Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Арылу 5242 8 пікір 28 Шілде, 2020 сағат 16:26

«Әліппенің» жыры әлі көп...

«Әліппе» қайта келді. Рақмет! Министр айтқанын істеді. Азамат екен. Әзірге бекігені «Әліппенің» бағдарламасы ғана. Әлі жыры көп, оқулықтар жазылады...

Бағдарламаны бұрыннан жасап әдеттенгендер әзірлеп түнеугүні көзіқарақты көпшіліктің алдына әкеп салды. Сөз танитын, қағаз тырнап жүрген сыншы топ: «Бұл бағдарламаны да «Сауат ашуды» әзірлегендер жасаған ба?  А. Байтұрсынұлының иісі де шықпайды ғой», деген сын айтты. Министрлік басшылары бірнеше маманды жұмыс тобына кіргізіп (ішінде мен де бармын), бағдарды қайта пысықтауға жіберді.

«Әліппені» Ақаңның әліппесіне сүйеніп жасау керек, жалпы бастауышта керегі жоқ пән көп, ал нағыз керек пәндер кіріктіріліп оқытылып жүр. Мәселен «Әліппе» мен «Ана тілін» бөліп жеке пән ретінде оқыту керек деген ұсыныстарды біз баяғыдан айтып келеміз.

Өкінішке орай жұмыс тобының отырысы барысында оның бәрін өткізе алмадық. Мұнда да: «Әліпбиді біз білеміз, сендер неғып жүрсіңдер», деген сияқты әліппе жазуды баяғыдан бері жекешелендіріп алғандар дес бермеді. Яғни, барлығы Ақаң сүрлеген жолға толық түсті дей алмаймыз.

Дегенмен әліппенің бағдарламасы сәл түзетілді. Баланың әріптермен танысу реті Ақаң түзеген әліппенің ізіне салынды. Ақаң бүй дейді: «Әліппенің мақсаты сөзді жазуға үйрету, жазылған сөзді оқуға үйрету».

Дәл айтып тұр «Әліппеде» басқа мақсат жоқ.

Оқуға балалар дыбыс үйренеміз деп келмейді, оқу, жазу үйренеміз деп келеді. Бірақ, дыбысты білмей, дыбыстың қалай тізілетінін білмей, оқу, жазу үйрену қиын. Сондықтан осы күнде оқуы тәртіпті жұрттар балаларға хәріп көрсетпей тұрып, әуелі дыбыспен жаттықтырады. Дыбыспен жаттықтыруға көп уақыт кетпейді, онан келетін пайда көп: дыбыстарды тізіп үйренсе, хәріптерді тізу қиын болмайды. Сөздің ішінде қанша һәм қандай дыбыстар бар екенін айыруды білсе, харіптерін қою қиын болмайды. Мұндағы негізгі қағида мынау: әуелі балаларға һәр түрлі дыбыс бар екенін білдіру; екінші, балаларға таныс сөздерді алып, олардың ішінде қандай дыбыстар барын айырту; үшінші, бөлек-бөлек дыбыстарды тіздіріп сөз айтуды білдіру. Мұны білген соң, балаларға хәріп көрсетіп оқытса, оларды құрастырып, сөз етіп айтуға балалар қиналмайды.  Балалар дыбыспен оқып жүрген уақытта, оларға харіптердің сүгіреттерін жаздырып үйрету керек, - дейді тағы да.

Ақаң бұл жерде де неден кейін нені істеу керектігін, ретін, тәртібін дәл нақты көрсетіп тұр.

Біздің тіл бөлек қой, біздің тілдің жүйесі анау ағылшын мен мынау орысты былай қойғанда тұтас түркіден де алыстап кеткен ғой. Алыстағанда  арасына вирус кіргізбей тазалығын, жүйелігін сақтап қалған. Оны Ақаңнан бастап бәрі айтқан. Біздің әліпби түзуде де, әліппе жазуда да, яғни, өз жолымыз бар. Ең бастысы бізде қат тану өте оңай. Мұның бәрі жоғарыдағы сілтемедегі мақалаларда тәпіштеп айтылған. Бастауыш мектептегі ендігі мәселе кеңес кезінде кіріктірілген пәндерді бөліп, керек емес пәндерден құтылу. Осы жерін тарқата кетейін. Қазіргі «Сауат ашу» деген пәннің  атауы, оның бірінші, екінші... кітап деген оқулықтары бар. Енді «Әліппе» дегеніміз  де пәннің атауы. Оның бірінші жартыжылдықта «Әліппе», екінші жартыжылдықта оқытылатын «Ана тілі» дейтін оқулықтары болады. «Әліппе» пәнінің «Ана тілі»  оқулығы болуы қалай? Логикаға сыя ма?! Жоқ.

Біздің ұсынысымыз, «Әліппе» жеке пән, жеке оқулық болуы керек. «Ана тілі» жеке пән, жеке оқулық болуы керек. Ертең сынып жоғарылағанда бірі қазақ тілі, бірі әдебиет болып кетеді. Бөлек оқытылатын  пәнді  бірінші сыныпта кіріктіріп, орнына өзін-өзі тану, дүниетану, жаратылыстану дейтін көп тануды жеке-жеке және екі шет тілін (орыс, ағылшын) қатар бірден оқытқаннан ештеңе ұтпаймыз.

Иә, шулап жүріп «Әліппені» қайтардық қой. Халық қаласа, хан түйесін сояды деген осы болады. «Әліппе» баланың ісі, әліпби шаланың ісі демей, оның ендігі жұмысына да көп болып атсалысайық.

Бижомарт Қапалбек

Abai.kz

8 пікір