Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Жаңалықтар 4295 0 пікір 2 Желтоқсан, 2011 сағат 05:12

Дін істері агенттігі: Қазақстандағы барлық медреселердің жұмысы тексеруден өтті

Қазақстан Республикасының Дін істері агенттігі мен Білім және ғылым министрлігі еліміздегі ислами оқу орындарын тексеріп шықты. Тексеріс барысында ислами оқу орындарының еліміздің заңнамасында белгіленген нормалар мен біліктілік талаптарына сәйкестігі, оқу материалдарының құрамы мен сапасы, кітапхана қорларының сапалық және сандық құрамы, оқу үдерісінің бағыттылығын талдау назарға алынды.

Елімізде қазір арнайы кәсіптік білім беретін мекемелерге теңестірілген ислами орта оқу орындары болып табылатын 8 медресе бар. Олар Астана, Павлодар, Ақтөбе, Орал, Шымкент, Сарыағаш, Алматы, Шамалған өңірлерінде орналасқан. Сонымен қатар, Ақмола облысының Қосшы елді мекенінде орналасқан Қауам ад-Дин әл-Итқани әл-Фараби ат-Түркістани атындағы республикалық қарилар дайындау орталығы 2010 жылдың желтоқсан айынан бастап қызмет атқаруда.

Қазақстан Республикасының Дін істері агенттігі мен Білім және ғылым министрлігі еліміздегі ислами оқу орындарын тексеріп шықты. Тексеріс барысында ислами оқу орындарының еліміздің заңнамасында белгіленген нормалар мен біліктілік талаптарына сәйкестігі, оқу материалдарының құрамы мен сапасы, кітапхана қорларының сапалық және сандық құрамы, оқу үдерісінің бағыттылығын талдау назарға алынды.

Елімізде қазір арнайы кәсіптік білім беретін мекемелерге теңестірілген ислами орта оқу орындары болып табылатын 8 медресе бар. Олар Астана, Павлодар, Ақтөбе, Орал, Шымкент, Сарыағаш, Алматы, Шамалған өңірлерінде орналасқан. Сонымен қатар, Ақмола облысының Қосшы елді мекенінде орналасқан Қауам ад-Дин әл-Итқани әл-Фараби ат-Түркістани атындағы республикалық қарилар дайындау орталығы 2010 жылдың желтоқсан айынан бастап қызмет атқаруда.

Құрамына Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, Дін істері агенттігінің қызметкерлері мен аумақтық департаменттерінің  мамандары енген тексеру комиссиясы алғашқы жұмысын «Астана» медресесі» діни бірлестігінен бастады. 2007 жылы ашылған Астана медресесі қазір біршама тәжірибе жинақтаған беделді оқу орнына айналып үлгерді. Медреседе қазір 15 оқытушы қызмет етеді. Олардың арасында ғылым докторлары, кандидаттар мен магистрлер бар. Сонымен бірге, медресе құрылтайшысы болып табылатын Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы мен Мысыр елінің «әл-Әзһар» университеті арасындағы келісімшарт негізінде келген  араб оқытушылар да жұмыс атқаруда.

Тексеру барысында анықталғандай, медресе ұстаздардың базалық білімі, мамандану деңгейі орта діни оқу орны оқытушысына қойылатын білім беру талаптарына сай, алған мамандықтары оқытатын пәндеріне сәйкес келеді. Әрбір оқытушының өз пәндеріне арналған жұмысшы оқу бағдарламасы, дербес жұмыс жоспарлары жасалған. Штаттық кесте мен жылдық оқу жүктемелері оқу бөлімі тарапынан бекітілген. Медресенің оқыту жоспарына мемлекеттік стандартқа сәйкес зайырлы пәндер енгізілген.

Медреседе оқытылатын барлық оқулықтар, әдебиеттер мен оқу бағдарламасы Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы тарапынан бекітілген. Олар ханафи мазхабының ұстанымдарымен толық сәйкес келеді деп құпталған. «Ақида» пәнін жүргізу барысында Матуриди еңбектері негізге алынады. Өзге ақида өкілдерінің көзқарастары салыстырмалы түрде түсіндіріліп, Матуриди ақидасынан ерекшеліктері көрсетіліп отырады.

Фикһ пәнін оқытуда ханафи мазхабы өкілдерінің еңбектері мен осы бағыттағы жинақтар пайдаланылады. Бірақ бұл тақырыптағы еңбектердің дені араб тілінде, медресе қорында ханафи мазһабының тарихы мен теориясына, ақида мәселелеріне арналған отандық оқулықтар мен әдебиеттер аз. Осыған орай пәндерді оқыту әдістемесі көбіне ауызша түсіндіруге негізделеді.

