Жұма, 17 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3421 0 пікір 9 Қаңтар, 2012 сағат 05:07

Әбіл Бүрлібаев. Аруақпен арпалысу – арсыздық! (жалғасы)

Техника ғылымдарының кандидаты Әбіл Бүрлібаевтың Кенесары ханның соңғы жорығы мен Сыпатай биге қатысты мақаласын жалғастырып беріп отырмыз. Мақаланың басын мына сілтемеден тауып оқи аласыздар: http://old.abai.kz/node/12142 Төменде авторымыз ұлы жүз үйсін елінің ерлігі ресми тарихқа енбей, тасада қалып бара жатқанын айтады. Сондай-ақ ол әйгілі тарихшы Е. Бекмахановтың өзі Сыпатай бидің «сатқындығын» дәлелдей алмаған дейді.

«Абай-ақпарат»

2. Бекмахановта Сыпатайдың «сатқындығын» көрсетіп бере алмаған...

Техника ғылымдарының кандидаты Әбіл Бүрлібаевтың Кенесары ханның соңғы жорығы мен Сыпатай биге қатысты мақаласын жалғастырып беріп отырмыз. Мақаланың басын мына сілтемеден тауып оқи аласыздар: http://old.abai.kz/node/12142 Төменде авторымыз ұлы жүз үйсін елінің ерлігі ресми тарихқа енбей, тасада қалып бара жатқанын айтады. Сондай-ақ ол әйгілі тарихшы Е. Бекмахановтың өзі Сыпатай бидің «сатқындығын» дәлелдей алмаған дейді.

«Абай-ақпарат»

2. Бекмахановта Сыпатайдың «сатқындығын» көрсетіп бере алмаған...

19 - шы ғасырдың бірінші жартысындағы ұлы жүз жеріндегі тарихи оқиғалар көп ретте жөнді зерттелмегенін мойындауымыз керек. Сондықтан ұлы жүз жеріндегі билік пен елдің арасындағы қарым-қатынас мәселесі әлі күнге ашылмай тасада қалып келеді. Тарихи, архивтік мәліметтерге сүйене келіп айтатынымыз: төре, би, батырлар, ру басылары ел мүддесін ескере отырып қана шешімдер жасай алған. Көп ретте осындай шешімдер Ресей цензурасынан өтпей, тарихи құжаттарда көрсетілмей қалып отыр. Мысалы, ресейліктер 1852-ші жылы рұқсат сұрамай Алматыға өз беттерімен келіп, Алматыдағы ел шабуыл жасап, олар шегініп Іледен өтіп, кетіп қалған. Осы оқиғаны тарихта «киргизы напали» деп қана көрсеткен. 19-шы ғасырдың бас кезінде қазақ жерін аралап, саяхат жасаған А. Левшиннің «Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких орд и степей» атты 1832-ші жылы шыққан еңбегінің қартасын қарасаңыз, сол кезеңде қазақ руларының қай жерлерге орналасқанын көресіз. Ресей әскері Арқарлы мен Алматы тұрған жерге кіре алмаған. Сондықтан Алматы тұрған жерді «дикие киргизы» тұрады деп жазып кеткен. Сөйтіп, 1853-ші жылы жергілікті елден рұқсат сұрап қана келе алған. Ресейлік шағын отряд қоныстануға аздаған жер сұраған. Осы мәселені Алматының қасындағы Боралдай төбесінде (Боралдай төбесіне Ботбайлар Туын тіккен!) осындағы ел үш күн дауласып, Диқанбай би мен Тойшыбек бидің ұсыныстарын талқылаған. Дауысқа салып Диқанбай бидің орта, кіші жүздердің Ресей билігіне қарауына байланысты, «біз елден бөлініп қайда барамыз, ұрпақтарымыз осылардан отырықшылық өмір салтына үйренсін (озық техника, технологияны игеру деген мәселе)»  деген ұсынысын қолдаған. Содан соң ресейліктерге мал сойылып, ерулік берілген. Ал қасиетті ата-баба мекенін «кәпірлер» қор қылады деп қарсы болған Тойшыбек би елге өкпелеп Қордайға кетіп қалған. Бірақ Тойшыбектің жігіттері ресейліктерге маза бермеген соң олар Есік жаққа барып қыстап, келер жылы Кіші Алматы өзенінің бойынан бекініс тұрғызған.  Бұл оқиғалар  ресми тарихқа кірмеген. Осы ретте «Алматы неге Қазақ елінің ең қасиетті жері саналған? Неге үйсіндер Жоңғар хандығына бағынышты болып тұрғанда да,  Алматыны Ботбайлар тастап кетпеген?», - деген сияқты сұрақтардың тууы заңды емес пе? Бұл еліміздің тарихының бізге әлі белгісіз тұстары. Бұл тарихты бұрынғы өткен бабаларымыз білген. Сондықтан да, Садық еке, сізге және өзге де зерттеушілерге айтатынымыз: Сыпатай би мен Үрістем төре елден асып кете алмаған. Ал Кенесарының қате ұсынысын ел кешірмеген. Сын сәт болған. Елдің, сол жердегі адамдардың тағдыры шешіліп тұрған. Сондықтан ел Науырызбайдың «қоршаудан шығу» ұсынысын іске асырған. Ал Кенесарының немере ағасы Үрістем төре Кенесарыға сөзін өткізе алмай, түңіліп, «бізбен бірге қоршаудан кетпесең, өзің біл» деп елмен бірге кеткен болып тұр ғой. Сондықтан  оқиғаға  «ат үсті» қарап, жадағай, жеңілтек пікір айтуға болмайды.

