Жексенбі, 19 Мамыр 2024
Ақмылтық 4005 9 пікір 17 Тамыз, 2020 сағат 11:26

Министрдің аяғынан шалу кімге керек?

Түбі қайда апарып соғатынын қайдам, қазір қай сайтты ашып қалсаңыз да, телеарналар мен газет беттеріне қарасаңыз да, үкіметтен бастап ауыл әкімдеріне дейін сыпыра жамандаудан аяқ алып жүре алмайсыз.  Оларды оқығанда үмітіңіз үзілмек түгілі, тіпті, бойыңызды үрей билеп, болашақтан жарық түгілі саңылау да көрінбей қалатындай. Бүкіл өміріңіз қап қара түнге айналып, аяғыңыздың астын сипалап ажыратып, тұрып-жығылып келе жатқандай өресі тарылып, өрмегі үзілгендей бір өмір...

Алайда осы айдың басқы күндері көптен бері көңілден де, өмірден де көрінбей кеткен бір тосын құбылыстың куәсі болдық. Әлгі түнектің түңдігі ашылып, көкжиегі түрілгендей жарқ еткен бір жәйт болды. Бір саланың қаңқу сөздің қармағына іліккен басшысын дүйім жұрт дүрк көтеріліп қорғады. Кімді дейсіз ғой?.. Тәуелсіздік алғалы бері басынан дау арылмай, не жөні түзу басшыға жарымай, ерінбегеннің бәрі тулақша тартқылап, жабыла жамандап келе жатқан баяғы Білім және ғылым министрінің бүгінгі басшысын! Қазіргі жас министріміз Асхат Аймағамбетовті.

Онымен көзі қарақты жұртшылық хабардар. Сондықтан тәптіштеп жатпай-ақ қоялық. Дегенмен сөзімізге дәйек, ойымызға тірек болу үшін, солардың бірнешеуін келтіре кетелік. Күмән тумау үшін мәтіндер сол қалпында алынды.


- Құрметті Асхат Аймағамбетов, сіз Білім және Ғылым министрі ретінде осы бір жылдың ішінде: парасатты, білімді, адамгершілігі мол, жомарт, қолының қайырымы мол азамат ретінде өзіңізді көрсете білдіңіз. Бұл біздің өңірдің өз жұмысына адал, сенімді, халықтың қамын ойлайтын басшыға беретін сыны. Сіз осы бір жыл ішінде бүкіл Қазақстан мұғалімдеріне үлкен қолдау жасадыңыз. Бұл еліміздің Тәуелсіздік алғалы алғаш рет Қазақстан мұғалімдеріне жасалып жатқан қолдау деп айтуға болады. Біздер А. Аймағанбетовты қолдаймыз.

Маңқыстаудан

- Біздің қазіргі білім білім саласының миністірі Асхат мырза! Өзінің жұмысын өте жақсы атқарып отыр, өте қысқа мерзім ішінде, ұзақ жылдар бойғы білім саласындағы, олқылықтар мен қателіктерді түзеуде! Өзі тарихшы, ұстаз болғандықтан, ұстаздарымыздың мұң мұқтажын жақсы түсінеді деген ойдамын.Қазіргі жасап жатқан істеріне.өте жақсы.деген оң бағамды беремін! Өте білімді,көргенді,ұлтжанды азамат, қазіргі жасап жатқан.жұмыстарын, ары қарай жалғастыруына, мүмкіндік беруіміз қажет!

Қалампыр

- Асхат інім, сенің игі істеріңді қолдап отырған халқыңды көріп отырсың. Саған қанша жала жауып құртамыз дейтіндер болса да, сен олардан қорықпа, беріл ме, әрі саған деген ұлт сенімін сатпа. Сенің істеп жатқандарыңның барлығы ұлттың мүддесі, отанның қамы. Сен халықтың ақитқатқа үмітін жағып, сенімін ояттың, ол сенімнің бір ұшы сен арқылы, саған осы жұмысты сеніп тапсырған Президентке, үкіметтің ел жұмыс істей алуы мүмкін екендігіне деген сенім. Сол үшін билік саған қарыздар.

