Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2525 0 пікір 28 Маусым, 2009 сағат 20:01

Дәурен Қуат. Алты қарағайдың арасында адасып жүрген біздің ортамызда бірлік те, бәсеке де жоқ

«Алаш айнасы» газеті кәсіби мерекеміздің қарасаңында бізге «Қазіргі қазақ журналистикасы бәсекеге қабілетті ме?» деген сұрақ қойған болатын. Әлгі сұраққа қайтарған жауабымыз газет белгілеген көлемнен асыңқырап кетсе керек. Ықшамдалып басылыпты. Сол себепті «Алаш айнасының» тілшісі, әріптесіміз Мәриям Әбсаттарға ауызша  айтып берген   ойымызды «хатқа түсіріп» қайта жариялауды жөн көрдік. «Қазіргі қазақ журналистикасы бәсекеге қабілетті» деп білетін  Ахмет Аляз мырзаның да пікірін «Алаш айнасынан» алып беріп отырмыз.

 

«Алаш айнасы» газеті кәсіби мерекеміздің қарасаңында бізге «Қазіргі қазақ журналистикасы бәсекеге қабілетті ме?» деген сұрақ қойған болатын. Әлгі сұраққа қайтарған жауабымыз газет белгілеген көлемнен асыңқырап кетсе керек. Ықшамдалып басылыпты. Сол себепті «Алаш айнасының» тілшісі, әріптесіміз Мәриям Әбсаттарға ауызша  айтып берген   ойымызды «хатқа түсіріп» қайта жариялауды жөн көрдік. «Қазіргі қазақ журналистикасы бәсекеге қабілетті» деп білетін  Ахмет Аляз мырзаның да пікірін «Алаш айнасынан» алып беріп отырмыз.

 

Шыны керек, қазақ журналистері ақпарат майданындағы бәсекеге қабілеттілік деңгейіне толық қол жеткізе алған жоқ әлі. Мұндай жайттың көп себебінің бірін мен қазақ баспасөзінде қызмет етіп жүрген әріптестерімінің ішкі бірлігінің, өзара үндестігінің, бір-біріне деген тілеулестігінің, бір-бірін шығармашылық тұрғыдан қолдай алмайтындығының кесірінен көрер едім. Мәселен, тележурналисттен газеттегі әріптесінің не жазып жүргенін, болмаса газет тілшісінен радиодағы журналистер қандай мәселе көтеріп жүргенін сұрап, әңгімеге тарта қалсаң, мұрнын тыржитып, иығын қушыйтады. Онысы «солар не бітіріп жүр ғой дейсің?» деп өзінше білгішсінгені болса керек. Бізде тіпті бір-бірін сырттай болса да танымайтын журналистер жетіп артылады. Бәсекеге қабілеттілік бірлік пен ынтымақтан қалыптасады. Біз Ресей не Қытай секілді қалың ел емеспіз ғой. Соған сай бұқаралық ақпарат құралдарымыздың да саны аз. Ендеше, бірімізді біріміз сырттан күндеп, ала бақа, аш жылан болмай алдымен еліміздегі ақпарат кеңістігін тұтастырып тұрудың қамын ойлауға тиіспіз.   Өкінішке қарай, біз әлі күнге бірауыздылық танытып,  қоғамдық пікір тудырудың орнына алты қарағайдың арасында адасып жүрміз. Ал мұндай жағдайда  ақпараттық бәсекеге қабілеттілік туралы айтудың өзі қиын емес пе?. Бұл бір десек, екінші мәселе - қазақ баспасөзінің материалдық тұрғыдан жадау тұрмыс кешіп келе жатқандығы. Мемлекеттік бюджетке қарайтын газеттегі талантты, дарынды жігіттер 20-30 мың теңгенің айналасында еңбекақы алады. Тапқаны табан астында таусылатын журналисте осыдан кейін қалайша творчестволық ізденіс, өз ісіне деген құштарлық болуы мүмкін? Қазақстан экономикасы нарықтық қатынасқа өткен күннен бастап орыстілді басылымдар ыңғайлы, жайлы тұрмысқа қол артып алды.  Бүгін, ХХІ ғасырда, қазақ баспасөзі енді ғана ептеп игілігін көре бастаған журналистердің күнделікті жұмысына ауадай қажет қарапайым компьютер, факс, ұялы телефон деген құралдарға орыстілді басылымдар 90-жылдардың басында-ақ ие болып қойған. Олардың ақпаратты тез, шұғыл таратуының негізгі себебі осы болса, екінші себебі биліктің оларға бүйрегі бұрып, солардың тілінде сөйлеп, солардың тілінде алдымен ақпарат беріп жалпаң қағуынан деп түсінемін. Алайда, орыстілді журналистердің алып бара жатқан ештеңесі жоқ. Бірақ оларға берілген мүмкіндік қазақ баспасөзіне де берілсінші, сонда көрер едік әуселелерін. «Орыстың тілін біл» деген Абай орыстың законы болмаса, қазақ оның алдында именбес еді дейді. Орыстың законы бүгін де күшті болып тұр ғой.  Ақиқатын айтар болсақ, қазіргі билік қазақ баспасөзіне қабырға газеті деңгейінде ғана қарайды. Қоғамды толерантты болуға шақырып бағатын билік қазақ баспасөзінің сынына төзімділік таныта алмайды. Қазақ баспасөзінің сынына төзе алмайтын билік қазақ халқының әлеуметтік талаптарына да төзе алмайтындығын көрсетіп келеді. «Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнімнің» кебін киіп отырған қазақ баспасөзін сондықтан қорлайтындар көп қазір. «Қазақ баспасөзі жаза алмайды, айта аламайды» дейтін пікрлер де осыдан шығады. Дейтұрғанмен, егер қазақ баспасөзінде жарияланып жатқан материалдарды орысшаға аударып берер болса, немесе қазақ журналистері жазып жатқан қадау-қадау сыни мәселелер орыс тілінде көтерілер болса, онда баспасөздің ұлттық, мемлекеттік маңызы да арта түсер еді. Мұны неге айтып отырмыз? Өйткені орыс тілді басылымдар ақпарат кеңістігін қаржылық топтар мен сыртқы күштердің мүддесіне  қарай бөлісіп алды. Осыған бір мысал келтірейін, былтырғы 8 тамыздан басталып бес күнге жалғасқан Ресей қарулы күштерінің Оңтүстік Осетиядағы әскери іс-қимылдары есте шығар, осыған байланысты біздің еліміздегі бір ресми орын халық арасында құпия сұрау жүргізіпті. Сонда нәтиже қандай болған дейсіз ғой? Қазақстандағы орыстар мен орыс тілділер Ресейдің Грузияға жасаған қысымын бір ауыздан қолдап шыққан. Ал қазекемнің пікірі ала-құла болған. Сауланамаға қатысқан қазақтардың бірқаншасы Ресейдің ісін қолдаған, бірқаншасы қолдамаған, Ресей мен Гүржістанның арасында не болғанын білмейтіндер де табылған. Бұл нені білдіреді?   Бұл біздегі ақпараттық саясаттың Қазақстанның мемлекеттік ішкі һәм сыртқы саясатынан тыс өмір сүріп жатқанын, орыс тілді баспасөздің қоғамдық пікірге ықпалды екендігін білдіреді Бұл және орыс тілді баспасөз Қазақстанды ақпарттық кеңістікте Ресейге отар етіп ұстап отырғандығын білдіреді Ал енді осыдан қорытып не айтпақпыз? Айтарымыз мынау: қазақ журналистері ақпараттық бәсекеге қабілетті болуы үшін қазақ баспасөзіне мемлекеттік деңгейде қолдау керек. Мемлекеттік қолдау жаңағы өзіміз айтып отырған Ресейдің де, АҚШ-тың да, Батыстың да тәжірибесінде бар нәрсе. Осыны біздің ресми орындар  түсінбей-ақ келеді.

Тағы бір шындық: қазақ баспасөзінің халықтың тарапынан да қолдау көріп отырғаны шамалы. Бізде бәсекелестікке қабілетті журналистік орта қалыптасуы үшін халқымыз да сондай сергек болуы керек. Газеттерде, теледидар мен радиоларда тарап жатқан ақпараттар мен ұлттық мазмұны терең мәселелерге ілесе үн қоса алатын азаматтық қоғам болуы шарт. Өкініштісі сол, біздің оқырманның деңгейі қазір «сары басылымдардың» деңгейіне түсіп кетті.   Бір кездері  қазақ оқымысты-ақ халық болған. 80-жылдары қазақ газеттерінің таралымы 200-300 мыңға жетуі соның айғағы. Халықтың мұндай құлшынысы, әрине, өз кезегінде баспасөздің күш-қуатына, беделіне де әсер етеді. Қорыта келгенде айтарым, бәсекеге қабілетті бола алмай тұрғандығымыздың бірінші себебі - бір-бірімізді шығармашылық тұрғыдан қолдау жоқ, екінші - билік орындары қазақ баспасөзінің қажеттілігін жете бағаламай келеді, турасына көшсек қазақ баспасөзіне қысым жасап бағуда, сондай қысымды көре тұра қазақ журналистерінің арасында пікір еркіндігі үшін күресу, өзінің беделін көтеру үшін шаралар ұйымдастырып, замана талабына сай жаңа мүмкіндіктердің жолын қарастыру деген әрекеттер атымен жоқ. Осындай бейқамдығымыздың салдарынан біз  ақпараттық агрессияға жол беріп қойып отырмыз, ақпараттық кеңістігімізге ықпал ету миссиясын да өз міндетімізге жүктеуден тайсақтаймыз. Мұның сыртында басқа тағы да көп әңгіме бар. Оның бәрін тізіп жылында бір келетін кәсіби мерекемізде көңілімізді жүдете бермейік.

