Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 6553 0 пікір 6 Желтоқсан, 2011 сағат 10:12

Құлбек ЕРГӨБЕК. Коммунист Сәбит Мұқановтың ұлтшылдығы…

Сәбит Мұқанов - қазақ ұлтының ағасына айналып өмір сүріп, қазақтың қариясы болып қартая біліп, өмірден кештеу өткен кісі. Қазақ елінің бар қасіретінің басы-қасында болған, бар қуанышты сәттерінің жалаугері болған адам - Сәбит Мұқанов! Қазақ ұлтының ұраншысына айналып, «Жол таптым бар қазақтың жүрегіне...»  деп шүкіршілік еткен жалаугер қаламгер өзін қазақтың қоғамдық өмірінен тыс ұстай алмады. И.Сталинді әшкерелеуші, Н.Хрущевпен стақан қағыстырған, Ж.Шаяхметовті - Шайгөз Амандықовқа айналдырып, «Тыңдағы толқындар» романында сына­ған, Д.Қонаевты Теміртау жұмысшыларына оқ атқыздың деп шенеген, И.Юсуповты мрамор сия сауытпен жусата жаздаған Сәбит Мұқанов! Ол не айтса - қазақ атынан айтты, не істесе - қазақ атынан атқарды. Соның бәрін «өлмейтін», «өшпейтін» партия ретінде ұлықталған коммунистік партия атынан батыл атқарды.

Сәбит Мұқанов - қазақ ұлтының ағасына айналып өмір сүріп, қазақтың қариясы болып қартая біліп, өмірден кештеу өткен кісі. Қазақ елінің бар қасіретінің басы-қасында болған, бар қуанышты сәттерінің жалаугері болған адам - Сәбит Мұқанов! Қазақ ұлтының ұраншысына айналып, «Жол таптым бар қазақтың жүрегіне...»  деп шүкіршілік еткен жалаугер қаламгер өзін қазақтың қоғамдық өмірінен тыс ұстай алмады. И.Сталинді әшкерелеуші, Н.Хрущевпен стақан қағыстырған, Ж.Шаяхметовті - Шайгөз Амандықовқа айналдырып, «Тыңдағы толқындар» романында сына­ған, Д.Қонаевты Теміртау жұмысшыларына оқ атқыздың деп шенеген, И.Юсуповты мрамор сия сауытпен жусата жаздаған Сәбит Мұқанов! Ол не айтса - қазақ атынан айтты, не істесе - қазақ атынан атқарды. Соның бәрін «өлмейтін», «өшпейтін» партия ретінде ұлықталған коммунистік партия атынан батыл атқарды.

Өз басым өзге қазақтар секілді, бала жастан Сәбит Мұқановты жақсы көріп өстім. Шығармаларын сүйіп оқыдым. Алматыдағы музейін майталман мәдениет қайраткері Өзбекәлі Жәнібек басшылығымен қолмен құрыстым. Әлемнің алуан елі архивін ақтарып «Сәбиттанумен» айналыстым. Архивтерде ұнамды материалмен бірге ұнамсыз материал да алдымнан шықты. Өмір. Жақсы көрумен бірге жек көру сезімі де жүректен орын алды. Мадақ дерлік мақала, жазушылық құпиясына еніп, талдап кітап жаздым. Қазақты қайтсек дербес ел етеміз деп емініп еңбектенген, сол жолда басын бәйгеге тіккен, жанын қиған Алашорда өкілдерін әжуалаған сәттерін аяусыз сынадым. Сәбит Мұқановты мадақтағаным үшін мақталып, сынағаным үшін сыналып жаттым. Небір қайраткер деп алға тұтып, табынып келген адамдарымыз Алашорданың үстінен И.В.Сталинге хат жазып, донос жасап, қазақтың қаймағын қалай сыпырып тастау жөнінде жол көрсетіпті. Сталин архивінен исі мүңкіген сол «қағаздарды» оқығалы Сәбеңді қайта жантартып жақсы көруге айналдым. Ойлап отырсам, Сәбең де Алашордамен күрескен. Коммунистік көзқарас әрекеті. Бірақ, Бас қанышерге хат жазып, донос жіберіп, халқын сатқан, сатылған жері жоқ екен. Және бар мәселенің басы ашық. Совет өкіметін қапысыз сүйген, коммунистік партияға қылаусыз сенген адамның әрекеті.

Сәбит Мұқанов - қазақ әдебиетінің тұтас бір дәуірі. Ол - қазақ әдебиетінің қаламгері ғана емес, қазақ әдебиетінің ұйымдастырушы жалаугері. Осы екі араны ашыңқырап сөйлеуіміз керек. Өз шығармалары және қазақ әдебиет ісін ұйымдас­тырушы, сол жолда ұлтты ұлықтаушы тұлға!

Өздері дұрыс жаза алмай жүріп кейбір кісілер Сәбит Мұқановты сынағысы келеді. Ақжүрек сыншысың ба, сына. Сыныңа кісі сенетіндей болсын бірақ. Сынды Сәбит Мұқановтың азаматтық тұлғасы да, әдеби мұрасы да толық көтереді. Ол өмір сүрген дәуірге орай Сәбит Мұқанов осы екі тұрғыдан да сыналуға тиісті тұлға. Сын дегеннен шығады, отыз бес жыл зерттегенде аңғарғаным - Сәбит Мұқанов бізді түсінеді екен. Керісінше, Сәбит Мұқановты біз түсінбейді екенбіз. Масқара болғанда Сәбит Мұқановтың әдеби шығармаларын оқымай, білмей де сөйлей беретін секілдіміз. Бұл енді күнә!

Сәбит Мұқанов жайында «Жан жылуы» - 1981; «Сәбит Мұқанов» - 1989; «Сәбит Мұқанов» - 2000; «Жазушы шеберханасы» - 2000 аталатын кітаптар жаздым. Қалай жаздым?

С.Мұқановтың көркем шығармаларын оқыдым. Архивін ақтардым. «Қызыл­жар» деген романының дерегін де таптым. Бұл жөнінде әдеби басылымдардың біріне арнайы жазып та қалармын. Қазірше мына жайға назар аударумен шектелейін: байқап отырсыз, Сәбең романын «Петроповл» атамай, «Қызылжар» атаған. Қазақтың ежелгі жер атауын роман аты етіп алған. Жазушы ізімен жүріп Советтер Одағын аралап шықтым. Ол мені музейлерге, архивтерге бастады. Менің еңбектерімде кезінде Советтер Одағына қараған талай елдің архивінен алынған материал пайдаланылады. Қазақ әдебиетшілерінің мұрнына иісі де бармайтын материалдар. Демек, бұл - менің тақырыбыма ақ қарап, адал зерттегенімнің арқасы!