Омар 

- Білім саласындағы барлық кемшіліктерді білетін, нағыз жанашыр, білікті маман. 30жыл білім беріп келе жатқан ұстаз ретінде Асхат Аймагамбетовты өз басым құрметтеймін, қолдаймын. Тек мен ғана емес бүкіл ұстаздар қауымы қолдайды. Шебер, білікті маман ретінде ұрпағымыз білімді де ел жанды, тәрбиелі болсын десек бұл азаматқа министр ретінде еңбек етуге мүмкіндік беру керек.

Динара 

- Асхат ініміз бетімен кеткен білімді, қаңғып жүрген ғылымды өздерінің лайықты орындарына қою мақсатында дұрыс бағытта жұмыс жасап жатыр. Осыған бір-ақ жыл уақыт кетті. Яғни жұмыс енді басталды деген сөз. Жоғарыда аталған салалардың арасында жүрген соң ішіндегі болып жатқан нәрселерді жақсы білеміз. Сондықтан жас министрге қолдау білдіру керек.

Нұрлан Бөрібайұлы 

- Асқат Аймағамбетов~ билим министри бўлишга лойиқ хақиқий инсон. Қисқа муддатда қилиб улгурган эзгу ишлари учун олқишимиз чексиз....

Инабат


Келтіре берсек мұндай оң пікірлер тіпті көп болды. Көктемгі жаңбырша жауды десек те дұрыс болар. Білікті журналист Қуаныш Қаппастың алғашқы болып ақиқатқа арашашы болған «Abai.kz» сайтында жарияланған мақаласының өзіне осындай елуден астам оң пікір, министрге деген ыстық ықылас білдірілді. Бірде бір теріс пиғыл айтылған жоқ.

Мұны өз басым жақсы нышанға баладым. Үкімет – мемлекетіміздегі үш биліктің бірі. Көп жылдан бері жұртшылық биік лауазым иесін тұңғыш рет жаппай қолдады. Мен жоғарыда «көктем» деген сөзді бекер қолданған жоқпын. Көпшіліктің көптен бері алғаш рет көңілі түсіп, оларға деген көп жылғы тоңы жібігендей болды.

Халықтың үнін билік те тез естіді. Көп ұзамай «Мемлекет басшысы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовты қабылдады» деген Ақордадан ақжолтай хабар тарады. Және де министрге педагогтердің мәртебесін көтеру жөніндегі жүргізіп жатқан жұмыстарын одан әрі жалғастыра беруді жөнінде тапсырма да берген. Бәлкім жоспарлы қабылдау шығар, алайда бас мұғалімнің төңірегінде пайда болған қаңқу сөзден сескенген жанашыр жұрттың бір желпініп қалғаны рас. Президентіміздің сөзі мен ісі бірдей жан екеніне көзіміз жетіп риза болыстық.

Осымен бала өсіріп, ұрпақ тәрбиелеп отырған халықтың көңілі орнына түсіп, іс осылайша сәтті аяқталды деп отырған жайымыз бар еді. Бірақ «Жас  Алаш» бетінде 4 тамыз күні шыққан «Плагиаттық ғылымды тонау ма, әлде қорлау ма?» деген мақала тағы да көңілімізді нілдей бұзды. Мақала авторы тақырыбынан көрініп тұрғандай үлкен мәселені көтерген болады. (Бұл жерде сүйікті де сүqекті газетіміздің жазығы жоқ екенін, оның кез келген автордың мақаласын басуға хақылы екенін еске саламыз). Мақала авторының жазғанына қарасақ, тап бір еліміздің бүкіл ғылымын осы плагиат деген пәле жайлап алған сияқты. Сөйтіп айналсоқтап жүріп ақаба суын бұрып әкеліп ақыры Асхат ініміздің ауласына әкеліп сар еткізеді. Сөйтіп майдалап, асқан шеберлікпен бипаздап келіп, Гуттенберг дей ме, Шаван дей ме, шетелдік ғалымдардың отставкаға кеткенін айтып6 демін бір алады. «Барар жерің осы» дегенге меңзегені.  Және «Оның дұрыс-бұрыстығын отандық және шетелдік ғылыми қоғам мен заң орындары анықтай жатар» деп құйрығын түлкіше бұлаңдатып, із тастап қоятынын қайтерсіз. Пиғылын түрлі тақырыпшалармен нығыздап-нығыздап қояды. Әйтеуір көп ізденгені көрініп тұр.

