Жексенбі, 5 Мамыр 2024
Жаңалықтар 4906 0 пікір 30 Желтоқсан, 2011 сағат 06:03

Мұхтар Шерім. Алдар Көсе алдай береді...

(Жиырма сериялы телекомедия)

МАХАББАТҚА ШӨЛДЕП КЕЛЕМІН!

 

Махаббат деген-жанып тұрған от қой, от! Лапылдап жанып кетесің немесе жұрттың соңында салпақта-ап, қалып кетесің! Махаббат деген-ол көтеріліс! Бүкіл сезімің - бір мақсатқа жету үшін көтеріліске шығады. Махаббат - митинг. Ми­ың­да миллиондаған ойлар митингіге шығып,  ми палау боласың... Махаббат үшін суға секіресің, махаббат үшін біреуге  жекіресің... Махаббат үшін тіпті асы­лып қаласың, махаббат үшін барыңды беріп, шашылып  та қаласың... Ма­хаббат - бал. Жалай бересің, жалай бересің  де, таусылып қала ма деп, жан-жағыңа қарай бересің!  Махаббат - кейде у, кейде газданбаған жәй су...

Ал, Алдар Көсенің махаббаты бал бола ма, әлде айтқан жерден аулақ, у болады ма, оны қазір көресіздер...

Бір күні Алдар Көсе көрші ауылда тұратын сүйіктісі Шиегүлдің үйіне кештетіп келді. Қора жанында сиыр сауып отыр екен. Әкесі де, шешесі де қатал, қақ маңдайдан бір перуден немесе жатқызып алып, аяқтары майысқанша тебуден тайынбайды. Осыны білген Алдар Көсе өрістен қайтқан қойлармен бірге  қора ішіне еңбектей кіріп кетті.  Бір кезде әкесі келді. Қора ішіндегі қойларына қарап тұрып:

- Қатын-әй,  қорамызға бөтен қой кіріп кетіпті, білдірмей сойып алайық та?-деп сұрады.

(Жиырма сериялы телекомедия)

МАХАББАТҚА ШӨЛДЕП КЕЛЕМІН!

 

Махаббат деген-жанып тұрған от қой, от! Лапылдап жанып кетесің немесе жұрттың соңында салпақта-ап, қалып кетесің! Махаббат деген-ол көтеріліс! Бүкіл сезімің - бір мақсатқа жету үшін көтеріліске шығады. Махаббат - митинг. Ми­ың­да миллиондаған ойлар митингіге шығып,  ми палау боласың... Махаббат үшін суға секіресің, махаббат үшін біреуге  жекіресің... Махаббат үшін тіпті асы­лып қаласың, махаббат үшін барыңды беріп, шашылып  та қаласың... Ма­хаббат - бал. Жалай бересің, жалай бересің  де, таусылып қала ма деп, жан-жағыңа қарай бересің!  Махаббат - кейде у, кейде газданбаған жәй су...

Ал, Алдар Көсенің махаббаты бал бола ма, әлде айтқан жерден аулақ, у болады ма, оны қазір көресіздер...

Бір күні Алдар Көсе көрші ауылда тұратын сүйіктісі Шиегүлдің үйіне кештетіп келді. Қора жанында сиыр сауып отыр екен. Әкесі де, шешесі де қатал, қақ маңдайдан бір перуден немесе жатқызып алып, аяқтары майысқанша тебуден тайынбайды. Осыны білген Алдар Көсе өрістен қайтқан қойлармен бірге  қора ішіне еңбектей кіріп кетті.  Бір кезде әкесі келді. Қора ішіндегі қойларына қарап тұрып:

- Қатын-әй,  қорамызға бөтен қой кіріп кетіпті, білдірмей сойып алайық та?-деп сұрады.