1947-ші жылы шыққан кітапта Е. Бекмаханов сенімсіз деректерге бой алдырып, көпе-көрнеу әділетсіз қортындылар жасайды. Екінші қортындыда, 335-ші бетте: «...қазақ сұлтаны Рүстем және Сыпатай би Кенесары қозғалысына тоналудан қорқып қосылған адамдар еді. Шайқас болардың алдындағы түнде олар Кенесары жасақтарынан қашып кетті» дейді. Е. Бекмахановтың «қорқып»,«қашты» деген пікірлері қате, тіпті өтірік. Е. Бекмаханов өзінің келтірген деректеріне өзі қайшы келіп тұр. Біріншіден, Кенесары Құнанбайдан қашып келгенде қанша адаммен келді? Жер қайысқан қолы болса Құнанбайдан қашып несі бар еді? Кенесарының жер қайысқан қолы болса, Е. Бекмахановтың «қорқып», «қашты» деген пікіріне қосылуға болар еді. Екіншіден, Үрістем төре мен Сыпатай би Кенесарыны ұлы жүз жерінде өздері қабылдап алып, оған және соңына ерген адамдарына қамқор болып тұр. Үшіншіден, төре, билерін ел жәбірлетіп тұра алмайды. Оны кезінде Ресей патшалығы да мойындап, Диханбай, Сыпатай билерге күш көрсетуге бата алмаған. Архивтік деректерде үйсіндер көтеріліп кетеді деп сескенген құжаттар баршылық. Сондықтан ресейліктер үйсіндермен бейбіт келісімдерге келуге тырысып, қоқан хандығы иеленіп алған жерлеріңді қайтарып алуға көмектесеміз деген.

Ал, ары қарай Е. Бекмаханов Мәдібек Бекқожаев дегенге сүйеніп жоғарыдағы өзінің қортындысын қуаттағысы келеді. Сонда М. Бекқожаев не деген: «Сыпатай мен Рүстем төре түнде өз әскерлерін бөліп алып, Шу өзенінің арғы жағына өтіп, «Мықан суына» жеткен соң  өткел іздеп, таң атқанша жүрді...» дейді. М. Бекқожаев Сыпатай мен Үрістем «қашып кетті» деп отырған жоқ, «әскерді бөліп алып кетті» деп отыр. Немере ағасы Үрістем төренің айтқанына көнбей Кенесары қоршаудан шықпай өзі қалып отырған болып тұр. Түн қоршаудан шығуға ыңғайлы кез. Ал, қырғыз манап Жантай Қарабековтың Үрістем төре мен Сыпатайды Кенесарының өліміне кінәлі етіп көрсеткісі келгені қазақты бір-біріне шағыстыру ойымен айтылған арандатушылық болады.

Садық пенде, сіз мақалаңызда Сұлтанхан Аққұлұлы дегеннің «Материалах к истории султана Кенесары Касымова» деген басылымынан үзінді келтіресіз: «Голова Кенесары Касымова была доставлена вождью рода Великого жуза Ботпай Сыпатаю и султану Рустему... Эти двое, видимо, еще были далеки от раскаяния за свое предательство, приведшее не просто к гибели Кенесары, а вместе с ним их поражению всего национально-освободительного восстания казахов, но еще ускорившее и колонизацию русскими всей Средней Азии, и тех же кыргызов». Мына кісі өзі тап сол кезде Сыпатай би мен Үрістем төренің қасында болған адамдай сайрайды. «Тілде сүйек жоқ» деген ғой бабаларымыз. Бүкіл Орта Азия елдеріне, тіпті Кенесарыны өлтірген қырғыздарға да жаны ашып, қалай қайқаңдайды, кәдімгі өсекші қатындарша. Өсекші, ұры-қарылардың адамды сендіріп айтатын әдеті белгілі емес пе? «...Ұрының дауысы қаттырақ шығады...» деген ғой халқымыз. Сөзінің сыйқы 1937-ші жылдары ел азаматтарына жала жауып, атып-асқан жендеттерше болып тұрған жоқ па? Айттым - бітті, кінәлісің деп тұр ғой. О, тоба, елді осындай жетесіз әпербақандардан сақта!