Соған қарамастан өз басым Сәбит Мұқановты әлі танып болған жоқпын деп ойлаймын. Өйткені, шын жазушы - қашанда ЖҰМБАҚ. Сәбит Мұқанов - шын жазушы. Шынайы жазушы. Төрткүл дүниедегі ұлы жазушылар секілді оның әдеби әлемі де толайым жұмбаққа толы.

Сол жазушы жұмбағын шешемін бе деген оймен Сәбит Мұқанов шығарма­ларына қайтадан ден қойып отырған жайым бар. Сәбит Мұқановтай қазақ деп ғұмыр кешкен жазушы жұмбағын шешкісі келген азаматқа «кел қолдас, кел қаламдас жолдас, жұмбақты бірге іздейік!» дегім келеді.

1.Ұрпағымды аттап жүре берейін бе?

...1971 жылдың 26 наурызы. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институтында «Қазақ ССР-нің 50 жылдығына» арналған ақындар жыр кеші болмақ. И.В.Сталиннің қан­ды «культінен» арылып, «Культ - әдебиетке ғана жарасады» (Я.Смеляков) деп жүрген кезіміз. Ұлт мәселесі - «мызғымас біртұтас КСРО-дағы» шетін мәселе. Соған қарамастан алып империяға зорлықпен кейін қосылған Балтық жағалауы республикаларында (Литва, Латвия, Эстония) наразылық, Кавказ республикаларында (Грузия, Армения, Әзербайжан) ұлттық ояну­шылық бар. Солардың әсерінен бе, әлде дүркін-дүркін ұсталып түрмеге айдалып, барып-келіп жататын Е.Ыс­майылов, Қ.Жұмалиев, Е.Бекмаханов, ұлтшылдығы үшін М.Әуезовпен бірге бір бұйрықпен ҚазМУ-дан қуы­лып, СОКП қатарынан шығарылатын Б.Кенжебайұлы сынды профессор­лар­дың айтқан сөздері (оқыған лек­циялары), жасырып оқытатын Шәкә­рім, М.Жұмабайұлы, Ж.Аймауытұлы шығармаларының әсері ме, әйтеуір қазақ ұлтының саналы ұрпағы бо­йын­да ұлттық оянушылық бар. Мос­квада оқитын қазақ жастары ұйым­дастырған «Жас тұлпар» қоғамдық бірлестігі таратылғаны, Мағжан шы­ғармаларын Б.Кенжебайұлы бас бо­лып «азаматтық ақталуын» алға ұстап, ақын өлеңдерін А.Жовтиске орыс тіліне аудартып, Т.Нұртазин, жазу­шы Т.Ахтанов қатысып, ҚазМу-да кеш өткізіп, оны біреу (атын атамай тұра тұралық) жоғарыға сыбыр­лап қойып, қуып таратылатыны бізге жоғары курс студенттері аузымен жетіп жатады. Елеңдейміз. Ең бастысы - ұлт әдебиеті ұлт ұрпағын оятуға жетіп артыларлық «культ» кезең. Олардың шығармаларын оқу - мәсе­ленің мәселесі. Бір жаңа шығарма жарық көре қалса «оқыдың ба?» деп бір-бірімізден сұрап жүргеніміз. Жа­ңа туынды жалма-жан қолдан қолға өтіп жүре береді. Ол кітап жайында пікір алысу кез келген жерде жағдай таңдамай жалғасып жатады. Көркем әдебиетке ынта сондай күшті. «Со­циа­листік Қазақстансыз», «Лениншіл жассыз» үй адыра қалған үй, қойшы етігінің қонышында «Жұлдыз» бен «Қазақ әдебиеті» газеті жүреді. Сәбит Мұқановтың «Ботагөз» романын қима­дың деп сүйіскен екі жастың ата-анасы бір-бірімен құдалықтан кетісіп, қырбай болып, Сәбит Мұқа­новқа жүгінетін кез (Сәбит жарықтық «Ботагөз» романын шарқ ұрып іздеп, тауып: «Екі шал, алжымаңдар. Өзара сүйіскен екі жастың обалына қала­сыңдар. Міне, «қалыңмалын» мен төледім, екі жастың үйленуіне қарсы болмаңдар» деп бір мәтінде екі бөлек хат жазып, «Ботагөз» романын екі құдаға теңдей бөліп салып жіберетін кездер-ай, шіркін!) Енді ойлап қара­сақ, соның қай-қайсысы да бүгінгі арнайы ұйымдастырылатын ғылыми-практикалық конференциялардан бір­де-бір кем емес екен-ау. Жазушы ағайындар бұқараны КСРО тұтас­тығына үндей жүріп те шығарманың астарлы ағынымен жұртын ұлттық болмысқа баулып, ұлттық рухта тәрбиелей білген екен-ау. Біз студентпіз. Оның үстіне ҚазМУ-да М.О.Әуезов атындағы әдеби бірлестік, Қыздар педагогикалық институ­тында «Қыз Жібек» эстетикалық клубы, тіпті журналистика факультетінде М.Сералин атындағы журналистік бірлестік жұмыс істейді.

Әлгі атаулы ақындар кеші даңқы әп-сәтте Алматыны кезіп кетті. Ын­тықтық. Кешкілік. Сабақтан шығып жүгіре басып, ентігіп жеттік. Кешігіп қалыппыз. Бүгінгі Төле би көше­сіндегі ғимараттың бес жүз кісілік залында ине шаншар орын жоқ. Тұм­сық батпайды. Тікемізден тік тұра қалдық. Жиырма шақты ақын, жазу­шы Сәбит Мұқанов бастап қаздай тізіліп келіп «президиумға» жайғасты. Сұңғақ жігіт, профессор Серік Қи­рабаев өзінің ешкімге ұқсамайтын үнімен кешті ашып, «Қазақ ССР-і» жайында саяси философия айтып, сөзді Сәбит Мұқановқа берді. Мұхтар Әуезовтің даңқы бар да өзі жоқ. Ал Сәбит Мұқановтың даңқы аспандап қалықтап тұрған шағы. «Аққан жұлдыз» үзінділері «Жұлдыз» журна­лында жарияланып жатыр. Мен, мен ғана емес, иін тіресіп, теңселіп, тебіреніп тұрған 700 кісінің дені осынау кешке Сәбит Мұқанов қатысады екен деген дақпырттың құ­лына ай­налып келгенбіз. Сә­беңнің беделі сұм­­дық еді.

Сәбит Мұқанов өзі өмір сүріп отырған қо­ғамға өкпелеп сөйледі.

