Сенбі, 27 Сәуір 2024
Көкмұнар 6772 16 пікір 14 Қазан, 2020 сағат 12:37

Түркістан жобасы: үміт пен күдік...

Түркістан қаласына Елбасы Н.Назарбаевтың  келіп, жаңа аэропорты ашуы, өзге де жаңадан салынған құрылыс нысандарын аралап, оң баға беруі, болашақта Түркістанның еліміздің саяси орталығына айналу ықтималдығы туралы білдірген пікірлері қазіргі тәуелсіз ақпарат құралдарында сынға алынып жатқаны шындық.

Айтатындары халық осылай қиналып жатқан кезеңде соншалықты шығын шығару қажет пе еді? Түркістан сондай құрметке лайық па?- деген сияқты мәселелер төңрегінде әңгіме қозғалып, сынның негізгі нысанасы Елбасы Н.Назарбаевқа бұрылып жататыны да жасырын емес. Әрине, сыни пікірлердің ішінде дұрысы да, бұрысы да бар. Мысалы, Түркістанның тарихи, рухани орталық ретіндегі ролін анықтап алмай тұрып, соншалықты қаражатты жұмсау қажет пе еді? Ертең «ЭКСПО-ның» кебін киіп, сонша шығарылған қаражат желге ұшпайды ма, - деген пікірлері ақылға сияды. Ал, кейбірі Өзбекстандағы руханиатты қалпына келтіру жолында жасалып жатқан іс-әрекетті, ашылып жатқан ғылыми орталықтарды мысалға ала отырып, Түркістан олармен бәсекелесуге жарай ма, - дегендей пікірлер айтып, ел-жұрттың көңліне күдік ұялатуға ұмтылуда.  Қазақстан туризміндегі мұндай проблемалық мәселенің барлығын жақында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде болған Халықаралық конференцияға Түркия Республикасы тарапынан қатысқан профессор Кемал Кантаржи мырза тарапынан жасалған баяндамада Қазақстандағы туризм саласының барлық жетістігі мен кемшілігі толығымен талданып көрсетілді. Ол кісі соңғы жылдардағы жетістік ретінде Қазақстанға шетелдерден келетін туристердің саны екі есеге артып, 9 млн-ға жуықтағанын тілге тиек етті. Ал кемшілігі ретінде туристік инфрақұрылымның әлсіздігін, соның салдарынан бұл бағытта жұмыстар әлі қаржы көзіне айнала алмай жатқанын сөз етті. Ол мынадай мысал келтірді: 2010 жылы елімізге келген әрбір турист 300 доллар қаржы жұмсаған екен. Ал, 2019 жылы келген туристердің қалдырған ақшасыы бары жоғы 301 долларды құрапты. Демек, келген туристерге қызмет көрсетуде ешқандай ілгерілеушілік жоқ. Ең бастысы, Түркістан рухани туризмнің орталығы болуы тиіс еді. Бірақ, бұл жерде Түркістанның рухани қуатын көрсете алатын ешқандай ізденіс көрінбейді. Сондықтан, Түркістанда оның руханиатын, туризм проблемаларын зертейтін арнайы ғылыми-зерттеу институттарын ашу керек, - деп, ойын түйіндеді. Бұл жерде байқағанымыз Түркістан қаласына салынып жатқан құрлыс нысандарына кетіп жатқан шығындар болашақта өзін ақтай ала ма? Жоқ па, - деген сауал төңрегінде екендігі айқын көрініп тұр. Алайда, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркістан қаласын облыс орталығы деңгейіне көтеріп, Түркістан қаласын түркі дүниесінің ірі рухани-мәдени орталығына айналдыруға бағытталған жоспары халықтың рухани сұранысына сай жасалған стратегиялық бағыты бар жоба екендігі айқын. Өйткені, халық Түркістанға рухани орталық ретінде келеді. Түркістан қаласындағы туристік нысан Қожа Ахмет Йасауи кесенесі мен Йасауи атымен байланысты киелі орындар екендігі белгілі. Түркістанға келуші туристер деп жүргеніміз негізінен жүрегіне рухани таяныш іздеп жүрген зиаратшылар. Соңғы жылдары тек, Қазақстан мен Орта Азия республикаларынан ғана емес, солармен қатар, Ресейден де зиаратшылардың санының артуы байқалуда және олардың көпшілігі орыстар екендігін байқауымызға болады. Демек, Түркістанның туристік орталық ретіндегі маңызын арттырып отырған Түркістанның рухани қуаты. Алайда, біз сол келген зиаратшы-туристердің рухани сұранысын толық қанағаттандыра алмай отырмыз. Себебі, келген зиаратшыларға, туристерге  берілетін мағлұмат Қожа Ахмет Йасауи кесенесінің архитектуралық ерекшелігі мен жалпы тарихы баяндалады да, Түркістанның түркі халықтарының рухани орталығы ретіндегі маңызы туралы, Қожа Ахмет Йасауидің түркі-ислам тарихындағы ролі туралы мәселелер айтылмайды. Йасауидің сопылық жолының практикалық ерекшеліктері көрсетілмейді. Егерде Йасауи жолының, йасауийа тариқатының сопылық практикасы толығымен көрсетілетін болса, онда Түркістанға жоқ дегенде жылына ондаған мың шетелдік туристерді тартуға болар еді. Біз оны Түркия Республикасы, Коня қаласындағы Жалал ал-дин Руми кесенесі мысалында айта аламыз. Ол жерге сол Румидің маулауийа тариқатының өкілдерінің биін көру үшін жылына миллиондаған европалық туристер келеді екен. Осылай етіп біз де, Йасауи жолының да сопылық практикасын зікірі мен рақсын (биін) келген зиаратшыларға, туристерге көрсетуге болар еді. Ол үшін Йасауи жолының сопылық практикасын толығымен қалыпына келтіруге  рұқсат берілуі керек. Егерде Йасауи жолы сопылық жол ретінде еркін қызмет жасайтын болса, онда қазақтың рухани болмысы да түбегейлі өзгеріске ұшырап, қазақ рухының қайта жаңғыруы басталады. Қазіргі сырттан келіп жатқан діни-рухани экспансияның жолы кесіледі. Қазақстан ішіндегі түркі халықтарының да қайтадан түркі мәдениетіне бет бұру үдерісі басталып, олардың рухани тұрғыдан жақындасуы басталған болар еді. Егерде  ұсынып отырған мәселелер ретімен шешілетін болса, онда Елбасының ұстанған бағытына да, Түркістанды қайта жаңғыртуға кетіп жатқан қаржының болашағына да күмәнданбауға болар еді. Алайда, осы мәселелер шешілетін емес, керісінше, Түркістанның тарихтағы ролін, Қожа Ахмет Йасауидің түркі-ислам тарихындағы ролін көрсетпеуге бағытталған астыртын әрекеттің жүргізіліп жатқандығына қазіргі күні иманым кәміл. Себебі, көне Түркістаннның тарихы, Қожа Ахмет Йасауидің түркі тарихындағы роліне қатысты өмірінің отыз жылдан аса уақытын берген жанның мұндай мәселеде желдің қай жақтан тұрып жатқандығын аңғармауы мүмкін емес. Әрине, құрметті оқырман, сіздер «Түркістан туралы не айта аласың, Түркістан біз үшін несімен құнды,- деулеріңіз мүмкін. Енді осы мәселеге тоқталып, Түркістанның, жалпы Сырдария мен Қаратаудың түркілердің көнеден келе жатқан рухани орталығы болғандығын тарихи тұрғыдан сабақтап, тарқатып көрелік. Түркістанның көне тарихына, Қожа Ахмет Йасауидің түркі тарихындағы роліне қатысты зерттеулер сонау 1991 жылы президент Н.Назарбаевтың еліміз әлі тәуелсіздігін алмай тұрған кезеңде Түркістан қаласында Қожа Ахмет Йасауи атындағы университет ашуынан басталды. Алғашында «Йасауитану» лабороториясы болып ашылған ғылыми лаборотория кеңейіп, «Түркі халықтарының тарихы және этнофилологясы» атты ғылыми-зерттеу институтына, одан кейін «Түркология» ҒЗИ мен «Ясауитану» ғылыми-зерттеу орталықтарына айналды. Осы орталықтарда сол кезеңде басталған ғылыми-зерттеу жұмыстары осы кезге дейін қанашама ғылыми жаңлықтардың бетіп ашып, халықаралық ғылыми орталықтар тарапынан мойындалды десек артық айтпаймыз. Ондай ғылыми-зерттеу жұмыстары әлі күнге жалғасып келеді. Түркістан туралы, Қожа Ахмет Йасауи туралы сіздерге баяндайтын әңгімеміз осы ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесі деп түсініңіздер.