Өз Абайын өзі сабаған, ұлтымыздың тарихын көркем тілмен түгендеп берген Ілиястай ағамызды әдеби сыйлықтан айырған халықпыз ғой. Бұл қанымызда бар қасиет (дұрысы - қасірет). Өз басым бұған таңқалған жоқпын.

Мақаланың соңындағы «Айтбала Сүлейменқызы, Қарағанды» деген сөзге көзім түскенде таңқалмақ түгілі талып түсе жаздағаным, рас енді. Апырау, еліміздің барлық өңірінің өкілдері, жоғарыда келтіргеніміздей, тіпті өзбек қызы Инабатқа дейін қолдап, мақтап жатқанда өз жерлесінің балағына жармасып, өз бауырын өзі тілгілеп жатқан бұл бейбақ кім сонда? Қарағандыдағы таныстарыма қоңырау соғуға тура келді. Сөйтсек...

Былтырғы жылдың қыркүйегінде Қарағанды университетінің ректорының параға байланысты ұсталып қалғаны жұртшылықтың есінде болар. Бірақ, ол кісі алмаған, ғылыми жобаларға жақсы қарау үшін министрліктің «Ғылыми қорының» басшысына пара берген. Жалпы ниетінің түзу екені ескерілген болуы керек, (біз де атын атамай отырмыз) ол кісі темір тордан аман қалғанға ұқсайды. Аман жүрсін азамат дейміз де. Бірақ, ректорлық лауазымымен қоштасқан, әрине. Ал бұл Асхат Қанатұлының министр болғаннан кейін болған оқиға. Айтбала Сүлейменқызының бұл шырылы - осы ректордың мәселесіне байланысты болса керек. Міне, мәселе қайда! Сонда ол бүкіл балаларымыздың тағдырын, яғни еліміздің болашағын бір адамның креслосына айырбастаған болып тұр ма?.. Күйкі тірлік.  Күйінішті жағдай.

Ертерек те атшулы Храпунов министр болып тұрған кезінде оның бір көмекшісі тексерушілерді тоқтатпақ болып пара беріп, он жыл ма екен, ұзақ жылға сотталып кеткен еді. Анау ректордың да солай болып кетуі бек мүмкін еді ғой. Ал Айтбала болса тәубе деудің орнына, ашуға булығып, кек қайласын жарқылдатып, біреуге ор қазуға кіріскен. Осы арада жақында ғана  «Күйеуім маған он екі машина сыйлады» деп мақтанып, өз күйеуін өзі ұстап берген әнебір әйел еріксіз еске түседі екен.

Күйініштен туған бұл мақаламды айбары мол, айласы көп Айтбаланың өз сөзімен аяқтағым келіп отыр: «Ғылымның ар-ожданы бар. Оны атаққа телитіндерді, саудаға салатындарды түптің түбінде ғылымның киесі ұрады».

Әбу Саят

Қосымша: Abai.kz ақпараттық порталы еркін ақпарат алаңы. Мұнда ой жарыстырып, пікір алмастыруға әркім құқылы. Жоғарыдағы спикердің пікірі редакция ұстанымын білдірмейді. Алдағы уақытта мақалада есім-сойлары аталған жекелеген азаматтар редакциямызға жауап беруге ниетті болса, олардың да пікірін беруге әзірміз. 

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2154
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2561
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2414
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1663