- Сәбиттің жазған­дары 50 том болатын, - деді өзінің қар­лы­ғыңқы жарықшақ да­уысымен, - соны бас­тыруға Қа­зақстан, тіпті СССР қағаз таппай қиналып отырған соң қайтер­сің?! Содан да көлемді роман жазған­ды доға­рып «төрт­­та­ған» атап рубайлар жа­­зып жүр­мін. Рубай дегеніңнің өзі ұлғай­ған жасқа жақ­сы ма деймін. Күшеніп жат­пайсың. Өмірден көр­ген-білгеніңді, көңі­лі­ңе түйгеніңді фило­со­фияға айналдырсаң - жетіп жатыр. Мен сол су жаңа рубай­ларым­нан оқимын.

Ақынның оқығаны «рубай» ма, жоқ па, кім білсін?! Қазақы болмысты тар­тымды төрттағандар залды баурады. Өлең оқитын ақындар саябырси бас­тағанда төменгі қабатқа жүгіре жө­нелдік. Онда «кітап жәрмеңкесі» ұйым­дастырылған. Кітап жаймасы. Кітап сатып алып қаламгерлерден қолтаңба алып үлгеруіміз керек. Сәбит Мұқа­новтың үш томдық «Өмір мектебі».   Жуан үш кітап. Бағасы да біраз. Бірың­ғай стипендияға қарайтын студенттің қал­тасы тесік. Ойланып тұрып «Қазақ­стан жазушылары» («Жазушы», 1969 ж.) ата­латын ашық қызыл жуан кітапты сатып алдым. Өйткені онда қазақ жазу­шыларының өмірбаяны әр бетке бөлек беріліп, суреті басылған. Бір емес, бірнеше қаламгерден қолтаңба алуға қолайлы. Ғали Орманов, Қасым То­ғыза­қов, Мұқағали Мақатаев, лезгин ақыны Байрам Салимовқа тілек жаз­дырып алдым. Апай төсін айқара ашып тастап, екінші қабаттан бірінші қабатқа түсіп келе жатқан Мұқағали ағаның алдынан шықтым. Ол досы - Әнуарбек Дүйсен­биев үйінен біледі мені. Қолым­дағы кітапты тілек үшін ұсынғым келіп, әрі-бері парақтаймын. Кітап ішінде Мұқаш аға жоқ. Демек, әлі «СССР Жазушылар одағына мүше» емес. Тұ­тас кітапты ұсындым. Анықтама­лық­тың ішінде өзінің жоғын ақын біледі, әрине. Ол кітапты қолына алып тұрып, бірінші тыс-парағын аударып тастап, мұқаба­ның екінші бетіне: «Құлбек! Адам бола біл, түсіндің бе? М.Ма­қатаев. 26.ІІІ.71 ж.» - деп қол тартты. Сөйтіп жүріп Сәбит Мұқановқа кешігіппін. Сәбит Мұқановтың алдында қолтаңба алуға кезекке тұрған жастарда, Сәбеңше айт­сақ, қисап жоқ. Ұзын тізбек. Егер Сәбең­нен қолтаңба алмасам, бүгінгі ақындар кешіне келуімде мән болмай­тын секілді сезініп ұзын-сонар кезектің аяғына келе тіркеліп тұра қалдым.

Ақындар үйді-үйіне тарап кетті. Түн­нің бір уағы. Кіре беріс фойеде жазушыдан Сәбит Мұқанов қана қал­ды. Сәбеңе қарайлап бір сылыңғыр қара жігіт жүр. Шамасы ол да ақын болар. Сәбиттей жазушыны үйінен алып келген, енді апарып салуға жауапты азамат сынды. Айырып танып жатқан жоқпын. Әлден уақыт. Тізбек тоқталар емес. Әлі бірсыпыра жас бармыз тізіліп тұрған. Біз де қай жетісіп тұр дейсіз?! Қарын ашқан, көз бозарған... Сәбең сүйкектетіп тілек жазып беріп отыр. Ары-бері селтеңдеп жүрген сылыңғыр қараның тіпті шыдамы кетті білем, тағатсызданып:

- Қайтайық та, Сәбе, - деп қалғаны. Біздің зәреміз зәр түбіне кетті. Бейне тілек сөзін күтіп тұрған алып жазу­шымыз «Шаршадым, қарақта­рым!» деп орнынан тұрып кетердей ішіміз қыл­пылдап қоя берді. Тіпті бойда діріл пайда болды. Мойнымызды созып ақшамнан бері тұрмыз ғой, енді! Демімізді ішімізге тартып алдық. Басында қара тақия, үстінде қара костюм, етжеңді жазушы бір сәт кезекті кітабын жүрек тілегін жазып ұсынды да әлгі сылыңғыр қараға жалт қарады. Оқты көзімен атып, қазақша айтқанда «жаман көзімен» қарады. Қарады да:

- Мына тұрған көкөрім балалар біздің болашағымыз. Менің жас өркен ұрпағым. Сәбит атыммен, түйедей басыммен жастардың тілегін аяқасты етіп, жерге қаратып, ұрпағымды аттап жүре берейін бе? - деді сосын ажырая қараған қалпы. - Онан да қарап тұрмай такси ұстап әкел қайтатын! Өй, антұрған!

- Қойдым, Сәбе, қойдым. Міне, қа­зір, қазір такси ұстап келемін.

Қара шаңырақ КазПИ-ден,

Аттандық біздер таксимен!... -

деп таксимен аттанып кетеміз, - деп «айыпты» сылыңғыр қара жігіт өлең­детіп сыртқа қарай жүгіре жөнелді. Кейін білдік, әлгі қара жігіт Нұтфолла Шәкенов екен.

«Сәбең бізді тастап кетіп қалар ма?» деп зәре құтымыз қашқан біздің жүрегіміз орнына түсті. «Уһ» дедім еркін дем алып...

Бізге де кезек келді.

- Атың кім, қарағым? - деді жарық­шақ дауыс. Атаның, әкенің үніндей сүйкімді естілді. «Құлбек» дедім жал­ма-жан. Ол быртық салалы саусақта­рымен мықтап ұстаған «шарикті» жуан қаламмен «Құлбекке. С.Мұқанов. 26-ІІІ-71 ж.» - тілек сөзін жазып «Қазақ­стан жазушылары» кітабын өзіме ұсын­ды. Тілек сөзі - жүрек сөзі. Бақытты едім. Рахмет айтып, толқып басып кезекті келесі өспірімге беріп былай тайқып шыға бердім.

...Жазушыны қызықтай бақылап қа­рап тұрмын. Міне, тағы екі-үш боз­балаға қолтаңба сыйлады. Сөйтті де «Бар мәзір, жоқ жай. Осыған риза болыңдар, қарақтарым. Оқушы бала­лар­сыңдар (студент дегені болар) ғой. Жақсы оқыңдар. Оқымыш болыңдар. Замандарың келеді, ұрпақтарым, бақытты болыңдар!» - деді. Деді де ауыр денесін ақырын тіктеп таяғына сүйеніп баяу басып шығып бара жатты.