Түркістан қаласы – Түркі дүниесінің рухани орталығы болғандығын қазіргі өзінің рухани жадынан ажырамаған түркі халықтарының бәрі мойындайды. Алайда, уақыт өткен сайын Түркістанның киелілігі туралы түсініктің әлсіреп, өзінің рухани ықпалынан айырыла бастағаны құпия емес. Алайда, Түркістанның түркі тарихындағы орнын, қазақ халқының рухани тұтастығының кепілі болғанын ешкім тарихтан сызып тастай алмайды. Ал, қазақ халқының жеке халық ретінде қалыптасуында Түркістанның – Йасауи ілімінің ролі шексіз. Сол себепті, Қожа Ахмет Йасауи ілімі болашақта да қазақ халқының рухани тұтастығының кепілі болып қала бермек. Енді бұл тарих түсініктірек болуы үшін әр кезеңге жеке-жеке тоқталып көрелік. Бұл жерде ескере кететін бір нәрсе – ол  тарихтың рухани қабаттарға жіктелетіні.

Сыр бойы мен Қаратау атырабының киелілік сипатының қалыптасуы

Сырдария – түркілердің көне дәуірден бері өз жері, өз отаны. «Авеста» кітабында Сырдарияның көне атауы - «Канха». Осыған баланысты қытай деректері Сыр бойындағы халықтарды кангюй, ал парсылар кангар деп атады.   Олай болса қаңлылар иран тілдес халық емес, түркі халқы екені дау тудырмайды. Оның үстіне «қаңлы» атауына қатысты ру, тайпа аттарын, жер аттарын тек түркілер өмір сүрген аймақтан ғана кездестіруге болады. Демек, Сырдария өзенінің бойы көне дәуірдегі түркінің Ата қонысы. Қанхаға қатысты жер-су аттары мен ру-тайпалар атаулары Тынық мұхиттан Жер Орта теңізіне дейінгі аралықты толығымен қамтып жатыр. Мысалы, қаңлы атауымен байланысты якут-саха халқының құрамындағы қаңғалас (кеңгерес), Анадолы түріктері құрамындағы аққоюнлы, қарақоюнлы тайпалары бар. Бұл қаңлымен байланысты ру-тайпалардың шығу тегі Сыр бойы екендігін көрсетеді. Ал, жер-су атауларына келсек, Шығыста Қытайдың Хинган тауларында «Алтын қаңлы» атты асудың ал, Хазар теңізінің жағалауында Қанға баба атты әулиелі жердің және Жаңаөзеннен 20 шақырым жердегі «Ерсарының қайрағы» атты тас бағанда «Қаңлы елі» деген жазудың барлығын ескерсек, онда қаңлы атауының қаншама жерлерге тарағанын көруімізге болады. Бұл деректер түркі халықтарының шыққан тегі осы Сыр бойы мен Қаратау атырабы болғандығын дәлелдейді. Жалпы түркі халықтарына ортақ Тәңірлік діннің де дүниеге келген, Батысқа да, Шығысқа таралған жері де осы киелі мекен болғандығын тарихи деректер айғақтайды. Енді сол дерекерге кезек берейік.