Өсекті сапырып, зерттеу жүргізбей, әйтеуір Рүстем төре мен Сыпатайды жамандау. Осындай трайбалистік аурумен ауырған, жалған ғалымсымақтар мен жазушысымақтардың кесірінен ел ортасында әр-түрлі дәлелсіз дау тоқтар емес. Біле білсеңіз, Садық еке, осылай негізсіз жала жабу ісі сол кеңес дәуірінде «қатты» дамып, сол «дәуірде» өмір сүрген көптеген адамдарға тән болды. Сол кезеңде «өзінше адам» болып, жағымпаздықпен жанын баққан бейшаралардың әдеті екені белгілі. Осындай жеркенішті қылықпен өмір сүрген, өмір сүріп жүрген біраз «адамдарды» да білеміз. Сіздің де сөз саптауыңызға қарап, осындай «тәрбие» қаныңызға сіңген бе деп отырмыз. Халқымыздың: «...өтіріктің құйрығы бі-рақ тұтам» дегені осы емес пе? Сондықтан Сыпатай, Үрістем бабаларымызға қарсы бағытталған «репрессиялық» жалаларға әділ пікірімізді білдіру адамгершілік парызымыз деп есептейміз.

Біз жоғарыдағы Е. Бекмахановтың зерттеу еңбегінен келтірілген цитаталар осы уақытқа дейін «Үрістем төре мен Сыпатай бидің Кенесарының өліміне қатысты» деген пікірдің қате екенідігіне көзімізді жеткізді дейміз. Бекмаханов та ет пен сүйектен жаралған, адамға тән қателік  оған да тән, сондықтан оның Үрістем төре мен Сыпатайға қатысты тұжырымы үстүрт пікір, дәлелі жоқ, жел сөз деп қабылдаймыз. Әңгіме Сыпатайдың Кенесарыны қолдамауына байланысты болып отырғандықтан, Бекмаханов та неге қолдамағанын ашып көрсетіп бере алмаған. Содан болар жадағай пікірге ұрынған. Бекмахановтың Сыпатай мен Үрістем төреге қатысты ойын негізсіз, қате деп есептейміз. Кенесарының мойнына талай жазықсыз сұлтандардың қаны жүктелген. Ал Сыпатай мұндай кеудемсоқтыққа, әпербақандыққа, жазықсыз бас алуға бармаған. Ол би болған, даулы мәселені ата дәстүрі, билер жоралғысы бойынша шешіп, әділ кесім жасап отырғандықтан да елі, жұрты, көршілес қырғыз елі қадір тұтқан. Тарихтан белгілі Сыпатай баба соғыссыз, айқай-шусыз-ақ қазаққа тиесілі ата-баба жерін қырғыз манаптарына мойындатып, кеңейткен. Ал Үрістем төренің де иманды адам болғандығы немере інісі Кенесарыға жауап сәлемінен көрініп тұр: «Менің берер ақылым: Құдай әзірше күнәсін кешіріп тұрғанд, аталған жерлерді тастап, менің жаныма көшіп келсін» демеп пе еді, ұлы жүз жеріне шақырып. Өзінің немере інісінің басын жауларына берді деп тұрғандар нағыз имансыздар емес пе? Құдай осындайлардан сақтасын!

Автор Е. Бекмаханов Кенесары көтерілісі туралы зерттей келе былай дейді: «...Кенесары қазақтардың ежелгі тәуелсіз мемлекетін құрамыз деген ұранмен күрес жүргізді...» дей келе: «...Кенесары көтерілісі, жергілікті жерлердегі кезек-кезек бұрқ еткен көтеріліс ошақтарының жиынтығы болды. Кенесары бастаған көтерілістің осал тұсы - барлық рулардың күреске бір кезеңде кіріспегендігі екендігін тағы атап өтеміз» деп көрсетеді. Үш жақты: патша өкіметінің, орта азиялық хандықтардың, өз сұлтандары мен билерінің қанауына душар болып, әбден титықтаған қазақ елі Кенесарының соңынан ерді. Көптеген көтерілісшілер: зорлық - зомбылықтан өлетін болған соң, татарлармен қарқаралық орыстардың тықсыруынан Кенесары бізді байлыққа жеткізем деп уәде берген соң» деген. Ал, бағаналы руынан шыққан Т. Темағынов тергеу барысында «Мен Кенесарыға байлыққа жету үшін қосылдым» деп жауап берген. Жүзбасы болған Тайман Мейірманов: «Кенесарыға қосылған себебім, оның Ордаға аты шықты және оның тобына қосылған адам бай болады деген соң бүкіл отбасыммен, туған туысқандарыммен Кенесарыға көшіп бардым» деген.