...Жатақханаға жаяу тартып келемін. Қолымда кітап. Құлағымда жа­зушы үні күмбірлейді. «Ұрпағымды аттап жүре берейін бе?», - деген мейірбан үн, «За­мандарың келеді» - деген жұмбақ үн...

2. «АЗИАДА» алауына қарап отырып...

(Сәбит Мұқановтың «Советский спорт» газетінде жарияланған бір мақаласынан туындаған ой)

«АЗИАДА» алауы қазақ жерінің бір шетінен еніп, екінші қиырына қарай жылжып кетіп барады. Астанада әне-міне әлемдік спорт додасы басталады. Біз тағатсыздана күтіп отырмыз. Әлемдік спорт додасы басталар сәтте ресми ашылуына орай туымыз төрге ілініп, мемлекеттік әнұранымыз аспан­дайды. «Алтын күн аспаны...» Қазақ азаматы арқаланады. «Мен қазақпын!» - деген азаматтың мәртебесі биіктер сәт! Осы сәттерді көз алдыма елестетемін. Елестетемін де ойға батамын. Көңіл көкжиегіне ғұмырымның жары­мын арнап зерттеп келе жатқан қазақ болмысты жазушымыз Сәбит Мұқанов бейнесі көтеріледі. Асылы, ол кісінің біздің өмірімізде қалам тартпаған саласы жоқ еді-ау...Спорт ше? Спортты да жанын шырқыратып отырып жазған. Өмірдің бір қыры - қазақ шопандарына жағдай жасалмай жатыр деп айқайлап жүріп «Үштөбеден» киіз үй жасайтын фабрика аштырған Сәбит Мұқанов. «Қай­рат» командасы неге қазақ жаста­рынан құралмайды?» - деп айқайлаған да Сәбең жарықтық. Ох, есіме түсті. Кешегі кеңестік кезеңнің коммунистік саясаты сыздаған сыздауықтай қабын­дап тұрған сәтінде бүкілодақтық «Советский спорт» газеті бетінде «Ауыл спорты, хал қалай?» - деп алпысын­шы жылдары қорықпай мәселе көтер­ген, он бес одақтас республикаға дауысын жіберіп айқай салған да Сәбит Мұқанов емес пе еді? Иә, солай!

«Советский спорттың» оқушыла­ры­ның көбі менің ауылымның та­рихымен дүние жүзінің көптеген тілдеріне аударылған «Өмір мектептерім» атты өмірбаяндық трилогиямнан таныс болар деп ойлаймын.» - деп алып ұлт спорты мәселелерін буынынан ұстап мәселе көтеріп еді-ау. Ол қандай ұлттық мәселе қызыл империя саясаты қызып тұрған кезде қазақ жазушысы қаймықпай көтеріп жүрген? Асылы, жазушының өзіне сөз берген:

«Біздің уақытымызда ұлттық спорттық ойындарды мүлде басқаша өткізуге болар еді. Мүмкіндік бар-ау, бірақ өткізбейді. Менің жастығым­ның сүйікті ойындарын еске алуым­ның себебі бүгінгі ауылда спорттың ұлттық түрлері түгелдей дерлік ұмытылғандықтан.

Солтүстік Қазақстан облысының сов­хоздарында қазір әбзелдерді (ат сайман), керек-жарақтарының өзін табу қиын. Әйтеуір, биылғы жылы маған ауылда жарамды ер-тоқым тауып бере алмады. Маған ауыл адамдары мына бір қызықты фактіні айтып берді. Өткен жылы менің жерлестерім қасқырды жатқан жерінен үркітіпті. Жас жігіттер жырт­қышқа мылтық оғы жететін жерге жақындай алмағанда, 70 жастағы Бейсен қарт қасқырды қуып жетіп, үзеңгімен ұрып талдырып (қолында таяқ болмаған соң) байлап алыпты. Ауыл балалары өздерінің қалалық теңдестері сияқты атқа мінуді ұмы­тады ғой деп шошимын. Қазақтар­дың үстел үстіндегі «тоғыз құмалақ» ойындарының аңызға айналып кетуі де мүмкін. Селолық «Қайрат» қоға­мының кубогі үшін жарыстарда, оның өзі де жыл са­йын өткізілмейді, шах­мат сияқты ертеден келе жатқан ой­ындардың чемпионы үнемі 60 жастағы жам­былдық қарт Ра­хымбай Ақпан­бетов­тің болуы кездейс­оқтық емес. Мұндай фактілер республика спорт ұйымдарына ой са­луы тиіс. «То­ғыз құ­малақ» мың­даған тә­сілдері мен түрлері бар қызық­ты ойын.

Мені олимпиа­да­лық ойындарға қар­сы деп ойлама­ңыз­дар. Оларды жан-жақ­ты дамытып, ау­ыл­ға үдете енгізу керек. Бірақ, олар ха­лықтан шығып, ха­лықтың сүйікті өне­ріне айналған спорт­тың ұлттық түрлерін көлеңкеде қал­дыр­мауы тиіс. Халық­тың спорт түрлерінің дамуына даңғыл жол ашқан күнде кла­с­сикалық түрлерін ен­гізу процесін тездетуге көмектесер еді. Қазақстан самбистері мен еркін күрес секцияларына көп­теген балуандар қа­зақша күрестен келді.

Бүкілроссиялық спорттың үлкен әлеміне французша күрестің дүние­жүзілік чемпионы Қажымұқан Мұ­ңайт­пасов та осындай жолмен кел­ген-ді. Мен онымен ет жақын таныс едім. Табиғат кереметтей күш сый­лаған тамаша адам болатын. Ол Иван Поддубныйдың досы еді. Мен тағы бір аты ел арасында аңызға айналып кеткен Балуан Шолақпен де дос болдым. Ол жөнінде бір кезде роман да жазғанмын. Менің ойымша ол осы кезде туса, сөзсіз, дүние жүзінің чемпионы болар еді.» - дейді («Советский спорт» газетінде жария­лан­ған мақала. «Спорт» №48(514) 23 ноябрь 1968 ж. Саны бойынша беріліп отыр) қазақ жазушысы!

