Жұма, 26 Сәуір 2024
Бұ не мазақ? 6513 15 пікір 13 Қазан, 2020 сағат 12:57

«Боратқа» бүйрегі бұратындар кімдер?

Мүмкін  мен қате ойлайтын шығармын, алайда Қазақстанның достарынан гөрі жаулары молырақ па деп қаламын. Оның үстіне «ішінде ит өліп жатқандарыны» қаншама?.. Елімізде мамыражай өмір сүріп жатқанымен, өздерін мұнда уақытша тұрып жатырмын деп ойлайтындар да жетерлік.

Мен бұл жерде анау әлеуметтік желілерде ашықтан-ашық көрініп жүрген нетүрлі шовинистер мен сепаратистер жайлы сөз қозғап отырған жоқпын. Ал егер Қазақстан жайлы ешбір ақылға қонбайтын, шылғи өтірікке құрылған даңғаза әңгіме шыға қалса, әлгіндей жандардың құдайы беріп қалады...

Өзгесін былай қойғанда бір кезде бүкіл елді шулатқан атақты «Борат» фильмінің өзі неге тұрады? Біздің елдің ғана емес, ешбір жердің тіршілігінде мүлдем кездеспейтін оқиғаларды тілге тиек етіп шығарған фильмнің оқиғасы дәл осы Қазақстанда өрбитін көрінеді. Мәселен, жылқының зәрін ішу қазақтың ұлттық тағамы болып есептелуі немесе кім-кімнің де туған қарындасымен жақындасуы қалыптасқан дәстүр болып саналуын ақыл-есі дұрыс, дені сау адамның тамашалауы мүмкін емес. Алайда бұл фильмсымақ Америка елінде ерекше «құрметке» ие болып, Саша Коэн деген еврей әртісіне қомақты табыс әкелді.

Енді міне, «өзін Қазақстаннан келген журналист Борат» деп таныстырған бұл фильм тағы да жалғасын тапқан көрінеді. Кезінде мұны қуана қарсы алып, «әй, бір күлкіге қарқ болдық қой» дейтін есерсоқтардың саны тағы да артқалы тұр. Жарайды, Америка халқына реніш жоқ. Олар өз елін бүкіл жердің кіндігі санайды. Сондықтан бөтен елдерді білейін дейтін бұларда ниет те, ынта да жоқ. Сондықтан да география дегеннен мүлдем хабарсыз. Оларға «станмен» аяқталатын елдердің барлығы бірдей көрінеді. Қазақстанды Ауғанстаннан немесе Түркіменстаннан ажырата алмайды. Ұлы америкалық шовинизм бұлардың қанына сіңіп кеткен. Қарапайым америкалық түгілі, кей-кейде олардың президентінің өзі елдерді үнемі шатастырып алатындығын көргенде, ештеңеге таң қалуға болмайды екен.

Алғашқы «Боратқа» қарсы болған елжандыларымыз аз болған жоқ. Алайда оларды: «Бұл жай ғана комедия ғой. Көреді де, күледі де қояды» деп жұбатты. Оны айтасыз, біздегі кейбір білгіштер: «Ойбай, бұл фильм Қазақстан үшін жақсы жарнама жасады. Елге келетін туристер көбейді. Сөйтіп қомақты табыс түсті», деп бөркін аспанға атып жүргендер де табылды. Сонда қалай, «Бұл ел шынымен дүниедеге әбден азған елдің бірі ме екен, соны көрейік» деп келгенге қуанымыз керек пе? Әдетте, туристер анау Франциядағы Эйфель мұнарасын көруге немесе мынау Қытайдағы Ұлы қорғанды,  болмаса Италиядағы құлауға айналған атақты мұнараны қызықтауға барады емес пе? «Бір қызыққа батайық» деп келген әуес жандарды (оларды туристер деп атауға ауыз бармайды) «Ойбай, біз ондай емеспіз. Біз мұндаймыз. Біз кереметпіз» деп қайта-қайта ақталып, ақша тапқандығымыздың өзі күлкілі емес пе?

Алайда, бұл жолғы «Борат» бұрынғысынан да асып түсетін түрі бар. Оның шығатындығын естіген бойда алақандарын шапалақтап, әкелері тіріліп келгендей қуанатындар жетерлік көрінеді. Мұны әлеуметтік желіден анық көруге болады. Бұл желі негізінен орыстілді екендігін ескерсек, бұған таң қалуға да болмас. Бәрінің «Боратты» ақтаудағы айтатындары «Боратты» қайтеміз, ең әуелі еліміздегі келеңсіздіктерді жойып алайық» деген сасық қулыққа келіп тіреледі. Солардың бірі  Артем Дерягин деген «ақылман» блогер өз аккауынтында: «Қазақстандықтарды жаппай жемқорлық, жолдағы адам өлімдері, денсаулық сақтау саласының сапасыздығы мен қымбаттап кеткен білім беру саласы еш алаңдатпайды. Оларды ызаландыратын «Борат» фильмі» ғана», деп таза хайп жасайды.

