Жұма, 17 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2898 0 пікір 6 Қаңтар, 2012 сағат 05:30

Жанұзақ Әкім. Жауырынына мұз қатқан ерлер керек бұл іске

2011 жылдың 16 желтоқсанында Жаңаөзен қаласында бейбіт халыққа оқ атылып, қан төгілді. Бұл күн тарихқа қазақтың соңғы үш ғасырдағы азаттық пен теңдік үшін күрескен үш жүзге жуық көтерілістерінің жалғасы, жаңа беті болып енеді. Осы қайғылы оқиғаның бұрынғылардан ерекшелігі - ол ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы және желтоқсан көтерілісінің 25 жылдығы күні болуында. Әлеуметтік мәселелерін шешу үшін күрескен жаңаөзендіктердің осы көтерілісі тәуелсіздігін алған халықтың еңбек етуге, демалуға, өз талаптарын қоюға, яғни, толық теңдікке қолы жетпегенін, елдің жерасты байлығын халықпен келіспей шетелдік компанияларға сатқан марионеткалық билік өз азаматтарының емес,  өздерімен сыбайласқан ұры-қарының мүддесін қорғауда өз халқының қанын судай ағызып, жаныштауға даяр екенін көрсетті.

Бұл жерде биліктің кезінде Сырым Датұлы, Исатай-Махамбет, Кенесары сияқты ұлт-азаттық көтерілістердің қолбасшылары жетекшілік еткен Адай, Абыралы, Созақтағы азаттық жолындағы көтерілістерді қанға бояған қарақшылардан еш айырмашылығы болмады.

2011 жылдың 16 желтоқсанында Жаңаөзен қаласында бейбіт халыққа оқ атылып, қан төгілді. Бұл күн тарихқа қазақтың соңғы үш ғасырдағы азаттық пен теңдік үшін күрескен үш жүзге жуық көтерілістерінің жалғасы, жаңа беті болып енеді. Осы қайғылы оқиғаның бұрынғылардан ерекшелігі - ол ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы және желтоқсан көтерілісінің 25 жылдығы күні болуында. Әлеуметтік мәселелерін шешу үшін күрескен жаңаөзендіктердің осы көтерілісі тәуелсіздігін алған халықтың еңбек етуге, демалуға, өз талаптарын қоюға, яғни, толық теңдікке қолы жетпегенін, елдің жерасты байлығын халықпен келіспей шетелдік компанияларға сатқан марионеткалық билік өз азаматтарының емес,  өздерімен сыбайласқан ұры-қарының мүддесін қорғауда өз халқының қанын судай ағызып, жаныштауға даяр екенін көрсетті.

Бұл жерде биліктің кезінде Сырым Датұлы, Исатай-Махамбет, Кенесары сияқты ұлт-азаттық көтерілістердің қолбасшылары жетекшілік еткен Адай, Абыралы, Созақтағы азаттық жолындағы көтерілістерді қанға бояған қарақшылардан еш айырмашылығы болмады.

Жаңаөзеннің және жалпы елдің тыныштығын ойлаған билік алдымен ондағы әлеуметтік мәселелерді шешер еді. Ол мәселелер уақытында шешілмей халық ереуілге шыққанның өзінде, оны тоқтату үшін дубинка, салқын су т.б. пайдаланып тоқтатулары керек еді. Кейбір бұзақыларды тоқтатуға қауқары келмеген полицейлердің жазықсыз адамдарға оқ атып, бейбіт күнде ондаған адамның нақақтан қаза табуы - ол қоғамдағы тұрақтылықа қанішерлікпен қол жеткізбек болған жауыздардың тірлігі. Фашистердің өздері өз халқына қарсы осындай қанішерлікке бармаған.

Жаңаөзенде қаза тапқандардың санын билік қанша жасыруға тырысқанымен, олардың саны ресми деректердегі 16 адам емес, жүзден астам екенін сол оқиғаның ішінде болған «Новая газетаның» тілшісі Кучеренконың, «Жас Алаш» газетінің Мыңғыстаудағы тілшісінің және М.Шахановтың белгілі мақаласындағы нақты деректерден белгілі болды. Осы уақытқа дейін қоғамнан ұрлықтарын жасырып келген билік, енді өлгендердің санын жасыруға кірісті. Жаңаөзенге сырттан барған тәуелсіз комиссия, партиялар мен қоғамдық ұйымдардың және БАҚ өкілдерін кіргізбеуге бағытталған коменданттық сағаттың негізгі міндетінің бәрі де қаза тапқандардың санын жасыру болып табылады. «Бір адамның өлімі қайғы, мың адамның өлімі статистика», деген Наполеон. Сонда өлгендерді жасырудағы мақсат қандай? Түсініксіз.

