Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Өзгелер 3369 6 пікір 8 Қыркүйек, 2020 сағат 15:40

Лукашенко қарсыластарын депортациялап жатыр ма?

Осыған дейін Беларусьтегі оппозиция жетекшілерінің біріне айналып үлгерген Мария Колесникованы 7 қыркүйекте белгісіз біреулер Минск орталығында ұрлап әкеткені хабарланған еді.

Беларусь оппозициясы мен Украинаның ресми органдары таратқан ақпаратқа сүйенсек, оппозиция лидері Мария Колесникованы Беларусьтен күштеп шығармақ болған. Кім? Билік органдары?.. Күштеп шығаруға көнбеген Колесникованы кейін тұтқындаған. Осылайша, «жоғалды» деген оппозициясы лидері «тұтқындалған» боп шықты.

Мария Колесникованың тұтқындалғаны туралы алғашқы ақпарды мемлекеттік «БелТА» ақпараттық агенттігі таратқан. Кейін бұл ақпаратты Беларусьтің Мемлекеттік шекара комитеті де растап сөйлеген.

Беларусь билігі: Колесникова елден қашпақ болған

Шекара комитетінің ресми өкілі Антон Бычковский өз мәлімдемесінде Колесникова мен оның екі жақтасының 8 қыркүйек күні Беларусь-Украина шекарасында тұтқындалғанын айтқан. Оның айтуынша, Колесникова және оның екі әріптесі – Антон Родненков пен Иван Кравцов Беларусь-Украина шекарасындағы «Александровка» өткізу бекеті арқылы елден қашпақ болған жерінен тұтқындалған. Олар кедендік рәсімдеуден өтіп, Украина территориясына қарай бет алған кезде ұсталған.

Оппозиция: Колесникованы елден күштеп шығармақ болған

Ал Украинаның Мемлекеттік шекара қызметінің таратқан ақпаратынша, Колесникованың екі әріптесі Украина териториясына өте бергенде ұсталған. Ал Марияның өзі ол кезде шекарадан өтпеген.

Украина Ішкі істер министрі Антон Геращенко аталған жайтқа қатысты пікір білдіріп, беларусь оппозиционерлері шекарадан өз еріктерімен өтпегенін айтқан.

Мария Колесникова басшыларының бірі болып саналатын Беларусьтегі оппозициялық Координациялық кеңес мәлімдемесінде Колесникованың шекарадан өз еркімен емес, күшпен шығарылмақ болғаны, оны елден қумақ болғанда ол өзінің құжатын (паспортын) жыртып тастағаны хабарлаған.

Колесникова - қамаудағы саясаткер Виктор Бабариконың сайлау штабының өкілі. Ол сайлау науқаны кезінде «Үш әйел» митингінде сөз сөйлеген Валерия Цепкало және президент сайлауындағы кандидат Светлана Тихановскаялармен бірге болған.

Сайлаудан кейін Цепкало мен Тихановская елден кетуге мәжбүр болған. Колесникова оппозицияның жақында ғана құрылған Координациялық кеңесінің президиумына кірді. Ол Минск қаласында халық наразылығына қатысты.

Мұндай наразылық шерулері Сайлау өткен 9 тамыздан бері жалғасып келеді. Сайлау қорытындыларымен келіспеген наразылық акцияларының ең ірісіне 300 мыңға жуық адам қатысқан. Мұндай бейбіт акциялар кеше де өткен. Шеруге жиналғандар: «Лукашенко оппоненттерін елден депортацияламақ» деп мәлімдеген.

9 тамыздағы сайлауда Беларусьті 26 жылдан бері үздіксіз басқарып келе жатқан Александр Лукашенко 80,10 пайыз, оның басты оппоненті болған Светлана Тихановская 10,12 пайыз дауыс жинаған. Бұл Беларусь Орталық сайлау комиссиясының есебі.

Бұл сайлауға Халықаралық бақылаушылар қатыстырылған жоқ. Сайлаудан кейін Александр Лукашенконың «жеңісін» АҚШ пен Батыс, Еуроқауымдастық елдері мойындаған жоқ. Лукашенконың «жеңісін» бұрынғы һәм қазіргі елдер ғана мойындаған. Ал Қазақстан Лукашенконы құттықтаған алғашқы үш мемлекеттің бірі болған (Қытай мен Ресейден кейін).

Abai.kz

6 пікір