- «Қызға құшақ, қойға пышақ дайын» деген сөзім бар, сойсақ, сойып алайық,- де­ген әйелінің даусы шыққанда, мана  терезе тұсында жаюлы тұрған қой тері­сін жамылып алып, қойлармен қатарласып тұрған Алдардың жаны мұрнының ұшына келіп, көздері жыпылықтады.

- Қораның іші қараңғы, ләмпечкесі күйіп кетіпті. Асхана ішіне жасырып  соямыз-ау...

Осылай деген отағасы Алдардың жанына келіп, үстіне жамыла салған қойдың те­рі­сін сипалап қойды. Сосын құйрық жағынан ұстап,  «құйрықты» екенін біл­гі­сі келді ғой деймін, мытып-мытып жібергенде, Алдекең шыдай алмай:

- Ойбай...-деп қалды.

- Ойбай!-деді отағасы да қорқып кетіп.

- Ұят емес пе, ағасы? Құйрығымды ұстағаны несі...

- Ойбай! Бөтен қой сөйлеп кетті!-деген отағасы от алған трактордай секіріп-секіріп алды да, тұра қашты. Әкесін көрген Шиегүл де сүтін ақтарып алды. Қы­­зы да, әкесі де, бірі -  әйелінің, бірі -  шешесінің  артына жасырынды. Бұл кезде «маңыраған»  Алдар Көсе төрт аяқтай қорадан шығып, жартылай ашық тұрған дарбазаның есігінен шығып бара жатты. Әшейінде, «батырсынған» отағасы мұны көргенде, талып қалды... Әйелі болса, «Кет шайтан, кет! Қайтып келме!» деп артынан шелектеп су шашты.  Біраз жерге дейін еңбектеп барған Алдар Көсе  арықтың жағасында алқынып отырды. Сүйіктісі Шиегүлге қалай жолық­са екен а? Бұл ауылда ұялы телефон да  толқын ұстамайды...  Ақырын жүріп, дарбазаның тесігінен сығалап тұр еді, біреу иығынан  ұстады. Бұл оның қолынан қағып жіберді, қараған да жоқ. Анау иығынан тағы ұстады. Бұл оның  қолын тағы қағып жіберді. Қараған да жоқ. Тесіктен сығалап әлек. Осы ауылдың жігіті  ызаланды білемін, Алдарды қапсыра құшақтап, әудем жерге лақтырып жіберді.

- Өй, сен кімсің?-деп сұрады Алдар Көсе.

- Өзің кімсің?

- Алдар Көсемін. Өзің ше?

- Осы ауылдың бозбаласымын. Шиегүлдің ғашығымын.

- Қойшы-ей?-деп көздерін сығырайта қарады Алдар Көсе,- Шиегүл саған ғашық па?

- Өлердей ғашық!

- Өлердей?

- Ия. Өткенде мені ойлап, өлейін деп жатқанда, аузына су тамызып кеткенмін...

- Қойшы-ей?

- Өзің  не істеп жүрсің мұнда?

- Шиегүлдің шешесіне ғашықпын... Өткенде мені ойлап, өлейін деп жатқанда  аузына құрт салып кеткенмін.

- Шешесіне? Күйеуі өлтіреді ғой!

- Махаббат жасқа қарамайды,  басқа қарайды.

- Өзің бұл ауылдың  жігіті емес сияқтысың?

- Көрші ауылданмын. Шиегүлдің шешесін ойлап, мазап кетті...

Алдар Көсе өзі қатарлы жігіттің қолтығынан алып, оңаша жерге  барып сыбырласты.

- Былай болсын,- -деді Алдар,- Шиегүлді көргің келеді ме?

- Ия.

- Менің де көргім келеді.

- Неге? Шиегүлге келіп жүрген қу емессің бе? Теріңді сыпырып, сатып жібе­рей­ін бе?-деген шойын қара  тез тұтанды.

