Сейсенбі, 7 Мамыр 2024
2976 0 пікір 14 Тамыз, 2020 сағат 11:15

«100 жаңа оқулық». Жаңадан аударылған 30 оқулық таныстырылды

«Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жарияланған бірегей жоба - «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы шеңберінде қазақ тіліне аударылған кезекті 30 жаңа кітапты таныстырды. Ресми таныстыру рәсімі Орталық коммуникациялар қызметі негізінде өтті.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында еліміздің бүгінгі дамуына техникалық бағыттағы мамандар мен қатар, гуманитарлық салады білікті мамандар да керек екенін айтқан еді. Осылайша «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір парасы ретінде «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» бағдарламасы қолға алынған болатын.

Еске сала кетейік, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы 2017 жылы іске қосылған болатын. Бірінші және екінші кезеңде, яғни 2017-2019 жылдарды қамтыған алғашқы екі кезеңде әлеуметтану, лингвистика, философия, психология, әдебиеттану, менеджмент, өнертану, мәдениеттану, маркетинг, дінтану, инновация, медиа және кәсіпкерлік салалары бойынша 47 оқулық аударылған болатын. Аталған қырық жеті оқулық еліміздің әр аймағындағы 132 жоғары оқу орындарына жеткізілген. Аталған жаңа оқулықтар еліміздің гуманитарлық ғылым саласына түбегейлі өзгеріс енгізіп, жаңартуға жол ашты.

Ал биыл аталған бағдарламаның үшінші кезеңінде отыз жаңа оқулық қазақ тіліне аударылып отыр. Бұл жолы аударылған оқулықтар өнер, этика, кинотану, эстетика, театртану, тарих, медиа, микро және макро экономика мен бизнес, саясаттану, жеке қаражат, саясаттану, азаматтық іс-жүргізу құқығы мен интеллектуалдық меншік құқығы, сондай-ақ, педагогика және статистика қатарлы салаларды қамтиды. 

Ерекше айта кетерлгі, бұл жолғы аударма жұмыстарында еліміздің мәдени шығармашылық бағыттағы ірі оқу орындарының ұсыныстары есерілді. Сөйтіп, театртану, кинотану, өнертану, сценарий жазу және музыка тарихы бағытындағы оқулықтарды аударуға назар аударылды. Сонымен қатар, өнер академияларыының ұсынысына сай, өнер мен білім бағытында әлемге әйгілі ең құнды деген танымал еңбектер таңдап алынып, аударылды. 

Жоба Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің тапсырысы бойынша «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының үйлестіруімен жүзеге асып жатыр. Аударылған оқулықтардың сапасы мінсіз болу үшін аударма және баспа жұмыстарына еліміздегі ең алдыңғы қатардағы оқу орындарының ғалымдары, тілші ғалымдар, әдебиеттанушылар және аудармашылар арасынан іріктелген редакторлар қатысты. Жұмысқа жалпы саны үш жүзден  астам білікті маман тартылды.

Сонымен қатар басып шығару қызметінде де әлемдегі оқулық шығаруға маманданған ірі халықаралық баспа үйлерімен серіктестік орнатылды. Бұл баспалардың қатарында: «Cambridge University Press», «Oxford University Press», «Pearson», «Cengage», «Penguin Random House», «McMillan» және өзге де ірі баспалар бар. 

Енді жаңадан аударлыған отыз кітап жайлы анықырақ айта кетейік. Кино саласында мына оқулықтар аударылды: француз философы Жил Делөздің «Кино 1. Қозғалыс-бейне» және «Кино 2. Уақыт-бейне» атты екі томдығы тұңғыш рет қазақ тіліне аударылды. Бұл кітап киноны философиялық шығарма тұрғысынан таныстыратын классикалық туынды саналады. Кино саласындағы және телевизия мамандары үшін тағы бір құнды кітап - «Киносценарий. Сценарий жазу негіздері» атты оқу құралы. Ерекше айта кетерлігі, бұл оқулық әлемнің жиырма тілінде отыз рет қайта басылған. Бұл салада тағы бір маңызды кітап кино теоретигі Семен Фрейлихтің «Кино теориясы: Эйзенштейннен Тарковскийге дейін» атты еңбегі де аударылды. Сондай-ақ, Д.Бордуэлл бастаған авторлардың қырық жылдық ізденісінен туған «Кино өнеріне кіріспе» еңбегі, Томас Эльзессер мен Мальте Хагенердің «Кино теориясы. Сезім тұрғысынан кіріспе» атты зерттеулері де аударылды. 