Рашид ад-дин «Жылнамасында» Оғыз қаған туралы мынадай деректер бар: «Абулджа ханның Диб-Бакуй деген ұлы болды. Ол өз әкесінен күшімен де, құдіретімен де, билігімен де жоғары дәрежеге қол жеткізді. Оның төрт ұлы болды: Қара хан, Ор хан, Көз хан, Гур хан. Бұл халықтың барлығы дінсіз болатын. Қара хан әкесінің тағына ие болды... Оның Оғыз атты ұлы дүниеге келгенде  үш күнге дейін анасының емшегін ембеді. Осы себептен анасы жылап, ғибадат жасады. Анасының түсіне ұлы келіп, «Егер сен бір шын жаратушыға мойынұсынатын болсаң, мен сенің сүтіңді емемін» - деп аян береді. Анасы Қараханнан да, халықтан да жасырып, бір жаратушыға мойынұсынады... Осылай Оғыздың дүниге келумен шынайы хақ дін де дүниеге келеді.

Оғыз өскенде әкесі оның басқа дінді қабылдағанын біліп, оны оны өлтіру керек деген шешімін айтады. Бұл хабарды есіткен кіші әйелі Оғызға астыртын кісі жіберіп, әкесінің шешімін хабарлайды. Оғыз қасындағы серіктерімен соғысқа дайындалады. Бұл соғыс жетпіс үш жылға созылып, соңында Оғыз хан жеңіп шығады». Шежірелік деректерге қарағанда, Оғыз қағанның әкесі Қарахан Яфестің тоғызыншы ұрпағы. Бұл хандардың барлығы мәжусилік дінін ұстанғаны туралы айтылады. Бұл Оғыз қағанның Яфестен тараған халықтарды бір Тәңірге мойынұсынуға шақырып, халықты иләһи дінге бет бұрғызған киелі тұлға болғандығынан хабар береді. Басқаша айтқанда, Оғыз қағанды Түркі даласынан шыққан пайғамбар деп тануға болады. Рашид ад-дин Шыңғыс ханның да осы Оғыз қағаннан келе жатқан Тәңір дініне мойынұсынғанын жазады. Олай болса, бұл түркілердің ұзақ ғасырлар бойына Оғыздан қалған Тәңір дініне мойынұсынып, сол дінде болғандығын көрсетеді.