Е. Бекмаханов Мейердің : «...Кенесары туының астына негізінен үйсіз-күйсіз ер жүрек жігіттер ғана жиналған...» дегенін келтіре отырып көтеріліске байғұстардың да қатысқаны туралы деректер келтіреді. Тұтқыннан босаған Иванов: «...Кенесарының қол астында 1500 жас өспірім қазақ пен бақташылар бар...» деп көрсеткен.Ал, Кенесары ордасына арнайы барған патша жансызы Мыңбай Тұяқов: «...Кенесарының кедейлігін, қарусыз екендігін көрдім. Олар зорығып өлген жылқының етін жейді, әрі киім киістері жұтаң... Олар әдеттегі байғұстар сияқты өмір сүреді...» деп

хабарлаған. Осы деректерден Кенесары қолының неге бай-шонжарларды шабуға әуес болғандығының мәнісі көрініп тұрған жоқ па?

Е. Бекмаханов Кенесары көтерілісіне ру шонжарлары - билер мен басқа ірі феодалдардың да қатысқанын келтіре отырып, олардың өз мақсат - мүдделері болғандығын көрсетеді. Мысалы: «...патша үкіметіне наразы сұлтандардың бірі Сарман Тұрсынханов тергеу барысында, көтеріліске қосылған себебім: арамыздан бірімізді де аға сұлтан етіп сайламай, бұл атақты қарапайым биге бергендіктен...» деп көрсеткен.

«...Сұлтандардың екінші бір бөлігі көтеріліске халық бұқарасының қысымымен байлығынан айырылып қалудан және халық арасындағы ықпалын жойып алудан қорқып қосылды.» дейді Е. Бекмаханов. Осы ретте көтерілісшелерге қосылғандықтан ғана өзін тоналудан аман алып қалған, Мұса Шормановтың, өзін ақтау және патшаға адалдығын көрсету үшін, орынборлық өкімет орындарына: « Кенесарыға ешуақытта қосылған емеспін және оның күресін қолдаған жоқпын. Ол мені шақырған еді, бірақ мен онан бас тарттым. Сізге белгілі, үнемі Кенесарының қаскөйлігіне қарсы күресіп келдім» деп жазған. Ал Ұлы Жүз жерінде, біз жоғарыда атап өткендей, Кенесарыны ел, би, батыр, төрелер қоқан хандығы мен Ресей отаршылдарына қарсы күресін, егеменді қазақ елін құру идеясы үшін қолдаған. Орта жүздің кедей-кепшік, байғұстарындай баю, немесе бай- шонжарларындай тоналамын деп қорққандықтан, лауазым иесі болу ниетінен емес. Ал, бірақ көрші туыс қырғыз елін қыру ұсынысын қолдамай, қоқан хандығы мен солардың, Ресей патшалығының «итаршысына» айналған қырғыз манаптарына қарсы жорығын қуаттаған. Патриоттық деген, мәрттік деген осы. Осы айырмашылықты көре білу керек. Ұлы жүзде сол кезеңде ел басылары: төре, би, батырлар, ру басылары елдің қамын ойлап, сыртқы дұшпандарға бірігіп ел болып қарсы тұрған. Қазақтың: «У ішсең руыңмен!» деген ұстанымы берік болған. Сондықтан кедей - кепшіктер елде мейілінше аз, ал байғұстар болмады деуге болады. Орта, кіші жүздерде кедей - кепшіктердің, байғұстардың көп болуы Ресей патшалығының орта жүзбен кіші жүз жерлеріне ертеден дендеп кіріп, жақсы жерлерге бекіністер салып елдің бұрыннан қалыптасқан тұрмыс-тіршілігін бұзуына байланысты болып отырғандығын ескеру абзал. Ресей патшалығының қазақ елін ірітіп, ел бірлігін бұзуға қолданған айла тәсілдері тарихтан белгілі, көзі қарақты адамдар оларды біледі. Соның бірегейі - трайбализм екені белгілі. Ресейліктер таратқан «трайбализм вирусына» еліміздің көптеген ер - азаматтары шалдығып, ақырында өздерінің опық жегені тағы да ел -жұрттың есінде.

