Сенбі, 27 Сәуір 2024
Анық-қанығы 4242 1 пікір 16 Шілде, 2020 сағат 18:07

42 500 кімдерге беріледі, кімдерге жоқ?..

Қазақстанда карантин мерзімі ұзартылуына байланысты, шілде айында мұқтаж жандарға 42 500 теңге төленетіні бұған дейін айтылды. Осыған орай, ҚР Үкіметі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі аталған төлемнің қалай жүзеге асырылатынын түсіндіріпті. 

Сонымен, бұл жолы жәрдемпұлды кімдер алады, кімдер алмайды? Оған қалай және қай жерде өтініш беруге болады? Міне қараңыз:

Асқар Мамин өз орынбасарлары арасындағы міндеттерді бөлді

Асқар Маминнің сөзі

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шектеу шаралы кезінде табысынан айырылғандарға әлеуметтік жәрдемақы ең төменгі жалақы мөлшеріндегі 42 500 теңгені бір айға төлеу жөнінде шешім қабылдап отырмыз.

Төлем карантин шараларының күшейтілуіне байланысты жұмысы шектелген жұмыс берушілердің, жеке кәсіпкерлердің және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар өтінімі негізінде жүргізіледі», - деді Премьер-министр.

Өтініш қабылдау 17 шілдеден басталады

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың айтуынша, 42 500 теңге дәл наурыздағы Төтенше жағдай кезіндегі тәртіппен төленеді.

«Көпшілікті соңғы мәселе қызықтырады. Бұл жолы 42 500 өткендегі төтенше жағдайдағыдай қағидаттармен төленеді. Яғни, жұмыс істеп жүріп, табысынан айырылған азаматтарға. Ол - жалдамалы қызметкерлер, жеке кәсіпкерлер, өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтар...» - деді министр.

Министрдің айтуынша, өтініш 17 шілдеден бастап қабылданады. Сол күні өтініш қабылдайтын арнайы порталдар дайын болады. 20 шілдеден бастап азаматтарға төлем жүргізіледі. Жұмаға дейін ешқайда өтініш берудің керегі жоқ. Ал, төлем операторы ретінде «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» белгіленген.

Жеке тұлғалар өтінішті қалай тапсырады? 

Министр Нұрымбетов төлемге өтінішті арнайы порталдар мен Telegram-бот арқылы беру керектігін айтты.

«Жеке тұлғалардың барлығы осы порталдар және Telegram-бот арқылы өтініш бере алады. Ол штаб арқылы өтпейді, тікелей кетеді...

Баршаңызға айтарым, жұмыстарыңыз тоқтап қалған болса ғана өтініш беру керек. Өткендегідей, Telegram-ботта жазба болады. Онда осы карантинға қатысты күшейтілген шектеулердің салдарынан табысымнан айырылдым деп растайсыз және осы мәліметтің жалған емес екені туралы жауапкершілікті мойындап, белгі қоясыз» , - деді министр.

42 500-ді кімдер ала алмайды? 

Ресми жұмыс істейтін азаматтар! Министр солай деді.

«Мемлекеттік бюджеттен зейнетақы, жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек немесе сақтандыру қорынан тиісті төлем алатын азаматтар 42 500 теңгені алмайды. Оны дұрыс түсініңіздер. Олар бейресми жұмыс істегендердің қатарына жатпайды», - деді Нұрымбетов.

Біржан Нұрымбетов еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі ...

Министрдің өтініші

Еңбек министрі ел тұрғындарына қайрыла сөйлеп, жәрдемпұлға бір-ақ рет  өтініш беруге кеңес берді.

«Сіздердан үлкен өтініш! Құрметті қазақстандықтар! Бір-ақ рет өтініш беріңіздер. Сіздерге - «сіздің өтінішіңіз қабылданды» деген хабарлама келеді. Содан кейін, ертесі күннен бастап «enbek.kz» порталынан өзіңіздің статусыңызды көріп отырасыз. Екі-үш реттен өтініш бермеуді және әр порталға қайта-қайта өтініш қалдырмауды сұраймыз! Оның қажеті жоқ. Бәрібір екінші өтінішіңіз өтпейді.  Ол  тек порталдарға салмақ салуы және басқа азаматтардың өтініш беруіне кедергі келтіруі мүмкін», - деді министр Нұрымбетов

Мекемеде істейтіндерге жұмыс орны өтініш береді

Сонымен қатар, министр мекемеде жұмыс істейтін азаматтардың өтінішін жұмыс беруші беретінін айтты.

«Жұмысшылардың өздері тапсырыс беруінің қажеті жоқ. Ол бәрібір порталдан өтпейді. Сіздер жұмыс берушіңіз өтініш берген соң, «enbek.kz» порталынан сізге өтініш берілген-берілмегені және ол қай сатыда қаралып жатқаны жөнінде көріп отыра аласыз», - деді ол.

Ал карантин кезінде жұмысы тоқтап қалған жеке кәсіпкерлер өтінішті өздері үшін өздері толтырады.

«Жеке кәсіпкерлер және жеке практикамен айналысып жүрген азаматтар өздеріңіз үшін өздеріңіз толтырасыздар. Қосымша өздеріңіз туралы мәліметтер белгілейсіздер. Сіздерге бір ғана шарт: карантинге байланысты жұмыстарыңыз тоқтап тұрғаны рас болуы керек.

Жұмысыңыздың тоқтаған немесе тоқтамағанын аудандық штабтар және Салық комитеті тексеріп алады», - деді министр.

Өтініштер қыркүйек айына дейін қабылданады

Сонымен қатар, министр 42 500 теңге алуға өтініштер қыркүйек айына дейін қабылданатынын айтты.

«Бұл төлем шілде айына есептелген. Барлық байланыс арналары, порталдар 1 қыркүйекке дейін жұмыс істейді. Сізде өтініш беруге әлі бір ай бар», - деді Нұрымбетов.

Abai.kz

1 пікір