1968 жылы жазылған мақала. Ол кез - кеңестік кезең. Кеңестік кезеңде, терезесі тең он бес республика деп алқына сөйлеп, шын мәнінде қазақ елінің басынан қиқу кетірмеу, еліне көз аларту, жеріне сұғын қадау - дүркін-дүркін қайталанып, ұлттық дәстүрге шабуыл сәт сайын көрініп те, көрінбей де жүргізіліп қазақтың басынан құй қазған заман. Неге олар ұлттық дәс­түрге шабуыл жасайды? Ұлттық дәстүр - ұлтты коммунистік басқын­шылықтан сақтап қала алатын жалғыз фактор еді. Ұлттық дәстүр аясында тәр­биеленген азамат елі үшін тұра алатын, жері үшін тұрыса алатын. Ж.Тәшенов сынды біртуар азаматтың: «Жер - қазақтікі, Никита Сергеевич, сіз айтты екен деп қазақ жері берілсін деп қол қойып, қолыңа ұстатып жібере алмай­мын» деп КПСС Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Н.С.Хрущевқа қас­қайып қарсы тұра алуы да қазақ қайраткерінің ұлттық рухқа адалдығы. Ұлттық дәстүрде тәрбиеленбесе, «жеті басты жалмауыздан» жаман коммунистік бас­қыншылыққа қарсы тұра алар ма еді?! Тұра алмас еді ғой. Сондықтан сақта­рымыз ұлттық дәстүр, аяларымыз ұлттық рух болсын де!

Сәбит Мұқановтың жәй спорт тура­лы мақаласын қайталап оқып, қатты риза болып отырған себебіміз де ұлт­тық дәстүрге байланысты. Қазақы бол­мысты жазушы қазақтың дәстүрлі спор­ты туралы батыл айтып, бүкілодақтық газет бетінде 1968 жылы мәселе көтеріп отыр. Дәстүрлі спорт түрлеріне сұрау салып, жоқтаған болып сөйлеп те қазақтың ұлттық дәстүрін сақтауға батыл үндеп отыр. Шынына келгенде ұлттық рухқа шақырып отыр!

Мақала «Советский спорт» газетінде басылыпты. Әдейі кезіндегі тілмен айтқанда «бүкілодақтық» басылым бетінде сөйлеген. Және қанын сорғала­тып ұлттық пішінде сөйлеген. Қан­шалықты ділгер мәселе көтерген, сон­шалықты тамаша етіп көтерген. Қалай ғана осыдан кейін Сәбит Мұ­қанов жарықтықты жақсы көрмессің?! Жақсы көріп кетесің. Құранда «О, Құдай, пендеңнің біліп, білмей жасаған күнәларын кешкейсің...» - деген тілек ұдайы бірге айтылып, бірге жүреді. Толымды шығармаларында айта ал­маған ұлттық мәселелерді оймақтай ғана мақаласымен «одақтық» газет бетінде айта алғаны үшін де Сәбең жарықтықтың «біліп, білмей жасаған күнәләрін» кешіргің келіп кетеді...

Былтыр жаз С.Мұқановтың туға­нына 110 жыл толуына орай бас сәбит­танушы райында шақырылдым да жазу­шының туған ауылына барып қайттым. Облыс орталығынан тойы өтіп жатқан жазушының бағанға ілінген ауқымды бір суретін көре алмай қарным ашты. Сәбең ескерткішіне гүл шоғын қойғанда да жалтақтық көрсет­кендей болдық. Қашан жазушының туған топырағына (ауданы) барып жеткенше С.Мұқановқа арналған ашық-жарқын жарнаманы көре алмадық... Жол бойы «Петропавлдан» басталған орысша топонимдер... «Қызылжарға» келгенде танабымыз тартыла қалады... Онысы несі? «Егемен Қазақстан» бастап бірсыпыра басылым Парламент Мәжілісінің депутаты Жарасбай Сүлей­меновтің Солтүстік Қазақстан облысы­ның орталығын «Қызылжар» деп атайық­шы деген пікіріне намыстандық келіп. Не болды осы бізге?

Әңгіме Сәбит Мұқановтай қазақы болмысты жазушының «Ауыл спорты, хал қалай?» аталатын мәселелі (проб­лемалық) мақаласынан сабақта­лып еді-ау. Жарықтықтың өзі де ұлттық спорт ойындарын беделге салып, бүкілодақ­тық деңгейге көтергенде көріп отыр­ғаны­мыздай өзінің «Өмір мектебі» («Ме­­нің мектептерім») мемуарына сүйе­не сөйле­ген екен. Біз де бір мақа­ласынан бастал­ған сөзді оның «Өмір мектебі» мемуа­рымен сабақтастырып, жазушы туып-өскен өңір - «Қызыл­жар» мәселе­сінен бір-ақ келіп шық­тық... Шашыла сөйлеп кеттік білем. Сон­да аяғын замана желіне көп шал­дырған үлкен жазушы қалам қара­кетінен туар тәлім, түйер түйін қандай? Егер біз ел болып, егемендігімізді сақтап, тәуел­сіздігімізді өркен­детуді ойласақ - ұлтымызды мемлекет құрау­шы ұлтқа айналдыруымыз керек екен. Бүгінгі ұрпақты аға буын дәстү­рінде ұлттық дәстүрде тәрбиелеп, ұлттық құндылықтарды көздің қарашы­ғындай сақтауды тәрбие үрдісіне айнал­дыруы­мыз жөн-ақ! Ұлттық дәстүрге барып саймайтын ұлт тірлігінде бірде-бір шетін мәселе жоқ. Олай болса ұлттық қадір-қасиетті ұрпақ бойына сіңі­ру - мәселенің мәселесі! Ұлттық дәстүр - ұлт мәселесінде ғана ма, ұлт­тық дәстүр - ұлт өкілдері үшін ғана ма? Бастауы солай болғанымен, қазақ ұлты бойын­дағы (тарихындағы) өскелең ұлт­тық дәстүр - барлық қазақстандық үшін шарт. Ұлттық дәстүрді сақтау оны ор­нық­­тырудан басталады. Сонымен қатар, ұлттық дәстүрді сақтау - оны дамыту, игілікті істермен молықтыру деген ұлы міндеттен тұрады. Олай болса ұлт бойын­дағы ұлттық дәстүр тұтуға бола­тын құндылықтарды «ұлттық брендке» айналдырып, айқұлақтандыра насихаттап әлемге танытып, әлемдік деңгейге көтеріп, әлем азаматтары тұтынатын халге жеткізуіміз керек. Басқасын қоя тұрып, Сәбит Мұқанов көтеріп отырған ұлттық спорт ойын­дары түрлерін дамытып, біртіндеп олимпиялық ойын дәрежесіне көтеруге болмас па? Айталық, «АЗИАДА» елімізде табыспен өтті. Тіпті алауы қазақ жерін аралап, «АЗИАДА» басталған сәтте ұлттық намысы бар азаматтың бәрі де ерекше шаттанды. Міне, осындай жарыстарға ұлттық спорт ойын түрлері қосылса, шіркін. Жалғыз спорт қана ма? Өмірдің бар арнасын­дағы тілек осы емес пе?!