Ей, Садық ақсақал, ата жасына жеткенше ақыл тоқтата алмағаныңызға өкініш білдіреміз. Амал жоқ,  Кенесарыны асқақтатам деп Сыпатайды тарихи тұғырынан төмендете алмайсыз. Оған сенімді дәлелің де жоқ. Ондай қолға ұстатар дәлел Бекмахановта да жоқ, бар болса келтірер еді ғой. Сыпатайға қатысты Бекмаханов ағаттыққа жол беріп алған. Ал, ол негізсіз ағаттықты   бықсытып, қоңырсытып жүргендер өздерінің қара бастарына теріс пайдаланып келеді. Соның бірі пендешіліктің шоқпыт шекпенін сүйреткен сіз боласыз. Аруақпен алысудан гөрі қолыңызды таза іске сұқпайсыз ба?

Ал Сыпатай бабамыздың Ресей патшалығы тарапынан марапатталуы, Ұлы Жүздің Ресей патшалығына өз еркімен қосылуына байланысты. Кейбір өсек сөз таратып жүргендей Кенесарының басы үшін емес.

Сыпатай бабамыздың патша әскерін қолдап Қоқан хандығы иеленіп алған: Тараз, Сайрам, Ақмешіт, Тәшкен тәрізді қалалар мен жерімізді азат етуге қатысқаны белгілі. Өзіңіз де келтіріпсіз ғой: «прапоршик Сұраншы Хакімбаевқа генерал губернатор Колпаковскийдің жазған хатын: «Сұраншы, Диханбай, Сыпатай, Андас! Біз сіздерді қоқандықтарға қорлатпаймыз. Барлық азиаттықтарға хабарлаңдар! Россия деген алып мемлекет. Сіздерді қорғай алады» деп. Бабаларымыз сол кезде, қазақ жерінің тұтастығы үшін дұрыс саяси шешім қабылдаған. Кенсары бабамыз Сыпатай би, Үрістем төрелерді тыңдаса,  елді Ресей патшалығына да, қоқан хандығына да жәбірлетпей аман алып қалар еді. Өйткені өздері қамқор болып шақырған.

Ал, Қазақ елінің кеңес үкіметі кезінде, екінші астанасы болуы тиіс Ташкент қаласынан ауыз біршіліктің жоқтығынан айырылып қалған жоқпыз ба? Садық ақсақа, Т. Рысқұлов Ташкентті Қазақстанның астанасы ету шартын 1919 жылдың өзінде мәселе етіп қойды. Сол жолда күресті. Ал сіз болсаңыз ел бірлігін сақтау жолында аталық пікір, ақыл айтудың орнына арандатушылық әрекетке ашықтан ашық барасыз. Тарихи қайраткерге тіл тигізесіз. Мұны қылмыс деп білеміз.

Ей, Садық пенде, ібілістің азғыруына еріп, Сыпатайға кір келтіретін өсек мәліметтерді шам алып іздеуге кірісіпсіз. Сіз келтірген Жамбылдың өлеңі де Сыпатайға көлеңке түсіре алмайды. Бұл өлеңді «Сұраншы батырдағы» жырында, 1860-шы жылы Сарыкемердегі орыстарға қарсы соғыста Құдиярдың сапындағы : «...өз ағайындарыммен атыспаймын, шабыспаймын» деп елді алып кеткен сексен жастағы Сыпатайға өкпе-наз ретінде айтқан. Осындай қазақ руларының өз ағайындарымызбен соғыспаймыз деп ұрыс даласын тастап, бауырларымен қосылып кеткендігін Мырза Мұхаммед Хайдар Дулатта өз еңбегінде келтірген ғой. Бірнеше ғасыр өткен соң да дулаттар өз ағайындарымызбен соғыспаймыз деп отырған жоқ па? Бұл Сыпатай бабамыздың даналығы емес пе? Ресей патшалығы мен қоқан хандығының арасындағы соғыста елді бекер қырғынға ұшыратқысы келмегені, елге жаны ашығандық емес пе? Ал Сұраншы батыр Ресей әскерінің прапоршигі болғанын өзіңіз де айтқансыз. Сонда да ел мен жердің тұтастығы үшін Ресей әскерінің прапоршигі болған Саурық батырды «сатқын» деп айыптау ақылға қона ма? Енді, өсекші болмасаңдар Жамбылдың 1955-ші жылы шыққан үш томдық шығармалар жинағының бірінші томының 78-79-беттеріндегі жырын неге көрмеген боласыңдар:

Барайын енді аяңдап Сыпатайға,

Айтпай оны кетпеймін тегі жайға.

Ұлы жүздің тірегі - батырым ғой,

Бір болмаған ығай мен сығайыңа.

Қайыры қарашаға сондай жақсы,

Қандырып сусындатып қант пен шайға.

Байлық, бақыт тек оның ерлігінде,

Ерлікпен ел намысын берді кімге?

Кімің бар Сыпатайдай төңіректе,

Арғымақ мінгізеді ат керекке.

