Жұма, 26 Сәуір 2024
Интернет конференция 4356 22 пікір 1 Қазан, 2020 сағат 12:16

«Абайдың» қонағы – Данияр Саламат

Белгілі режиссер Данияр Саламат әлеуметтік желіде бүгінгі қазақ киносының жай-күйі, оның айыртілді алапес басқан бет-бейнесі жайлы жазба жариялады.

«Көремені – қазақ. Бірақ, киносы – орыс тілді! Бұл Қазақстан ба? Қазақтың тілі экранға жарамай ма? Бұл не қылған комплекс», - дейді Данияр Саламат. Әуелі Дәкеңнің сол жазбасын оқырман талқысына ұсынғанды жөн көрдік.

«Қазақ өзін-өзі сыйламаса, өзге қалай сыйласын? Авторлық фильмдер туралы айтып жүміз ғой..  Мына гәп көпшілікке арналған (кинотеатрларда көрсетіліп, ютубты жайлайтын) фильмдер туралы. Яғни, жанрлық фильмдер туралы.

2019 жылы Қазақстанда экранға шығып үлгерген (пандемияға байланысты үлгермегені қаншама) көпшілікке арналған (дені комедия) фильдердің біразын интернет арқылы шолып шықтым. Бәрі орысша. (Аттарын, авторларын атап айтқым келіп тұрған жоқ, білесіздер ғой) Арасында қаңғыған қазақша сөздер кездесіп қалады, оның өзі жөн сөз емес.

Ал актерлердің бәрі қазақ актерлері! Талай сахна арқылы өнеріне қанық болған амплуалары анықталған, шеберлігі мойындалған қазақы қалжыңмен, қазақы әзілімен, қазақы танымымен көрерменін үйіріп келген қазақ актерлері! Кәдімгі қазақша оқыған, қазақша тәрбиеленген отырыс тұрысы, ым-ишарасының бәрі қазақша... тек, тілі басқа...

Бұл не? Бұл Қазақстан ба? Қазақтың тілі экранға жарамай ма? Комедиялық актелердің «ойыны адал да, тілі арам» ба?

Енді кинотеатрға бара қалсаңыз, көрерменнің бәрі көкөрім қазақтың ұлы мен қызы! Қаптаған қазақ жастары! Оларға қазақ тілінде берсеңіз, шайнамай-ақ жұтпақ! Бірақ біз орыс тілінде ұсынамыз? Неге?  Бұл не қылған комплекс?

Мәселе фильмді жасаушылардың түсінігінде болып тұр ғой. Қазақ тілінде дүниені ұсынбау - тілге сенбеу. Тілге сенбеу – қазаққа сенбеу...

Ал идеологияның тізгіні – кино. Ол қайда бұрса, сонда жайлайсыз... Тіліңді қаңғытып, діліңді көнертіп басқаның «қолтығын жайлау» етесіз... Осылай бірте-бірте негізімізден арыла береміз.

Біз қайда бара жатырмыз? Біз қандай ұлт болдық? Іске аспаса, тілің кім үшін? Тілің болмаса, күнің кім үшін? Шұғыл! «Ел болам десеңіз, киноңызды түзеңіз!», - депті Данияр Саламат.

Ұлт болмысының, мәдениетінің айнасы – кино мен театр болса, бүгінгі қазақ киносының халі қалай? Қазақ кинематографиясы қалай дамып келеді? Тәуелсіздік жылдарында түсіріліп жатқан кинолар халықтың рухани мүддесін қанағаттандыра алып жатыр ма? Қазақ киносы Ұлттық па? Шын мәніндегі Ұлттық кино дегеніміз не?

«Abai.kz» ақпараттық порталы тұрақты түрде жүргізіп келе жатқан келесі интернет-конференцияны қазақ киносы тақырыбына арнағанды құп көрдік.

Интернет-конференция спикері – белгілі режиссер, кинорежиссер, сценарист, драматург Данияр Саламат.

Спикердің ашық сұхбаты мен сіздер қойған сауалдың жауабы «Abai.kz» ақпараттық порталында жарияланатын болады!

Сауалдарыңызды жолдай беріңіздер, мархабат, мәртебелі оқырман!

Abai.kz

22 пікір