Сенбі, 18 Мамыр 2024
2313 0 пікір 12 Қазан, 2020 сағат 11:28

89-шы театр маусымы ашылды

90 жылға жуықтаған терең тамырлы тарихы, толғақты тағдыры бар С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры  әлемді жайлаған қатерлі індетке қатысты алты айлық үзілістен кейін 8 қазан күні көрерменімен қайта қауышады. Арқаның ақсарайы атанған қарашаңырақ өзінің 89-шы маусымын Т.Ибрагимов пен М.Әбілдің «Жас Абай» спектаклімен ашады.

Дана Абайдың биылғы 175 жылдық мерейтойына орай сахналанған бұл пьесаға ұлы жазушы М.Әуезовтың  «Абай жолы» романының бірінші томындағы оқиғалар арқау болған.  Сағынышқа толы жүрекпен оқудан қайтып келген кезде естіген әкенің қатал үкімі,жақын жандардың жанына жара салған іс-әрекеттері Абайды ерте есейтеді.Бала Абайдың дана Абайға айналуы...

Сәкен театрының жаңа қойылымы көрермен көңіліне ой салар көркемдік шешімдерге толы. Абай рөлінде театрдың жас актерлері А.Жұмамұратов пен А.Амантай. Құнанбай рөлінде артистер Б.Киекбаев пен М.Қойшығарин.

Спектакльді қойған режиссері ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Н.Жұманиязов, қоюшы-суретшісі ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Е.Тұяқов.

Биылғы жылдың тағы бір мерейтойы Отырарда туып, күллі әлемге танылған ұлы ойшыл, философ ғалым Әбу Насыр Әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толуы, осы ретте Сәкен театрында Жолтай Әлмашұлының «Ғұлама ғұмыр» пьесасы дайындалып жатыр. Пьеса ежелгі грек ойшылдары Аристотель мен Сократтың, Платонның философиялық ілімін жалғастырушы Әл-Фарабидің өнегелі өмірі мен  ғалым ретінде қалыптасу жолына арналған.  Спектакльді сахналау үшін Ш. Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, қазақ театр өнеріндегі актерлік мектеп пен режиссура саласына елеулі еңбек сіңірген режиссер Қуандық Қасымов шақырылған болатын.  Қуандық Құлмамырұлы бұған дейін де Сәкен театрында бірнеше спектакль қойған.  Ол өзіндік қолтаңбасы мен режиссерлік  тың шешімдерімен, актердің барлық қырын аша алатын, кез келген қойылым тақырыбын бүгінгі күнмен орайластыра білетін режиссер. Қоюшы-суретшісі ҚР мәдениет қайраткері Қалтөре Жұмақұлов.

Қымбатты театр сүйер қауым, «Ғұлама ғұмыр» спектаклінің премьерасын қазан айының 23-24-і күндері театр сахнасынан тамашалай аласыздар.

Қазан айынан бастап театрдың бай да мазмұнды репертуарынан трагедиялық, комедиялық және тарихи жанрдағы түрлі жаңа қойылымдар да көрермен назарына ұсынылады. Соңғы уақыттары сахнаға даярланған жаңа спектакльдер қатарында ұлттық классика және тарихи туындылармен қатар әлем драматургтерінің қаламынан туған шығармалар да соны режиссерлік шешімдермен, қоюшы-суретшілердің ой-қиялынан туған сахналық безендірулермен көрерменін өзіне тартады.

Сәкен театрының шығармашылық ұжымы заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Театр адамның ішкі жан-дүниесіне әсер етіп, біздің адами қалпымызды тәрбиелейді» деп берген жоғары бағасына сай қалың көрерменіне қызмет ету үшін тың күш, соны серпіліспен 90 жылдық мерейтой алдындағы маусымын бастап отыр. Театрды сағынған көрермендерін театр да сағынды, ендеше театрдан табыласыздар ғой деген үміттеміз.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2136
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2542
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2306
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1649