Ерлігі мен жомарттығы жаннан асқан,

Пайдасы тиіп жатыр күнде көпке.

Кім мақтамас қайырымды ер Сыпатайды,

Дәулетімен ораған Алатауды.

Қанша халық аралап жүрсем-дағы

Жалғанда көргенім жоқ ондай жанды.

Осындай мәліметтерді көрмеген болып, айтпай кету, сол адамның білімінің тайыздығынан немесе оңбаған трайбалист болғандығынан. Он бес жыл кейін айтылған жыр - назды басқа уақытқа телу --  сорақылық. Ғылыми ортада мұны «фальсификация фактов» дейді, яғни жалған тұжырым! Елді шатастыру. Жамбылдың пірі - Сүйінбай! Ал ол кісі Сыпатайдың замандасы екені белгілі, бір өлеңін өзіңіз де келтіріпсіз. Сүйінбай бабамыз Сыпатайды тек қана мадақтаған. Сол кезде, кейін болған көптеген белгілі ақын - жыраулар Сыпатайдың кісілік, азаматтық, адамгершілігін, сын сағатта елге қамқор бола алғандығын жырлайды.

Бекмаханов аталған еңбегінде Кенесарының өлімі басқа емес, өзінің ұрысты дұрыс ұйымдастыра алмауынан, жергілікті жер ерекшелігін ескермей, қарсыластың күшін барлай алмай, өзінің соңынан ерген адамдардың пікірлерін елемеуден болғанын көрсеткен. Оның қазасына Сыпатайдың да , Үрістемнің де ешқандай қатысы жоқ.

Қырғыздардың тұтқынына түскен күнде де Кенесарының өлтірілуі, тек өзінің қатыгездігінің салдарынан, оған өшіккен адамдардан болып тұр. Кейбір деректер бойынша, қырғыз манаптары да төрені өлтіруді құптамаған. Ал, патшаның құрығы ұзын, одан ондаған, жүздеген азаматтар да қашып құтыла алмаған. Қырғыз қолынан мерт болмаса, орыс әскерінің қолынан өлім құшуы кәдік болатын. Кавказ жерінде Ресей отарлаушыларына қарсы бірнеше ондаған жыл соғысқан Шәміл имам тұтқындалып, ішкі Ресейге жер аударылғанда: «...мен Ресейдің осындай алып ел екендігін білгенде, бұлай соғыспас едім...» деген екен. Патша өзіне қарсы келгенді еркінсітіп қоймаған. Кенесарының ерлігін көрсетемін деп, оның рухына көлеңке түсіріп, аруағын шулатып отырғаныңызды қалай түсінбейсіз!

Қазақ халқына Кенесары қандай ардақты болса, Сыпатай да сондай құрметті. Мәселені солай қою керек. Сіздің көтеріп жүргеніңіз өнбес дау, ал аруаққа тіл тигізу -- имансыздық болып табылады.

Айтатынымыз халқымыз басынан өткізген тарихи оқиғаларға, кезеңдерге, сол кезеңдерде өмір сүріп, еліміздің болашағын дамытуға қомақты үлес қосқан қайраткерлерімізге тіл тигізбей ұқыпты болғанымыз абзал. Зерттеу жүргізіп жіберген қателіктерін, тағы басқа да кемшіліктерін көрсетіп, ашып, келешекте өзімізге, елге сабақ болу үшін пайдалану керек.

Сыпатай, Кенесары бабаларымыз өмір сүрген уақыт қазақ халқы үшін өте күрделі кезең болғаны белгілі. Еліміз мыңдаған жылдар бойы көшпелі өмір сүріп келген, сол өмірге сәйкес мемлекеттіктері болған. Ал сол кезде отырықшы елге тән жаңа тұрпатты мемлекетті құру талпынысы жүріп жатқаны белгілі. Елімізге тұтқа болған ер-азаматтарымыздың ой-танымдары күрделі өзгерістерге ұшырап, іс-әрекеттерінде қайшылықтарға ұрынып жатты. Осыған түсіністікпен қарап, сол кезеңдердегі тарихи оқиғаларға осы кезеңнің тұрғысынан байыпты көзқараспен келу керек деп есептейміз. Қалай болғанда да бабаларымыз бізге, ұрпақтарына осы күнгі, алдыңғы қатарлы ел болуымызға еңбек етті. Сол жолда өз өмірлерін қиюға да барды. Сол жолда халқымыз қаншама «тар жол тайғақ кешуден» өтті. Осындай қиыншылықтардан өтіп құрған еліміздің ғұмыры мәңгілік болуына үлес қосуымыз керек. Осы ретте тарихшы ғалымымыз Е. Бекмахановтың да ел намысын қорғап, Кенесары бабамыздың отаршыларға қарсы күресін жан-жанжықты зертеп, қыруар еңбек жасағанын да бағалай білуіміз -- елдігімізге сын дегіміз келеді. Ал жіберген ағаттығына кешіріммен қарап, келешекте осы кемшіліктер ғылыми зерделеніп, ақиқат анықталуы тиіс. Ғылыми ізденіс бір орнында шектеліп қалмауы керек. Сондықтан жоғарыда айтқанымыздай Кенесарыға қатысты мәліметтерді біреуді жамандап, кінә тағып, айыптауға пайдаланбағанымыз дұрыс болады.

