Жұма, 17 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2956 0 пікір 9 Қаңтар, 2012 сағат 05:15

Бейбіт Қойшыбаев. Мен Қонаевпен қалай кездестім?

Туғанына 100 жыл толып отырған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың күллі халық сүйіспеншілігіне бөленген аса көрнекті мемлекет қайраткері  екені белгілі. Ол кешегі Кеңес Одағының құрамында болған туған еліміздің тізгінін ширек ғасыр бойы ұстаған, Қазақстанның командалық экономикасын мүмкін болған шегіне дейін өркендеткен қайраткер. Қуаты жағынан елімізді әр он жылда бір индустриялы Қазақстан салынатындай дәрежеге жеткізді. Үш мәрте Еңбек Ері атанды.

Бұл кісіні  тікелей білгендер көп. Жылы естелік айтқандар да, айтатындар да аз емес. Менің де Димекеңмен жүзбе-жүз кездесіп тілдескенім бар, содан азын-аулақ түйгенім бар.   Осы орайда  бірер сөз айтпақпын. Маған ол кісінің алдына өмірімнің бір қиын сәтінде баруға тура келген-ді. Өйткені мен Оның, билігі шексіз КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросы Мүшесінің, менің тағдырыма байланысты қабылдаған тұңғыш шешімін артынша өзгертіп жібергеніне куә болған едім. Осынша биік лауазымды адамды алғашқы пікірінен айнытатын ықпалды  күштер бар деп кім ойлаған? Таңырқағанмын, қапаланғанмын. Сол себепті тікелей Өзінің қабылдауына кіруге тырысқанмын. Едәуір азапты баспалдақтан өткен соң барып кездесудің сәті түскен.

Саяси қате: журнал  ай аттарын қазақша жазды...

Туғанына 100 жыл толып отырған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың күллі халық сүйіспеншілігіне бөленген аса көрнекті мемлекет қайраткері  екені белгілі. Ол кешегі Кеңес Одағының құрамында болған туған еліміздің тізгінін ширек ғасыр бойы ұстаған, Қазақстанның командалық экономикасын мүмкін болған шегіне дейін өркендеткен қайраткер. Қуаты жағынан елімізді әр он жылда бір индустриялы Қазақстан салынатындай дәрежеге жеткізді. Үш мәрте Еңбек Ері атанды.

Бұл кісіні  тікелей білгендер көп. Жылы естелік айтқандар да, айтатындар да аз емес. Менің де Димекеңмен жүзбе-жүз кездесіп тілдескенім бар, содан азын-аулақ түйгенім бар.   Осы орайда  бірер сөз айтпақпын. Маған ол кісінің алдына өмірімнің бір қиын сәтінде баруға тура келген-ді. Өйткені мен Оның, билігі шексіз КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросы Мүшесінің, менің тағдырыма байланысты қабылдаған тұңғыш шешімін артынша өзгертіп жібергеніне куә болған едім. Осынша биік лауазымды адамды алғашқы пікірінен айнытатын ықпалды  күштер бар деп кім ойлаған? Таңырқағанмын, қапаланғанмын. Сол себепті тікелей Өзінің қабылдауына кіруге тырысқанмын. Едәуір азапты баспалдақтан өткен соң барып кездесудің сәті түскен.

Саяси қате: журнал  ай аттарын қазақша жазды...

Мен үшін тағдырлы іс болғанмен, ол кісі отырған тақ биігімен салыстыра қарағанда, мен іздеген әділдікті  қалпына келтіру - Ол үшін түкке тұрмайтын, болмашы ғана нәрсе еді.

Қысқаша айтып өтейін. Басынан бастаған дұрыс болар. 1980-1983 жылдары мен «Білім және еңбек»   (қазіргі «Зерде») журналының бас редакторы қызметін атқарғанмын-ды. Басылым орталық комсомол комитетінің жастарға арналған ғылыми-көпшілік журналы болатын. Сол ғылыми сипатын арқа тұтып, басқа басылымдар бара бермейтін еркіндіктер жасайтын едік. Өткір де   өзекті жәйттерді көтеретінбіз. Бірақ бәрі де саясат шеңберінде ғана жүргізілетін.