- Е, жоға, -деді Алдар Көсе,- қазақта «Шешесін көріп, қызын ал...» деген сөз бар. Мен шешесін көремін, сен қызын аласың ғой. Шиегүлдің шешесі бұрын күйеуге тиіп, онысы  асқазан жарасынан қайтыс болып кетіпті дегенді естідім. Мына күйеуінің де әйелі асқазан жарасынан қайтыс болған екен. Шиегүл артынан еріп келген қыз. Солай ғой? Ендеше, мен Шиегүлдің шешесінің  қайтыс болып кеткен күйеуінің көңілдесінен туған баласымын. Қарындасымды іздеп келген бетім осы. Сенімен әскерде бірге болғанмын. Келістік қой?  Мені ертіп, үйге кір...  Қой сояды, ет жейміз дегендей... Әрі ғашығыңмен сөйлесіп қаласың дегендей...

- Сен кешір мені, ойнап айта салып едім, ол маған емес, мен оған сырттай ғашықпын. Естуімше көрші ауылдан бір жігіті бар дейді. Сен оны танымайсың ба?

- Танысам талқан жеп түйілейін. Ал, баста! Атың кім еді сенің?

- Алмабек.

- Немене пәле, бұл ауылдың адамдарының аттары ылғи жеміс-жидек..,

- Шиегүлдің әкесінің аты-- Пістебек, әйелінің аты-- Пістегүл...

Не керек, екеуі аулаға кірді.

- Көке,- деп дауыстады Алмабек.

- Көкең көже ішіп отыр, жәй жүрсің бе, Алмабек?-деп сұрады асханадан шыққан Шиегүлдің шешесі.

--Мына жігіт сіздің бұрынғы күйеуіңіздің көңілдесінен туған бала екен. Қарын­дасын іздеп келіпті.

- Көтек! Не дейді?-деген Пістегүл бетін шымшыды.

- Апай, мен марқұм әкемнің көңілдесінен туған баламын. Атам Алдар Көсе...

- Кім-әй, есік алдында алқынып тұрған?-деп Пістебек те шықты.

- Көке, мына жігіт жеңешемнің бұрынғы күйеуінің көңілдесінен туған бала екен. Сіздерді іздеп келіпті. Екеуміз әскерде бірге болғанбыз,- деп сарнады Алмабек.

- Немене? Не деп тұрсың өзің?-деген Пістебектің көздері атыздай болды. Әйеліне қарап еді, оның көздері қылиланып кетіпті. Қылиланбай қайтсін, екі кештің арасында біреу үйіңізге келіп: «Апай, мен сіздің бұрынғы күйеуіңіздің көңілдесінен туған баламын..» деп тұрса, көздеріңіз үш бұрышты, немесе кубик болып кетер ме еді?  Артынша Шиегүл көрініп, Алдарды көрді де таң қалды. «Ой, мұнда неге жүрсің?» деп қалып еді, Алдар  байқатпай көзін қыса қойды. Әкесі қызына бұрылды:

- Шиегүл, сен не, мына жынды басты танисың ба?

- Жоға.

- «Мұнда неге жүрсің?» дедің емес пе?

- Алмабекке айттым.

- А-а...-деді әкесі.

- Е-е...-деді Алмабек.

- О-о...-деді Алдар Көсе. Сөйтті де, Шиегүлге қарай құшағын аша жүрді:

- Қатқан нандай болған қарындасым менің! Ақ тамақ қарлығашым менің! Бір әкенің кіндігінен жаралған туысым менің! Сені де, мына жақтырмай тұрған өгей әкеңді де, мына солып қалған қиярдай көгеріп кеткен анаңды да көретін күн бар екен-ау!

Шиегүл түйенің үстіне шығып кеткендей, ештеңе түсіне алар емес. Аңырып тұрған әкесіне, бір метр таяқ жұтқандай қақиып қалған шешесіне  кезек-кезек қарап,  өзін құшақтай алған жігітінің құшағында балқы-ы-ып тұра берді.