Медресе кітапханасы жеке ғимаратта орналасқан, жалпы алаңы - 190 шаршы метр. Кітапханада арнайы оқу залы бар. Медресенің жалпы кітап қоры 3 мыңға жуық. Ислам діні саласындағы кітаптармен молынан қамтылған кітапхана қорында сонымен қатар экстремистік бағыттағы діни ағымдардың теріс идеологиясын ашып көрсететін маңызды әдебиеттер де бар. 2009 жылы кітапхана қорын байыту мақсатында медресе ұстаздары жергілікті демеушілердің көмегімен араб мемлекеттеріне арнайы іссапармен барып, 1500-ге жуық араб тіліндегі танымал оқулықтарды әкелген. 2011 жылдың қаңтарында Түркиядан да көптеген діни әдебиеттер әкелінген.

Медресенің 2011-2012 оқу жылына арналған мәдени және тәрбие істерінің жоспары бекітілген. Медреседе түрлі тақырыптағы сұхбаттар, тәлімгерлік дәрістер, мерекелік шаралар, сайыстар жиі өткізіліп тұрады. Студенттерге арнайы компьютер бөлмесі жабдықталған.

Медресе жұмысындағы қиындықтардың бірі  оқу ғимараты жанынан құрылыс салуға рұқсат етілмеуіне байланысты арнайы спорт алаңының жоқтығы болып отыр. Қазір медреседегі дене шынықтыру пәні көрші орналасқан №56 мектептің спорт алаңында өткізіледі.

Медресенің 100 орындық жақсы жабдықталған жатақханасы бар. Шәкірттер оқу орнының басшылығы бекіткен күн тәртібіне сәйкес білім алады. Медреседе үш мезгіл тамақ беріледі. Шәкірттерге бос уақытында кітапханада отырып, сабаққа дайындалуға, теледидар көруге, компьютер бөлмесінде жұмыс істеуге жағдай жасалған.

2010 жылы Астана медресесін 24 шәкірт бітіріп, толығымен жұмыспен қамтылды. 15 шәкірт «Нұр-Мүбарак» университетіне арнайы жолдама алып, білімін жалғастыруда. Бүгінгі таңда медреседе 86 шәкірт оқуда.

Тексеру барысында комиссия мүшелері тарапынан шәкірттермен сұхбат жүргізіліп, олардың білім деңгейін, ой-пікірлерін, діни білім жүйесіне қатысты ұсыныстарын анықтау мақсатында арнайы әзірленген сауалнамалар таратылды. Сауалнама барысында анықталғандай, медресе шәкірттері діни оқуды 100 %  өз еркімен таңдаған. Медреселердегі білім деңгейін шәкірттер өте жоғары бағалайды.      «Қазіргі Қазақстандағы ислам дінінің жай-күйін қалай бағалайсыз?» деген сұраққа шәкірттер «өркендеуде», «бұрынғымен салыстырғанда жақсы» деген жауаптар берген. «Сіздің пікіріңізше, шынайы исламға қандай құбылыстар қатер төндіреді?» деген сауалға: «Экстремизм, радикализм», «мазхаб ұстанбаушылық», «білімсіздік», «жат секталар», «дінге қайшы, кертартпа құбылыстар» деген толыққанды жауаптар берілді. Мазхаб ұстануды шәкірттердің барлығы маңызды деп санайды. Ал «Дәстүрлі ислам» деген ұғымды қалай түсінесіз?» деген сауалға жауап беруде 1 және 2 курс студенттері қиналыс білдірген. «Сіздің пікіріңізше, экстремизм мен терроризмге қарсы қалай күресу қажет?» деген сауалға «діни уағызды күшейту керек», «интернетке шектеу қойылуы керек», «заң жолымен күрескен жөн», «мемлекетаралық келісімдер жасалуы керек» деген жан-жақты жауаптар алынды.

Сұхбат барысында медресе шәкірттерінің республикадағы діни ахуал, мемлекетіміздің дін саясаты туралы көбірек білуге, зайырлы білімдерін тереңдетуге, жан-жақты маман болып қалыптасуға ынталы екендігі байқалды. Шәкірттер тарапынан «Қазақстанда жаңа ислам университеті ашылса», «діни оқу орындары көбейсе», «діни арналар көбейсе» деген маңызды ұсыныстар айтылды.

Комиссия жұмысы барысында сонымен қатар Павлодар, Орал, Ақтөбе, Шымкент, Сарыағаш, Алматы, Шамалған медреселеріне де тексеру жүргізілді. Аталған медреселердің барлығы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде тіркелген, Қаржы министрлігінен Салық төлеуші куәлігін алған. Медреселердің құрылтай құжаттары толық рәсімделген. Медреселер «Діни қызметкерлер үшін білім беру бағдарламасына қойылатын талаптар» мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес қызмет атқарады. «Бастауыш білім беру» мамандығы бойынша техникалық және кәсіптік білім берудің эксперименттік оқу жоспарлары бекітілген. Мәдени шаралар мен тәрбие ісінің жоспарлары барлық оқу орындарында жасалған.

