Сәрсенбі, 23 Қыркүйек 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 107450. Жазылғандар — 102219. Қайтыс болғандар — 1699
489 0 пікір 12 Тамыз, 2020 сағат 17:32

«Абай академиясы» сериясымен 12 кітап жарық көрді

10-тамыз күні Л.Н.Гумилев атындағы Нұр-Сұлтан қаласындағы Еуразия ұлттық университетінің жанынан құрылған «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының арнайы бағдарламасы – «Абай академиясы» сериясымен жарық көрген 12 кітаптың таныстырылымы болды.

Модераторлық тізгінін қолына алған  Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Е.Б.Сыдықов Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ұйғаруымен Қазақ­стан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес биылғы  2020 жылдан бастап 10 тамыз – Абай күні болып ресми түрде белгіленгені тарихи оқиға екенін ерекше атап өтті. Осы уақытқа дейін «Абай академиясы» сериясымен заң ғылымдарының докторы Н.Дулатбековтың жетекшілігімен «Құнанбай Өскенбаев ісі» атты дерекнамалық зерттеу кітабы, филология ғылымдарының докторы, профессор, белгілі абайтанушы Т.Жұртбайдың «Білмей мұны жазған жоқ...» атты екі кітаптан тұратын Абай өлеңдерінің қолжазбаларына мәтіндік салыстырулар жасаған еңбегі мен жаңа мазмұндағы «Кешегі өткен би Құнанбай» монографиясы жарық көрген болатын.

Абай күні мерекесінде ұйым­дасты­рылған іс-шарада аталмыш серияның жалғасы ретінде жарық көрген он екі зерттеу кітабы жұртшылық назарына ұсынылды.  Олар:

  1. Абайдың ғұмырнамасы. Екі кітаптан тұратын ғылыми-танымдық дерекнама жинағы, жоба жетекшісі – Е.Б.Сыдықов;
  2. Абай және қазақ социумы ( Төрт кітаптан тұратын ұжымдық мақалалар жинағы). Жоба үйлестірушілері – академик Д.Қамзабекұлы, доцент Д.Р.Айтмағамбетов, доцент Е.Е.Сайлаубай;
  3. «Абайдың пәлсапасы» (авторлық ой-толғаулар). Жоба авторлары – академик Ғ.Есім, РҺD Р.Кемербай;
  4. «Соқтықпалы, соқпақсыз заманда өсті» (монография). Авторы – профессор Т.Қ.Жұртбай;
  5. «Абайдың көркемдік және ғылыми дү­ниетанымы» (ғылыми ізденісті монография). Авторы – профессор С.Негимов;
  6. «Абай және Алаш сабақтастығы: тарихи-фи­лосо­фиялық, әдеби-линг­вис­тикалық аспект Абай­дың көркемдік және ғылыми дүние­таны­мы» (ұжымдық монография). Жоба жетек­шілері – академик Д.Қамзабекұлы, алаштану­шы ғалым С.Аққұлұлы;
  7. «Бес асыл іс». Балаларға арналған танымдық жинақ. Жаңа технологияларға негізделген жоба жетекшілері – профессор Ж.Ә. Аймұхамбет, магистрант Б.Ахмер;
  8. «Абайдың педагоги­калық дүние­танымы» (ұжымдық моногра­фия), жоба жетекшісі – профессор Р.Төлеубекова.

Бұл аталған кітап­тардың барлы­ғы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қаржылық қол­дауымен ЕҰУ баспаханасынан жарық көрді.

Жиын барысында Халықаралық Түркі академиясының президенті, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі, академик Ғ.Есім, профессор Серік Негимов, профессор, бел­гілі абайтанушы ғалым Тұр­сын Жұртбай, ҚР ҰҒА академигі, профессор Дихан Қамзабекұлы, ғалым Сұлтан-Хан Аққұлұлы және профессор Жанат Әскербекқызы сөз сөйлеп, жарық көрген еңбектердің маңызы туралы айтып өтті.

Abai.kz

0 пікір