Сонымен бірге, Оғыз қаған алғаш рулық, тайпалық жүйелерді топтастырып, мемлекетті басқарудың түркілік жүйесін алғаш қалыптастырған тұлға. Бұл Оғыз қағанның түркі тарихындағы орны қаншалықты маңызды болғандығын көрсетеді. Енді Оғыз қағанның қай жерлерде өмір сүрген сұраққа сол Рашид ад-диннің «Жылнамасындағы» деректер жауап береді. Онда мынадай деректер бар: «Булджа-хан (Абулджа-хан) көшпенді еді. Оның жайлауы Ортау мен Қазтауда болды. Сол маңда Инандж деген қала болды. Булджа-ханның қыстауы да осы өңірде болатын. Ол жерлерді Бурсун, Какян және Қарақорым деп атады. Бұл жерлерге жақын тағы да Талас және қары-Сайрам деген қалалар болды.» Орыс зерттеушісі Березин бұл жерлерді Сыр мен Қаратаудың аралығы деп есептейді. Бұл тұжырымның дұрыстығын Түркістан өңіріндегі жер атаулары да нақтылай түседі. Қаратауда Оғыз тау деген тау бар және Оғыз тау деген тағы бір таудың аты Қызылқұмдағы тауда да кезедеседі. Демек, бұл деректер Тәңірлік діннің Түркістан жерінде дүниеге келгенін және ол діннің пайғамбары Оғыз қаған болғанын дәлелдейді. Бұған қоса қазақ халқында Озған пайғамбар туралы аңыз бар. Бұл аңыздар астарында тарихи шындық жатқандығын қазіргі бізге дейін жеткен түркі халықтары құрамындағы ру, тайпалардың алғашқы топтасу кезеңі осы Оғыз қаған атымен байланысты болғандығынан көреміз. Оның үстіне Оғыз қағанның үш ұлының Шығысқа кетуі, үш ұлының Батысқа кетуі де құр аңыз емес, тарихи негізі бар оқиға. Оғыз қаған ұлдары өздері ғана кетпей, өздерімен бірге Сырдың көне атын өздерімен бірге ала кетті. Батысқа қарай кеткен түркілердің Түркістанмен байланысын көрсететін «Қанқа-қаңлы» атауынан басқа тағы бір бұлтартпас тарихи айғақ бар. Ол «нақ» жұрнақты қала атауларына байланысты. Түркістан маңындағы Қарнақ, Шорнақ, Сығанақ, Ташанақ, Шобанақ деген көне қалалар мен елді мекен атаулары соңына жалғанған осы жұрнақтардың мағынасы бізге белгісіз болып келді. Былай қарасаң Қарнақ сөзі, осы сияқты «нақ» жұрнақты жер атауларының қазіргі түркі тілдерінде ешқандай мағынасы жоқ сияқты болып көрінеді. Алайда, бұл жер атауларына байыппен, ғылыми тұрғыдан талдау жасайтын болсақ, онда сөз құрамында «нақ» жұрнағы бар жер атауларының  белгілі мағынаға ие екендігіне көз жеткіземіз. Ол үшін алдымен көне түркілік шежірелік дерек көздеріне жүгініп, солардағы деректерге талдау жасағанымыз абзал. Сонда ғана біз жоғарыда қойылған сұрақтарға жауап бере аламыз. Біздің қолымызға ондай дереккөзін 2012 жылы Қазан қаласына барған іс-сапарымызда кезіктірдік. Қолымызға «Летопись Карчи Булгаро-Хазарское летопись» атты кішкентай ғана кітапша түсті. Шежіре түркі тілінде (хазар тілі болу керек) жазылған. Бұл тарихи шежіреде Кавказ түркілерінің көне дәуірінен ортағасырларға дейінгі тарихы қамтылған. Міне, осы жылнамадан  біз «нақ» жұрнағының мағыналық мәнін ашуға мүмкіндік алдық. Ол жылнамада мынадай деректер бар: «В древние времена страна тюрков (тинсир) состояла из семи книяжеств со своими вождями». Осы жеті хандықтың бірінің аты – Казманак хандығы. Осы «Казманак» атауындағы «нақ» жұрнағы мен Қарнақ атауындағы «нақтың» ұқсастық, жай ұқсастық па? Әлде мағыналық байланыс бар ма? Міне, осы сұраққа жауап берер болсақ, онда Түркістан өңіріндегі «нақ» жұрнағы бар көне қалалар мен елді мекендер атауының мәнін аша аламыз. Және бұл «нақ» жұрнақты атаулар Карчи жылнамасында бір мағына берумен  шектелмейді. «Нақ» жұрнақты сөздер тек, елді мекеннің, жердің атын білдіріп қоймайды, елдің, жұрттың атауына, ру-тайпалар атауына жалғасатынын көреміз. Мысалы, ақжурт печенегтері (бажанақ) немесе Журанақ хандығы. Қазманақ хандығы.  Ру-тайпа аттарына жалғанған «нақ» жұрнағы бар сөздерге бажанақ (печенег) тайпасының атын мысал ретінде көрсете аламыз. «Нақ» жұрнақты  ру-тайпа аттары тек, Карчи жылнамасында емес, қазақ шежірелерінен де кездестіре аламыз. Мысалы, ұлы жүз құрамындағы жалайыр тайпасы Сырманақ, Шуманақ деген екі бірлестіктен тұрады.  Ал, арғын тайпасының Сүйіндігінен тарайтын Шоманақты да осы «нақ» жұрнақты сөздер қатарына жатқыза аламыз. Бұл «нақ» жұрнақты ру-тайпа атауларының түркі халықтарына ортақ екендігінен хабар береді. Бұл деректер де Батысқа кеткен түркілердің де Түркістанмен байланысын көрсетіп тұр. Сонымен бірге бұл «Жылнамада» Кавказ түркілерінің Тәңірлік дінде болғанын да баяндайды. Түркістанның сол көне дәуірде рухани орталық болғанын дәлелдейтін тағы бір дерек бар. Оған қытай жазбаларындағы Кангюйдің бес кіші хандығы туралы деректер. Қытай деректерінде «Кангюй билеушісі Лоюени елінде, Битан қаласында тұрады... Кангюйдің қарамағында кіші бес хандық бар:

  1. Сусе-билеушісі Сусе қаласында тұрады.
  2. Фуму-билеушісі Фуму қаласында тұрады.
  3. Юени-билеушісі Юени қаласында тұрады...»

Осы бес кіші хандықты А.Н.Бернштам былайша орналастырады:

  1. Сусе-Сырдария мен Арыс өзендерінің орта ағысы;
  2. Фуму-Жаңақорған мен Қазалы арасы;
  3. Юени-Ташкент облысы.

Қытай жазбаларында осы Сусе иелігінде «Шы» деген қала туралы дерек бар. Онда: «Шы, келесі Кюша (Гейшуана) Думо өзенінің оңтүстігінде жатыр. Кіші Кангюй хандығына қарасты Сухо қаласының жері... Қала алтын құлыппен жабулы. Қалада ғибадатхана бар. Онда әрбір құрбандық шалған сайын 1000 қой сояды. Жорыққа шығар алдында әскері осында келіп, тізе бүгеді» (Бичурин.1953.Т.2.сс.274-275). Араб, парсы деректерінде Түркістанның көне атауы Шавгар. Шавгар сөзінің түрікше мағынасы - Қарачуқ-Қаратау. Ал, «Шы» сөзінің мағынасы –тас. Олай болса, «Шы» - «Шавгар»-«Карачук» сөздері бір қаланың атын білдіріп тұрғанын көруге болады. Қытай деректеріндегі осы ғибадахана Күлтөбедегі археологиялық қазба жұмыстары кезінде 2011 жылы археолог марқұм Е.Смағұлов тарапынан табылды. Бұл табылған ғибадатхананың қытай деректеріндегі ғибадатхана екендігіне күмән жоқ. Ең қызығы осы ғибадатханада Қожа Ахмет Йасауи бабамыз кесенесіне қарай кететін жер асты жолының болуы. Қазір ол жол қауіпсіздік мақсатында қайта көміліп тасталды. Бұл келтірілген деректердің барлығы Түркістанның көне дәуірден бері түркі халықтарының рухани орталығы болғандығын дәлелдейді және ол кезеңдерде Тынық мұхит пен Жер орта теңізі арасына таралған түркілердің Түркістанды рухани орталық ретінде мойындағаны анық.

