Жұма, 26 Сәуір 2024
Арылу 7854 0 пікір 1 Қараша, 2020 сағат 13:43

Үш революция қырғыз халқына не берді? Өмірбек Текебаевпен сұхбат

Қазанның көрші жатқан қырғыз жұрты билік ауыстырды. 4 қазанда өткен парламент сайлауынан кейінгі жалпы халықтық наразылықтардан соң президент Жээнбеков бастап, түгел аппараты, премьер-министр бастап, үкімет мүшелері, қолында құзыреті бар билік органдарының біраз басшылары доғарысқа кетті. Бір Бішкектің өзінде бір күнде үш рет әкім ауысқанын көрдік. Ауыс-түйіс әлі аяқталған жоқ. Қайтадан парламент және президент сайлаулары өтетін болды.

Осылайша, айыр қалпақты ағайын Тәуелсіздік тарихындағы үшінші «төңкерісті» жасады. Бірақ, қырғыз билігі бұл саяси процесске «төңкеріс» деген баға бермейтінін аңғартты. Қазір Қырғыз Республикасының президенті және премьер-министрі міндеттерін атқаратын Садыр Жапаров: «Төңкеріс болмады. Билік бейбіт және заңды түрде ауысты», - деп мәлімдеген.

Хош. Қырғызстандағы бұл қоғамдық-саяси оқиғалар қазақ ақпараттық кеңістігінде әжептәуір талқы болды. Саяси сарапшылар: «Қырғыздағы наразылықтар демократиялық жолмен басталып, соңы охлократиямен аяқталды. Билікті кетіргендердің өзі билікке таласа бастады. Саяси тұрақсыздық болды», десіп жатты.

Шынында қырғыздағы «қазан төңкерісі» қалай өтті? Үш реткі төңкеріс Қырғызстанға, қырғыз халқына не берді? Неге үйретті? Жақсылығы не? Кемшілігі не?  Садыр Жапаров кім? Қазақстан мен Қырғызстанның билік саясаты енді қай бағытта өрбиді? Қырғыздар Қазақстаннан не үйренуі керек? Қазақтар Қырғызстаннан не үйренуі керек?

Біз қырғыз Конституциясының атасы, Жогорку Кенеш (парламент) депутаты, «Ата Мекен» партиясының лидері Өмірбек Текебаевпен аз-кем әңгімелескен едік.

Мәлімет:

Өмірбек Шеркешұлы Текебаев.

Биыл желтоқсанда 62 жасқа толады. Қырғыз саясаткері. Жогорку Кенештің (Парламент) 6 мәрте депутаты. «Ата Мекен» партиясының лидері.

Асқар Ақаев, Құрманбек Бакиев пен Алмазбек Атамбаевтардың президенттігі кезінде биліктің басты оппоненті болған. Бірнеше мәрте Қырғызстан президенттігіне үміткер болған. Жогорку Кенешті басқарған.

Ақаевты биліктен кетірген «Қызғалдақ революциясы» кезінде де, Бакиевті кетірген «Сәуір революциясы» кезінде де шешуші міндеттерді атқарған. 2016 жылы өз жақтастарымен бірге Атамбаев режиміне қарсы шығып, Конституцияны өзгертуге мораторий жариялауды ұсынған. 2016 жылдың ақпанында оның үстінен қылмыстық іс қозғалып, түрмеге қамалған. Ал қырғыз саясатшылары мен халықаралық қауымдастық бұл істің қолдан ұйымдастырылғанын айтып, айыптаған.


- Өмірбек Шеркешұлы, Сіз қамауда болған кезде қазақ ақыны Ауыт Мұқибек сізге арнап «Мандатсыз президент» деген поэма жазғанын білесіз... Ол поэма алғаш болып «Abai.kz» ақпараттық порталында жаряланды. Бүгін сізбен тілдесуімізге де Аукеңнің көмегі тигенін айта кетуіміз керек... Аукеңнен өзге қазақ саясаткерлерімен, Қазақстанмен Сізді не байланыстырады?