Білесіз, аталарымыз мыңдаған жылдардан бері аруақ сыйлап келген. Ата сақалыңыз аузыңызға түскен адам екенсіз, мұны қалай ойламайсыз? Кенесарының да Құдай алдында «күнәға» батқанын немере ағасы Үрістем төре де нақтылап айтып тұр ғой. Мүмкін, жазықсыз адамдар алдындағы «күнәсі» үшін осындай негізсіз қазаға душар болған шығар. Сол кезде қоршаудан аман - есен кетуіне мүмкіндік болған ғой. Сөйтіп қаза болмайтын жерде қазаға душар болып тұр ғой. Осы күнге дейін Кенесары бабамыздың басы да табылмай жатқаны не себептен? Бәрі бір Алланың қолында емес пе?

Садық еке, жүрегімізге имандылықты ұялатайық. Ал Сыпатай бабамызға келсек, бабамызға Алланың нұры ерекше түскен. Сондықтан да Сыпатай бабамыз аруақты, киелі кісі болған. Мұндай кісілер жүздеген жылдарда бір туады. Бабамызға негізсіз тілі тиген адамдардың өмірде жолы болмай, өмір жастарының қысқа болып жатқандығын неге еске алмайсыз. Осы жәйді естен шығармайық, ағайын!

Сіз, сізді жақтаушылар Сыпатай бабамызға тілдеріңіз тиіп, қаралап жатырсыздар. Аруақпен ойнамаңыздар. Ертең сіздің тіліңіз күрмеліп, көзіңіз алақтап қалсаңыз не бетіңізді айтысыз? Өзіңізге тимесе, ұрпақтарыңыздың обалына қалуыңыз мүмкін ғой. Сондықтан сіздерге берер ақылымыз Е. Бекмахановтың ғылыми жұмыстарымен жақсылап танысыңыз және осы біздің жазғандарымызды оқып, түсініп, жіберген қателігіңізді мойындап, Сыпатай бабамыздың аруағына арнап құрбандық шалып, жаздым - жаңылдым деп, бір Алладан кешірім сұрағаныңыз жөн болады. Сонда «Құдай күнәңізді кешірсін» дейміз. Түбін түптеп келгенде Сыпатай бабамыз да сізге бөтен емес. Қарға тамырлы қазақ емессіз бе? Не көрінді сонша ма, ел аман, жұрт тынышта ө жағаңызды жұлып. Не «трайбализммен» науқастанып қалдыңыз ба? Біле білсеңіз, жоғарыдағы келтірілген тарихи кітапта бірінші рет үйсіндердің екі мың үш жүз жылдан бері қарай қазақ халқын құраушы негізгі ата екендігі ғылыми дәлелделген. Ал орта жүз бен кіші жүздер үйсіндерді бұрыннан-ақ аға баласы деп мойындаған. Сондықтан Садық еке, Сыпатай бабаңыздың балағына жармасып жатқаныңыз естіген елден ұят емес пе? Ал арғындарға келсек олар да үйсін-дулаттардың ұрпақтары. Сондықтан да тарихын басқа жақтан іздеп, құр әуре болып, таба алмай жатыр. Осыны негіздейтін деректер бар. Түсіндіріп бере аламыз.

Ел ішінен жік шығарып жүрген, азаматтар! Олжас ағамыз айтқандай: «... тауларды аласартпай, даламызды асқақтатайық...» дегіміз келеді. Көре алмаушылықты қоятын кез келді ғой! Аз болды ма көре алмаушылықтан қазаққа келген қияанат: Мұсаны жаяу қалдырдың; Біржанды да сабадың; Серінің атын өлтіріп, Ақанды да қорладың; Абайдыда сабадың; Мәдиді қуып елінен түрмеге де жапқыздың; Балуан шолақ батырды да атқыздың. Бұлар өткен заманда болды дейік. Енді мына егемендік алып, еркіндікке қол жеткізген заманда не жетпейді? Рас, еліміздің тарихын зерттеу керек, кетігін түзеуіміз керек. Оны тек шындықты іздеу арқылы анықтауға болады. Өтірікпен улап келер ұрпақты шатастырмаңдар!