Түріктердің алғаш ислам дінін қабылдауы

ⅤІІ-ғасырда Ислам діні дүниеге келіп, Адамзат тарихын түбегейлі өзгеріске ұшыратты. Ислам дінінің келуімен көне империялар құлап, жаңа мемлекеттер дүниеге келді. Бұл әлемдік үдерістен түркі әлемі де тыс қалған жоқ. Түркілер алғаш рет шегінген парсы әскерлерін қуа келген ислам-араб әскерлерімен алғаш рет қазіргі Ауғанстанның батысында 642 жылы қақтығысқа түсті. 712-713 жылдары Қапаған қаған мен Тоныкөк әскерлерімен айқасқа түскен Кутейба ибн Муслим, оларды шығысқа шегінуге  мәжбүр етті. 738 жылы Сулық қағанды Баға Тарханның өлтіруі, Түргеш мемлекетін майда иеліктерге бөлшектеп жіберді. Осы кезде алғаш рет Наср ибн Саййар бастаған араб әскерлері Шаш, Отырар сияқты қалаларды басып алды. 751 жылы Тараз қаласы маңында арабтардың қарлұқтармен бірігіп, қытай әскерін талқандауы арабтардың Түркістан жерінде тұрақтап қалуының басы болды.

Мұхаммед пайғамбар қайтыс болғаннан кейін, ислам діні ішінде бөлінушілік басталды. Ол бөлінушілік рухқа қатысты мәселеден басталды. Көпшілігі Мұхаммед пайғамбардың қайтыс болуымен Рух әлемімен байланыс үзілді десе, тек Али ибн Абу Талиб қана Рух әлемімен байланыс үзілген жоқ, Рухани әлеммен сабақтастық әрі қарай жалғасуда деп есептеді. Өйткені, Али ибн Абу Талиб Мұхаммед пайғамбардың пақырлық сипатын қабылдап, Рухани әлеммен сабақтастықты сақтап қалған болатын. Әзіреті Османның 656 жылы өлтірілуімен халифат ішінде тіке-тірес басталды. Ол тіке-тірестің соңы 661 жылы Әли ибн Абу Талибтің өлтірілуімен аяқталды. Түрлі саяси топтар пайда болды. Олар: Алидің билігін жақтайтын – шиалар, Тек қана кітап сөзімен жүруіміз керек дейтін – хариджилер. Бар күнәнінің есебін ақыретке барғанда көреміз дейтін – муриджилер тобы пайда болды. Осы үш топтың арасындағы бәсекелестікте муриджилер жеңіске жетіп, Халифат билігін қолына алды. Ол муриджилердің өзі соңынан іштей екіге бөлінді. Ахл ал-Хадис және Ахл ар-Рай болып. Ахл ал-Хадис өкілдері рухты мойындаған жоқ. Олар дін деп тек шариғатты алды. Шариғат тек арабтың салт-дәстүрі мен мәдениеті негізінде қалыптастырылды. Нәтижесінде Ислам дінін сол Ахл ал-Хадис тобының қалыптастырған бағытты қабылдаған халықтар арабтануға, өзінің дәстүрлі мәдениетінен бас тартуға мәжбүр болатын. Ал, Ахл ар-Рай тобының бағыты мүлде басқа болды. Негізін Али ибн Абу Талибтен бастау алатын бұл бағыт дін мен шариғатты бөліп қарастырды. Рух әлемімен байланыс бар жерде ғана дін бар. Рух әлемімен байланыс жоқ болса, дін жоқ. Ал, шариғат жер бетіндегі әрбір халыққа Жаратушы Құдіреттің өзінің берген сыйы. Өйткені, халықтар жер бетінің белгілі бөлшегінде өмір сүре отырып, сол табиғатқа лайықты салт-дәстүр мәдениетін қалыптастырады. Бұл бағыт негізінде ислам дінін қабылдаған халықтар өздерінің салт-дәстүрі мәдениетін толығымен сақтап қалуға мүмкіндік алатын. Бұл Ахл ар-Рай бағытын қалыптастырған Али ибн Абу Талибтің Хаула деген әйелінен туған ұлы Мұхаммед ибн ал-Ханафийа болды. Ол алғаш рет ислам тарихында ақылшылық бағыттағы медресені ашты. Кейіннен осы Ахл ар-Рай бағыты негізінде Абу Ханифа Нұғман ибн Сәбит Ханафи мазхабын қалыптастырды.

ⅤⅢ ғ. Ирак жерінде, Иранда Мұхаммед ибн ал-Ханафианың идеясын жақтаушылар көп болды. Хижраның 130 жылы Мұхаммед ибн ал-Ханафийа идеясын жақтаушы қайсанийа-мубаййидийа ағымы омеяйдтарды тақтан кетіріп, олардың орнына Аббас әулетін таққа отырғызды. Бірақ, Аббас әулеті өкілдері де Али ибн Абу Талиб ұрпақтарына қарсы шығып, олардың түркілер арасына кетуге мәжбүр етті.