Кейде, саясатшыларымызға да ой салатынбыз. Мәселен, Қазақстанның Ресейге қосылғанының 250 жылдығын атап өтуге «Білім және еңбек» журналы  мұрындық болды. Біз сонау дата қарсаңында  арнайы конкурс жариялап, екі жыл бойы жүргіздік. Жалпы сол «мүшелжасқа»  назар аударуда журналдың өзіндік мақсаты болғанын атап айту ләзім.  Ол - өткен тарихымызға көз салудың әдісі еді. Соның желеуімен ұлттық тарихымыздағы сол кездерде айтылуы құпталмайтын маңызды кезеңдерден «ақтаңдақтарды»  ашатын  мақалалар бердік. Әбілқайыр хан, Абылай хан сынды мемлекет қайраткерлерін, қазақ ішінде беделі зор болған басқа да адамдарды «тірілттік». Мәскеудегі «Техника - молодежи»  журналының 1981 жылғы оныншы санын, Ресейге қосылудың 250 жылдығы ұранымен, түгелдей Қазақстанға арнаттық. Ешкім ешқашан мойындамаса да, партиялық-үкіметтік биліктің сол датаны 1982 жылдың екінші  жартысында ғана, іс жүзінде, айтылған оқиғаның 251-ші жылында ғана кең көлемде ресми атап өткенінен - сол саяси шараны жоспарлауға біздің журналдың ықпал еткенін шамаладық.

Жарияланымдарымыздың бірқатарын орталық комсомол комитеті арнайы  жүлделерімен атап өтті. «Келешек келбеті»  атты конкурсымыз, оған түскен   жұмыстар негізінде тұрақты жұмыс істейтін ғылыми-фантастикалық жанрдағы көркемөнер туындылары көрмесін ашуымыз, т.т. бастамаларымыздың оқырмандар көңілінен шыққанын көрдік.

Біздің басылым ел ризашылығына бөленіп жүрді. Алайда журналдың «өз бетін»  тауып, беделі арта түскенде-ақ, кейбіреулер теріс айнала бастады. Іштарлық, көре алмаушылық қысқан  қатардағы ағайындар арасында түрлі зиянын  тигізуді көздейтін пендешілік деген бола береді ғой, тек сондайлардың бетін қайтарып тастаудың орнына, қайта, тыңдап, қолдау жасайтындары, өкінішке қарай, біздің  кей басшыларымыздың өте бір  нашар қасиеттерінің бірі еді ғой.

Әуелі орталық партия комитетіндегі бас идеологтың сыртымыздан айтқан ескертпесі естілген. «Білім және енбек»  журналының жападан-жалғыз, бүйректен сирақ  шығарып, ай атын қазақша жазатыны саяси қате көрінеді... Бұл кездегі идеология хатшысы өзіміз білетін, қадірлейтін, белгілі журналист, жазушы Кәкімжан Қазыбаев еді. Қаламгер ретінде әріптесіміз деп өзімізге бір табан жақын қарайтын кісінің тарапынан (ол шақта ұлт мүддесіне азды-көпті қызмет етуді жазушының түсініп-ойламауы мүмкін  еместей көрінетін)  ай аттарының қазақы атаумен берілуіне қарсы ондай сөз шығуы оғаш естілді. Қисынсыз-ақ. Қайтерсің, хатшылық лауазымы міндеттеді ме екен...

Тікелей өзімізге айтылмаған соң, іштей әрі таңырқап, әрі күлгенбіз де қойғанбыз. Ғылыми-көпшілік журнал  үшін оның еш  сөкеттігі жоқтығына сенімді едік. Кеңес өкіметінің жетпіс төрт жылдық ғұмырында, орнығуы мен дамуының әр кезеңіне сәйкес, алуан сипатты зиялылардың қалыптасқаны белгілі. Қызметкерлердің  белгілі бір типтері партия, комсомол жүйелерінде шыңдалды. Бастапқыда идеяға адалдық пен ортақ іс мүддесі есіл-дертін жаулаған, ақыл-парасат, әрекет тұрғыларынан мұнтаздай чиновниктер қатары құралды. Кейінірек - міндетіне      мұқият қарайтын, оны мүлтіксіз атқарғанша тыным таппайтын, өзгелермен бәсекелесе, қызыға да қызғана, жанталаса орындайтын чиновниктер тобы туды, олар - нұсқау үдесінен шығуға басын беретін атқарушылар еді, жүйені де солар нығайтты. Бертінде, тоқырау деп таңбаланған жылдарда - жаңа тұрпатты жетекшілер шықты, бізді солар басқаратын. Олар  үшін идеяға адалдық емес, жеке басқа берілу маңыздырақ еді. Соны келістіре пайдалана алатындар табылды.

