Сенбі, 27 Сәуір 2024
Қазақтың тілі 3990 7 пікір 12 Тамыз, 2020 сағат 12:39

Қандастар арасында қазақ тілінің ахуалы қандай?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілген болатын.

Аталған бағдарламаның мақсаты - қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін толыққанды сақтай отырып, латын графикасының негізінде қазақ тілін жаңғыртуға, тілдік капиталды дамытуға, тіл мәдениетін одан әрі арттыруға бағытталған тіл саясатын жүргізу. Бұл үшін мемлекет тарапынан үнемі үлкен қолдау бар.

Мемлекет басшысы да өз сөзінде "Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңге келеді деп есептеймін",- деген болатын.

Ал, осы қазақ тілінің қандастар арасындағы мәртебесі қандай?

Шетелдегі қазақ диаспорасының саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани құқықтары мен мүддесін қорғаудың бірқатар өзекті мәселелері қордаланған. Қазақ диаспорасы өмір сүретін елдердің түрлі ұстанымдарына қарай қазақ тілін оқыту жұмысы өзгеріп отырады. Атажұрттан алыстағы қандастарымызды ана тіліміздің жағдайы алаңдатады. Қазақ тілін үйренудегі түрлі қиындықтар шетелдегі диаспора өкілдерінің басты мәселесіне айналған. 

Әлбетте, қазақ диаспорасы өздері өмір сүретін мемлекеттерде сол елдің жалпы саяси, мәдени құндылықтарымен мейлінше интеграцияланған жағдайда өмір сүреді. Өздері қоныстанған елдің мемлекеттік тілін меңгеріп, сол елдің жалпы құндылықтарын мойындаған. Ешбір елде шетелдердегі қазақ диаспорасы арасында сепаратисттік пиғылдағы немесе мемлекеттің ресми идеологиясына және саясатына қарсы бағытталған оппозициялық әрекеттер байқалмайды. Кейінгі жылдары «Отандастар қоры» тарапынан жүргізілген іс-сапарлар нәтижесінде шетелдердегі қазақ диаспорасының өзекті мәселелері, оның ішінде қазақ тілінің жай-күйі тікелей зерттеліп, талдау жүргізілді. 

Әр елдің жағдайына қатысты ақпараттарға талдау жұмыстары берілместен бұрын қазақ диаспорасының ана тілі төңірегінде төмендегідей мәселелері бойынша жалпы қорытынды жүргізілген. Олар: қазақ мектептерінің жай-күйі; қазақша оқытатын курстардың жағдайы; қазақ тілін үйрететін оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету; жоғары оқу орындарында қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша кадрлар даярлау; жоғары оқу орындарында қазақ мектептеріне педагог кадрлар даярлау; қазақ тілінде газет-журнал басып шығарудың жағдайы; қазақ тіліндегі радио, теледидар бағдарламаларының жағдайы; қазақ тілінде қазақстандық радио және телеөнімдердің өзге елдерде таратылу жағдайы еді. 

Қазақ мектептерінің жағдайы. Бүгінде шетелдердегі қазақ диаспоралары арасында Өзбекстан мен Моңғолияда ғана қазақ мектептері бар. Қытайдағы қазақ мектептері 2010 жылғы білім саласындағы реформадан кейін аралас мектептерге айналып, негізгі дәрістер қазақ тілінде емес, қытай тілінде жүргізіле бастады. Дәл осындай тенденция Моңғолияда да байқалады. Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында ғана қазақ мектебі бар. Жалпы 43 мектептің 5 ғана қазақ мектебі, қалған 38 аралас мектеп оқушыларға білім береді. Қазақ мектептерінде пәндерді бірыңғай қазық тілінде оқыту тоқтатылған.

Қазақ диаспорасының ана тілінде білім алуына барынша жағдай жасап отырған ел – Өзбекстан. 2019 жылғы статистика бойынша Өзбекстандағы қазақ мектептерінің жалпы саны – 372. Салыстырмалы түрде алып қарайтын болсақ, Өзбек елінде тәуелсіздік алған 1991 жылы 550 қазақ мектебі болған. Қарақалпақстан Республикасында – 168 аралас мектеп, Бұхара облысында – 11, Науаи облысында – 56,  Жизақ облысында – 4,  Сырдария облысында – 4, Ташкент облысында – 127, Хорезм облысында – 1, Ташкент қаласында – 1 қазақ мектебі білім беру қызметімен айналысады. Дегенмен, этникалық қазақтар тұратын Өзбекстанның өзге облыстарында Андижан, Қашқардария, Наманган, Самарқанд, Сұрхандария, Ферғана облыстарында қазақ мектептері жоқ. Өйткені, қазақ мектептерін, қазақ сыныптарын ашатын бала саны жеткілікті емес және қажетті кадрлар жетіспейді. Өзбекстанда жыл өткен сайын қазақ мектептерінің саны азаюда. Мұның бірқатар саяси, экономикалық, демографиялық себептері бар. 