Халифат орталықтарында қуғынға ұшыраған Али ибн Абу Талиб ұрпақтары түркілер арасынан қолдау тауып отырды. Олар осы жерде алғаш рет 766-767 жылы Жетісуда  Қарлұқ-Қарахан, Сырдың төменгі  ағысында Оғыз мемлекеттерін дүниеге келтірді. «Насаб-нама» нұсқаларында Түркістан жеріне алғаш ислам дінін әкелуші, Түркістан жеріндегі алғашқы ислам мемлекетінің негізін салушылар ретінде Исхақ баб, Абд ар-Рахим баб, Абд ал-Жалил бабтардың аты аталады.

Ислам дінінің Ахл ар-Рай бағытының Түркістан жеріне келуі түркілер арасында ғылым мен білімнің дамуына әкелді. Абу Наср әл-Фараби, Исхақ ибн Ибрахим ал-Фараби, Абу Наср ибн Хаммад ал-Фараби әл-Жаухари  сияқты ғұламалар ислам философиясына, араб тілі грамматикасы сияқты т.б. салаларда еңбек етті. Түркістан жері Ислам ғылымы мен мәдениетінің дамуының негізгі орталығына айналды. Ғылымның барлық салалары дамыды.

951 жылы Қарахандық билеуші Сатуқ Бұғра хан Абд ал-Керимнің  «Ахл ал-Хадис» бағытын қабылдауы түркі халықтарының дүниетанымы мен дәстүрлі мәдениетін түбегейлі өзгерістерге  ұшыратты. Қоғамдық қатынастарды реттеу толығымен араб халқының дәстүрі негізінде қалыптасқан шариғат үкімдерімен алмастырылды. Түркілердегі экзогамдық неке ішкі некемен алмастырылды. Бұл түркі мемлекеттігінің тірегі рулық, тайпалық жүйелердің ыдырауына, мемлекетті басқарудың түркілік жүйесінің күйреуіне ықпал етті. Түркілер осылай тілінен, мәдениетінен айырлып, парсылану, арабтану үдерісін басынан өткерді. Түркілердің өзінің дәстүрлі мәдениеті мен тілінен ажырауы және ол үдерістің жалпы ислам әлемін жайлаған рухани дағдарыспен қатар келуі түркі халықтарын одан ары рухани, мәдени тоқырауға түсірді. Кешегі қуатты Қарахан мемлекеті майда бірнеше хандықтарға бөлініп кетті. Мұны пайдаланған қарақытайлықтар барлық Қарахандықтарды жаулап алып, өзіне тәуелді етті. Ахл ал-Хадистің бүкіл Ислам әлемінде үстемдікке жетуі мұсылман халықтарын рухани да, саяси да дағдарысқа түсуіне ықпал етті. Ислам әлемінде Рухани әлеммен арадағы байланыс толығымен үзілді. Түркілерден шыққан озық ойлы тұлғалар арасында түркі мәдениетінің басынан аса ауыр кезеңді кешіп жатқанын түсінген кісілер болды. Олар сол кезеңдегі қоғам ішіндегі келеңсіздіктерді әдебиет құралы арқылы қалпына келтіруге ұмтылды. Олар: Жүсіп Баласағұни мен Ахмед Йугнеки болатын. Ал, Махмуд Қашғари болса, түркі тілінің сөздігін жасады. Алайда, бұл түркі мәдениетін қалпына келтіруге жеткіліксіз еді. Осы қиын кезеңде тарих сахнасына Қожа Ахмет Йасауи шықты.

Қожа Ахмет Йасауидің түрік мәдениетін қайта қалпына келтіру жолындағы күресі

Қожа Ахмет Йасауи Түркістан жеріне алғаш ислам дінін әкелушілердің бірі – Ысхақ бабтың оныншы ұрпағы Ибрахим шайхтың шаңрағында дүниеге келді. Қожа Ахмет Йасауидің дүниеге келуі бүкіл Ислам әлемінде болатын игі өзгерістердің басы болды. Мұхаммед пайғамбардың Арыстан баб арқылы бала Ахметке арнап аманат қалдыруы, ол аманатты жеті жасында алуы оның бар өмірін ислам дінің  рухани негізін қайта қалпына келтіру жолында қызмет етуге мәжбүр етті. Ол жиырма жасында көне Йасы еліне, қырық қақпалы  Қарашық қаласына келді. Осы жерде әкесінің муриді, Мұса шайхтың қызына үйленді. Бұл жерде мына мәселені ескеруіміз керек. Қожа Ахметтің сол кездегі белгілі ірі қалаларға бармай, ұмыт қалған Йасыға келуі бұл жердің киелі сипатымен байланысты болғандығы анық. Біз жоғарыда Күлтөбеден табылған ғибадатханадан шығатын жер асты жолының қазіргі Йасауи бабамыз жатқан кесенеге қарай кеткенін айтқан болатынбыз. Оның үстіне бұл жерде қарахандық билеуші Ілияс хан сияқты Қарахандық әулет өкілдерінің осы жерде жерленуі де көп нәрсені аңғартады. Демек, Қожа Ахмет Йасауи көне Түркістанның рухани қуатын пайдалана отырып, қайтадан Рухани әлеммен байланысты қалпына келтіру мақсатында болды деп айта аламыз. Сол үшін отыз жыл бойы Йасы халқы Ахметті көшелерде таспен атқылап, көрмеген қорлығын көрсетті. Жалғыз ұлы Ибрахимді өлтірді. Бірақ сонда да Ахмет өзінің алған бағытынан қайтқан жоқ. Себебі, оның алдына Рухани әлеммен байланысты қайта  жаңғыру үшін берілген Алланың әмірі, Пайғамбардың аманаты тұрды. Шындығында ол кезең мұсылмандар қауымын қараңғылық басқан дәуір болатын. Ол кезеңнің қалай болғанын Йасауи бабамыз былайша сипаттайды:

Ей, достар ақыр заман болды көргін,

Дінсіз кәпір бұл әлемге толды көргін,

Хақ құлдығын қойып бәрі дінсіз болды,

Соның үшін Қаһһар азап қылды, көргін.