3. Щербаковты шөкесінен...

Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» романында «Чемберленді шекесінен ату» аталатын тарау бар. Онда оты­зыншы жылдардағы халықаралық жағдай әңгіме болады. Жай сауатының өзі шамалы жап-жас Сәбит Мұқа­новтың саяси оянуының күштілігін көрсетеді. Чемберленді біз көпке дейін Сәбең жарықтықтың әйгілі романының әлгі тарауы арқылы оқып, білдікке санап жүрдік. Сөйтсек, жағдай тіпті басқаша екен. Сәбең халықаралық жағ­дайда Совет өкіметі көзімен, ол ұстан­ған идеология парқымен қараған екен. Кейін Кертманның «Чемберлен әулеті» аталатын кітап оқып әулет әлеуетіне қайран қалғаным бар. Сонымен Сәбит Мұқанов жарықтық Чемберленді шекесінен атты ма, жоқ па? - деп ойланып жүрдім. Ол бір шетін мәселе. Чемберленді шекесінен атты ма жоқ па, бірақ Сәбит Мұқа­новтың коммунистік партия арқырап билеп, қазақтан өзге ұлтқа барынша басымшылық беріп, құлағы­мыз­ды сал­питып қарап отырған қысыл­таяң уақыт­та идеологиялық дауылдан қо­рық­пай, үрікпей Қазақ ССР Оқу ми­нистрінің орынбасары Щерба­ковты шө­кесінен түсіргені бар. Кеңес өкіметі тұсында идеологиялық жаңбыр, жоқ бұршақ соғып тұрғанда басынан бақай­ша­ғына шейін коммунист Сәбең­нің ұлт үшін басын оққа байлап атқар­ған сол бір ісін замандастары аңызға айналды­рып айтумен өтті. Біреу жеткізбей ай­тады, біреу асырып айтады, біреу бұ­рып отырып, біреу таңқалып орны­нан тұрып айтады... Аңыздың аты - аңыз. Өзі де аңызға лайық батырлық. Ал  ақиқаты ше? Ақиқаты қандай? Ақи­қат­ты тек архив айтады. Міне, жазушы архивін ақтарып отырғаным. Ақыры таптық.

1969 жылы 11 ақпан күні Қазақ ССР Оқу министрінің орынбасары Александр Васильевич Щербаков «Оқу­­шыларды интернационалдық тұрғыдан тәрбиелеудің кейбір ғылы­ми-педагогикалық мәселелері» атала­тын тақырыпта Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының арнаулы ғылыми кеңесінде кандидаттық диссертация қорғамақ болады. Сәбит Мұқа­нов­тың қолына ғайыптан тайып ізденуші шенеунік диссертациясының «Авто­рефераты» түседі (Оны жіберген Қазақ ССР Оқу министрлігіне әбден қатысы бар Әди Шәріпов екен.) Жазушы оқып танысады. Мәселе Қазақстанда аралас мектептерді көбейту жайында екен. Коммунист жазушы, табиғатынан ұлт­тық бейілдегі адам тақырыбы «интернационализм» деп айқайлап тұрған ең­бек­тің астарынан орыстандыру ама­лын көре қояды. Өйткені, С.Мұқанов ға­сырлар бойы біртіндеп жүзеге асы­рылып, ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ға­сыр басында «туземная школа» арқылы қазақты шоқындыру саясатын көзімен көрген азамат. Жазушы шамырқанады. Жазушы құралы - қалам. Әттең-ай, диссертациялық кеңестің мүшесі емес. Әйтсе де, Сәбит Мұқановтың ұлттық намысы қозып қолына қалам алады. «Қазақ мектептерінің тағдыры» атап тақырыпты ақ парақтың басына оқшы­райтып жазып қояды. Әрі қарай, әрі қарай ашуы мен ақылы арбасып аралас мектептердің бейбауырмалдық сипаты жайында ақтарылады келіп, ақтары­лады келіп. Өзі мүше емес ғылыми кеңеске арнайы барып сөйлейді. Сөйле­генде не дейді? Сөйлегенде бүй дейді: «Мен КазПИ-дің Ғылыми кеңесінде мүше емеспін, соған қарамастан мына диссертациялық қорғауда жа­самысты­ғыма байланысты уақы­тым­ның жоқты­ғына, денсаулығым­ның аздығына қара­май сөйлейін деп шештім. Өйткені, мы­надай саяси идеялық хаталыққа менің партия­лық ар-ожданым шыдар болма­ды. Сол себепті мен өзімнің қарсы­лы­ғымды ашық айтайын», - деп шештім.

Одан әрі қарай жазушы өзінің айтыс­керлік дағдысына салып қарсы бо­латын себебін санамалай айтып, саясатты жамылшы етіп ащы сөйледі.

«Патшалық Ресейдің қазақ жерінде ашқан мектептері колониалдық сипатта болды» - деп дұрыс сөйлей тұра, «Ол мектептер қазақ және өзге ұлт өкіл­дерін бір-біріне жақындастыра түсті» деп түйеді диссертант. Сөйтіп, өзіне-өзі қайшы келеді. Орыстар ашқан «мектептер» колониалдық сипатта болды. Олар­ды ашуға жанын салған миссионерлер. Ол мектептердің «бұратана ұлт­тарды» шоқындыру мақсатында ашыл­ғанын сол кезде бурят ағартушысы Доржи Банзаров та, бүгін А.К.Шапеев секілді сібір тарих­шылары да, басқалар да айтып, жазып келеді, - деп түйді жазушы. Ол «мектептерден» ағарту­шылар шықса - ол патшалық Ресейдің шапағаты емес, орыс демократ­тары көзқарасын өз бетінше оқып, үйренуі­нен! «Егер бүгінгі қазақ мектептерінде орыс тілі нашар үйретілсе оған мына отырған Оқу министрінің орын­басары­нан бастап ағарту сала­сы­ның басшы­лары кінәлі».

Жазушы найзаның ұшын Оқу минис­трінің орынбасарының өзіне таяп қойғанын көріп отырмыз.

Диссертант «кез келген көпұлтты мемлекетте сол ұлттарға түсінікті тіл қажеттілігі туады» (17 бет) - деп жаз­ған екен. С.Мұқанов «Диссертант бұл пікірімен қандай ойды меңзеп отыр бізге, не айтқысы келеді?» - деп бір сілкініп алып былай дейді: «Адамзат бала­сының үштен бірі ағылшын тілінде сөйлейді. Алып Үндістан ағылшын колонизатор­лары әлегінен мемлекеттік тілі ағыл­шын, ана тілінде мектеп аша алмай, ана тілінде баспа ісін дамыта алмай отыр. Сонда диссертант колонияға айналған елдерге ана тілінде мектеп ашпаңдар, тек колонизаторлар тілінде сөйлеп, жазыңдар дегісі келе ме?»