Басты мәселе хандар мен бақсылық туралы материалдан басталды

Жоғарыда айтқан хабардан бірнеше ай өткеннен кейін, бақсылық жайындағы бір материалымызды әлдебір «жанашырдың»  мұқият, астын сызып оқып, орталық комсомол комитетіне тапсырғаны туралы хабар дүңк ете түсті. Көрінбейтін «қырағы  большевик»  біздің жетекшілеріміздің көзін ашыпты. Журналдың «діндарлықты дәріптеуге» жол берген мақалаларына жүргізген «саяси»  талдауына тәнті болған комсомол бастықтарымызға ол едәуір азық болды. Бұл олардың араға бірер ай салып бюроға әзірлеген анықтамасында журнал «...шамандарды мақтап аспанға көтереді. Мақаланың жартысын белгісіз автордың Қойлыбай шаманға арнаған ОДАСЫ алып жатыр...» деген қорытпаларын жазуға негіз болды.

Анықтамадан, әрине, басқа да «айыптар» орын алды. «Білім және еңбек» ғылыми мекемелердің теориялық жаршысы рөлінде көрінеді» деп келетін дәйексіз, шындыққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын жалалары одан әрі журнал «өзінің беттерін біліксіз авторларға жөні жоқ жиі береді», «қазақ феодалдары мен хандары туралы материалдар жарияланған. Журнал оларды прогресшіл қайраткерлер деп жария етті», «патша армиясының поручиктері мен полковниктері, есаулдары мен сотниктері ұлт батырларына айналды», «демограф М.Тәтімовтің ел халқының өсу проблемалары хақында еркін де күдікті пайымдарымен жастардың интернационалдық тәрбиесі принциптеріне қайшы келетін қорытындылар жасаған біржақты материалы әдейі  жарияланған», «Р.Бектібаевтың «Жұмбақ жігіт» деген фантастикалық әңгімесінде автор біздің өмірімізде ұшырасатын жекелеген келеңсіз фактілерді жөнсіз көтеріп, асыра көрсетеді» делінген түйіндермен жалғасып жатты...

Сондағы біздің саясатшылданған бастықтарымыздың  ойынша, бақсылық туралы жазу арқылы - біз оны насихаттаппыз, діни соқыр сенімді дәріптеппіз, коммунизм ісіне «идеялық залал» келтіріппіз (мұндай «идеялық тазалық» ұранын жалаулатқандар  сол кездегі орталық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Серік Әбдірахманов, насихат бөлімінің меңгерушісі Махмұт Қасымбеков, баспасөз секторының меңгерушісі Жүнісбек Сұлтанмұратов еді, кейін ондай бағаны орталық партия комитетіндегі бас идеолог Кәкімжан Қазыбаевтың да аузынан   естідік). Ол аздай, бақсылықтың бір кезде халық арасында кең орын алғанын көрсетеміз деп берген өлеңіміз, «атын көрсетпей қанша жасырмақ болсақ та», кәдімгі «халық жауы»  Мағжан Жұмабаевтікі екен  (өйткені оны бір білгір біліп қойып, сыбыр   етіпті; «тексер деп тапсырғандықтан», еш кітап қоймасында жоқ, қолдан қолға өтіп жүрген  әлдебір қолжазбамен «салыстырып, растап бергенін» айтып, кейіннен бізге әлгі білімпаздың өзі маған «ағынан жарылған-ды»).

Біз мақаланы басуға ғылыми кепілдеме  берген Әлкей Марғұлан ақсақалдың кеңесімен, Қойлыбай бақсы туралы халық жырын іздеп, кітап палатасынан тауып алғанбыз.  Мағжан Жұмабаев сол жыр енген кітаптың - бүгінде кеңінен әйгілі Әбубәкір Диваевтың «Тарту»  жинағының құрастырушы болатын.  Бірақ бастықтарымыз мұндай дәйекті қабыл етпеді.

Мен «халық жауын» жазықсыз етіп көрсетпек оймен «ТуркВО-ның әлдебір қағазын»  әкеп көрсеткенде (1960 жылы ақталғандығы туралы Түркістан әскери округінің құзырлы орнынан алынған анықтаманы апарып тапсырғанбыз), идеяға «адал» комсомол-коммунист «әрине, оған қарамай қойды». Өйткені «бұл алашордынец біздің партия үшін ешқашан ақталмайды». Осындай сөздермен өрнектеген  «идеяшыл»  көзқарасын біздің комсомол бастығымыз бюро деп аталатын спектаклінде ресми жария   еткен-ді.

Онда ол   журналды  айыптауын  кеңейтіп, Қазақстанның Ресейге қосылуының 250 жылдығы ұранымен хандарды «дәріптегенімді»  бетке басты. Хандар туралы мақалалардың  таптық көзқарас тұрғысынан жазылғанын атап айтқанымызбен, бірқатар материалдың кезінде орталық комсомол комитетінің сыйлықтарына ие болғанын да еске салғанымызбен, есептелмеді, өйткені ескі заманның   басшыларын оқырмандарға суретімен көрсетудің өзі, оның ойынша, «идеялық дұшпанды» насихаттау екен.

Сосын одан да асып, «бұл журналға сенсең,    шаманизм дегенің - материализмнің өзі болып шығатынын» жария етті. Мұны   ол біздің   арнайы   ғылыми   әдебиетті әкеп көрсетіп, шамандықта стихиялық материализмнің шынымен бар екенін дәлелдегенімізге қарамастан, өте пәрменді деп тапқан болу керек, бюрода да ірі саяси  қате ретінде айтты, ол   аздай, пленумдағы баяндамасына да қосты.

Жалпы, «бейсаяси тірлігімізді» «әшкерелеп», тұқырта түсу мақсатымен, журналдың шет елдегі тиражының өскені - советке қарсы дұшпандардың оған деген «залалды қызығушылықты» танытатынын, т.т. с.с. «өрескел кемшіліктерді»  тізбеледі.

Орнымнан босатып тынды. Мен онысын әділетсіз шешім деп ұқтым. Димекеңе сол орайда баруға тура келген.

Бас иедолог және академик Камалов

Бірінші көмекшісі Дүйсетай Бекежанов маңайлатпады. Аты-жөніңді атағаннан-ақ трубканы тастай салады, не керек, сөз ұқпайтын автомат секілді   әсер   қалдырды. Шарасыздықтан, екіншісіне - Владислав Владимировке хабарластым. Ал ол мән-жайды сұрастырып, адамша сөйлесті. Үлкен кісіге өзімді кіргізу мүмкіндігінің   қазір    болмай тұрғанын, дегенмен, жазбаша өтінішімді жеткізіп беруге болатынын айтты.

Содан көңілге    үміт  ұялады.

Өтінішіме Димекеңнің тиісті бұрыштама түсіріп берген тапсырмасына орай, насихат бөлімі қойған мәселелер бойынша комсомол бюросы  журнал материалдарын зерттеп-тексерумен шұғылданды. Ұзамай тиісті анықтама Димекеңе ұсынылды. Ол кісі мені қызметіне кайтаруға болады деп шешіп,   орындауды бас идеологқа - өзімізбен әріптес қаламгер  Кәкімжан ағаға   жүктейтін резолюция жазды. Бұл  жайында маған   ең бірінші болып сол    кездегі насихат  бөлімінің  нұсқаушысы, белгілі журналист Ризабек Әдуов айтқан еді.

Бас идеолог іссапарда екен, маған оның оралуын тоса беру қалды. Содан сарғайып ұзақ тосуға тура келді. Ол кісі әлдеқайдан Алматыға қайтып, жұмысына кіріскеннен кейін де талай күн өтті...

Ақыры Кәкеңнің қабылдауына кірдім. Комсомол таққан айыптардың жосықсыздығын дәлелдеп жатырмын. Мағжанға байланысты КОКП Орталық Комитетіне өтініш беруге мәжбүр болғанмын, оны да айттым. Не деп жазғанымды сұрады, мен мәтін көшірмесін көрсеттім. Ол оқып шықты. Сосын  орындығында айналып отырып, менің бұл хатпен өз жағдайымды одан сайын ауырлатып отырғанымды хабарлады.

Мен қайран қалдым. Шамасы, үлкен кісінің резолюциясы түскен қағаз оған әлі жетпеген-ау деп ойладым.