- Қарындасым-ау, шешемді оңбаған бір камаз мыжып кетіп, өлеріне он минут, он секунд қалғанда: «Алдаржан, саған сырымды айтайын, пәлен деген ауылда тұратын түген деген кісі сенің әкең болады. Бірақ әкең асқазан жарасынан қайтыс болды. Шешелерің бөлек болғанымен, әкелерің бір қарындасың бар, аты Шиегүл деп еді...  О, жаратқан ием, енді мен өле берсем де болады!»-деген Алдар көсе:

- Көке үйде мылтық бар ма?- деп сұрады.

- Оны қайтейін деп едің?

- Бақыттан басым айналып барады! Енді атылып өлсем де арманым жоқ...

- Тек... О не дегенің? Өлгені несі? Біздің үйде өлсең, біз де жауапты болармыз...

Алмабектің екі көзі Шиегүлде... Көздерімен шешіндіріп, көздерімен киіндіріп әуре... Қара торының әдемісі... Шіркін, менің әйелім болса, мойныма мінгізіп алып, екі аяғын салақтата үйді айнала жүгіре берер едім, жүгіре берер едім... деп те қиялданды.  Бір кезде ол:

- Шиегүл, бауырыңмен табысқаныңа қуаныштымын!-деді.

- Рахмет Алмабек,- деген Шиегүлдің екі беті қызарып, төмен қарады. Бағаналы бері «тормоз» болып қалған Пістегүлдің есі енді жиылса керек:

- Ішке кірейік, шәй ішейік,--деді.

- Қарындасым менің! Өгей әкеңді керемет ақкөңіл деп естідім, қазір менің құрметіме бір қой сояйын, сояйын деп қалып тұр...

Қыздың әкесі мен шешесі үйге бұрын кіріп кетті де, Алдар Көсе  бөгеліп қал­ды. Үйге кіріп келе жатқан Алмабектің алдын кес-кестеді.

- Сен қайда барасың?

- Енді... Үйге кіріп, ет жеп дегендей...

- Аштан өлдің бе не? Не, үйіңде ет жоқ па? Шиегүл, сен мына жігітке өлердей ғашық екенсің ғой? Өзі айтты...

- Кім? Мен бе? О, қуғынбай!-деген Шиегүл Алмабектің басына  шыбын ұрғышпен салып қалды.

- Көрдің бе? Өтірік өрге баспайды. Бар, бар енді, мен Шиегүлдің «ағасымын» ғой,  әйтпесе...

Алмабек ашу деген айғырды ерттеп мініп алды.

- Немене әйтпесе? Мен қазір көкем мен жеңешеме бәрін айтамын. Көке... Кө...-деп келе жатыр еді, Шиегүл шыбын ұрғышпен аузына салып қалды. Алдар Көсе артынан келіп, қапсыра құшақтап, құйрығына тізесімен тепкілеп, көшеге шығарып жіберді. Осы кезде Пістегүл сыртқа шықты:

- Үйге кір, шақырылмаған  қонақ жігіт...

Алдар үйге кірсе, Пістебек жарылуға шақ тұр екен.

- Ия, көңілдестен туған бала. Не үшін келдің?

- Қарындасымды көруге...

- Көрдің бе? Енді қайқай!

- Қайтіп қайқаямын? Сізді мұндай сараң деп естімеген едім... Бір қой сойма­саңыз, кетпеймін!

- Мынау не дейді, Пістегүл?

Пістегүл Алдардың қолынан ұстап, жалына бастады:

-         Айналайын, кімнен тусаң да, бізге бәрі бір, қазір келген жағыңа қайта бер! Жаңа Алмабектің көзінше ұялдық... Елге жайылып кете ме деп...

Шиегүл ернін тістеліп тұрған:

- Апа, түн ішінде қайда барады? Қонып кетсін...-деді. Шешесі жалт қарады.

- Сен қыз тиегі түсіп қалған домбыра болмай, тыныш тұр!

