Жұма, 26 Сәуір 2024
Естелік 3840 5 пікір 10 Қыркүйек, 2020 сағат 10:54

Тынысбек Қоңыратбай: «Біздің әулет…»

Иә, әкесін қанжығасына байлап жүрген ешкім жоқ. Алдыңғы толқын ағалардың орнын кейінгі буын інілер басып, өмір ақырындап өзгере береді. Көзі тірі болғанда 115 жасқа толатын әкем Әуелбек Қоңыратбаевтың өмірден озғанына да 34 жылдың жүзі болыпты. Уақыт өткен сайын оның тағдырымен жете танысып, еңбектерінің теориялық дәрежесін анықтап, жалпы қазақ руханиятына қосқан үлесін мөлшерлеп келемін. Жеке мұрағатындағы құжаттармен танысқан сайын ол кісіге қойғым келген сауалдарымның саны арта түсуде. Әттең, сол құжаттармен көзі тірісінде танысып, әрбір мәселені егжей-тегжей талқылағанда, көп нәрсеге қанық та болар едім. Қазақ руханиятының қалыптасу кезеңдеріне жарық сәуле түсіретін сол сауалдардың жауабын ендігі жерде әке рухымен сырласу арқылы ғана табуға болатыны өкінішті, әрине. Адам өміріндегі әкенің орнын айтып, анықтап  жатудың өзі артық. Әр шаңырақтың отын жаққан әкеден бүтін бір отбасы, әулет тарап жатады. Бірақ әке мәңгілік емес, оның да өлшеулі уақыты бар.

Әке, өзің барда көп нәрсеге мән бермей, арқаны кеңге салып жүре беріппін. Ол кезде адам тағдырын негізгі орынға қойған қоғам өзгермей, сол қалпында тұра беретін сияқты болып көрінуші еді. Алматыға оқуға аттанып  бара жатқанымда «жылы орныңды суытпай бірер жыл жүре тұрмадың ба, жасым  болса келіп қалды?» деген сөзіңе де мән бере қоймаппын. Бүгінде сол сәттерге ой жіберіп, қарттық жеңіп, әжім түскен келбетіңді көз алдыма елестетіп отырмын.

Алматыдан оралған сайын жазып жатқан еңбектеріңе араласып, оларды машинкаға басып беруші едім. Бір жолы «Тотынама» ертегілерін күніне бір түннен аударып жатқаныңды көріп, іштей «әлі де жұмыс істеу қабілеті бар екен ғой» деп ойлағаным бар. Расында, сексенге таяп қалсаң да ширақ әрі тың едің.  Немерелерің келгенде дүкенге өзің жүгіріп, сүт-айрандарын алып келуші едің. Жүрек дерті болмағанда әлі де жарық дүниенің қызығын көрер едің-ау. Тағдырдың ісіне амал бар ма…

Сенің бақилық болғаның туралы ха­бар­ды жұмыс орнымда естідім. Қайта құру заманы болатын. Қыс айы. Абай даң­ғылындағы баспа үйінде  орналасқан «Өнер» баспасында жұмыс істеп жүрген кезім. Бірде өзің көрген Бас редакторымыз, ақкөңіл азамат Серік Әбдірайымов мен отыратын бөлменің есігін ашып: «Тынысбек, түс кезінде ұзап кетіп қалмашы», – дегені. Жүрегім су етіп, бойым шымырлап қоя берді. Бірдеме болғанын анық сездім. Ұза­май директорымыз Мақсұтжан Әубәкіров­тің хатшысы телефондап, кабинетке шақы­рып жатқанын хабарлады.

Кірген бойда әлгі қорқынышым рас­тал­ды. Ғылым академиясынан М.Байділ­даев, директор М.Әубәкіров және Бас ре­дак­торымыз Серік Әбдірайымов үшеуі отыр екен. Сол жерде өзіңнен көз жазып қалға­нымды естіп, асқар тауымның құлағанын  сезіндім.