Кәкеңнің «күте тұр, хабарын берерміз» деген шығарып салма сөзін ғана малданып, екіұдай көңілмен кабинетінен шықтым.

Бірақ «күте тұру» тағы да ұзаққа созылып кетті...

Әрең  дегенде, күндерде бір күн, көптен күткен хабар келді. Тек,   көңілдегім емес. Қалай екенін, мұны ішім бірден сезді. Әйтеуір, Үлкен үйге  шақырылдым. Үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Георгий Шестаков қабылдайтын болыпты.

Үстелді айнала толып, бөлімнің жауапты қызметкерлері, Мәскеуден менің апелляцияма байланысты келген комсомол-нұсқаушы да отыр. (Ол менің дәйектерімнің бәрін түсініп қабылдаған-тын. Алайда, тексеруі біткеннен кейін  менімен  қайтып кездеспеген еді).

Жеткілікті дәрежеде ұзақ уақыт бойы менің мәселемнің ақ-қарасын талқылаумен болдық. Дәлелдерімнің ешқайсысын ешкім бекерге шығара алмады. Дегенмен, айтылған мәселелерге қайта  айналып соғып,   әр нәрсені бір шұқылап сұрай берді.

Ақыры мен шыдамай, сауалды Шестаковқа төтесінен қойдым: айтсыншы осы жауапты кісі, әлдеқашан дәлелденген жәйттерді неменеге осынша оралып езгілей береміз? Менің мына сұрағыма бұлтақсыз жауап беріңіздерші:   Саяси Бюро мүшесінің резолюциясын неге орындамайсыздар?

Маған Шестаков сәл абдырап калғандай көрінді. Күлді. Сосын, осы отырғандар сол үшін жиналып, менімен сөйлесуде ғой деді. Тек білгісі  келетіні: бас редакторлық қызметіме қайтып барғанда, Әбдірахмановпен бірге  мен енді жарасымды қызмет істей алар ма екенмін? Мен болған жәйтті    еске алмастан, ешқандай шамданбастан, өзімнің тиісті міндетімді  атқара беретінімді айттым.

Бөлім меңгерушісі қанағаттанған сықылданды. Жақсы, онда осылай деп басшылыққа баяндалатын болады... Түсіністікпен қоштастық.

Алайда тым-тырыс боп апта артынан апта өте берді.

Не керек, тағы да Кәкеңнің  қабылдауына кірдім. Ол бұл жолы менімен мүлдем сыздап сөйлесті.

Менің «ұлттар достығына сызат түсіргенімді»  мәлім етті. КОКП Орталық Комитетінен тура бүгін сондай ұйғарым түсіпті. Өйткені журналдың демография  жөнінде басқан (содан  алты-жеті ай бұрынғы!)  материалына байланысты Қарақалпақстандағы академия бөлімшесінің бастығы Камаловтан Мәскеуге шағым жолданыпты...

Мен ондай арызданудың қолдан жала жауып, кір жағушылықтың тап өзі екенін айттым.

Сол күні  Нөкіске - академик Камаловқа телефон соғып, пікірін неге жарты  жылдан кейін бір-ақ білдіргенін және неліктен наразылығын Қазақстанның Орталық партия  Комитетіне немесе редакцияның өзіне жолдамағанын сұрадым. Ол журналдың Нөкіске өте кеш келгенін, ал Мәскеуге жазғаны - өздері шешсін  дегені екенін айтты. Әйткенмен,  Кәкеңе арызды «қолдан  ұйымдастырылды»  дегенімде  аса қателеспедім білем  - содан он шақты күн өткен соң теледидар Камаловтың  Алматыға келгенін, оны әуежайда Кәкеңнің   қарсы алып   тұрған сәтін көрсетіп жатты...

Әңгімеміз жараспады. Мен одан  әрі шыдай алмай, Саяси Бюро мүшесі Димаш Ахметұлының мені қызмет орныма қайтару жөніндегі шешімін Кәкеңнің неге орындамай   отырғанын сұрадым.

Бас идеологым қабағын түйді. Саған кім айтты ондай шешім болғанын деп зілденді. Бірінші қабылханамен, бөліммен ұдайы байланысып тұрған, соңғы рет бөлім меңгерушісіне бөлмесіндегі  жиналыс үстінде тікелей сол сауалды қойған мен оның бұл зілденісіне түсінбейтінімді айттым.

