Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4773 0 пікір 30 Қараша, 2011 сағат 05:21

Жарас Ниязбек. «Менің күнәлі періштемнің» кінәлі тұстары

Жарнамасын көріп «тағы бір қазақ киносы дүниеге келді», деп  жадырап қалдық. Театр саласында жүрген Теменовтің кино әлеміндегі тың еңбегін көруге асықтым. «Махаббат бекеті» өз заманында озық туынды болғаны белгілі. «Менің күнәлі періштем», атын естігенде елең ете қалғаным рас. «Періштеден не күнә тапты екен» деп, алайда әдеби әлемде әсірелеу, көркемдеу деген дүние барын ескеріп, бір тоқтадым.

Кешкісін жұмыстан соң достарыммен бірге кинотеатрды бетке алдық. Премьераның екінші күні болғандықтан билетсіз қаламыз ба деп ертерек барған түріміз. Алайда, көрсетілімге 10 минут қалғанда кассаның алдынан табылдық. Залдың жартысына билет сатылмапты. Орнымызға жайғасып тың туындыны тамашалауға кірістік. Бұрындары өз басымда  көрген киноны сараптау, кемшілігін жіпке тізу, астарына үңілу деген болмаушы еді. Ары барса, достар арасында кішігірім пікір алмасумен шектелетінмін. Бұл жолы олай болмады. Киноның өн бойынан әлдеқандай эстетика, көркемдік, мораль іздеген едім, көз алдымнан көлбеңдеп көлденең көріністер кетпей қойды. Бұл мен сияқты қарапайым көрерменнің көңілінің түйгені.

Хош, фильм басталды. Ә дегеннен түсініксіз жайтқа тап болдым. Қарт кісінің қалауымен босатып жіберген Азаматты (басты рөлдегі жігіт) күзетшілер қайтадан қуа жөнеледі. Неге қашты және қууға не себеп болды?

Қашқан бойда концерт залына тап болған Азамат сахнада дайындық жүргізіп отырған Айшаның (басты рөлдегі бойжеткен) әуезді әуеніне елітеді. Осы тұстағы бір детальді көрермен байқамауы мүмкін емес. Ол - күйсандық үстінде қалған сырға. Қыздың құлағында басқа сырға, жігіт қолында қалған сыңар сырға мүлдем басқа.

Дәрігер-оқытушымен сөйлескен Азаматтың сөзінен мынаны байқадық, әкесіз өскен бала бұзақы, көше тәрбиесімен өседі екен. Қоғамдағы әлеуметтік мәселені көтеруді көздегені байқалады. Әке тәрбиесінің өзіндік орны бары рас. Ал қыздың күйеуге шықпай жүруі де әкесіздіктің кесірі екен. Оны шешесімен әңгімелескенде байқадық.

Малдәрігерлік орталыққа келген Азамат жұмысқа қайта кіргісі келгенін айтады. Ал дәрігер «бұл саған цирк емес, жануарларды түсіну керек» деп жауап қатты. Сонда циркте жануарларды түсінбейді екен. Керісінше, жануарлар мен адамдардың ең жақын, ең етене араласатын орны цирк емес пе?

Ең сорақысы, Айша ән салғанда аузының қимыл-қозғалысы кадр сыртындағы әнге мүлдем сәйкес келмейді, яғни синхронность жоқ. Үш жерде осы байқалды. Әнді өзі орындап жатпағаны белгілі, тым болмаса мәтінді жаттап алса болар еді.

Фильмде имандылық мәселесі бар. Ол мешіт арқылы көрінеді. Басты кейіпкердің маңдайын сәждеге қойып, өткен-кеткеніне өкінгені болар, оны мешіттегі жамағат арасынан көреміз. Алайда Алланың үйі әңгімелесетін орын емес. Өгей әкесі екеуі мешіт сыртында-ақ сөйлессе болар еді. Құлшылық орнының құнын түсіріп жіберген жоқ па деген ойда қалдық.