Кешкі пойызбен бір купе болып Қызы­лор­даға шықтық. Облысты басқаратын  Е.Н.Әуелбеков жерлеу комиссиясын құрып, «Ленин жолы», «Путь Ленина» газеттерінде  көлемді қазанама беріпті. Қоштасу қаң­тар­дың 30-ында өзің еңбек еткен педа­го­ги­­калық институт қабырғасында өтті. Сол жерден  қалың ел өзің жатқан табыт­ты көтеріп, даңғыл көшенің бойымен мұ­сылман бейітіне дейін жаяу барды. Көш­тің алдында  үлкен портретің. Сол көш өзің­ді  мәңгілік мекенің – жер қойнауына тапсырып қайтты.

Қалың елдің ортасында келе жатып, жас­тардың өзің туралы жылы лебіздерін естідім. Әсіресе, «ағай ұйықтап жатқан сияқты» деген сөздері есімде ерекше қа­лып­ты. «Әуекең көзі тірісінде ешкімге қиянат жасамаған әулие адам ғой, қараңдаршы,  ұйықтап жатқан кісідей» дегенді ғалымдар да, журналистер де айтып бақты. Әдетте өліктің түсі суық болады дейміз ғой, бірақ сен көзің ілініп, ұйқыға кеткен кейіпте жаттың. Қақаған қыс айы болса да бет-әлпетіңнен әлі де жылылық байқалып тұр­ды. Мұны жұрт жақсылыққа жорып жатты.

Әке, көркем әдебиетке ерте араласқа­ның­­ды білмеуші едік. Жеке мұрағатыңдағы мәлі­меттерге қарасам, бозбала шағыңда Ташкенттегі С.Қожанов басқарған «Ақ жол» газетіне үш бірдей тырнақалды өлең­де­рің басылыпты. Небәрі 16 жастағы кезің екен. Одан соң «Жас қайрат», «Әйел тең­дігі»  басылымдары да көптеген мақала, өлеңдеріңді жариялапты. Әдебиетке поэзия арқылы келіп, кейін басқа салаларға ойысып кетуіңнің себебін  әдеби жәдігерлерді игеру арқылы тарихи танымға бетбұрыс деп түсіндім.

Әке, өзің барда әулетіміз туралы ашы­лып сөйлесе алмаппыз. Сол себепті Қал­жан, Әлібек ағаларымыздың  атын естігенім болмаса, тағдырларымен жете таныс болмадым. Әңгіменің ауаны 1937-1938 жылдардағы қуғын-сүргінге қарай ойысса, «сендерге зияны тиеді»  деп күрмеп отырушы едің.  «1937 жыл антисоветизм болды, бірақ олай деп айтуға болмайды», – деп сыбырлағаның да есімде. Сонда «неге сыбырлап айтады, кімнен қорқады?» деген ой да туындайтын. Үкімет аға-інісін бірдей мерт қылып, өзі әупіріммен аман қалған адамның бойына біткен сақтығы екенін кейін түсіндік қой.

Ә.Қоңыратбаев Ғ.Мұратбаевпен бірге, Ташкент, 1924 (3-қатарда оң жақтан бірінші болып тұр)

Сол оқиғаларға бүгінгі күннің биігінен ой жіберіп қарасам,  қуғын-сүргін – үш әріп тарапынан тұсау салынған тақырып екен. Сондықтан болар, 50-жылдардың орта тұсындағы «жылымық» кезінде ақталып, әдебиет оқулықтарына енген Сәкен, Ілияс, Бейімбеттерді қалай бір жылы туып, бір жылы қайтыс болған деп таңырқап отырушы едік. Арғы жағын мұғалім де ашып айтпайтын.

30-жылдары Алматыда тұрып, Қа­зақ өлкелік партия комитетінде қазақ бас­пасөзі секторына жетекшілік жасағаның­нан, 40-жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл-әдебиет институтында, ҚазМУ, ҚазПИ сияқты жетекші оқу орындарында ұстаздық  қызмет істегеніңнен хабарым бар. Бірақ Алматыдан жер аударылу себептерін жете біле бермеппін. Бұл оқиғалардың шет жағасын анамыз жыр қылып айтып, құлағымызға сіңіріп отырушы еді. Үлкен анамыз Назым, одан туған Кеңес, Гүлзада есімді қыршын кеткен аға-апаларымның Алматы топырағында жатқанын да анамның аузынан естіген­мін. Соның бәрі Әлібек ағамыздың М.Дула­тов­тың қызы – Гүлнарға  үйленуінен басталған деп отырушы еді.

Қаралы хабарды естіп Қызылордаға жеткенімде жұмыс кабинетің сол қалпында тұр екен. Сияға малып жазатын қаламыңа дейін орнынан қозғалмаған. Үстелдің  шетінде қағазы әбден сарғайып, шет-шеттері іри бастаған, араб ғарпімен жазыл­ған қолжазба-конспектілерің де өзіңді іздегендей күйде жатты. Соның бәрі, жұмыс істеп отырып, сыртқа шығып кеткеніңдей әсер берсе де, сен қайтып келмедің. Жұ­мыс бөлмеңдегі кітап-құжаттарың жетім­сіреп  қалмасын деп барлық архивтік құжат­та­рыңды Алматыға алып кеткенмін.

Әке, сен мәңгілік тұрағыңа кеткен соң  араға 3-4 жыл салып Совет Одағы құлап, өзің қатарында 50 жыл болған коммунистік партия ыдырады. Жұрт не болғанын түсін­бей, ес жиямын дегенше баяғы өзің айтатын партия мансапқорлары,  қалайда аттан түспеудің қамына кірісіп, тондарын теріс айналдырып, діндар, молда, кәсіпкер бо­лып шыға келді. Рухани құндылықтар құл­дырап, қоғам түбегейлі өзгерді; қоғам дам­уы­ның тарихи көші өздерің  құрған социализмнен «өлмесең, тұрма» дейтін капитализмге қарай бет бұрды. Қаншама адал коммунистердің қанымен орнаған кеңес үкіметі іріген сүттей ыдырай берді. Бір кездері өзің іргесін қаласқан Қазақ КСР Ғылым академиясы таратылып,  жауапкершілігі шектеулі серіктестік дәре­же­­сіне түсті. Ғылымды өмірлік мұрат тұт­қан ғалымдардың  әлеуметтік статусы  құлдырады. Күні кеше  қазаны қайнап, буы бұрқыраған  ілім-білім ошағының жалыны басылып, шоғы сөнудің сәл-ақ алдында қалды.

Жеке мұрағатыңдағы қыруар дүниемен шетінен танысып, 100 жылдығыңның қарсаңында басты еңбектеріңді 10 том көлемінде жарыққа шығардық. Сен өмірден озған соң жарық дүние есігін ашқан немерең көп материалды компьютерге түсірді. Басқа жәр­дем күтетін адамым болмаса да, әр томы 40 баспа табақты құрайтын, барлығы 400 баспа табақ материалды екі-үш айдың ішінде дайындап шықтық. Оны жарыққа шығаруға Қорқыт ата атындағы университет басшылығы қол ұшын берді. Өзіңнен дәріс алған Р.Бердібай, Т.Тебегенов, Д.Ыс­қақ, Ж.Әбілов бастаған ғалымдар кезінде көп­томдықты насихаттап, жоғары бағалады. Тұрсынбек Кәкішев ағамыз да қолқа салып, 10 томдықты арнайы сұрап алған еді. Көптомдық басылым көршілес қырғыз елі­не де жетіп, Ұлттық кітапханасынан орын тепті.

Менің байқағаным, өз тағдырың мен ғұмырбаяныңа қатысы бар құжаттарға өте ұқыпты болыпсың. Мұрағатыңда бір ғасырдан астам тарихы бар кітаптар, «Қазақ» газетінің жеке сандары да кездесіп қалады. Өткен  ғасырдың  20-жылдары Ташкент Казинпросында оқығаныңды растайтын құжаттардан бастап, қайтыс болғанға дейінгі  ресми құжаттарың то­лық сақталған. Өте сирек кездесетін кітап­тар саны да елеулі. 40-80 жылдар арасын­дағы фольклортану, шығыс әдебиеті, қа­зақ әдебиетінің тарихы, әдеби сын мәсе­ле­леріне арналған басылымдар да толық сақталған. Олардың ішінде  Ж.Аймауытов, Х.Досмұхамедов, Файзолла Ғалымжанов, С.Айзунов, Ж.Тілепбергенов, Ғ.Тоғжанов,  Сұлтан Лепесов,  бергі жерде И.Шарипов, Т.Тәжібаев, Қ.Сәтпаев, М.Әуезов, И.Галу­зо, М.Сильченко, Н.Сауранбаев, Ғ.Мү­сіре­пов, Ә.Марғұлан, Х.Зарифов сияқты арыстардың қолтаңбалары  бар. Алпыс жылдық кезеңді қамтитын материалдардың арасында өзге де құнды деректер аз емес. Сол құжаттарды хронологиялық жүйеге түсіріп, өмір жолыңды көз алдымнан өт­кер­дім. Сонда «коммунистік партияға барынша адал, кеңес өкіметінің идеясына шын берілген адамның осыншама қиындық көруінің сыры неде?» – деген сауал алдымды кес-кестей берді.

Байқасам, 30-50 жылдар арасындағы тағдырың өте күрделі болыпты.  Жастық шағың, журналистік қызметің,  ғалым ретінде қалыптаса бастаған кездерің кеңес өкіметінің әпербақаншыл саясатымен тұспа-тұс келіпті. Көбіне «провокаторлық» әрекетпен айналысқан  құпия мекемелер  ізіңе  ондаған жылдар бойы түсіп, арғы жерде «оппортунист»,  «ұлтшыл», «тегі жағынан жат», бергі жерде «пантүркист», «панисламист», «космополит»  деп  айып­таудан бір танбапты.  Сеземін, оған    Ала­шор­да мүшесі ретінде қамалған Қалжан, «неміс-жапон шпионы» ретінде атылған Әлібек секілді туған бауырларыңның тағдыры да әсер еткені анық.

Қазақ өлкелік партия комитетінің хатшысы Мирзоянның жолдамасымен «Прав­да» атындағы Бүкілодақтың жур­на­листика институтына (ВКИЖ)  оқуға жіберілген өзіңді Кировқа қастандық жа­салған тұста «оппортунист» деп айып­тап, Мәскеудің Сокольник аудандық ко­митеті партия қатарынан шығарыпты.  «Сталиннің портретін әжуалаған қазақ жастарының қылығын партия ұйымына неге жеткізбедің?» деген сауалға: «Мен олар­­ды партияның идеялық жаулары сана­­маймын, оның үстіне  ВКИЖ-де оқи­тын қазақ жастары өте аз», – деп жауап қатыпсың. Жұмсартып, тігісін жатқызып айтуға да болар еді ғой.

Алматыға оралған бетте шиеленіскен саяси оқиғалардың бел ортасына түсіпсің. І.Жансүгіров басқарған Жазушылар ұйы­мын­да жауапты хатшы  болған жазушы, аудармашы, тетелес інің Әлібек Қоңыратбаев Міржақып Дулатовтың қызына үйленіп, «неміс-жапон шпионы» ретінде атылып кете барған. Қазан төңкерісіне дейін көптеген мақала, өлеңдерімен танылған, беріде ТүркЦИК (1924), КазЦИК (1925) мүшесі, халық соты  болған ағаң Қалжан Қоңырат­баев та  Алашордашыл ретінде ұсталып, мерт болған. Осының бәрін бізден жасырып, құпия ұстап келгеніңді кейін білдік. Шамасы, саяси қудалауды көп көргендіктен, «зияны ұрпағыма тимесін» деген болуың керек.

Қалжан Қоңырат­баев

30-жылдарғы мерзімді баспасөз беттерін ақтарып, ағайынды үшеуіңе қатысты толып жатқан материалдарға тап болдым. Әсіресе  «Лениншіл жас» газетінің 1937 жылғы 29 шілдедегі санында басылған «Тәжібаев және оның достары» деген көлем­ді материал көп нәрсенің бетін ашып берді. Әдебиет әлеміне бойлай бастаған Әлібек Қоңыратбаев, Абат Әлібаев, Рахым Уәлиахметов сияқты отызға енді келген жас қаламгерлердің нақақтан атылып кеткенін де осы деректерден байқауға болады. Әлібек болмаса, Жазушылар одағының мүшесі болған қалған екеуі туралы әлі күнге ешкім ауыз ашқан емес.

Аға-ініңмен қатар, өзің де қуғын-сүр­гінді көп көріпсің. 1935-1936 жылдары  «Социал­ды Қазақстан» газетінің әдебиет және өнер бөлімін меңгеріп жүрген жеріңн­ен Алматы облысының түрлі ай­мақ­тарына жер аударылып, үнемі бақылауда жүріпсің. НКВД мекемесі бір жерде тұруыңа мұр­ша бермей, Алматы қаласындағы №18 мектеп, Панфиловтағы 2 жылдық пед­курс, Қоғалы орта мектебі, Түркістан педучилищесі, Хантағы орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі қызметін атқарып, артынан Қарақалпақ жағына өтіп, Ташкентте бірге оқыған, сол кезде Оқу министрі болып тұрған досыңды паналапсың.  Арасында қызыләскерге де барып, РККА қатарында борышыңды өтепсің.

Әке, 1944 жылы КСРО Ғылым акаде­мия­сының Қазақ филиалы ашылғанда шығыстану және түркітану мамандығы бойынша аспирант болып, ғылымға бет бұрғаныңды растайтын бір топ құжаттарға кез болдым.  Ұзамай Тіл-әдебиет инс­титу­тының аға ғылыми қызметкері, қолжазба бөлімінің меңгерушісі ретінде академиялық әдебиеттану ғылымының қалыптасуына үлес қосыпсың. Әдебиеттанушылардың аты бәйгеден озып, Абай шығармаларының тұңғыш академиялық жинағын (1945), «Қазақ әдебиетінің тарихы» (1948), «Қазақ совет әдебиетінің очерктері» (1949), «Қазақ совет әдебиетінің библиографиялық көр­сеткіші» (1950) сияқты ұжымдық жинақтар­ды шығарыпты.  Осы кезде сенің жолыңды кесу үшін  саяси ойындардың тасасында тұрған  мекемелер отқа май құюшыларды ғылыми қауымның өз ортасынан да шығарып отырыпты. Арнайы тапсырыспен аяқтан шалып, саяси мін таққысы келген белсенділер де аз болмапты. Оны кезінде айтпасаң да, жеке мұрағатыңдағы газет қиындыларынан тауып оқыдым. Сонда барып жас ғалымдардың басын оққа байлайтын мұндай мінездердің ғылымда өз бетінше жол тауып, жарып шыға алмаған, теориялық дәрежесі төмен адамдардың партия басшыларына  жарамсақтануынан туындайтынын ұқтым.

Бұл жылдары ұятты ұмытып, биліктің сойылын соққан белсенділердің есімдері «Социалистік Қазақстан» газетінің бетте­рінде сайрап жатыр. Бір ғана экономист С.Бәйішевтің өзі неге тұрады? М.Әуезовке, оның ғылымдағы шәкірттеріне ауыз салып, «Қазақ әдебиеті» газетін ұлтшылдықтың ұясы ретінде бағалап, оны жаптыруға мұрындық  болыпты. Өзінен басқаларды кеңес өкіметінің «дұшпаны» санаған  сол мықтылардан қалған ғылыми мұра қайсы? Сондай пысықайлар қоғамдық ойдың дамуына не үлес қосты? Асылы, өткінші тұлғалардың өлшемі болмайды…

Соншама қиыншылықтарды бастан өткеріп жүріп, ғылымға ден қойғаның, досың Бейсембай Кенжебаевтың сөзімен айтқанда, ерлік қой. Көне жәдігерлерді оқу, аудару  бар да, ғылыми тұрғыдан сараптау бар. Орхон жазба ескерткіштерінен бастап, оғыз-қыпшақ, қарахандар дәуірі, сопылық әдебиет туралы аналитикалық ойларың әлі күнге ескірмеген. 50-жылдары үлкен дау тудырған Кенесары Қасымов, одан соң Сырым Датов көтерілістеріне байланысты зерттеулерің де солай. Республикамыздағы тұңғыш шығыстанушы ретінде Фирдоуси, Бируни, Хайям, Ганжеби, Сағди, Науаи, Бедил, т.б. шайырлардың әдеби мұраларын тегіс қамтып, қатарластарыңнан бұрын мақалалар циклын  жазыпсың. Олар «Әдебиет және искусство» журналының 1945-1946 жылдардағы сандарында жарық көріпті. Сол үшін саяси сынға ұшырап, «панисламист» атанып, ҚазМУ-дегі қызметіңнен қуылыпсың. Фараби және Навои, Фараби және Абай дүниетанымындағы сабақтастықтардың сырын ашуға талпынысың да – нағыз ғалымға тән ізденістер. «Алтын топшы», «Шейбанинама», «Фархад-Шырын», «Тотынама», әсіресе «Қорқыт ата кітабы» сияқты жәдігерлерді алғаш болып әдеби-ғылыми оралымға қосқаның өз алдына бір төбе. Бүгінде өзін түркітанушы санайтындардың көбі жеке бір жазбаның мәтінімен шектеліп жүргенін де көріп келеміз.

Ж.Шаяхметовтың саяси баянда­мала­рына қарасам, өзіңді кеңес ғылымына «тегі жағынан жат», «ұлтшыл» адам ретінде Ғылым академиясынан шығарып, Алматыдан жер аударыпты. Оған 1947 жылғы партия қаулысының негіз бол­ға­ны анық. Ал 1951 жылы «саяси-мето­дологиялық қателіктерің» үшін Қызылорда педагогикалық институтынан да жұмыстан босатқан.  Сталин өлген соң Қызылорда пединститутына қайта қызметке келсең де, Алматыдағы Ғылым академиясына орала алмапсың. Ғылым академиясынан өзіңмен қатар Қызылордаға жер ауып барған С.Кеңесбаев 1954 жылы Алматыға оралып жатқанда, сені Қызылордадан жер аударып, алыстағы ауыл мектебіне мұғалім етіп жіберген. Кенесары көтерілісіне байланысты «Правда» газетінде жарық көрген мақаланың дүмпуі саған да тиіп,  «Наурызбай-Қаншайым» туралы зерттеуің үшін тағы да қуғынға түсіпсің.

Бүгінде, әке, заман түбегейлі өзгерген. Өзіңмен үзеңгілес болған, қазақтың ака­демиялық әдебиеттану ғылымының негізін қалаған ғалымдардың көпшілігі ұмыт қалып, есімдері де, еңбектері де атала бермейді.  Академиялық әдебиеттану ғылымының  туу, қалыптасу, даму кезеңдеріндегі әрбір 10 жыл сайын қабылданған түрлі саяси қаулылардың кертартпалық сипаты ашылып, себептері сараланған емес.

Қоғам дамып,  заман түзелген кезде әдеби сынға ойысып, көркем әдебиеттің сапасын арттыру мәселелеріне ой бөліп­сің. Менің назарымды аударғаны – 60-жылдары қазақ поэзиясына келген жас­тар шығармашылығы туралы жазған мақалаларың. Әсіресе  «Лениншіл жас» газетінде жарық көрген «Өлеңнің де обалы бар» атты мақалаң үлкен пікірталасқа бастап, қып-қызыл айтыс тудырыпты. Сол айтыста өлеңдері сыналып, есімдері аталған біраз ышқынба ақындар кейін поэзияны түбегейлі қойып, прозаға ауысып кетіпті.

Осы тұста тағы бір заңдылық байқалды. «Таяқтың екі ұшы болады» деген ғой. Әлгі сыналған ақынсымақтар кейін «Жазушы» баспасының сын бөліміне жұмысқа тұрып алып,   сенің баспаға ұсынған әдеби сын еңбектеріңді жылдап редакция тартпасында ұстап, жарық көруіне кедергі тудырып отыр­ған тәрізді. Баспаның сын бөлімі тарапынан жазылған ондаған сырғытпа жауаптар осыны аңғартады. Бірде «бізге бүгінгі әдеби үдерісті көрсететін әдеби сын мақалалар қажет» десе, екінші жо­лы «редакция сыни-монографиялық зерт­теулерді жарыққа шығару бағытын ұстанып отыр» деп қашқақтатқан. Ал сен болсаң, бірде сыни мақалаларыңды, бірде «М.Әуезовтің типтендіру өнері» секілді монографияңды Е.Ысмайылов, Б.Кенжебаев, М.Қаратаев, т.б. пікірлерімен ұсынып, әбігерге түсіпсің.

1968 жылы «Жұлдыз» журналында «Ақ­қан жұлдызға» байланысты жарық көрген сыни мақалаңда  авторға бірқатар көркемдік талаптар қойып: «Образдар галереясы өте кең, 500-ден астам кейіпкерді оқырманның есінде сақтауы да қиын», – депсің. Осы пікі­ріңді С.Мұқанов жақсы қабылдап, өзіңе жеке хат жазыпты. Оны мен кезінде «Қа­зақ әдебиеті» газетінде жариялаған едім.  Хат «Әуелбек, мен сенің қаламыңнан туған дүниелерді қалт жібермей оқитын адамдардың бірімін», – деген жолдармен басталады.

Алматыға  көшіп, Ғылым академиясына оралуды жиі армандаушы едің. 60-жыл­дардың аяқ шенінде көшетін де болғанбыз, бірақ іс аяқсыз қалды. Ол кезде жаспыз ғой, себебін де сұрамаппыз. Көрнекті сыншы М.Қаратаевтың өзіңе жазған хатын оқып отырып, оның да себебін таптым: «Жуырда Шәкең (академия президенті Ш.Есеновты айтамын) екеуміз сен жөнінде сөйлестік. Әңгіме сенің Алматыға келуің туралы болды. Мәселені қозғаған ол кісі. Былтыр да айтқан. Мен қолдағанмын. Бірақ қолдамаған бір кісі болған, оны Шәкең біледі. Биыл мен қатты қолдадым, өйткені жағдай бар, Шәкең үй берем деді.

Ал енді шын келетін болсаң, арыз жібер, анкета толтыр, ең абзалы өзің кел… Енді мәсе­лені үзілді-кесілді шеш. Келсең де, кел­месең де батыл шеш. Қазір бәрі өзіңе байланысты.

Ал қарындасқа сәлем айт. Қалған әңгімені көріскенде айтамыз. Біздің үй Жамбыл көшесі, 13-үй, 4-пәтер. Тура осында кел» (22.03.1969).

Мұрағат қағаздарын қопарып отырып қарсы болып жүрген академияның вице-президенті Ақай Нүсіпбеков екенін білдім. Оның үстіне 1970 жылы Ғылым академиясының президенті өзгеріп, бұл мәселе мүлде тоқтап қалған.

Білемін, басты армандарыңның бірі – ғылыми еңбектеріңді жарыққа шығару еді. Ол  да бүгінде жүзеге асты. Отыз жыл­дан астам уақыт ортамызда жоқ болсаң да, жазған  ғылыми еңбектерің, көркем шығармаларың бізбен бірге. Ел есіміңді  ұмытқан емес. Кешегі кеңес заманында Қызылорда қаласындағы өзің тұрған көшеге есімің берілді. Шиелі ауданы да бір көшені атапты.

Әрине, өмір болғасын түрлі келеңсіз­діктер де кездесіп жатады. Оны мен айтпа­ғанмен, жел айтып баруы әбден мүмкін. Өткен жылы Алматы қалалық маслихаты бір көшеге «Ағайынды Қоңыратбаевтар» есімін беруді ұйғарыпты. Шешім Республикалық ономастикалық комиссияда мақұлданып, жаңа көше атауларының бекітілген тізімі «Алматы ақшамы», «Вечерний Алматы», т.б.   газеттерде жарияланды.

 Бірақ араға бір ай салып толық шешімін тапқан мәселе қайта сүзгіден өтіп, Мұрат Мөңкеұлы, Иманжүсіп, Құман Тастанбеков сияқты оншақты тарихи тұлғалар мен ғылым, өнер қайраткерлерінің есімдері газет бетінде жарияланып кеткеніне қарамастан,  тізімнен сызылып қалыпты. Соның ішінде төңкеріске дейін ауылда мектеп ашқан ағартушы, 1915 жылы Троицкіде «Пайғамбар заманы» атты оқулық бастырған, Ташкенттегі оқу-ағарту ісімен айналысқан Киркомиссия мүшесі, ТүркЦИК депутаты, ҚазЦИК мүшесі, «Қа­зақ», «Айқап», «Қазақстан», «Бірлік туы» басылымдарының тілшісі – Қалжан Қоңыратбаев, Қазақстан Жазушылар одағының жауапты хатшысы, М.Әуезов, М.Жолдыбаевтармен бірігіп «XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиетінің оқу кітабын» (1933) жазған жазушы әрі аудармашы – Әлібек Қоңыратбаев, КСРО Жазушылар одағының мүшесі, КПСС және еңбек ардагері, «Знак почета» (1961) орденінің иегері, республикамыздағы академиялық әдебиеттану ғылымы ізашарларының бірі, көрнекті ғалым – Әуелбек Қоңыратбаев есімдері де кете барыпты. Сонда «туғаныңды көргенім жоқ, өлгеніңе қалай жылайын» демекші, Алматыны 1930 жылдан мекен­деп, Қазақ өлкелік партия комитеті, Жазу­шылар одағы, газет редакциялары, ҚазМУ, ҚазПИ, Ғылым академиясында түрлі жауап­ты қызметтер атқарған ағайынды Қоңырат­баевтарды жаңарған Жетісудың жатсынғаны ма?..