Өзбекстандық қазақтар арасында балаларын жаппай өзбек мектептеріне беру тенденциясы белең алған. Себебі, қазақ және орыс мектебіне барған балалар латын емес, кирилл әліпбиіне жатық болады. Ал қазақша оқу-әдістемелік материалдардың барлығы кирилл әліпбиінде. Өзбек мектептері барлық пәндерді түгелдей латын әліпбиімен оқытады. Қазақтар балаларының мектеп бітіргенде жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігі азаяды деп алаңдайды. Осының салдарынан қазақ мектептері жабылуда. 

Тағы бір себеп, еңбекке қабілетті орта жастағы немесе жас этникалық қазақтар Қазақстанға көшуде. Бұл да мектептердің тиісті бала санымен қамтамасыз етілмей жабылуына жол ашты. 

Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру мекемелерінде қазақ тілінде білім беру Қарақалпақстан Республикасында ғана қанағаттанарлық деңгейде. Қарақалпақстан Республикасындағы қазақ мектептері кадрлық және оқу-әдістемелік тұрғыдан қамтылған. Өзбекстан Республикасының бастауыш және жалпы орта білім беру саласының стандарттары бойынша оқулықтармен қамтылған. 

Қарақалпақстандағы жергілікті институттарда қазақ тілінде білім беретін факультеттерден басқа Өзбекстанда Низами атындағы Ташкент педагогикалық университетінде, Сырдария облысындағы Гүлістан мемлекеттік университеті ғана қазақ тілінде педагог кадрлар даярлайды.

Қорыта келгенде, Өзбекстандағы этникалық қазақтардың ана тілінде білім алуы, ұлттық-мәдени құндылықтарын насихаттап, жаңғыртуы тұрғысынан көптеген түйткілді сұрақтар бар. Бұл мәселелердің басым бөлігі Өзбекстанның этносаралық ішкі саясатына тәуелді факторлар болса, бірқатары Қазақстан тарапынан шешімін табатын мәселелер. 

Қазақша оқытатын курстардың жағдайы. Қазақ мектептері жоқ елдерде қазақ тілін оқыту курстарының тиімділігі жоғары. Қазақ диаспорасы өкілдерінің, атап айтқанда жастардың қазақ тілін бастауыш деңгейде болсын үйренуіне мүмкіндік беретін дәл осындай курстар. Қазақ тілі курсы АҚШ, Еуропа, Түркия, Иран секілді елдер үшін аса маңызды. 

«Отандастар қорының» қызметкерлері 2019 жылы 24-29 тамыз аралығында АҚШ-тағы этникалық қазақтардың өмірімен жақыннан танысу үшін арнайы іс-сапар ұйымдастырды. Сапар аясында Нью-Йорк, Чикаго, Хьюстон, Сан-Франциско және Бостон қалаларындағы қазақ диаспорасының өкілдерімен кездесулер өтті.

АҚШ-тың түрлі қалаларында оннан астам қазақ диаспорасының мәдени бірлестіктері мен орталықтары жұмыс істейді. Аталған орталықтарда қазақ тілі курстары демеушілік қаражат есебінен қызмет атқарады. Мұғалімдер де көбіне ерікті түрде, тегін үйретеді. 

Негізгі сұраныс – қазақ тіліндегі оқулық кітап, мультфильм, білім беру бағдарламалары және бірлескен іс-шараларды өткізуге қаржылық қолдау көрсету.

АҚШ-тағы этникалық қазақтар арасында ұлттық, мәдени құндылықтарды жаңғыртып, насихаттауға деген ынта-ықылас бар. Басым көпшілігі ана тілін ұмытпауға тырысады. Әсіресе, қандастарымыз АҚШ-та туған балаларының қазақ тілі мен мәдениетін, салт-дәстүрін білгенін қалайды. 

Батыс Еуропа елдері мен Түркияда өмір сүретін қазақтардың азшылық ретінде құқықтары толықтай кепілдікке алынған. Этникалық, тілдік, мәдени және діни тұрғыдан құқықтарын жүзеге асыруға ешқандай кедергі жоқ. Қазақ тілін үйренуде бірқатар мәселелер бар. 