- Мен түрмеде болғанда достарым, партияластарым мені қолдап, түрмеден шығарып алу үшін әртүрлі әрекеттер жасады. Күшіміз тең емес еді. Бір жақта – Атамбаевтың жеке режимі, екінші жақта – «атамекеншілер». Бірақ біз елге сендік. Уақыт біз жақта екеніне сендік. Осындай тар күндердің бірінде Қазақстанда бір ақын Текебаев туралы «Мандатсыз президент» деген поэма жазыпты деген ақпарат шықты. Ол поэманың мәтінін маған түрмеге жеткізіп берді. Ауыт Мұқибектің бұл поэмасы маған үлкен қолдау болды. Біздің партияластарға үлкен дем берді.

Қырғызда: «Басмайылдың қысқанын жігіт білмейді, ат біледі. Ер жігіттің мықтысын жақын білмейді, жат біледі» («Төске айылдың батқанын иесі білмес, ат білер. Ер жігіттің қадірін ағайын білмес, жат білер» – қазақша нұсқасы), деген мақал бар. Бұл қырғыздың менталитетін көрсетеді. Қазақ ақынының бұл поэмасы қырғыздарға обьективті, маңызды көрінді. Біз өз ішімізде бір-бірімізбен таласып-тартыссақ та, сырттан берілген бағаға аса көңіл бөлеміз. Сондықтан, бұл поэма әсер етті.

Осыдан кейін, біздің партияластар Ауыт Мұқибекпен байланысып, хат-хабар алмасып тұрды. Мен түрмеде жатқанда менің 60 жылдық мерейтойымды партияластар өткізді. Ауыт сол тойға келіп, экс-президент, экс-премьерлермен бірге құрметі қонақ болып, құттықтап кетті. Мен түрмеде отырғанда да, үй-ішімен келіп, менімен жолыққан.

Ауыт Мұқибек Қырғызстанда болып жатқан жаңалықтардың барлығын анша-мынша қырғыз политологтарына қарағанда жақсы біледі. Өз пікірін, реакциясын білдіріп тұрады. Ол осылайша қырғыз саяси ландшафындағы тұрақты фигураға айналды. Қырғызстандық болып қалды десек те болады.

Мен 30 жылға жуық Жогорку Кенеште депутатпын. Әртүрлі еларалық, парламентаралық ұйымдарда қазақстандық коллегаларыммен жолығып, байлынысып тұрамын. Көп депутаттарын, саясатшыларын жақсы танимын. Уағында президент Нұрсұлтан Назарбаевпен де жеке жолыққан едім.

Қазақтар біздің бір туған ел. Қазақстан біздің көрші мемлекет. Қырғыздар әрдайым Қазақстанға жай ғана көрші емес, туғанымыз деп қарап, мәміле қылып келдік.  Біздің тіліміз, дініміз, мәдениетіміз, тарихымыз, бір. Демек, біздің болашағымыз да бір! Біздің мемлекеттің Сыртқы саясаты да осыны басшылыққа алып отырып жұмыс жасайды. Кім билікке келсе де, Сыртқы саясаттағы осы вектор сақталады!

- Егер 4 қазанда басталған оқиғаларды төңкеріс деп айтуға болатын болса, қырғыз жұрты Тәуелсіздік тарихында үшінші рет төңкеріс жасады. Билік алмастырды. Қазір Қырғызстанда билік тұрақталды ма? Жээнбеков өз еркімен кетті ме? Әлде кетірді ме?

- 4 қазанда Қырғызстанда революция болды. Оның себебі, президент Сооронбай Жээнбеков сайлаудың қорытындысын бұрмалап, билікті узурпациялауға әрекет етті. Бұл сайлауда билік тарапынан, криминалдық топтар тарапынан дауыс сатып алулар, қысым-қорқытулар болды.

Оның нәтижесінде биліктің үш партиясы 120 орындық парламенттің 107-сін өзара бөлісіп алды.  Қырғызстанның Конституциясында: «Бірде-бір партия 120 орынның 65-тен аса мандатын ала алмайды», - деген антимонополиялық шектеу бар. Міне, осы шектеуді айналып өту үшін билік өз адамдарын 3-4 партияға бөліп, сайлауға қатысты.

Мұны ел де, біз де көрдік. Жээнбековтердің билікті монополияға айналдырып алғысы келгеніне ел қарсы шықты. Аяғында сайлаудың қорытындылары жойылды. Үкімет те, Президент те отставкаға кетті. Қазір уақытша үкімет құрылып, оның басшысы Садыр Жапаров президенттің де міндеттерін атқарып жатыр.

- Үш реткі төңкеріс Қырғызстанға, қырғыз халқына не берді? Неге үйретті? Жақсылығы не? Кемшілігі не?