Ал заң және құқықтану саласында төмендегі оқулықтар аударылды: англиялық танымал заңгер, құқықтанушы Нил Эндрюстің «Азаматтық іс-жүргізу: Сот өндірісі», «Азаматтық іс-жүргізу: Медиация және арбитраж» атты екі томдық оқу құралы, келісімшарт құқығы тақырыбына арналған «Келісімшарт ережелері» атты ағылшын оқулығы аударылды. Сонымен қатар Оксфорд университеті баспасынан шыққан «Интеллектуалдық меншік құқығы» атты үш томдық оқу құралы бар.

Музыкатану бағытында мына оқулықтар қазақ тілінде жарық көрді: Кембридж университетінің баспасы дайындаған екі томдық «Музыка тарихы» жинақ. Сонымен қатар, театр өнері жайлы Кристофер Балмның «Театртану» оқулығы бар. Бұл оқулық кейінгі жылдары жеке гуманитарлық пәнге айналған.

Ұзақ жыл бойы Ресей ғылым академиясы Әлем әдебиеті институтының теория бөлімін басқарған белгілі ғалым, жазушы Юрий Боревтің «Эстетика» еңбегі аударылды. 

Сонымен қатар алғаш рет қазақ тіліне аударылып отырған «Телевизия, радио және жаңа медиаға мәтін жазу» оқулығын айта кету керек. Бұл оқулық медиаға арналған мәтін жазу қағидаларымен таныстырады.  

Тарихи білім саласы бойынша төмендегі еңбектер аударылды: «Тарих білімінің тарихы» (тарихи білімнің кәсібилену процесін кешенді түрде зерттеген), «Тарихи антропология» (тарихи-антропологиялық бағыттағы ізденістерді топтастырған), «Тарихи этнология» (әлемнің этностық бет-бейнесімен таныстырады).

Этика саласы бойынша мына оқулықтар қазақ оқырмандарына жол тартты: «Этика теориясы мен қазіргі мәселелері» оқулығының 9-басылымы, Оксфорд баспасынан шыққан «Әлемдік саясаттың жаһандануы: халықаралық қатынастарға кіріспе» оқулығы, танымал философ ғалым Джонатан Уолфтың «Саясат философиясына кіріспе» еңбегі. 

Ал білім саласында мынадай еңбектер аударылды: «Білім берудегі зерттеулер», «Статистика негіздері» және «Зерттеу жобасын жүргізу».

Ал экономика және жеке қаражат саласы бойынша мына оқулықтар қазақ тілінде сөйледі: Майкл Паркиннің «Макроэкономика», «Микроэкономика» еңбектеі. Сондай-ақ, Е.Томас Гарман мен Рэймонд Е.Форгтың «Жеке қаражат» оқулығының 13-басылымы. 

Жоғарыда аталған оқулықтардың бәрі – бүкіл әлемдегі гуманитарлық ғылымның дамуына үлкен үлес қосып, ондаған тілге аударылған атақты еңбектер. Мұндай маңызды кітаптарды қазақ тіліне аудару Қазақстанның гуманитарлық ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосары сөзсіз.

Айта кетерлігі, аталған отыз оқулықтың әрқайсысы он мың дана басылып шықты. Олар еліміздің әр аймағындағы 132 жоғары оқу орынына таратылады. Сондай-ақ, оқулықтарды «Қазақстанның ашық университеті» (www.openU.kz) порталынан интернет арқылы еркін қолдануға мүмкіндік бар. 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1583
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1475
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1223
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1202