Ал Айшаның құрбысын қасына алып, қаланы шарқ ұрып Азаматты іздеуі «Ирония любви» филімінен аумай қалды. Дәл осы сюжеттерден «қазіргі заманда жігіт қызды емес, қыз жігітті іздейді» деген идеяның басы қылтияды. Ол рас та шығар. Алайда бұл қазақ қызына мүлдем жат әрекет. Фильмнің ең негізгі көтерген ойы - ажары келіскен, сымбатты, бірақ ақшасыз арулар байлардың ойнасы болуы керек. Онсыз өнер әлеміне өрлеу, табысқа жету мүмкін емес.

Азаматтың көше бұзықтарына қосылып, солардың шырмауында жүргені еміс-еміс байқалды. Олардан ордасын бөлек салуды көздеген жігітті жолдан тосып алады. Ал ұры-қары, көше жігіттеріне Азаматтың анасы күйеуге тиген-тимегені не керек. Тіпті, тойға шақырмадың деп тиіседі, екінші рет күйеуге шығып жатқан орта жастағы әйелге той жасау дегенді көз көріп, құлақ естімепті әлі күнге.

Асхат (Айшаның ойнасы) - жалғанды жалпағынан басқан дөкей. Айша үшін аспандағы айды әперуге әзір. Жайылып жастық, иіліп төсек болады. Болмағанда ше, өзі әнші, сымбатты, жаяу адам жатып қарайтын, атты адам түсіп қарайтын көркі бар. Сұлулығы сонша француз Жерар Депардьенің өзі аузынан суы құрып тамсана қарайды. Бірақ, тым ішіп-жеп қарауы ыңғайсыздау болды.

Режиссер еркіндік пен бостандықты қалықтаған құспен, тауда жортқан тағымен бейнелейді. Бірақ видеолардың сапасыз екенін айтпаса болмайды. Бұл - кино, эстетика әлемі. Өн бойынан шынайылықпен қоса, әсемдік байқалып тұру керек. Тіпті, бір-екі тұста, микроплан да көзге шалынды. Ал ипподромда жер тарпыған аттың планын екі рет берудің не қажеттілігі болды екен?

Ары қарай қозғалайық, махаббатын өнерден артық қойған Айша Парижден қайтып оралды. Егіс даласында жүрген Азаматын да тапты. Сол сәттегі жігіттің келбеті, жүгері жинап жүрген адамнан машина жөндейтін адамға көбірек ұқсайды. Үсті-басы, беті қап-қара май. Мүмкін басқаша шешім жасағанда болар ма еді.

Киноның өн бойындағы сылқымдар тым жеңілтек. Көше бойындағы бикештерден еш айырмашылығы жоқ. Жүрген жүріс, киген киім, сөйлеген сөздері қазақ қызына жат.

Әрине, біткен іске сыншы көп. Мықты болса өзі түсіріп алмайды ма деп отырғандар да бар болар. Әркім өз ісіне жауапты, өз ісінің шебері болған дұрыс-ау. Онсыз да тұралап тұрған қазақ киноматографиясы тағы бір шалағай дүниемен толыққандай болды. Мақсатымыз көрерменге көрім дүниелер жол тартса екен деген ниет қана. Фильмнің көңілге қонымды, ойландырар тұстары да барын жоққа шығармаймыз. Оны көпшілік көрермен байқап, бағасын беріп жатар. Бұл - мен сияқты қарапайым көрерменнің көзіне шалынған көлденең көріністер деп ұқсаңыздар деймін.

Р/S Фильм соңындағы титрдағы қателерден көз сүрінеді. Мысалы, «Сағындым Алматымды» «Сағындым Амалатымды», «Казкоммерцбанк» - «Казкомерцбанк», тағы басқа ұсақ-түйек әріп қателер бар. Баз біреулерге расында ұсақ дүние көрінуі мүмкін. Мен үшін олай емес.

«Абай-ақпарат»

0 пікір