Кезінде өресіздер соңыма түсіп, Мәскеуге ВАК-қа жалған арыз жазып, содан Ленинградта екінші рет кандидаттық ғылыми жұмысымды қорғадым. Сол кезде мені жамандауға барған іші тар, арызқой далбасалап: «...орысқа тілі тиді...» деп жағынды (ғылыми кеңестің протоколының көшірмесі бар). Бәрібір түк те шығара алмады. Қайта сол жердегі ғылыми кеңес тарапынан: «...докторлық жұмысың дайын, келесі жылы қайта өңдеп кел, біз қорғатамыз...» деген қолдау көрсетті. Ал Алматыда жала жапқыштар жабылып, кесе көлденең тұрды.

Жала жабушылардан қай қоғамда да арылмай келеміз. Олар ешуақытта шындықты айтпайды, ал өтірік айтуға келгенде алдына жан салмайды. «Шындық түбінде бір жеңеді», - деген Б. Момышұлы. Қайраткерлерді қиянатқа қия салу жеркенішті әрекетке айналып бара жатқаны алаңдатады. Осы орайда Ахмет Байтұрсынов айтыпты деген мына бір сөз еске оралады: «...бұлардың асқанына да, атқанына да көнеміз ғой. Мына ауылымыздың «иттерінің қапқаны» қабырғамызға батты ғой...». ШІРКІН, НАҒЫЗ АРЫСЫМЫЗДЫҢ СӨЗІ ҒОЙ! Сол кезеңде Қазақ елінің ішінде өңшең өсекші, жала жапқыш, өресіздердің жолы болып, сол сатқындардың үстемдігі белең алды. Ал адал, таза адамдардың ауыздарына «құм» құйылып, өз пікірлерін білдіруден қалды. Оның үстіне қазақ айтпақшы «тегі нашар», атам заманнан малшы-жалшы болып күнін зорға көріп жүргендердің ұрпақтарын оқытып ұлт «элитасын» қолдан жасап, ол «бейшаралар» Мәскеудің «ақ дегенін -- ақ, қара дегенін - қара» деп құлдық ұрған жоқпа? Солардың ұрпақтары емес пе, қазір де өздерінше «элита» болғансып елге, жерге қарсы әр-түрлі келеңсіз қылықтарға барып жүргендіктері. Сонда да еліміз, ардақты аға, апаларымыз ел патриоттарын тәрбиелеп, тектіліктің не екенін көрсетіп, ел мүддесін қорғап, егемендігімізге елдің қолын жеткізді.

Садық ақсақал, жалған сөйлемей тек шындықты айту азаматтық парыз болмақ. О дүниелік болған кісілерге жала жапқан адам, бұл дүниенің жақсылығына көз жұма қарайды. Біз халқы аз, жері үлкен мемлектпіз. Жеріміз талайлардың көзінің құртына айналуда. 16 млн. адамды Қытай шектеген күннің (тууды) өзінде бір-ақ жылда дүниеге келтіреді. 16 млн. әлемнің ең ірі қалаларының халқының санына да жетпейді. Шөкімдей ғанамыз. Сізді неге ұлт, халық мәселесі толғандырмайды, мен осыған таңмын. Қай кезде де Ел, Отан алдындағы азаматтық парыз болады. Ол парызды ұмытқан тіршіліктің балдыр - батпағына батып, өз етегіне өзі сүрініп, қызғаныш отынан күйіп, безек қағады.

Ел тағдырын толғандырып отырған мәселе көтеріп, жан айқайыңызды білдірсеңіз, әңгіме басқа, ал сіздікі тұрмыстық тілмен айтқанда қатын өсек қой. Өсекпен өрге баспаймыз, өз ұрпағымызды тұншықтырамыз. Осы орайда француз философының: «...қазіргі өркениеттің соры оқыған нақұрыстар...» деген пікірі еске түседі. Әл-Фараби бабамыз айтқан екен: «...тәрбиесіз берілген білім - адамзаттың қас жауы...» деп. Ал, Ғ.Мүсірепов «қазақтың жауы өз ішінде» деген. Өзімізді өзіміз жау көрмейік, жарға итермелемейік, тарих кешірмейді. Жаһандану заманында Ел болып қалуды ойлауымыз керек. Әйтпесе, өзгенің жұмырығында кетіп қалуымыз түк емес. Елдің іргесін ірітпей, ел бірлігін бекітейік. Шындық, әділдік, имандылық жолында күресейік. Ал басқа теріс іс-әрекеттердің бәрі айналып келгенде, түбінде өзіңе опық жегізеді.

(соңы)

Әбіл Бүрлібаев,

Техника ғылымдарының кандидаты.

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2105
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2517
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2210
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1625