Ол маған: «Отыз жетінші жыл болса - әлдеқашан құрып кетер едің»  деді. Сосын  Саяси Бюро мүшесінің шешімі қате болғанын, мұнысын  оның  өзіне дәлелдегенін айтты. Маған енді бұл үйге (Орталық Комитетке) келуді тоқтатуым    керек екенін ескертті. Ешқандай да түсірілген орнына қайтып апару деген болмайды. Үмітіңді  үз. Арыздануыңды тый...

Өкінішті, бірақ зиялылар арасында құрметпен аталатын жақсы қаламгер  ағамыздың лауазымды қызметте отырған кезінде маған көрсеткен «көмегі» осындай болған еді.

Осылай, мәселемнің оң шешімін табуы ықтимал барша баспалдақтан
өткендіктен, мен Үлкен кісінің өзіне кіруге мүмкіндік алдым.

Тақ биігінен жәрдем тигізуді ар санамаған патша

Белгіленген уақыттан   бес-он  минут ертерек, Біріншінің қабылдау бөлмесіне келдім. Шағын ғана жай   екен. Димекеңнің есігінің үстіне үлкен дөңгелек сағат ілініп қойылыпты. Көп жиһаз жоқ, қарапайым кеңсе сияқтанды. Іштен жазушы Сәтімжан Санбаев шықты. Кезекші жігіт маған кіре беріңіз деді.

Кірдім. Үстелінен бері шығып түрегеп тұр екен. Қасында Владимиров. Қолын беріп амандасты. Жүзі жылы көрінді. Отырдық. Мені осынша сергелдеңге түсірген мәселе жайында өзімше дәлел-дәйек келтіріп айтқандарымды ықыласпен тыңдады. Мен, әрі-беріден соң, Кәкеңнің маған таққан  қисынсыз айыптарын тізбеледім. Партияның идеологиялық басшысының аузынан, осы үлкен үйден шығуы мүмкін емес деп санайтын сөздерді, алыс та қасіретті 37-жылмен ұштастырған оғаш сөздерді естимін деп еш күтпегеніме дейін  айттым.

Кеңпейілділікпен, асқан парасат көрсетіп тыңдады. Әлсін-әлсін, бас идеолог хақындағы менің наразылық сөздерімді құптап: «Да, переборщил, переборщил», - деп отырды. Қабылдауының қорытындысында маған өкпемді ұмыт («проглоти») деп кеңес берді. Менің қызметім төңірегінде біршама қоғамдық пікір туып қалғанын, сондықтан, қазір ол қызметке қайтармай-ақ, басқа  жұмысқа орналастыратынын, ал жарты жылдан соң бұл мәселеге қайта оралатынын айтты.

Димаш Ахметұлының тиісті тапсырмасы берілген соң, «Социалистік Қазақстан»  газетінің сол кездегі бас редакторы Балғабек Қыдырбекұлына бардым. Ол кісі маған әуелде жылы қабақ танытпады. Өзімнің бұрынғы қызметімде «саяси қате жібергендіктен», маған енді партиялық газеттің ауыл шаруашылығы бөлімінде қатардағы тілші ретінде ғана жұмыс істеуіме болатынын айтты. Мен таңырқадым. Ұсынысына келісе алмай, сыпайылап:  Балғабек аға, Саяси Бюро мүшесі мені мұнда «саяси қателігім»  үшін тілші бол деп жұмсамаса керек-ті дедім. Бәкең «ендеше білмеймін» дегендей, басын   шайқап, қолын жайды.

Мен сол күні Владимировті  болған әңгімеден хабардар еттім. Ол маған ертеңіне телефон соғып, шұғыл түрде қайтадан редакцияға баруды табыстады.

Тездетіп жеттім. Қабылдау бөлмесіндегі қыз лездеме өтіп жатқанын айтты. Тосып отырдым. Әлден уақытта іштен редакция қызметкерлері шыға    бастады. Кейбір таныс жігіттер мені құптағандай, қолымды айрықша сілки қысып, амандасып өтіп жатты. Бәкең  де өткен  жолғыдай емес, жақсы қарсы алды...