1986-дағы желтоқсан көтерілісінде 138 адамның қаза тапқанын, қаза тапқандарды тап осылай әртүрлі құйтырқы жолмен жасырғанын сол кезде құрылған тәуелсіз комиссия анықтап деректер келтіргенімен, оны дәлелдеу осы уақытқа дейін мүмкін болмай отыр. 86-дағы ақиқаттың ашылмауының бір себебі, сонда қаза тапқандардың туыстарының істі ашуға құлықтарының жоқтығында. Осы жолы да сол жайт қайталанады ма деген қауіп бар. Себебі, билік қаза тапқандардың бір бөлігін жасырын жерлеп үлгерсе, 16 адамнан басқаларын із-түзсіз жоғалғандардың қатарына қосады. Сондықтан, Жаңаөзендегі қаза тапқандардың санын нақты анықтау үшін алдымен сондағы барлық азаматтар бір әкенің баласындай ұйымдасып, белсенділік танытуы қажет.

Сонымен қатар, соңғы жыл жарымда елдегі 60-тан астам қозғалыс пен  партияларды, қоғамдық және мемлекеттік емес ұйымдар мен тәуелсіз редакцияларды, зиялыларды біріктірген «Тәуелсіздікті қорғау» қозғалысы жаңаөзендіктердің мәселелерін шешуге қолқабыс беруге дайын екендерін білдіргенде, ондағы жұмыссыз қалған мұнайшылар өз мәселелерін өздері шешетінін айтып, жалпы оппозициямен байланыс жасаудан бас тартқан еді.

Оппозиция дегеніміз - ол зиялылар. Махамбет, Кенесары, Абайлар... Алашордалықтар, Шоқай, кешегі қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалған Тәшенов, Есеновтер, Жұбандар т.б. зиялылардың барлығы заманында отарлаушылар мен билікке оппозиция болғандар. Нағыз оппозиция - ол ұлтжанды зиялылардың белсенді бөлігі. Тарихта зиялылардың қатысуынсыз ұлт қалыптасқан емес, яғни, зиялылары жоқ қоғам - ол тобыр, не бастары бірікпейтін тұрғындардың жиынтығы.

Жаңаөзеннің мәселесі - ол бүгінгі қоғамдағы шешілмеген әлеуметтік, жұмыссыздық және кедейлік мәселесінің бір бөлігі. Ол бірінші кезекте шешілуі тиіс. Қазіргі олигархтық билік пен сол өңірдегі мұнай-газ кенорындарының иесі қытай компаниясы елдегі әлеуметтік мәселелерді шешуге құлқсыз және мүдделі де емес. Себебі, елдегі барлық байлық пен билікті жекешелендіріп алған немесе жартылай сатқан авторитарлық билікке осы мәселелерді шешу үшін қаржыны өз қалтасынан шығаруы керек. Сондықтан билікке елді атып, асып, қорқытып, тобырға айналдырып ұстау әлдеқайда тиімді. Отбасы басқарған авторитарлық жүйе халықты биліктің көзі емес, өзінің жеке меншігі деп санайды. Ондай паранойя ондаған жылдар билікте тапжылмай отырғандарда жиі кездесетін құбылыс.

Бұл қайғылы уақиғадан кейін Жаңаөзендегі кейбір әлеуметтік жайттар уақытша шешілгенімен - ол өркениетті жолға түсіп, азаматтарының құқықтары қорғалған демократиялық қоғам құру жолында қордаланған мәселелерді түпкілікті шешпейді. Оны шешетін оппозициялық күштерге билік кез-келген жерде кедергі жасайды, яғни, бүгінгі билік қоғамның дамуына кедергі болуда. Оны алдағы парламент сайлауына Орталық сайлау комиссиясында заңды тіркелген, ұлттық патриоттардың «Руханият» партиясын ешқандай соттың шешімінсіз сайлауға қатыстырмауы, биліктің және оған бағынышты партиялардың ашық бәсекелестіктен қорқатынын және қазақтың ұлттық мүддесіне  қарсы екенін көрсетті. Жаңаөзен, Шетпелер де -- қазақтың шешілмеген мәселесі. Бұл ел мен жердің иесі де, киесі де - қазақ. Оның жоғын жоқтап, тоналған байлығын мемлекетке қайтаратын да - сол. Сондықтан, негізінен ұры-қары мен елді сатуға дайын, ұлттық санадан ада мәңгүрттерден тұратын билікке қазақтың мәселесін шешкеннен гөрі, ел мен жерді сатып жіберген әлдеқайда тиімді. Бүгінгі қазақ өзі сенген «аңқау елді басқарған арамза билікке», «қарғайын десем жалғызымсың, қарғамайын десем жалмауызымсың» деп отырған жайы бар. Ал, билік болса, қоғамды  , сыбайлас жемқорлық пен заңсыздық жолымен билеуде. Жиырма жылда жерасты байлығынан түгелдей, діні мен ана тілінен жартылай айырылған қазақ, әлі де «шүкір» деп осылай отыра берсе, болашақта оны Ирак, Ливиялардың тағдырлары күтіп тұрғаны белгілі. Қазақ тек өлімде ғана емес, ел тағдырын шешетін кезде бірігетін күн болар ма екен?! Ел билігін сатқын қағандарға билетіп, өз тағдырлары үшін күресе алмаған түркінің Ұлы қағанаттарының қыздары күң, ұлдары құл болып кеткен жоқ па? Осыны біз неге әрқашан жадымызда сақтамаймыз? Әлде біз тегімізбен бірге ұлттық болмыс пен санадан да айырылып болдық па?