Медреселерде негізінен жоғары діни білім алған қазақ мамандары қызмет етеді. Оқытушылардың көпшілігі «Нұр-Мүбарак» университетінің түлектері. Сонымен қатар «2030 Қазақ-түрік жастарын қолдау қорының» қызметкерлері болып табылатын түрік ұстаздар да жекелеген медреселерде қызмет атқаруда. Медреселер оқытушылары ҚМДБ-на қарасты діни бірлестіктермен, яғни мешіттермен тұрақты байланыс жасайды. Мешіттердің бас имамы, наиб-имамы қызметін атқаратын оқытушылар да бар. Астана және Шымкент медреселеріне «2030 Қазақ-түрік жастарын қолдау қоры» тарапынан демеушілік көмек беріледі. Бірқатар медреселер өздері орналасқан қаладағы орталық мешіттердің Қор қаржысы есебінен қамтамасыз етіледі. Жергілікті жеке кәсіпкерлер қаржыландыратын медреселер де бар.

Медреселердің кітапхана қорларында тіркелген әдебиеттер қазақ, араб, орыс, түрік және өзбек тілдерінде. Кітапханалар қорының жартысынан көбін Құран, тәпсір және фиқһ кітаптары құрайды. Негізінен араб тілінде болғандықтан, бұл әдебиеттерді оқу үдерісінде пайдалану қиын. Сондықтан медреселердегі кітапхана қорын имамдар даярлауға қажетті және мемлекеттік мүддеге сай отандық әдебиеттермен толықтыру, қазақ тілді оқулықтардың санын көбейту барынша өзекті мәселе болып отыр.

Барлық медреселер жатақхана, асхана, оқу залдарымен қамтылған. Компьютер бөлмесі мен интернет желісі, медициналық пункттер жұмыс істейді. Жекелеген медреселерде спорт залдары жоқ, оларда дене шынықтыру пәндері көрші орналасқан мектептердің ауласында немесе спорт залдарында өткізіледі. Медресе бағдарламаларының күрделілігіне сәйкес шәкірттердің оқу пәндерін игеруіне, әсіресе, Құран жаттау мен араб тілін меңгеруіне өте көп уақыт жұмсалатыны байқалады. Дегенмен осындай қиындықтарға қарамастан, спорттық және мерекелік мәдени іс-шаралар барлық медреселерде тұрақты түрде өткізіліп тұрады.

Медреселердің ғаламтор желісінде сайттары мен арнаулы беттері бар. «Әбу Бәкір Сыддық» медресесі жеке газет шығарып тұрады, ол шәкірттерге және «Әбу Бәкір Сыддық» мешітіне келушілерге тегін таратылады. Дегенмен кей медреселерде оқу корпусы талапқа сай емес. Мысалы, аталған «Әбу Бәкір Сыддық» медресесінде 20-25 адамға арналған орында 43 шәкірт білім алуда. Осындай мәселелердің оң шешімін табуы үшін жекелеген медреселерде әлі де демеушілік көмекке мұқтаждық байқалады.

Тексеру комиссиясы медреселердің білім беру қызметін ұйымдастыру  жұмыстарының Қазақстан Республикасының білім саласындағы заңнамасы талаптарына сәйкес екендігін анықтады. Комиссия тарапынан медреселер басшылығына қазақ тіліндегі оқулықтардың, діни және зайырлы әдебиеттердің үлес салмағын арттыру, кітапхана қорына мерзімді басылымдарды жаздырып алу жөнінде ұсыныстар берілді. Сонымен қатар медреселер жұмысын әрі қарай жетілдіру бағытында оқу бағдарламасына жаңа діни ағымдар, дәстүрлі ислам, салыстырмалы дінтану, мемлекеттік-конфессиялық қатынастар секілді арнайы курстар немесе қосымша пәндер енгізу бастамасын көтеру қажеттігі айтылды.

Алдағы уақытта Дін істері агенттігі мен Білім және ғылым министрлігі ислами оқу орындарын тексеру үдерісін жоспарлы түрде жүзеге асырып, оқу үдерісінің сапасын арттыруды ұдайы назарда ұстайтын болады. Тексеріс нәтижелері ислами оқу орындарының жұмыс барысындағы жетістіктерді, кедергілер мен қиындықтарды анықтап, оларды шешу жолдарын, алдағы даму бағыттарын белгілеуге елеулі септігін тигізері анық. Алғашқы тексеріс қорытындылары осындай тұжырым жасауға мүмкіндік беріп отыр.

Айнұр Әбдірәсілқызы

Филология ғылымдарының кандидаты,

ҚР Дін істері Агенттігінің

Діни оқу орындарымен байланыстар және

дінтану сараптамасы жөніндегі басқарма бастығы

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1530
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1394
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1144
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1158