Кейін естідім, лездеме үстінде Орталық Комитеттен телефон шалынып, оны Біріншімен байланыстырыпты. Сонда Димекең бұ кісіге тікелей біраз қатты сөз айтса керек. Мені алғашқы жіберген лауазымына - әдебиет, өнер, мәдениет бөлімінің меңгерушісі қызметіне алуға мәжбүр еткен екен. Сол әңгімеге редакцияның күллі шығармашылық ұжымы куә болыпты.

Бұл 1983 жылдың көктемі еді. Содан бері отыз  жылға тарта  уақыт өтсе де, Дінмұхамед Ахметұлының мейір төккен парасатты бейнесі әлі көз алдымда. Ол  менің сыбайлас бюрократтарды жеңіп, әділдікке қол жеткізуіме шешуші көмегі тиген қайраткер ретінде есімде қалды. Мен оны жазықсыз жапа шеккен төмендегі қызметкерге тақ биігінен жәрдем тигізуді ар санамаған патша     ретінде    қадір тұтамын.

Сағат айтқан сыр

Сол қиын шақтарда Сағат Әшімбаев маған мынандай бір достық сыр айтып жағасын ұстаған еді: ол бірер белгілі ағаларымызға барып, менің функционерлерден көрген қысастығыма ара түсу керек емес пе дегендей әңгіме қозғаған екен. Сонда әлгі зиялылар білек сыбанып қорғауға, ара тұруға құлшынбақ түгіл, тіпті, жәй ғана немқұрайдылық көрсетіп те  қоя  салмай, «қолындағы бақты ұстап тұра алмаған өзінен көрсін»  деген  сыңайда жауап қатыпты. Мәселе   менің қара басымда емес, мен атқарған істе - қолда болған шағын мүмкіндікті пайдаланып, сонау шектеуі мол заманда елге жеткізе алған идеяда еді, міне сол әрекет зиялыларымызға керексіз болыпты. Сағат та, мен де соған қапаландық.

Ол кезде дәл бағасын бере алмасақ та, бүгінгі таңда айқын, бұнысы - құлдық санаға көндіккен, әлдебір жетістікке құлдық қамытын шешпей жетуге дағдыланған зиялыларымыздың сын сәттерде әрәдік қылаң беретін сатылғыштығымен  астасатын құбылыстың дәл  өзі-тін.

Неге екенін, белгілі-белгілі «азаматтар»  мен тап келген мәселенің байыбына баруды керек те қылмады, маған олар тек қана ресми пікірге қиғаш келмеуді ойлайтындай көрінді. Тиісінше, билік тұтқасындағылар    қырын қараған жанды өз  саналарындағы «қара тақтаға»  жазып қоятыны анық байқалды. Мәселен, билік буындарындағы қатарымның бірі, алдында ешкім жоқ болса да, қабылдау бөлмесінде әдейі бір сағат бойы отырғызып зарықтырды. Әрең дегенде алдына жетіп, орын алған келеңсіздік жайында айтқанымда, өзінің біреудің «жұмысына араласпайтынын»   мәлімдеді. Тағы бірі менің қозғаған сөзімді тезірек аяқтатып, қоштасуға асықты.

Аса қызығы - «Қазақ әдебиеті» газетіндегі қаламдастардың өзіндік көзқарасы еді. Бізге комсомол бастықтарымыз шаманизм хақында шүйіліп, қара бұлтын төндіргенде, оның жосықсыздығына  ғылыми дәлелді жауап беретін  бақсылық жайындағы мақаласын газетке атақты Әлкей Марғұлан ақсақалдың өзі ұсынған-ды. Бәлкім бұл жоғарыда айтылған «бюро атты спектакльдің»  алдын алуға септесер ме еді, қайтер   еді. Алайда әлгі газет мақаланы жариялаудан бастартты. Бастарту желеуі - газет қызметкерлері өздерін «дау құралы» еткізгісі келмейтін көрінеді, ал нақты себебі, әрине, басқа... Олардың тағы сондай бір «сақтық шаралары»  - орнынан алынған журнал басшысының, яғни менің  «дөңгелек столда»  жазушылардың азаматтық позициясы жайында сөйлеген  сөзімнің газет бетінде кетіп бара жатқан  үзіктерін есеп мәтінінен ойып-ойып алып тастаулары болды. Со заманда осындай  көңілсіз де күлкілі жәйттер орын  алған-ды...