Біріншіден, қазақтар әсіресе, жас буын өкілдерінің көпшілігі қазақ тілін білмейді. Мұның себебі, қазақша оқытатын кәсіби мамандар мен латын әліпбиіндегі оқу құралдарының жетіспеушілігі болып отыр. Осы елдерде құрылған Қазақ мәдени орталықтары өз мүмкіншіліктерімен ерікті түрде қазақша үйрететін мұғалімдерді жалдап, түрлі жас топтарындағы қазақтарға қазақша курстар ұйымдастырып оқытуда. Мұғалімдер ерікті негізде оқытатындықтан және қазақ тілін оқытудың кәсіби маманы болмағандықтан курстар әуесқой үйрену, ауызекі сөйлеу, сөз жаттаудан ары аса алмайды. 

Екіншіден, қазақтардың латын әліпбиінде қазақша кітаптар, қазақ әдебиетін оқу мүмкіндігі шектеулі. Осының нәтижесінде ұлттық әдебиетті ана тілінде оқып білу мүмкіндіктері шектеліп отыр. 

Иран қазақтарының басым бөлігі ауызекі тілде қазақша сөйлей алады. Әсіресе, жасы 40-тан асқан азаматтардың түгелге жуығы қазақша сөйлей алады. Жалпы Иранда қоғамдық орындарда парсы тілінен басқа тілде сөйлесуге тиым салынған. Балабақша, мектеп, жоғары оқу орындарында арнайы тіл мамандықтарына парсышадан өзге тілде білім берілмейді. Дегенмен, осыған қарамастан ирандық қазақтардың ана тілдерін ұмытпауы ерекше жағдай. Мұның бірқатар әлеуметтік-мәдени себептері бар.

Біріншіден, Иран қазақтары әрқайсысы әржақта шашырап емес, қалалардағы мөлтекаудандарда бір-біріне жақын қоныстанған. Араларында әліге дейін тығыз туыстық қатынас бар. Осы себептен, қазақтар әсіресе аға буын өкілдері бір-бірімен қазақша сөйлеседі. 

Екіншіден, қазақтар балаларын балабақшаға бермейді. Мектеп жасына жеткенше балалар үйде қазақша сөйлескендіктен тілі мен бастапқы ойы қазақша қалыптасады. 

Үшіншіден, ирандық қазақтардың жасы үлкендері ағайын-туыс арасында ақсақал ретінде үлкен құрметке ие, сол себепті жас буынға үнемі қазақтың тілі мен дәстүрін жас ұрпақтың жадын шегелеп отыратын функцияны мүлтіксіз орындауда. 

Төртіншіден, Иран үкіметі қоғамдық орындарда парсы тілі мен мәдениетін міндеттегенімен, отбасы мен халық ішіндегі мәдени әркелкілікке барынша толерантты. Мұндай толеранттылық тіптен ирандық еврейлерге де танылғанын атап өткен жөн. 

Бесіншіден, ирандық қазақтардың этнос ретінде болмысын жоғалтпауға деген диаспоралық өзін-өзі қорғау түйсігі аса күшті. 

Алтыншыдан, қазақтар арасында парсылармен және өзге ұлт өкілдерімен аралас неке мүлдем жоққа тән. Мұның басты себебі, қазақтардың суннни Ханафи мәзхабын қатаң ұстануынан туындауда. Осының нәтижесінде отбасында балалардың тілі қазақша шығып отыр. 

Иран қазақтары арасында, оның ішінде жас буынның қазақша үйренуге деген ынта-ықыласы мол. Дегенмен, көптеген қордаланған мәселелерді талдап көрсеткен жөн. 

Біріншіден, Иранда мектептер тек прасы тілінде оқытылып, араб әліпбиінде жазылатындықтан Қазақстаннан елшілік арқылы келетін кирилл немесе латын әліпбиіндегі оқу құралдары көбінесе пайдаға жарамайды. 

Екіншіден, қазақша кәсіби тұрғыдан оқытатын курстар мен орталықтар мүлдем жоқ. 

Үшіншіден, Иранда Қазақ мәдени орталығы әліге дейін құрыла алмауда. Ислам революциясынан кейін ирандық қазақтар ашық түрде қазақ мәдени орталығын құру туралы үкіметке өтініш білдіргенімен әлі күнге дейін үкіметтен рұқсат бермеген. 

Төртіншіден, ирандық қазақтар қазақстандық спутниктік телерадио бағдарламаларын көру мүмкіндігі жоқ. Қазақ тілінде бірде-бір газет, журнал, кітап жарияланбайды. Қазақстаннан келген кітаптар кирилл әліпбиі болғандықтан көпшілік оқи алмайды. 

Бесіншіден, ирандық қазақ жастарын арнайы квотамен Қазақстанда оқыту мәселесі жүйелі түрде жолға қойылмаған. 

«Отандастар қоры» КЕАҚ президентінің кеңесшісі Дидар Болат

Abai.kz

7 пікір