Алдар  басын шайқады. Шиегүлге тағы да көзін қысып қойып:

- Егер мені қонақ етпесеңіздер, егер маған қой соймасаңыздар, онда қарғай­мын. Еркектің қарғысы қатты болады...-деді де:

- О, тәңірім!-деп қолын жайды, - Мына ерлі -зайыптылардың кірпіктері қысқа болсын, айтатын сөздері нұсқа болсын, иттері үрмесін, дұшпандары күлмесін!  Шіріген бай болсын, алдарында қаймақ пен май болсын!  Қойлары шулап, маңырай берсін, есектері есік алдында аңырай берсін! Ошақтарында от болсын,  көктемде қауын егіп, қолдарында шот болсын, киген киімдері  күн сайын тоза берсін, ауылға концерт келсе, мойындарын соза берсін! О, Тәңірім...

- Болды, болды, қарғысың алғыс сияқты екен, - деді Пістебек, -жарайды, бір қой соялық, әйтпесе, бүкіл ауылға «сараң еді...» деп жайып кетерсің.

Ол орнынан тұрып жатып тағы да:

-         Пістегүл,  экс-күйеуіңнің тыныш жүрмегенін қарашы...-деп қосып қойды. Алдар  қулана жымиды. Шиегүл оған жәудірей қарады. Енді қайтсін, «көрші ауылдың жігітіне ғашық екен, бір күні қашып кетеді-ау!» деген сыбысты естігелі, әкесі де, шешесі де үйден қарға адым шығармай қойды емес пе?

Әкесі мен шешесі қой сою қамымен сыртқа шығып кеткенде, Шиегүл Алдарды құшақтай алды.

- Жаным-ау, - деді үздігіп, -Мына қылығыңды қалай түсінеміз?

- Көшеңнен былай өтіп ысқырамын, олай өтіп ысқырамын, кездесуге шықпай қойдың ғой тегі, -деп Алдар Шиегүлді құшағына қыса түсті.

- Әке-шешем мені осы ауылдың бетке ұстарының баласына бермек. Олар құда түсіп қойды... Баласы қаладағы қаржы полициясында жұмыс істейді, халықтың қалтасын қақса да аштан өлтірмейді дейді...

- Солай ма? Онда мен сені бүгін түнде алып қашамын!

- Арқалап па?

- Арқалап!

- Жаяу?

- Жаяу!

- Қалай?

- Міне былай, мін арқама!

Алдар Көсе еңкейе қалып еді, Шиегүл арқасына ырғып мініп, жабыса  қалды.  Сөйтті де, екеуі үйді бастарына көтере даудырасып, бөлмені айнала берді, айнала берді... Бір кезде бөлмеге кіріп келе жатқан Шиегүлдің шешесін қағып кетіп, шалқасынан түсірді. Өздері де омақаса құлады. Мәселенің мән-жайын түсіне алмаған Пістегүл: «Ойбай, көтек!» деді де, ашылып қалған балтырын етегімен жауып, орнынан тұра алмай, ықылық атты да қалды. Шиегүл бетін басып, далаға қарай жүгірді. Алдар Көсе болашақ енесін қолтығынан демеп тұрғызды да:

- Кешіріңіз апай, қарындасым екеуміз балалық шағымызда бірге болмадық қой, ат болып, оны арқалап та ойнамадым... Сол олқылықтың орнын толтырайық деп...-деді міңгірлеп...

- Қызымды арқалап алғаны несі... Ұят-ай... Әй, Шиегүл, қайдасың, қойдың ішек қарнын тазаласып жібер! Соны айтуға келіп едім... О, несі-әй...-деген Пістегүл аяғы ауырып қалса керек, сыртқа қарай ақсаңдай басып бара жатты...

- Кешіріңіз, сіздің қызыңыз болса, менің қарындасым...