Оған қарсы қадам жасатқан қасиет - Адалдығы мен Әділдігі еді

Осылардай жалпы ахуал фонында Димаш Ахметұлының өзінің аса мәртебелі лауазымы    биігінен маған іс жүзінде араша түсуі - ғаламат оқиға еді. Ол әділдігімен ерекшеленді.

Оның бейнесі менің көз алдымда айналасындағы сірескен сұрқай топ ішінен адамгершілігімен еңселеніп, зорая  түсті. Ол, рас, жүйенің туындысы болатын. Бірақ, сол жүйенің туындылары ішіндегі жалпы имандылық пен әділетке адалдығымен баурайтын бірегейі еді.

Мен мұны өз басымнан өткен оқиғаға байланысты ғана айтып отырмын. Бірақ жалпылап қорытуға болатын келеңсіздік орайында да еске алудамын. Өйткені сол кезде менің тағдырыма әлдебір ретпен қатысы болғандар ішінде маған жақ та, қарсы да кездесті. Қарсылар күшті болды, себебі олар әділ болмаса да, ықпалды екен.

Олар - Димекеңнің өз айналасындағылар, Димекеңнің өзі құлағынан жоғары сүйретіп адам қылғандар еді. Солар өздерінің ішкі пиғылдарын жүзеге асыру үшін - идеологияны солақайлықпен қару етті,  ұлттық мұраттарды саудаға салды, сөйтіп, Димекеңді маған байланысты қабылдаған алғашқы шешімінен тайдырды.

...Содан бері талай уақыт өтті, қоғамдық құрылыс өзгерді, бірақ мен олардың сондағы істерін  әлі күнге  шын идеялық тазалықты қорғарлықтай саяси сауаттары асқандықтан істеді деп ойламаймын. Димекеңе жақсылық  жасауды ойлағандықтарынан жасады деп те ойлай алмаймын.

Менің кәміл сенімім: олар  көздегендеріне жету жолында  біріншіден, өздерінің айыпталмайтынына сенді. Екіншіден, өздерін билік басқыштарына өрмелеткен Димекеңді арқа тұтты. Және тағы, әміршіл жүйенің өздерін күллі бітімімен қолдайтынына сенімді еді. Өйткені өздері   онсыз да «қырнап-тегістелген» оралымсыз жүйені одан сайын қасаңдандырып, ой дербестігінен ада құлдыққа мейлінше  бағындырып жүрген-ді. Сондықтан да  жекелеген пенделердің  қарапайым әділетке  жете алмай шарасыздануына қиналмайтын. Өйткені олар тоталитарлық жүйенің бұрандалары болатын. Жүйені әділдікпен нығайтудың орнына, қасаңдықтарымен шіріте түскен  бұрандалар еді. Олар  жүйеге, жүйе оларға  сенетін.

Мансапшыл коммунистердің шектеулі көзқарастары салдарынан    үлкен дабыра туғызған озбыр да шаласауат істерін түзеткені - Димекеңнің менің көз алдымдағы абыройын асырды. Ол  менің - қатардағы кішкене адаммың көңілінен шықты.   Егер мені қорғағысы келмесе, - ешкім Оны, күллі Совет Одағын тұтастырып ұстап тұрған алпауыт партияның бас штабындағы Саяси Бюро Мүшесін, мәжбүрлей алмас еді. Иә, Оны ешкім  қыстай алмаған болар еді, тек қатардағы кішкене адамның - менің көңілімдегі Оның - дәуірдің «ақыл-ойы, ар-ожданы» атанған билеуші партия Саяси Бюросы Мүшесінің бейнесі көпе-көрнеу пәсейер еді.

Ал Оны өзі әлпештеп өсірген төрешіктердің әрекеттеріне қасақана қадам жасатқан қасиет - үлкен әріппен жазылатын Адалдығы мен Әділдігі екеніне шүбәм жоқ. Оның сондай қасиеттері бүгінгі шәкірттерінің бәрінің бірдей бойынан табыла береді деуден аулақпын. Бірақ соларға да, барша қазақстандық билеуші топтарға да осынау Үлкен Адамның ең жақсы қасиеттерін бойларына дарытуларына тілектеспін.

Менің Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев сынды үлкен қайраткермен  кездесуім және оның себебі мен салдары жайында осынау жүз жылдық мерейтой тұсында азын-аулақ айтарым осындай.

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2110
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2522
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2217
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1625