 

Ораза, намаз, иман, ислам қолдан кетті,

Күннен күн бетер деген хадис жетті.

Пайғамбар айтқандары келіп жетті,

Бұл дүниені қараңғылық басты достар, - дейді. Осы бір екі шумақ Хикметтің өзі Йасауи бабамыздың заманының рухани ахуалы қалай болғандығын байқатады. Ол осы рухани азғындық жайлаған мұсылман қоғамын қайтадан қалпына келтіру жолындағы әрекетін бастады. Ол Хикметінде:

Хақ Тағала иман сыйлау етті бізге,

Оны Хақ Мұстафа айтты бізге,

Салауат айтсақ, қуат бере дінімізге,

Болмаса, қылғандарым ойран болар, - дейді. Демек, сол кезеңдегі мұсылман қоғамының әлсіреп, азғындыққа ұшырауы иманынан ажырауымен байланысты екенін сезіне білді. Өзінің бар күш-қуатын иманды қайта қалпына келтіруге жұмсады. Адалдық пен әділдікті ту етті. Халықтың жүрегіне иман нұрын ұялату үшін Алланың зікірін қолға алды. Өзіне дейінгі сопылардың тәжірибесін пайдалана отырып, Рухани әлеммен байланысын күшейтуге күш салды. Өзіне дейінгі сопылар әрқайсысы өздері жеке-жеке жетістікке жеткенімен, сопылықты жалпы халықтың иман-сеніміне айналдыра алған жоқ болатын. Қожа Ахмет Йасауи сопылықты жалпы халықтың иман-сеніміне айналдырды. Сопылық ілімді тариқат дәрежесіне көтерді. Тариқат – Рухани әлемге ұласудың алғашқы сатысы. Халықтың діни сенімін тариқат дәрежесіне көтеру адамның физикалық болмысын реттейтін шариғат деңгейінен рухани болмысына қарай қадам басу болатын. Тариқат дәрежесі демек – ол  Исламның бес парызын қабыл етіп, қоғамдық қатынастарды реттеуді түркілердің көнеден келе жатқан салт-дәстүр, әдет ғұрпына беру. Сонымен бірге, сопылық таным негізінде қалыптасқан салт-дәстүрлер енгізілді. Йасауи бабамыздың сопылық ілімді тариқат дәрежесіне көтеруі түркілердің дәстүрлі тілі мен мәдениетінің қайта жаңғыруына тікелей ықпал етті. Ең бастысы Рухани әлем мен адамзат арасында байланыс қайта орнады. Ислам тарихындағы Әулиелер кезеңі басталды. Оның басында біздің Қожа Ахмет Йасауи бабамыз тұрды. Сол себепті ол кісіге Екінші Ахмет, Құтуб ал-Ахтаб, Хазіраты Сұлтан деген т.б. атақтар берді. Мұсылман халықтарында қайтадан рухани жаңғыру кезеңі басталды.