 

Қазіргі қазақ журналистикасы ақпараттық бәсекеге қабілетті ме?

 

 

Ахмет Аляз, «Қазақстан-Zaman» ЖШС бас директоры:

- Мен 1992 жылы Түркиядан келіп, осында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түскен кезбен салыстырғанда, Құдайға шүкір, қазіргі қазақ баспасөзі әлдеқайда күшті, тіпті бәсекеге қабілетті дер едім. Себебі мен сол кезден бастап қазақ баспасөзінің тарихына үңіліп, оның қоғамда алар орнына, тегеурініне зор қызығушылықпен қарап келемін. Қазақ баспасөзінің қилы кезеңдеріне қарап салыстырып отырсам, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басында, әсіресе, Алаш арыстарының тұсында кәдімгідей үлкен биікке көтеріліп, зор беделге ие болыпты. Бірақ, өкінішке қарай, кеңес үкіметінің келуімен ұлт зиялыларын қырып-жою басталды да, сонымен бірге халық бассыз, баспасөз үнсіз қалды. 70 жыл бойы тек биліктің айтуына құлдық ұрумен, партияны, көсемдерін мақтап-мадақтаудан арыға аса алмаған.

Солайша қазақ журналистикасы белгілі бір кезеңге дейін, яғни Тәуелсіздігімізді алғанша тоқырауды бастан өткерді. Әрине, бұл кезеңде де сондай бір қысымға, құрсаулы қоғамның ішінде үнсіз отыра бермей, ұлттың іштегі зарын ышқына айтушы Шерхан Мұртаза, Камал Смайылов, Сейдахмет Құттықадам сынды қаламы қарымды публицистер болды. Егемендік ала салған кезде де қазақ баспасөзі бірден күш-қуат алып кетті десем, өтірік болар, есін жия алмай біраз дамылдады. Сол сәтті ұтымды пайдаланып «Караван» мен «Аргументы и факты» секілді орыстілді басылымдар шықты. Өздерімен бәсекелесетін бірде-бір басылым болмағандықтан, олар кеңістікті еркін жайлады. Бұл қайта қазақ баспасөзінің еңсесін басып тастамай, намыстанып, қайраттануына қамшы басты. Қазақ журналистері ұлттық намысты қаузайтын дүниелерді жарыса жазып, оқтын-оқтын орыстілді әріптестеріне биліктің, қоғамның жылы қабақпен қарайтынын өткір сынға алды. Алғашқы жылдары «Ана тілі» газетінің қарқыны өте жоғары болды, өйткені тіл мәселесі өте өзекті болды. Мемлекеттік тіл мәртебесін қазақ тіліне ме, әлде орыс тіліне береміз бе деген дау туып отырған тұста бұл кәдімгідей қоғамға рух беріп, билікке әсер етті. Осылайша бірте-бірте күш алған қазақ баспасөзі 2000 жылдары кәдімгідей орыстілді ақпарат құралдарымен бәсекелесетін, тіпті олардың алдын орағыта алатындай дәрежеге жетті. «Дат», «Ақ жол Қазақстан» сынды қазақша оппозициялық басылымдар пайда болып, қоғамға, билікке кәдімгідей қозғау салды. Олар, әрине, қысым көріп, қанша сотқа тартылса да мұның бәрі кәдімгідей күрес, күш алу жолындағы тартыс еді. Қазір осындай жолдардан өткендігіміздің арқасында қазақ баспасөзімен басшылық кәдімгідей санасады, сыннан қорытынды шығарады. Ал бір кездері билік пен қоғамның арасында қатты алшақтық болды. Оның бір себебі, еліміздегі БАҚ туралы заңның солқылдақтығы да еді. Ол баспасөздің күшімен біршама жөнделді. Егер журналистер өз құқықтарын талап етер болса, меніңше жағдайымыз бұдан да жақсара түседі. Тағы бір мәселе, кез келген ақпарат құралының бәсекеге төтеп бере алу-алмауы қаржылық жағдайына да байланысты. Әр облыста, әр аймақта, құзырлы органдарда тілшісі бар баспасөз қуатты әскерге тең, ол ештеңеден қорықпайды. Қазір кез келген лауазымды тұлға өзі туралы баспасөзде жарық көрген тіпті бір-ақ жолдық сынның өзіне жауап береді, мұның өзі - журналист қауымының жетістігі. Бір ғана мысал: біз былтыр газетіміздің бетінде бір жылда 100-ден астам сыни мәселе көтерсек, соның 63-іне бізге жауап келді.

 

0 пікір