Оқып отырған біздің де ашына бастағанымыз анық. Свадост есімді философтың тап сол 1969 жылы «Жал­пыға ортақ тіл қалай пайда болады?» («Как возникнет всеобщий язык?») - деп кітап жазып бастырғаны есімізге түсіп отыр. Есесіне, Сәбит Мұқановтай ұлттық болмысты жазушының «ұлы орыстық» өктемшілікті ағылшын ко­лони­заторларымен қатар қойып сы­науына қыбың қанады. Одан әрі қарай жазушы «Щербаковтың диссерта­ция­сында айтылғандай, мәселе Отаны­мызда жаппай орыс тіліне көшуге келіп тіреліп тұр ма?» деп төтесінен қояды мәселені. Коммунистік партия­ның ай­бал­тасы айға шағылып тұрған уа­қытта мәселені тап осылай ұлт мүд­десі тұрғысынан қоя білу - ол жылдары қиынның қиыны болатын. Ұлт атынан міндетті «кәрі орыс мұсылман болмай­ды» деп қойып өз мойнына алуы - тәуекелдің ісі. Шын батырлық!

«Диссертант қатардағы көп кісінің бірі емес, ықпалды үкімет адамының бірі. Министрліктің соң­ғы жылдары қазақ мектептерін, оның ішінде, әсі­ресе, бас­тауыш қазақ мектептерін жа­буды жылдан жылға үдетіп келе жат­қанын көріп отыр­мыз. Диссертант жүзеге асырып келген осы теріс ісін енді келіп теориялық тұрғыдан негіздеп бекіткісі келеді».

Келесі пікір осылай сабақталыпты. Бұл диссертацияға пікір айту емес, Оқу министрінің орынбасарын тігінен тік тұрғызып қойып «сою». Коммунистік алып империяның «ұсақ ұлттарды» орыстандыру саясатын ашық әшке­ре­леу. Жалаңтөстік! Одан әрі: «Жастарға интер­националдық тәрбие беру жа­мыл­ғысымен қазақтың бастауыш мектептерін жабуға атымен қарсы­мын!» деп бір-ақ қайырыпты ұлт аға­сына айналған жазушы. Қайран, Сәбең! Алпысыншы жылдың аяғында қызыл империя саясаты қызып тұрған заманда қай қазақ қайраткері айта алыпты осындай сөзді? Атақ-даңқы Сәбит Мұ­қановтан асып, аспандап кеткен жазу­шың да айта алмаған сөз ғой мына сөз. Жәй сөз емес, ҰЛТЫМ деген ҰЛЫ сөз! Күрескер СӨЗ, қайраткер СӨЗ! Басын бәйгеге тігу!

Бас та керек, әрине! Кімнің қарадай басын алдырғысы келеді? Сәбең жа­рықтық басын былай қорғайды: «Әрбір халықтың ұлттық мектебі - сол ха­лықтың күллі ұлттық мәдение­тінің негізі, тіпті тұғыры! Ұлттың тілі, әдебиеті, өнері сол ұлттық мектепте жасалып қалыптасады. Олай болса ҰЛТТЫҚ МЕКТЕП - сол ұлттың өмірі, өмір сүру кепілі!». Міне, көр­діңіз бе, Сәбит Мұқанов басын қорға­майды. Ұлт мектептерін жабуды әшке­релеп, оны ұлттың мәдениет қайнарына айналдырып, ҰЛТ ТАҒДЫРЫН қор­ғай­ды. Ұлт тағдырын қорғай отырып, сол өзі сүйген қазақ ұлтының қыл үстіндегі тағдырын орыстандыру сая­сатынан сақтайды, сол ұлт тағдыры жолына басын бәйгеге тігеді! Сәбит Мұқановтан өзге бірде-бір кісі барма­ған, бара алмаған, бара алмайтын ерлік еді бұл! Өйткені, басымызда азаттық жоқ, елімізде тәуелсіздік жоқ кез еді ол. Ұлттан ұлы не бар? Ұлт тағдыры сынға түсер сәттерде Сәбит Мұқановша тайталаса алса әрбір алаш азаматы, басын бәйгеге тігіп қазақ ұлты үшін тұра алса әрбір қазақ азаматы! Мүмкін емес кезеңде, сол қоғамнан атақ алып, даңқ көріп отырған коммунист жазушы Сәбит Мұқанов солай қазақ ұлтының тағдыры үшін тұра алыпты. Бүгін ше? Бүгін қазақ елінің тағдыры үшін тек қазақ азаматтары ғана емес, күллі қазақ­стандықтар тұра алатын күнге жетуіміз керек шығар!? Өз басым Н.­Ә.На­зарбаевтың «қазақстандық ұлт» ұғы­мын осылай түсінемін! Біз қазақстан­дық өзге ұлт өкілдерін қазақ тілінде сөйлетіп, қазақ ұлтының мүддесі үшін күресе алатын патриоттық деңгейге жеткізуіміз керек. Сонда ғана қазақ мемлекет құрушы ұлтқа айналады. Ора­йында есіме қазақ ұлтының мүд­десін адал қорғаған Шеголихин, Бельгер түседі. Құлағыма академик Д.С.Лихачевтің: «Коммунистік партия Советтер одағын мекендеген ұсақ ұлттардың тілдеріне қаскөйлік жаса­ды. Жаратылыста басы артық еш­теңе де болмайды. Ұсақ ұлттардың тілі - сол ұлттың мәдениетін жасау­шы. Біз ұсақ ұлттардың тілін құрту арқылы олардың адамзат баласы мәдениетіне қосқан ұлттық мәдениет үлгісін де құртамыз. Бұл - мәдениет экологиясы. Советтер одағында ұлт тілін жою, ұлт тілін жою арқылы ұсақ ұлттарды орыстандыру процесі тоқтатылмаса мен СССР Ғылым академиясының мүшелігінен шыға­мын!» - деген үні келеді.