Бір қызығы, мұндайларды Қостанайда шығатын «Наша газета» деген басылым қуана-қуана басады. Бұл басылым мұнымен де тоқтамай, сонау Алматыда тұратын Ержан Есимханов дегеннің «Борат» және Қазақстан жайлы» атты «пәлсапаға» толы сала-құлаш мақаласын тағы да басады. Айтатыны, сол баяғы еліміздегі кез-келген газеттердің ашық жазып жатқан тақырыбы. Әсіресе жақында ғана Түркістан облысындағы өз баласын сабаған әке жайлы ғаламшарды жайлаған хабар автордың ойына тап келіпті. Одан әрі автор сол баяғы еліміздегің жан-жануарларды қинап өлтіру, көбейіп кеткен балалар өлімі бізді ерекше алаңдатуы керек деген ойды айтады. Біз мұны, әрине, теріс дей алмаймыз. Біздің қосылмайтынымыз автордың егер шетелде әлдекім сол Борат жайлы айтқанда «Жоқ, қазіргі Қазақстан мұндай емес» деп айта аласыз ба?» деген құйтырқы сұрағы. Сөйте тұра оған өзі: «Ал нақты Қазақстанда жағдай мұнан да қиын» деп түйіндейді. Демек, бұл автордың, сондай-ақ осы Ержан секілділердің шашбауын көтеретіндердің ойынша «Боратқа» ренжімеуіміз керек екен. Қайта оған үлкен рахмет айтуымыз қажет секілді. «Еуропаға жақсы атты көрінеміз, сөйтіп өркениеттің төріне көтерлеміз» деп, қазақ халқының музыка мәдениетіне үш қайнаса да сорпасы  қосылмайтын «Битлз» дегенге де ескерткіш орнаттық қой. Несі бар, «Боратқа» да кезек келіп қалар... Бораттың өзгелерді көрмей, тек қана біздің елді таңдап алуының астарында да осындай біздің даңғойлығымыз, мәселенің парқына бармастан, не болса, соған еліктеп-солықтауымыз, Батыстан келген дүниенің бәрін де ақылға салып, сараптап алмастан, жаппай қабылдай беруіміз секілді кезінде Абай хәкім айтып кеткен кемшіліктерден арыла алмауымыз секілді жаман қасиеттерміз бар шығар.

Алайда Борат түгілі, атағы әлемге әйгілі қандай адам болса да өзге елде кездеспейтін дүниені күлкі мен әжуаға айналдырып, еліміздің намысына тиюіне ешбір моральдық құқы жоқ. Мұны түсінбесе, тек Қазақстанды отаным деп есептемейтін, мұнда уақытша тұрып жатқан мәңгүрттер ғана түсінбейді.

Бір қуаныштысы, Борат секілді өз атын шығарып, тек байып қалуды көздеп, басты құралын «жаптым жала, жақтым күй» деген әдіске айналдырған қарау жандардан өз елін арашалайтын саналы азаматтар да жетерлік көрінеді. Мәселен, сонау Ұлыбританияда тұратын, сол елдің азаматы, қазақтың қызы Лола Асқарова «Борат-2» фильмін көрсетуді тоқтату туралы ғаламторға арнайы петиция салды.

«Коэн мырза, Қазақстанды, біздегі аса бай мәдени мұрамызды әдейі бұрмалап сорақы стереотипке айналдырып отыр. Бүкіл актерлер құрамында бірде-бір қазақ жоқ. Ал енді осы Коэн қытайларды, қара нәсілдерді, жергілікті американдықтарды, еврейлерді мазақ етіп көрсінші. Қандай халықаралық резонанс туар еді. Одан жұрттың бәрі теріс айналып, кинокомпаниялар да басын ала қашар еді. Ендеше, ол қазақ халқын нәсілшілдік тұрғыдан көрсетуін тоқтатып, бүкіл қазақ елінен кешірім сұрауы керек», деп шыр-пыр болып жатыр. Неге өйтпесін, өзгесі түгілі осы Американың өзінде осындағы Қазақстаннан асырап алған балалардың өзі таза мазақ пен келекеге айналып, қатты қудалауға ұшырап отыр. Бұл туралы елімізге белгілі карикатурист-суретші Ерден Зікібай қынжыла айтады. Оның пікірінше, ойдан шығарылған қазақ туралы бұл фильм шетелдегі қазақтарды кемсітудің ықпалды құралына айналып отыр.

Бір жақсысы, Қазақстанда бұл петиция қызу қолдау тапты. Оған қазірдің өзінде 100 мыңнан астам адам қол қойды.

Ал Америкада тұратын, сол жерде «үздік полицей» атағын алған жерлесіміз Димаш Ниязов бұл оқиғадан сырт қала алмаған екен. «Мен бұл фильмді көргенмін. Мүлде ұнаған жоқ. Ал көп адамдардың оған сенуі менің ашу-ызамды келтіретін», деп ағынан жарылды. Енді ол «Борат-2» фильміне қарсы бейбіт митинг өткізбек. Оның бұл бастамасын Америкада тұрып жатқан қазақстандықтар түгел қолдап отыр. «Керек болса, мен Дональд Трампқа да хат жазамын. Сөйтіп, осындағы қазақтардың атынан петиция жасаймын», дейді ол.

Уроженец Казахстана получил награду "Герой Мира" | Inbusiness

Оны сол жақта тұратын журналист Данияр Қожан мен бұрынғы тараздық, қазіргі американдық қазақтың қызы Анар Әбдіманапқызы секілді елімізге «қара пиар» жасайтын, осынау сайқымазақ фильмге қарсылар толық қолдап отыр.

Алайда бізді мазалайтын бір ғана сұрақ. Қазір еш кемшілігі жоқ, барлық проблемалардан ада елді бүкіл әлемнен кездестіру қиын, тіпті, жоқ та шығар. Алайда, әлгі Коэн деген еврейдің тек Қазақстанды ғана таңдағанынын немен түсіндіруге болады? Оның астарында қандай саясат жатыр?

Жайберген Болатов

Abai.kz

15 пікір