бал ашып жатуды өзі артық шығар.

Бір қызығы, бұл агенттік осы шолудың басында оқырмандарды «Бұл қыркүйектегі рейтинг әкімдердің короновируспен қалай күрескендігі және оның жаңа толқынына қалай дайындалып жатқандығына арналды» деп сендіреді. Демек, біздің әкім бұл «жарыста» өзгелерді шаң қаптырып кетті деген сөз ғой. Ал олай болса, неге бұл індеттің бұл аймақта өршіп кеткендігі, сөйтіп қазір біз бұл «жарыста» үшнші орында тұрғандығымызды аталмыш агенттік қалай түсіндірер екен? Мұнда қазірдің өзінде қалың жұрт қатты карантинде отыр.

Бұл агенттік ешбір терең әрі жан-жақты сараптама мен талдау жүргізбестен ана Шығыс Қазақстан, Түркістан, Маңғыстау мен Атырау облыстарын көш соңында қалдырып, яғни аусайдерлер қатарына қосады. Олардың ойынша Алматы, Шымкент, Нұр-Сүлтан қалалары мен Ақтөбе, Жамбыл, Павлодар және де басқа облыстар (ол қандай облыстар екен?) орташа ғана жұмыс істеп жатқан сыңайлы. Ал өздерінің облыстарын төртінші орынға іліктіріп қойыпты. Сірә, батырға да жан керек шығар. Тек, неге оны бірден көш басына қоймағандығын түсіне алмадық. Сыпайылық жасаған шығар.

Сыпайылық демекші, агенттік өздерінің біреулерден  қорқып, ешкімнен де айылын жия қоймайтындығын да атап өтіпті. «Біз аймақ әкімдіктері өкілдері тарапынан бұл жобаның беделін түсіруге талпынған, сөйтіп қысым көрсеткен фактілерді талай рет атап өттік. Алайда мұның біздің редакция мен жоба авторларына еш әсерін тигізбейтіндігін асыға хабарлаймыз» деп көңілімізді жұбатып қояды. Алайда қайта-қайта қысым көрсете беретін ол қандай әкімдіктердің өкілдері, өздерінің аты-жөндері бар ма, болса олар кімдер?» деген сауалды мүлдем жауапсыз қалдырған.

Жарайды, біз кезінді Архимедтің жұмысындағы жетістіктермен қатар, өрескел қателіктері жайлы талай жазғанбыз. Сондықтан өзгелерге де орын берелік. Мәселен, жаңағы «Архимед Мұқанбетов Қазақстан облысы әкімерінің бестік лидерлдер қатарына қосылды» деп жазған порталға «Daren» деген атпен пікір қалдырған оқырман «Мүлдем түсініксіз рейтинг. Қарапайым адамдарға еш қажеті жоқ нәрсе. Мәселен, аймақтағы сыбайлас жемқорлықтың деңгейі неге есепке алынбайды? Бұл қылмыстан экономикаға келетін залалдың ауқымы ерекше емес пе. Егер осы көрсеткіш назарға ілінсе, мәселе басқаша болары сөзсіз».

Шындығында да, өзгесін айтпағанда жемқорлық мұнда ешкімге де дес берер емес. Мәселен, өткенде облыстық білім беру басқармасының лауазымды қызметкері пара беріп, сотталған бойда, оның бастығы Цымбалюк деген «өз еркімен» арыз беріп құтылып кетті. Ал осындағы Қостанайдан кейінгі аса ірі қала - Рудныйдың әкімі Ғаязов Кашар кентінің әкімі пара алғандығы үшін орнынан босатылды. Қостанай қаласы әкімінің бір орынбасары да құрыққа ілінді. Ал екі бірдей диспансердің бас дәрігері тендерге түскен фирмалардан мол ақша дәметем деп абақтығы қамалып жатыр.

Неге екені белгісіз, агенттік әкімдердің қызметіне баға бергенде олардың тек қана экононмикалық салада жеткен «толағай» табыстарына таң-тамаша болады. Ал енді денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет пен әлеуметтік сала секілді бұқара халықтың көңіл-күйіне тікелей әсер ететін жайттарға мүлдем назар аудармайды.Сонымен қатар бүгінгі аса өзекті мәселердің бірі - жергілікті бюджеттің қаншалықты тиімді жұмсалып жатқандығы жайлы да ауыз ашпайды. Ал бізде халықтың ақшасын бей-берекет, ешбір ақылға салмастан, керек те, керек емес нәрселерге жұмсай беруден елімізде ешкімге де дес бермейміз. Сірә, агенттіктің мұндай жайттарға аса мән бермеуіне қарағанда олар керек фактілерді осындағы әкімге тікелей бағынышты, сондықтан тек мақтаудан тынбайтын жергілікті баспасөз бен статистика комитетінен ғана алған болар деп жорамалдауға мәжбүрміз. 

Айтпақшы, бұл агенттік Архимедтің «ерекше» басшы екендігі туарлы «жырлаймен» деп кей-кейде тым қисынсыз жайттарға ұрынып жатады. Мәселен, бұлар еш шіміркенбестен «Архимед Мұқанбетов жергілікті элита мен өнеркәсіп топтарының оның қатал да іскер стиліне қатты қарсылықтарына қарамастан, облыс экономикасын дамытуда жемісті жұмыс атқарып келеді» деп айды аспанға бір-ақ шығарады. Агенттік өзіне ғана тән «стильмен» бұрын бұларды кім қорқытатындығы жайлы айтпаған болса, бұл жолы да Архимедке ашық қарсы шығып жүрген «жүрек жұтқан батырларды» да нақтылап атап өтпейді. Ол қандай жергілікті элита мен өнеркәсіп топтары? Әдеттегідей бұған да жауап жоқ.

Ал шындығында бұл да ойдан шығарылған шылғи өтірік. Біз осында Архимедтің 8 жыл бойы әкім болғанда оған қарсы дау айтпақ түгілі, оның көзқарасына сай келе қоймайтын сыпайы ғана пікір айтқан жандардың бірде-бірін кездестірген емеспіз. Облысты «ашса алақынанда, жұмса жұдырығында» ұстайтын, бүкіл билікті бір қолда ұстаған адамға қарсы келетін ол қандай «қаһарман»? Ал жалпы біздің елдегі билік жүйесінен сәіл-пәл ғана хабары бар адам, облыс әкімінің билігінің шексіз екендігін, оның қакшанда «ақ деген ақ, қара дегені қара болатындығын» білмеуі мүмкін емес. 

Жә, айта берсең, әңгіме көп. Қалғанын оқырмандар бажайлай жатар. Тек бізге кейбір білікті сарапшылардың пайымдауына қарағанда мұндай рейтингтер бостан-босқа жасалынбайтын көрінеді. Оған да арнайы тапсырыс берілметіндігіне ешкім де кепілдік бере алмайды. Өздеріне ешбір пайда түспесе қандай да әкімдер жайлы әр жерден құрап-сұрап жинаған мәліметтер негізінде, ешбір талдауға мойын бұрмастан мұндай күмәнді рейтингтер кімге керек? Ал басылып жаста, демек біреулерге қажет болғаны да.

Жайберген Болатов

Abai.kz

1 пікір