Қожа Ахмет Йасауи бабамыздан кейінгі мұсылман халықтарының тарихындағы гүлдену мен тоқыраулар, бүкіл ғылым мен білімнің схолостикаға ұрынуы осы ілімнің ықпалының артуы мен бәсеңдеуіне тікелей байланысты болды. Ал, түркі тарихындағы Алтын Орда сияқты мемлекеттердің гүденуі мен құлдыруы, күйреуі, түркілердің этникалық жіктелуге түсіп, мемлекеттіктерінен айырылып, өзгенің қоластына түсіп, отарға айналуы осы Йасауи жолының ықпалының артуы мен бәсеңдеуіне тікелей байланысты еді. 1359 жылы Алтын Орда ханы Бердібектің өлтірілуі Алтын Орда мемлекеті тағы үшін таластың басы болды. Жиырма жылда Алтын Орда тағына жиырма бес хан келіп кетті. Жошы ұрпақтарынан күдер үзген Йасауийа шайхтары мемлекет билігін Мауараннахрда Әмір Темірдің қолына ұстатты және оның алдына Шыңғыс хан империясын қайта қалпына келтіру тапсырылды. Алғашқы кезеңде Әмір Темір өзіне артылған міндетті бұлжытпай орындады. Тоқтамысты Алтын Орда тағына отырғызып, Алтын Орданы қалпына келтірді. Өкінішке орай, Тоқтамыс хан антын бұзып, Йасауи жолына қарсы шықты. 1389 жылы грек, литвалықтар мен орыстардан әскер жасақтап, Йасыдағы Қожа Ахме Йасауидің кесенесін қиратты. Бұл тіке-тірестің соңы Алтын Орда мемлекетінің толық күйреуімен аяқталды. Одан кейінгі кезеңде Едігенің мемлекетті қайта қалпына келтіруге бағытталған бар әрекеті нәтижесіз аяқталып, Алтын Орда мемлекеті бірнеше хандықтарға бөлініп кетті. 1429 жылы Йасауи жолы өкілдерінің он алты жасар Әбілхайырды таққа отырғызып, мемлекет тізгінін қолына ұстатты. Уақыт өте келе Әбілхайыр да антты аттап, Йасауи жолына қарсы шықты. 1446 жылы Сығанақты алған соң нақшбандийа тариқатының піріне қол беріп, Йасауи жолынан бас тартты. Едігенің ұлы Уаққас биді өлтірді, Қобланды батыр Дайыр қожа-Ақжол биді өлтіруі бір мемлекеттің үшке бөлінуіне себеп болды. Бір халық Қазақ-Өзбек-Ноғай болып үшке бөлініп кетті. Әбілхайыр ханның немересі Мұхаммед Шайбанидың соңына ергендер өзбек атанып, Мауараннахрға тұрақтады. Едігенің ұрпатарының соңына ергендер Ноғай ордасын қалыптастырды. Ал, Йасауи жолы өкілдері-билердің соңына ерген халық қазақ атанып, Қазақ хандығын дүниеге келтірді. Қазақ деген халық тарих сахнасына осылай шықты. Осы біз баяндаған тарихтың барлығы тарихи шындық және мақаланың көлемі көтермейтін болғандықтан көп мәселе айтылмай қалды. Әйтпесе, мақалада тоқталған әрбір бөлім том-том кітапқа жүк болары анық. Түркістанның  берісі қазақ, арысы бар түркі халықтарына беретіні де, тарихи-рухани сананы жаңғырта алатын қуаты барлығына осы мақала шеңберінде көздеріңізді жеткізуге тырыстық. Бұл келтірілген тарихи деректер Түркістанды қайта жаңғыртуға бағыттталған стратегиялық жоспар  құр тақыр жерде жасалып жатпағанын көрсетеді және осы баяндалып отырған тарихты көрсетуге болатын музей құрылысы да бітіп дайын тұр. Ол музейдің ішіне қойылатын экспозициялық жоспар көне түркі дәуірінен басталады. Ислам дінінің Түркістан жеріне келу тарихын қамтып, Қожа Ахмет Йасауидің рухани ілімінің қалыптасу кезеңдері, Йасауи ілімінің түркі дүниесіне ықпалы музей экспозициясынан орын берілді. Егерде осы жоспар толығымен іске асырылатын болса, онда Түркістан әлемде қайтадан өзінің лайықты орнына ие болады. Түркі дүниесінің рухани орталығына айналатынына иманым кәміл. Қазіргі күні қаланы жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бірақ қаланың тарихи орнын айқындайтын музей экспозициясы әлі күнге қаржыландырылмай отыр. Оның себебі қайсы? Есітуімізше, облыстық әкімшілік басқа бір музейлендіру ісімен айналысатын топты тауыпты деген қауесет бар. Мақсаттары не? Түсінбедік. Егерде мақсаттары Түркістанның түркі тарихындағы орны мен Қожа Ахмет Йасауидың түркі тарихындағы ролін бұрмалап, тарихи шындықты бүркемелеу болатын болса, онда Түркістанды  жаңғырту жұмыстарының нәтижесі ЭКСПО-ны қайталайтыны анық. Елбасы Н.Назарбаевтың үміті мен жоспарының тас-талқаны шығады. Соңғы жылдары Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар», «Ұлы даланың жеті қыры» атты стратегиялық маңызы бар жобалары қабылданды. Бірінші «Рухани жаңғыру» бағдарламасына жауапты тұлғалар жоспарды орындағандарын айтып, рапорт берген шығар. Бірақ сол жобаның нәтижелері қазақтың санасына титімдей де өзгеріс енгізе алған жоқ. Егерде жобада көрсетілген мақсаттар толығымен орындалғанда, онда қазақ қоғамында игі өзгерістер орын алған болар еді. Ең басты руханиаттың негізі – дін саласында өзгерістер болуы керек еді. Біздің діндарлар қазақтың дәстүрлі дініне, Йасауи жолына, сопылыққа қарай бет бұруы қажет еді. Болмады. Мысалы, киелі жерлерді зерттеу жоспары қабылданды. Жарайды. Материалдар жиналды. Енді оны қалай пайдалануға болады және ол киелі жерлердің 90 пайызы Түркістанмен, Йасауи жолымен байланысып жатса? Пайдалану мүмкін бе? Жоқ! Себебі, Йасауи жолы мемлекетке қауіпті бағыт ретінде белгіленіп, мөр соғылып қойған. Бұл шешім өзгермейінше, қазақтың руханиатын қайта қалпына келтіру мақсатындағы кез-келген жоба өлі туылған сәби деп қарауымыз керек. Олай болмаған жағдайда Рухани жаңғыру бағдарламасы толығмен іске асқан болар еді. Облыстық әкімдік тарапынан музей экспозициясын қолдау таппай жатқандығы осы саясатпен байланысты екендігіне дау жоқ. Сондықтан Елбасы Н.Назарбаевтың Түркістанды жаңғырту, түркі дүниесінің рухани орталығына айналдыру бағытындағы жоспарының негізгі тетігі іске аспай қалады ма, - деген қауіп басым.  Олай болған жағдайда мемлекет тарапынан қабылданған стратегиялық маңызы бар өзге жобалар сияқты Түркістан жобасы да  нәтижесіз қалады. Жаңа салынған ғимараттарды келген туристер көрер, бірақ олардан рухани нәр ала алмасы анық. Ол кімге тиімді? Мәселе сонда!

Зікірия Жандарбек,

тарих ғылымдарының кандидаты, Йасауитанушы

Abai.kz

16 пікір