1973 жылы сәуірдің 18-і. Біз студент едік. Профессор Тұрсынбек Кә­кішұлы­ның сабағы. «Әдеби сын та­рихы» болар асылы. Есіктен ауди­торияға кіріп келе жатқан аққұба ұстаздың өңі өрт сөндіргендей күре­ңітіңкі. Әдеттегідей орнымыздан тұр­дық. Ұстазға қалыпты ізетіміз. Қа­лыпты ырғақпен орнымызға отыра берген бізді ұстаз қайта кө­терді. «Бүгін қазақ совет әдебиетінің ұлы қайраткері Сәбит Мұқанов дү­ниеден өтті. Орындарымыздан тұ­рып бір минөт тағзым жасайық!» - деді. Кө­зінде жас. Шынайы жас. Сөй­тіп Сәбит Мұқановтың жарық дү­ниеден өткенін біз қадірмен ұстаз аузынан естідік. Коммунист жазушы­ға орысша тағзым жасадық. Сәуірдің 21-і күні Абай атындағы Опера және балет театрында жазушымен қошта­су рәсімі болды. Онан соң қаралы көш Алатау бау­райына - Кеңсай зиратына қарай жыл­жыды. Қаралы көштің алды Кеңсайға жеткенде сү­йікті жазушысымен қош­тасуға, то­пырақ салуға қазақ дала­сының әр қиырынан келген ықыласты азамат­тардың аяғы опера және балет театры жанынан жаңа жылжып бара жатты. Нөпір. Ұлы тізбек! Міне, құрмет! «18 сәуірде Сәбит Мұқанов қайтыс болды. Ертең (22) жерленбекші. Егер бұрынғылардың айтқа­ны рас болса, енді екінші, нағыз өмірі басталатын адам осы Сәбең болуға тиісті.

Жұрт не ойласа да өзі білсін, менің ойымша, Сәбит - үлкен дүние. Өзі - Өмір. Хатты жаңа тани бас­таған қазақтың қалаулы ұлдары­ның ішіндегі ең ірісі осы адам болуға тиісті. Өзін өсірген заманы тұрғанда, Сәбеңді ұрпақтар ұмытпақ емес. Бұл - қазақтың Бальзагы (70 жылды­ғында солай деп ем...)

Құрметті адам өлгенде де құр­метті! Қош, қария! Топырағың тор­қа болсын!» деп жазыпты Мұқа­ғали Мақатаев. (21 сәуір 1973 жылғы күнделігінен.)

«Кеше (22 сәуір) Алматы Сәбит Мұқановты ақырғы сапарына ат­тандырып, қоштасты. Түнеріп келіп, нөсерлете жаумай, анда-санда бүр­кіп қана тұрған күннің райы ыс­тық та емес, салқын да емес, қо­ңыр­жай, шыбынсыз көктем, ағыл­­ған жұрт нөпірі, өзіне оңаша бөлінген Көк­төбенің баурайы - бәрі де символично. Халық өз ұлынан ештеңесін де аяған жоқ, ақ ниеттерімен ақырғы рет қоштасты. Сірә, өз халқының мұншама ықыла­сына бөлену енді кімдерге қиындау болар...

Өзбектен келген жазушы (Сафаров) өз тілінде жақсы сөйледі. Ғабең (Мүсірепов) толқып сөйледі.

Сонымен, Сәбеңнің екінші өмі­рінің бірінші күні басталды. О, оның ұзақ өмірі енді басталды. Сәбеңде арман жоқ! Өз өмірінің шежіресін жазып үлгерді ол. Ал оның өмірі - дәуірдің өзі.

Жыртықтаған жігіттерді жек көріп кеткенім-ай. Қарғадай баста­рынан бақастықты, тақастықты, пәскене-қоқыстықты қайдан үйре­не­ді осылар?! Бұл жақсылық емес. Жастық жақсылыққа ғана ұмтыл­майтын ба еді?» (Мұқағали. Күн­делік. - Алматы: ҚазАқпарат, 2009. - 110 б.) - депті тағы да. Сәбит Мұ­қановты алғаш көзбе-көз көрген сәт­тегі жас ақын, кейін ұлттық мақ­танышымызға айналған Мұ­қаға­ли Мақатаев күнделігінен үзін­діні әдейі келтіріп отырмын.

Тағдыр айдап «С.Мұқанұлы ме­мориалдық музей-үйіне» қыз­мет­ке келдім. Жазушы архивін ақтарып, қолжазбаларының бүгі­ліс-түгілісін тү­гел ашып қарап, қат­ты ойға қал­дым. Бір рет емес, сан рет Сәбит Мұқанов жөніндегі көзқарасымды өзгерттім. Сәбит Мұқановты бүкіл адасулары мен тура жолды қайта табуы, ұлтын сүюі, байқамай ұлттың асыл перзенттеріне қарсы жүруі ... бәрі-бәрін таразылай келе бүгінгі таңда жүрегіме үңілгенде - жазу­шыны жақ­сы көретінімді аңғарамын. Сә­бит Мұқанов - қазақ совет әде­биетінің ғана емес, тұтас қазақ әде­биетінің ірі тұлғасы! Оны ұлты сүйді, өйткені, ол ұлтын сүйген еді. Уақыт жаңара ауысып, сан ұрпақ алмасар әлі. Олар да Сәбит Мұ­қановтай қазақ жазушысы жайын­да көзқарасын сан рет қайта қа­райтынына сенемін! Сонда бетке алар темірқазығымыз - ұлт тағ­дыры, ұлт тағдырына қызмет болуы керек! Сәбит Мұқановқа ұл­тын сүю жолында ұлтты сүю бы­лай тұрсын ұлттық мүддеге жан­тартудың өзі - ұлттық нигилизм, ұлтшылдық болып саналатын «бей­бауырмал» коммунистік партия, сол партияға негізделген советтік қоғам да қарсы тұра алма­ды. Ұлтшыл атанармын деп қо­рық­пады. Беттің қызылына бала­натын қалтасындағы «қызыл билеттен» айырылып тынармын деп қай­мықпады. Өйткені, қазақ ұлты жоқта өзі құрысқан «Қазақ ССР»-інде береке, өзінің «халық жазушы­лығында» баян жоғын анық түсін­ді. Сөздің жақсы мағынасында «жазушы Сәбит ұлтшылдығы» дегеніміз де міне осы! Басынан бақай­шағына дейін коммунист Сәбит Мұқановтың ұлтшыл­дығы бүгінгі таңда өзін ұлттың шынайы перзенті санайтын билік басын­дағы коммунист емес (бәлкім бұ­рын коммунистік партия қатарын­да болған) азаматтарымыздың көбісіне жете бермейді... Ондай ұлтын сүю бүгінгі жастар дүние­танымында да жоқ. Өкінішті!

Ұлт жазушы, ғалым, ойшылы болса - жандайшап жағымпаз емес, ұлт тағдыры үшін қасқайып қарсы тұрар қайраткер шыншыл тұлға болсын! Үлгі керек пе? Үлгі міне, - Сәбит Мұқанов!

О, әруағыңнан айналайын, Сәбит аға! Ұлт жазушысы болсаң - осындай бол!

Түркістан

«Егемен Қазақстан» газеті

0 пікір