Түннің бір уағында буы бұрқырап, қуырдақ келді. Алдар жұтынып сала берді. Бірақ Пістебек те, Пістегүл де  үндеген жоқ, тымырайып отырды да қойды. Қуырдақтан да ауыз  тимеді. Шиегүл қуырдаққа қолын соза беріп еді, шешесі қолымен оның қолының үстіне шарт еткізе ұрып жіберіп:

- Қонақ осының бәрін жеп кетеді дейсің бе? Қалады ғой, әдейі тұзын удай қылдым. Ертең суға шайып жіберіп, қайта қуырамыз..-деді.

- Ойе-ба-ай... «Шешесін көріп, қызын ал» деген баяғының сөзін, бүгінде: «қызын көріп, қызын ала бер, шешесін қайтесің?» деп өзгерткен дұрыс-ау. Мына қарындасымның болашақ күйеуі енеге жарыған екен...-деген Алдар Көсе қуырдақтың бір түйірін пиялайындағы ыстық шайына батырып, қасықпен мыжғылап, тұзын кетіріп барып жей берді.

Қуырдақ желініп болған соң, Алдар Көсеге төргі бөлмеге төсек салынды.  Үй иелері мен Шиегүл есік алдындағы жатын жайға, нардың үстіне  жата кетісті. Шешесінен бөлектеу жатқан қыздың көңілі жігітте. Алдардың да ұйқысы келер емес. Бір кезде ары аунап, бері аунап, ақырында, ойбайлап, сыртқа атып шықты...

- Не болды? Немене болды?- деп сұрады Пістебек.

- Ана бөлмеде қыздар жүр...

- Қандай қыздар, ойбай?-деп атып тұрды Пістегүл.

- Екі қыз... Шайтан қыздар.. Үстіме шығып алып, айран ішіп отыр...

- Біздің үйде шайтан, жын-жыбыр жоқ, кеше адыраспандап тастағанмын, -деген Пістегүл бөлмеге кірді. Артынан Пістебек келді.

- Жат, осы жерге жабысып! Қандай қонақсың өзің?-деген Пістегүл ернін шүйіре шығып кетті. Пістебек те ызаланып барады. Түннің бір уағында Алдар Көсе тағы да ойбайлап атып шықты.

- Немене пәлесің өзің?-деді Пістебек ұйқысы шайдай ашылып.

- Ана жақта екі кішкентай-кішкентай қуыршақ кемпірлер... Шайтан кемпірлер үстіме шығып алып, жүн түтіп отыр.

- Құдайым-ай, енді не істе дейсің бізге?-деді Пістегүл көзін тырнап ашып.

- Қорқамын... Араларыңызға жатайыншы...

- Болмайды! Сомадай болып, о несі-ей... Әй, Шиегүл, бері жат. Шетке ағаң жатсын, жабысқыр пәле!

Таң атар алдында Алдар Көсе Шиегүлді түртіп оятты.

- Әке-шешең қорылға басты. Дайынсың ба?-деп сұрады.

- Жігіт дайын болса, қыз дайын!

Екеуі төсектерінен ақырын тұрып,  енді жүре бергенде, қыз әкесі ыңыранып барып, ұйқылы-ояу басын көтеріп:

- Бұл кім?-деп сұрады.

- Мен ғой. Кетіп барамын, көке...

- А-а, сен бе? Қасыңдағы кім?

- Көлеңкем ғой...

- Көлеңкең де, өзің де құры!

Алдар Көсе көлеңкесіндей болып тұрған Шиегүлін жетектеп, ауладан жүгіре шықты.  Шарбаққа байланған атына ырғып мініп, сүйіктісін артына мінгестіріп алды да, ауылына қарай шаба жөнелді. Шауып бара жатып, таңғы дауысы жаңғыра шықты:

- О, махаббат, мен саған да, тұзы күшті қуырдаққа да шөлдеп келемін! Тойға келіңіздер ағайын, тойға!

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1259
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1156
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 896
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1029