Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Абай.tv 13844 2 пікір 12 Қыркүйек, 2020 сағат 12:45

Бүгін – Қазақ киносының күні! «Амангелді» (фильм)

Бүгін, 12 қыркүйек – Қазақ киносының күні. 2005 жылы Қазақстан кинематографистері одағының басшысы болған Бауыржан Нөгербеков 12 қыркүйекті «Қазақ киносының күні» деп атауды ұсынды. Содан бастап бұл дата жыл сайын атап өтіліп келеді.

Ал «Амангелді» фильмі 1938 жылы Ленфильмде Алматы кинохроника студиясының кинематографистерімен түсірілген Қазақстан тарихындағы алғашқы дыбысты фильм.

«Амангелді» көркем фильмі қазақ киносының тарихынан үлкен орын алады. Аталған кинотуынды төңірегінде пікірлер әралуан.

Алғаш қазақ кинотанушысы Қабыш Сиранов 1944 жылғы мақаласында былай деп жазған : «1937 жылы Ленин орденді «Ленфильм» киностудиясы толықметражды «Амангелді» дыбысты фильмін жасап шығарды. Киносценарийді қазақ драматургі Ғабит Мүсірепов пен жазушы Всеволод Иванов бірігіп жазды. Картина режиссері Моисей Левин болды. Бұл фильм ұлттық кинематографияның негізін қалаған ең алғашқы киносуретіміз болып табылады». («Кино жылдар ойлар», Алматы «Өнер» 1983 ж. 10 бет).

Расында бұл фильм қазақ кино өнерінің тарихында өзіндік орынға ие. Ұзақ уақыт бойына «Амангелді» фильмі қазақ кино өнерінде алғашқы төл туынды деп есептелініп келді.

Қабыш Сирановтың мақаласында сценарий авторы: «Ғабит Мүсірепов пен Всеволод Иванов», - делінген. Ал ақиқаты – екеуінен бөлек, сценарий жазуға Бейімбет Майлин де ат салысқан еді. Сол жылдардағы кеңес үкіметінің солақай саясатының кесірінен Бейімбеттің есімі титрден алынған. Тіпті, Ғабит Мүсіреповтің есімін де алып тастаған кездер болған.

Фильм Амангелді батыр мен сарбаздарының ерліктері жайлы баяндалады. Басты жетістік - Елубай Өмірзақов сомдаған Амангелді бейнесі еді. Себебі актер Амангелді бейнесін кезең сипатымен тұтастықта бере алды. Сонымен қатар Елубай Өмірзақов фильм заңдылығына сәйкес кейіпкер мінезін терең ашты.

«Амангелді» фильмі 1938 жылы экранға шықты. 1966 жыл «Қазақфильм» киностудиясында қайта қалпына келтірілген.

Сценарий авторлары: Ғабит Мүсірепов, Бейімбет Майлин, Всеволод Иванов.

Қоюшы режиссеры: Мойсей Левин.

Операторы: Хечо Назарьянц.

Басты рөлді, яғни Амангелді бейнесін театр актеры Елубай Өмірзақов сомдады. Одан бөлек Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуанышбаев, Қапан Бадыров, Қанабек Байсейітов, Құрманбек Жандарбеков, Шара Жиенқұлова, Рахметулла Салменов секілді әртістер бар.

«Амангелді»

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар