Жұма, 17 Мамыр 2024
3632 0 пікір 8 Тамыз, 2020 сағат 17:35

Ішкі туризм. Қазақстанның топ-10 туристік аймағына кімдер кіреді?

«Туризм саласы – аса күрделі салалардың бірі. Қазақстанның туристік әлеуеті мол. Сол үшін біз осы сала мамандарын даярлауға ден қоюымыз керек. Сол үшін де Туризм университетін ашу туралы шешім қабылдадық», - деген еді президент Тоқаев.

Әлемді әбігерге салған сovid-19 пандемиясы дүниежүзі елдеріндегі түрлі салалардың тіршілігін тежеп, тұрмысын тұралатқаны белгілі. Өкінішке орай індет Қазақстанды да айналып өтпеді. Наурыз айының орта шенінен бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен, елде Төтенше жағдай жарияланды. Індеттің бетін қайтару үшін арнайы комиссия құрылып, бірқатар ауқымды шаралар атқарылды. Үкімет тарапынан қабылданған шектеу шаралары өз нәтижелерін беріп, тамыз айының басынан бастап індет қаупі сейіле бастады. Осыдан кейін-ақ, қатаң карантиндік шектеулер кезінде қызметіне тоқтау салынған бірқатар салалар қайта ашылып, жұмыстары жандана бастады. Осындай саланың бірі – Қазақстанның туризм саласы.

Туризмнің түрі көп. Біз бүгін ішкі туризм жайын сөз еткенді жөн көрдік. Қазақстан ішкі және сыртқы туризмді дамыту мақсатында 2025 жылға дейінгі аралықты қамтитын арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдаған.

Мемлекет басшысы былтыр «Ұлытау 2019» Халықаралық туристік форумында Қазақстандағы туризмді дамытудың маңыздылығы туралы егжей-тегжейлі айтқан еді. «Қазақстанға келушілердің санын 9 миллионға жеткізу міндет», деп сөйлеген. Ал оларға қызмет көрсетуші «персоналдардың» санын 650 мыңғ адамға дейін жеткізу туралы Үкіметке, оның ішінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне тапсырма берген.

Ал коронавирус пен коронавирус пневмониясы қос бүйірден қысқан тар кезеңде Қазақстанның туризм саласы 6,3 миллиард теңгенің табысынан қағылған екен. Бұл туалы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мәлімдеді.

Ал ҚР Үкіметінің туристік саланы дамытуға бағытталған 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, аталмыш сала инвесторлары үшін преференциялық режим енгізу жоспарланып отыр екен. Ол бойынша туризм саласының инвесторларын уақытша заттай гранттар бөліп, КТС төлеуден, жер және зат салығын төлеуден босату көзделген. Атап айтқанда, басым инвестициялық жобалардың шектік деңгейін, азайту, соның ішінде топ 10 туристік орталықтарты кем дегенде 200 мың АЕК-ке төмендету және бүкіл Қазақстан бойынша 1 миллион АЕК-тен кем емес шектік мөлшер бекіту ұсынылған.

Сонымен Қазақстандағы ең үздік және ХАЛЫҚТЫҚ сұранысқа ие деген ҮЗДІК он туристік орталық қандай? Бұл тізімге Қазақстанның қай жерлері кіреді? Бір шолып шықтық...

1. Алакөл. Қазақстандықтар ішінде сұранысқа ең көп ие – ол Алакөл екен. Туристік әлеуеті 2,5 миллион адамды құраса, қазіргі масщтаб 772 мың туристі қамтып отыр.

2. Алматының тау кластерлері. Мұндағы туристік сыйымдылық та 2,5 миллион адамға деп өлшенген екен. Әзірге қамтылып отырғаны – жылына 500 мың турист.

3. Бурабай-Щучинскі курорттық аймағы. Елішілік һәм шетелдік сұранысқа ие курорттық аймақтың сыйымдылығы жылына 2 миллион адамды құраса, қазіргі орындалып отырғаны – 750 мыңды құраған.

4. Баянауыл курорттық аймағы. Мұндағы жылдық потенциал – 450 мың туристі қамтыса, орындалып отырғаны 200 мың адам.

5. Имантау-Шалқар курорттық аймағы. Жылдық потенциалы 400 мың адамды құрайды. Биылғы жылдағы масщтаб 130 мың туристі қамтыған.

6. Балқаш көлі. Бір жылдық туристік потенциалы 400 мың адамды құрайды. Биылғы жылғы келушілер саны 130 мың туристі қамтыған.

7. Түркістан тарихи өәм мәдени туризмін дамыту. Бұл аймақтың туристік әлеуеті 1,5 миллион адамды құрайды екен. Биылғы жылдағы ағым 500 мың адамға жеткен.

8. Маңғыстаудың жағажай туризмі. Жылдық потенциалы 750 мың адамды қамтиды.

9. Нұр-Сұлтандағы MICE туризм. Жылдық потенциалы 1 миллион турист.

10. «Байқоңыр» туристік аймағын дамыту. Туристік ойын-сауық хабы ретінде потениалы 250 мың труистен 500 мың туриске дейін жеткізу жоспарланған.

«Бұл жеңілдік жасалатын туристік орталықтар тізіміне енген обьектілерде қонақ үйлер мен отелдерді, демалыс базаларын, тематикалық парктер мен ойын-сауық орталықтарын т.б. туристік инфрақұрылымдарды дамытуға үлкен көмек болады», - дейді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі.

Министрліктің ақпаратына сүйенсек, бұл жобалар жүзеге асырылатын болса, 9,1 мың адамды жаңа жұмыс орнымен қамтуға және ел бюджетіне 3,3 миллиард теңге қосымша табыс әкелуге болады екен.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2120
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2529
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2242
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1637