- Осы сауалды қырғызстандықтар да маған көп қойып жатыр. Өйткені, «бүгінгі саяси жүйенің авторы» деп, кемшілікке мені кінәлап жатыр. Жақсысын көрмейді.

Біз неге қол жеткіздік? Қырғызстанда нағыз сайлау жолымен президенттер, үкіметтер ауысады. Бұл талассыз факт!

Сайлау жолымен тұрақты түрде билік ауыстыру – бұл биліктің табиғатын өзгертеді. Биліктің жүзін елге бұрып, халықтың пікірін ұғуға мәжбүрлейді. Мен бүгінгі Қырғызстанда биліктің табиғаты, мінезі өзгерді деп айта аламын.

Біздің негізгі мақсатымыз – жаңа саяси мәдениетті қалыптастыру. Ол үшін жаңа, жас адамдарды тәбиелеу керек. Жаңа азамат – еркін, намысты, білімді, жауапкершілігі мол болуы шарт. Ол өз тағдырын ғана емес, мемлекеттің тағдырын шешуге қауқарлы, қабілетті болуы керек. Міне, біз қазір осындай азаматтарды, жаңа ұрпақты тәрбиелеп жатырмыз.

Бұл ұзаққа созылған, күрделі процесс. Қазір қырғызстандықтарда жаңа мінез пайда болды. Жаңа адамдар келіп жатыр. Бүгінгі Қырғызстанның бет-бейнесі он жыл бұрынғы Қырғызстаннан айтарлықтай өзгерді. Айырма бар.

Қырғызстан тағы неге қол жеткізді? Бізде көп қазба-байлық бар. Мұнай, газ, алтын т.б. Бірақ, олардан берде-бір кем тұрмайтын тағы бір байлық бар. Ол – тарихи тәжірбие! Қырғызстанның үш жолғы революциядан алған тарихи тәжірбиесі – ұлттық байлық деп айтар едім. Мұндай тәжірбие көрші елдердің ешбірінде жоқ! Әрине, әрбір мемлекеттің өзінің тағдыры бар. Өзінің жолымен жүреді. Ал біздің жолымыз өзгеше. Мінезіміз өзгеше, басқалардан бөлектеніп тұратын сипаттарымыз бар.

- Садыр Жапаров кім? Ол туралы мәлімет көп. БАҚ Жапаровты діни топтар билікке алып келді дейді. Енді біреулері Жапаровты «бандалық клан» билікке алып келді дейді. Сіз өткенде, Жапаровпен бірге Мәскеуге, Асқар Ақаевтың арызын алуға бірге барғаныңызды айттыңыз (2005 жылы). Ол кезде Жапаров жас депутат екен... Енді қазақ аудиториясына айтып беріңізші, Жапаров кім?

- Саяси биліктің өзгеше табиғаты бар. Ол – елдің қолдауы, адамның лидерік сипаты. Садыр Жапаровтың істеген қызметі, тәжірбиесі аз болғандығына қарамастан, оны бүгінгі ел қолдап тұр. Оның сөзі, ұстанымы мен көзқарасы күшке ие.

Үшінші революцияның қорытындысы бойынша ол бүгін Қырғыз Үкіметінің және Республикасының басшысы. Оны барлық саяси күштер, оның ішінде Жапаровтың оппоненттері де мойындады.

Жапаров қырғыз саясатына 2005 жылдары жас депутат қатарында келіп, бүгін мемлекет басшысы деңгейіне дейін жетті. Осының барлығына өзінің мінезі, еңбегі арқылы жетті. Ал оған бүгінгі саяси система мүмкіндік жасап берді.

- Жапаровтың жақын досы Қамчыбек Ташиев туралы да сіз қату айттыңыз. «Дос секретардан» құтыла алмайсың дедіңіз... Ақаев, Бакиев, Атамбаев пен Жээнбековтерді жарға жыққан сол туысқаншылдық дедіңіз... Байқасаңыз, бұл туысқаншылдық жалғыз қырғызға ғана тән дерт емес. ОА елдерінің барлығында дерлік бар синдром... Сізге де, бізге де, бұдан құтылудың жолы бар ма?

- Қырғызстандағы саяси система – саяси конкуренцияға негізделген. Саяси бәсеке қаншалық күшті, реалды болса, қоғамдық пікір де шешуші факторға айналады. Ел не дейді екен деп, шенеуніктер елеңдеп қалады. Біздің саяси системаның мақсаты осы болған.