Өмірдегі жолың неткен ауыр еді, әке?.. Бәлкім 30, 40 және 50-жылдары бірі біріне ұласқан саяси қуғын-сүргіндерге ғылыми сараптама жасап, тиісті бағасын беруге  болатын  шығар, ал әруақпен алысып жүргендерге айтар сөзіміз жоқ…

«Әр нәрсеге сабыр керек» деген сөзді жиі айтушы едің, ол менің құлағымда. Уақыттың бір орнында тұрмайтынын да білемін. Қараңғы түнектен соң шуағын шашқан күннің шығатыны да әмбеге аян. Мұны жасайтын жеке адамдар емес, ол табиғат, қоғам дамуының заңдылығы екенін де жете түсінемін. Ағайынды Қоңыратбаевтардың ұлт тарихына, қазақ руханиятына сіңірген еңбектері туралы М.Шоқай, М.Дулатов, Х.Болғанбаев, М.Әуезов, Ә.Марғұлан, Е.Ысмайылов, Ә.Тә­жі­баев, М.Қаратаев, Ғ.Мүсірепов, т.б. ұлт зиялы­ла­рының толғаулы пікірлері мен лебіздері көп­шіліктің назарында. Көзі ашық, көкірегі ояу жастар оның бәрін архив қойнауынан тауып аларына сенімім мол.

Әке, адамның ұрпағымен мың жасайтыны белгілі ғой. Ағайынды үшеуің ұлт тарихы мен мәдениетінен ойып тұрып орын алған болсаңдар, шүкір, артың да жаман емес. Мына аласапыран заманда ел қатарлы, біреуден ілгері, біреуден кейін күнімізді көріп жатырмыз. Ұрпағың дін аман, өсіп-өніп келеді. Ғылыми-әдеби мұраларың мәдени оралымға түсіп, жеке кітапхана мен мұрағаттық құжаттарың да қаз қалпында сақталып тұр.

90-жылдары көкбазардың маңынан М.Сильченко, Н.Смирнова сияқты көрнекті ғалым­дардың жеке кітапханасындағы құнды еңбектердің сатылымға түскенін көріп, бірнешеуін сатып алып едім. Сонда олардың артында ата кәсібін жалғастыратын ізбасарлары қалмаған екен-ау деген ой келген-ді.

Көзің тіріде дарвинизм теориясын айтып: «Бір саламен айналысқан әулеттің үшінші буыны ғана соның  биік шыңына көтеріледі», – деп отырушы едің. Өзің айтқан үшінші буынның арасында ата жолын қуып жүргендері жоқ емес. Келешекте өзіңнен қалған, бүгінде отбасылық мұрағатқа айналған тарихи-танымдық құжаттарға ие болатын ұрпағыңды дайындап жатырмын. Бүгінде қолымыздан келмеген, біз айта алмаған жайттарды көпшілікке солар жеткізіп, солар жүзеге асыратын болады. Бір кәсіпті атадан балаға мирас етіп келе жатқан біздің әулеттің бір артықшылығы осында. Сондықтан әулетіңдегі  ағартушылық бағыт, ғылыми танымға деген құштарлық, ұлт мұрасына деген сүйіспеншілік одан әрі жалғасып, жаңа танымдық сатыларға көтеріле беретін болады деп сендіргім келеді.

Ұлың – Тынысбек

Тынысбек Қоңыратбай

Abai.kz

5 пікір