 

86-ның желтоқсанындағы ақиқатты ашамыз деп құрылған бірнеше комиссия мен ұйымдар осы мәселемен ширек ғасырдан бері нәтижесіз айналысуда. Себебі олардың стратегиясы мен тактикалары дұрыс болмады. Қойған мақсаттары желтоқсан қайғысынан аса алмады. Олар тек сол мәселені шешуде белгілі мақсатқа жетеміз деп ойлады. «Мың қайғы бір борышты өтемейді» дейді қазақ. Қоғам дұрыс жолға қойылмай тұрып 86-ның, Жаңаөзеннің, Заманбек, Алтынбектердің ақиқаттары ашылмайды, бірақ қайталана береді. Сондықтан, Жаңаөзен мәселесін шешуде құрылып жатқан қоғамдық комиссия мен ұлттық-демократиялық партиялардың алдында қоғамды демократиялық жолға қою арқылы қатардағы азаматтардан бастап президентке дейін барлығы заң алдында бірдей жауап беретін, экономикасын өзі басқарған өркениетті ұлттық мемлекет құру мақсаты тұруы тиіс. Сол мақсат іске асқанда ғана қоғам мұратына жетеді. Ол үшін алдымен билікті заңға бағындырып, оны уақытында бейбіт жолмен ауыструға қол жеткізу қажет. Осындай мақсатты көздеген арабтар тәуелсіздіктерін алғаннан жарты ғасырдан кейін революция жасап жатыр. Мәселе тек революцияда емес, ондай мақсатқа бейбіт жолмен жетудің үлгісін Балтық жағалауы республикалары, Украина мен Грузия көрсетуде. Сондықтан бүгінгі демократиялық оппозицияның алдындағы мақсат айқын. Ол -  өркениетті ұлттық мемлекет құру. Елді бұл мақсатқа ұлтжанды оппозиция жеткізеді. Мәселе, сондай ұлтжанды оппозицияға қоғамның сенім артып қолдауында. Ал, қоғам оларға белсенді көмек беріп, сенім артып ермесе, онда оны алда әлі талай «желтоқсандар» күтеді. Ол ұлттың тағдыры, тарихтың сыны. Жеңіс осы сыннан сүрінбей өткеннің жағында болады, ел сонда ғана мұратына жетеді. Бұл жолда қоғам, тарыны кебегінен айырғандай жолда кездесетін талай жолбике билік пен олардың сайқал ешкі партияларын нағыз оппозициядан уақытында айырып,   әшкерелеп отыруы керек. Олардың ақ-қарасын айырмаған қоғам да ана тілдерінен айырылып «айғырдың бауырынан сүт іздеп жүрген соқыр құлындай болған» бүгінгі кейбір аты қазақ, заты мәңгүрттердің тағдырын қайталайтын болады. Ұлттық мемлекет құрудағы осы Ұлы жолда бізге, Махамбетше айтқанда:

...Тебінгіні терге шірітіп,

Терлігін майдай ерітіп,

...Ат үстінде күн көріп,

Ашаршылық шөл көріп,

...Найзасынан қан тамып,

...Қанды көбік түкіріп,

...Жолбарысша жорытып,

...Бөрідейін жол жатып,

Жауырынына мұз қатып -

жүретін, кешегі өткен Сырымдардай дана, хан Кенелердей айбарлы, Бауыржан мен Оспандардай қажырлы, Қажығұмарлардай қайсар ерлер керек!

 

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2104
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2517
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2210
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1625