Біз қырғыз бен қазақтың туған-туысқанға, жақынға тартатын, туысқаншылдық жаман қасиетіміз бар. Оның елдік пікір ғана тоқтата алады. Елдік пікір, елдік бақылау! Міне, сол бақылау жасалуы керек!

Және биліктегі туысқаншылдықтан құтылудың ең маңызды тетігі – жаңа саяси мәдениет қалыптастыру, жаңа адамдар тәрбиелеу. Біз осылай ғана құтыла аламыз. Бұл біздің алға қойған үлкен мақсаттарымыздың кішкене бір бөлігі ғана...

- Садыр Жапаровтың билікке келуімен ешбір Халықаралық ұйымдар немесе президенттер құттықтаған жоқ. Жалғыз Өзбекстан ғана құттықтады... Бұл нені білдіреді? Халықаралық ұйымдар мен мемлекеттер Қырғызстанның бүгінгі билігін мойындамайды деген сөз бе?

- Әр түрлі себептермен Садыр Жапаровтың Үкіметін, билігін құттықтау бізге одақтас мемлекеттер тарапынан болмады. Әлбетте, бұл Жапаров билігінің легитимдігін күшейтпейді. Бірақ, мен одақтас, көршілес мемлекеттер бүгінгі Қырғызстандағы жалғыз легитимді билікті қолдап берсе жақы болар еді деп есептеймін. Ал тұрақты билікті жақында болатын сайлауда ел шешеді!

- Қырғызстан мен Қазақстан Тәуелсіздікті бір уақта алған туысқан екі ел. Бірақ, осы 30 жылдың ішінде бір туған екі елдің саяси бағыты, ұстанған жолы мүлде бөлек болды. Сіздер Қазақстаннан не үйренулеріңіз керек? Қазақстан сіздерден не үйренуі керек?

- Мен жоғарыда айтқандай, адам секілді әрбір мемлекеттің өз тағдыры болады. Олар бір-бірін қайталамайды. Бір-біріне ұқсамайды. Сондықтан да біз екі ел, екі мемлекетпіз. Ұқсас жақтарымыз да, айырмашылығымыз да көп. Бірақ, бір-бірімізді толықтырып тұратын елдерміз.

Қырғызстанда тұрақты қалыптасқан азаматтық қоғам бар. Саяси бәсекеге негізделген саяси жүйе бар. Қырғызстанда әрбір адам өз өлкесінің қожайыны сезінеді. Соған шын сенеді. Осыған сай әрекет етеді.

Ал Қазақстанда саяси жүйе басқаша. Біз Қазақстаннан үлкен тәжірбие жинадық. Жаманын да, жақсысын да көрдік. Бисмарк айтқандай: Ақылды біреудің тәжірбиесінен үйренеді. Ақымақ өз тәжірбиесінен үйренеді. Осыған орай айтар болсақ, Қазақстанның бізден де үйренері көп. Ал енді Қазақстанның экономикалық өсуі – бұл таласы жоқ факт! Біз Қазақстан экономикасының жақсы жақтарынан үйренеріміз көп.

- Өмірбек Текебаев үлкен саясатқа қайта оралды. Сіздерде енді қайтадан парламент және президент сайлаулары өтеді. Сіз президенттік сайлауға түсесіз бе?

- Мен 30 жылдан бері қырғыз саясатында жүрмін. Қырғызстанның Тәуелсіздігін жариялаған саясатшылардың парламенттегісінің ең соңғысынанмын. Қоғам жаңалануды, ұрпақ алмасуды талап қылып тұр. Партияның 17 тамызда өткен XXIII сьезінде мен аға ұрпақ ретінде жаңа ұрпақты саясатқа алып келіп, орнымды жастарға берем деп мәлімдедім. Қазір осы ұстанымдамын. Егер қандай да бір саяси жағдайлар болып кетпесе, мен осы позициямда қаламын.

Ескерту!

Бұл шағын сұхбат қазақ және қырғыз тілдерінде жасалды. Қазіргі коронавирус пандемиясын болған карантиндік шектеулерге байланысты сұхбат дистанциялық форматта алынды. Спикер редакцияның кей сауалдарына белгілі және белгісіз себептермен жауап бермеді.

Сұхбаттасқан Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір