Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Жаңалықтар 12419 0 пікір 23 Қараша, 2011 сағат 13:33

Желтоқсан оқиғасы – ұлт рухының биік белесі

Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы етіп Г.В. Колбиннің жасырын және халықты қорлайтындай түрде тағайындалуы жастар қозғалысына тікелей түрткі болды. Бұл орталықтың өрескел өктемдік саясатының тікелей көрінісі болды. Бұл республика халқының өмірлік мүдделеріне байланысты мәселелерді олардың пікірімен, көзқарасымен санаспай, қайта құру жария еткен демократиялық қағидаларға қайшы, біржақты әміршіл әдіспен жүзеге асыруының дәстүрлі айқын көрінісі еді. Республика халқын қорлайтын мұндай шешімге алғашында Алматы қаласының жұмысшылары мен оқушы жастарының шағын тобы ғана наразылық білдірді. Наразылық бейбіт және саяси сипатта болды. Онда мемлекеттік құрылысты құлатуға, ұлт араздығын қоздыруға байланысты ұрандар айтылған жоқ. Жиналған жастар заңдарды және қоғамдық тәртіпті бұзбаған, олар тек Орталық Партия Комитеті пленумының асығыс шешімі жөнінде түсінік берілуін талап етіп, мұндай шешіммен өздерінің келіспейтінін білдірді. Бірақ республика басшылығы жастармен тең құқылық келіссөз бастағысы, олардың пікірін тыңдағысы келмеді. Саяси, бейбіт шеруді - билікті қорлау, өздеріне төнген қауіп деп санап, оларға қарсы күш қолданумен жауап берді, тіпті бой көтерулерді тұрақты армия бөлімдерін қолдана отырып басып-жаншу туралы шешім қабылдады.

Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы етіп Г.В. Колбиннің жасырын және халықты қорлайтындай түрде тағайындалуы жастар қозғалысына тікелей түрткі болды. Бұл орталықтың өрескел өктемдік саясатының тікелей көрінісі болды. Бұл республика халқының өмірлік мүдделеріне байланысты мәселелерді олардың пікірімен, көзқарасымен санаспай, қайта құру жария еткен демократиялық қағидаларға қайшы, біржақты әміршіл әдіспен жүзеге асыруының дәстүрлі айқын көрінісі еді. Республика халқын қорлайтын мұндай шешімге алғашында Алматы қаласының жұмысшылары мен оқушы жастарының шағын тобы ғана наразылық білдірді. Наразылық бейбіт және саяси сипатта болды. Онда мемлекеттік құрылысты құлатуға, ұлт араздығын қоздыруға байланысты ұрандар айтылған жоқ. Жиналған жастар заңдарды және қоғамдық тәртіпті бұзбаған, олар тек Орталық Партия Комитеті пленумының асығыс шешімі жөнінде түсінік берілуін талап етіп, мұндай шешіммен өздерінің келіспейтінін білдірді. Бірақ республика басшылығы жастармен тең құқылық келіссөз бастағысы, олардың пікірін тыңдағысы келмеді. Саяси, бейбіт шеруді - билікті қорлау, өздеріне төнген қауіп деп санап, оларға қарсы күш қолданумен жауап берді, тіпті бой көтерулерді тұрақты армия бөлімдерін қолдана отырып басып-жаншу туралы шешім қабылдады. Г.Колбин бастаған республика басшылығының үсті-үстіне өтінуіне байланысты Орталықтың ішкі әскерлерінің арнаулы бөлімдері Алматыға жеткізілді. Бейбіт және аз адам қатысқан наразылық осыған байланысты жаппай бас көтеруге ұласты.

Республика басшылығының саяси дәрменсіздігі, олардың сын жағдайдан шығудың бейбіт жолын қарастырмауы, тіпті бұған ұмтылмауының өзі, олардың ақыл-парасат пен ізгі ниетке емес, қайта қарулы күшке сүйенуі, жаппай наразылықтың бой көтеруіне, өршуіне тікелей себеп болды. Наразылық білдірушілер мен қарулы күштердің арасында қақтығыс болды, нәтижесінде, кісі өлімі, денеге жарақат келтіру, автокөліктерді өртеу, үйлерді зақымдау оқиғалары орын алды. Наразылықты басып-жаншуға байланысты құқық қорғау органдары заңдылықты өрескел бұзып, ұсталғандарды ұрып-соқты, жеңіл-желпі киінген адамдарды көлікке тиеп, қала сыртына апарып тастады, прокурордың санкциясынсыз ұсталғандарды тергеу изоляторы мен уақытша ұстау орындарында көбіне тамақ берместен, бірнеше тәулік бойы ұстады.
Наразылықты қуып-тарату кезінде сойыл, саперлік кішкентай күректер, қызмет иттері пайдаланылды. Қақтығыс салдарынан наразылыққа қатысқандар тарапынан да, қоғамдық тәртіп сақшылары тарапынан да қаза тапқандар әртүрлі дене жарақатын алғандар сөз жоқ болды. Жұмысшылар мен қызметшілерден азаматтық құрамалар құрып, оларды қаруландыру жөнінде нұсқау берген, сол арқылы адамдарды ұлттық белгісі бойынша бір-біріне қарсы қойған Орталық партия басшыларының, қызметкерлерінің іс-әрекеттері өте қауіпті болды. Мұның өзі сол уақытта бұл оқиғаны ұлтаралық қақтығыс сипатына айналдырудың тікелей амалы еді. Бұл сұрқиялық орталықтың «қазақ ұлтшылдығы» деген жалған, жалақорлық айыптаудың тікелей қайнар көзі болды.
Алматы қаласында 1986 жылы желтоқсанның 17-18-інде болған оқиғаларға байланысты жағдай Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1986 жылы 19 желтоқсанда өткен бюро мәжілісінде талқыланып, СОКП Орталық Комитетінің 1986 жылғы 18 желтоқсандағы Алматыдағы оқиғаға байланысты қабылданған қаулысын толық қолдайтынын және оны жүзеге асыруға бағытталған шаралардың іс-жоспарын бекітті, жергілікті партия, кеңес алқаларына еңбекші жастар, студенттер арасындағы ұлтшылдық көріністермен күрес жүргізу, ұлтшылдықтың кез келген көріністерінен оларды оқшаулау мәселелеріне ерекше мән берілді. (хаттама №18)
Орталық Партия Комитетінің бюро мәжілісіне қатысқандардың барлығы бірауыздан қабылданған 16 түрлі іс-шара жөнінде дауыс берді. Осы мәселеге арналған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бюро мәжілісінің отырысы 1986 жылдың 23 желтоқсанында тағы да екінші рет болды. (хаттама №19). Осыдан кейін Орталық партия органдарының нұсқауларына сәйкес, Қазақстан аумағында желтоқсан оқиғасына қатысушыларды жазалау, қудалау үрдістері жаппай жүзеге асырылды. Оқиғаға қатысушыларға қылмыстық істер қозғалды, олар бойынша тергеу қысқа мерзімде үстірт және айқын айыптау бейімділігімен жүзеге асырылды. Түрлі деңгейдегі органдар істі асығыс қарап, әділетсіз үкімдер шығарды. Тергеу, прокуратура, сот органдары әміршіл-әкімшіл жүйенің тікелей құралына айналды. Заңсыздықтарға тікелей жол берді. Желтоқсан оқиғасына байланысты мыңдаған адамдардың заңсыз ұсталуына, наразылық кезінде оларға қарсы саперлік құралдар мен қызмет иттерінің қолданылуына жол берілді. Желтоқсан оқиғасына байланысты қаншама азаматтар қызметтен, партиялық мүшеліктен, оқу орындарынан заңсыз шығарылды. Баспасөз құралдарының негізгі ұраны - қазақ ұлтшылдығын сынау, белгілі мемлекет, қоғам, ғылым қайраткерлерінің теріс іс-әрекеттерін жариялауға ұласты.
Желтоқсандағы қайғылы оқиғаға әміршіл-әкімшіл жүйені басты кінәлі деп санап, оған қазақ жастарының ешқандай кінәсі жоқ екенін сол оқиғадан кейін-ақ көтерген халықтың адал ұл-қыздары болды. Соның бірі сол кездегі КСРО халық депутаты, КСРО Жоғарғы Кеңесінің мүшесі, Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Шаханов еді. 1989 жылғы 6 маусымда өткен КСРО халық депутаттары съезі мінбесіне шығып, 1986 жылғы 16 желтоқсанда Алматыда болған желтоқсан оқиғасының мұның алдында орын алған Грузиядағы оқиғадан да едәуір қауіпті сипат алғанын, бейбіт шеруге шыққандарға қарсы сапер күректерін, қызмет иттерін қолданғанын, жас қыздарды дубинкамен сабап, етіктерімен тепкілегенінен, бұл наразылықтың ешқандай ұлтшылдық астары болмағанын айтып, осы оқиғаға байланысты ақиқатты анықтау үшін халық депутаттары комиссия құрамында құруды батыл түрде ұсынды.
Іле-шала М.Шаханов төрағалық еткен комиссия құрылды. Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумы 1990 жылғы қыркүйектің 24-і күні қаулы қабылдап, онда қазақ жастарының 1986 жылы желтоқсанда Алматыда болған бой көрсетуі ұлтшылдық сипат алмағаны және бастапқы сатысында заңға қайшы болмағанын атап өтті. Осыдан кейін сол кездегі Қазақстан Орталық Партия Комитетінің бірінші хатшысы Н.Назарбаевтың тікелей араласуымен, ұсынысымен СОКП Орталық Комитетінің Қаулысындағы қазақ ұлтшылдары деген айыптау алынып тасталды. Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Алматы қаласында 1986 жылғы желтоқсанның 17-18-інде болған оқиғаға байланысты жағдайларға түпкілікті баға беру жөніндегі комиссияның тұжырымдары мен ұсыныстары Жоғарғы Совет Президиумының мәжілісінде қаралып, баспасөзде жарияланды. Комиссия құрамында бірнеше ұлттың өкілдері болған және ол тұжырым бірауыздан мақұлданған. Желтоқсан оқиғасына байланысты Мұхтар Шахановтың КСРО халық депутаттары съезінде сөйлеген тұжырымдарын теріске шығаруға тырысқандар да болды. «Литературная» газетінің 20 желтоқсан 1989 жылғы №51 санында осы мәселеге арналған дерексіз мақала да жарық көрді. Желтоқсан оқиғасына байланысты жұртты қатты қорлаған айып - Орталықтың «қазақ ұлтшылдығы» деген теріс тұжырымы болды. Қазақ халқы ежелден ұлтшыл емес, қонағына төрін босатып беретін, асының дәмдісін босағасынан аттағандарға ұсынатын, ежелгі дәстүрі бар кеңпейіл, көпшіл, интернационалист халық екенін ешкім де әдейі ескермеді. Тарихқа көз жүгіртсек, 1915жылы өз жерінде қазақтардың саны 6 миллионға жетсе, 1945 жылы одан 2,5 миллион ғана адам қалған.
1920 жылы Қазақ Автономиясы Республикасын құрған кезде өз елінде 65 пайызды құраған, ал 1962 жылы бұл көрсеткіш 20 пайызға кеміген, жаппай коллективтендіру кезеңінде екі жылдың ішінде қазақтардың 52 пайызға, яғни 2 миллион 200 мыңы ашаршылықтан, жаппай эпидемиядан қырылды, ал 15 пайызы республикадан тысқары жерлерге мәңгілікке жер ауып кетті. Бұл Қазақстандағы «Голощекиндік геноцид» кезеңі еді. Қазақтар индустриализация кезеңінде мәжбүрлі түрде еңбек армиясы қатарына алынды, бай-кулактар ретінде Сібірге жер аударылды. Ұлы Отан соғысына қатысып, қаза тапты. Ал тың игеру кезінде тұрған жерлерінен ығыстырылды. 1930 жылдан 1962 жылға дейін Қазақстан жеріне сырттан 4 (төрт) миллион адам келді, қазақтар өз жерінде аз халыққа айналды. Қазақ елі барлық саладан ығыстырылды. 1960-1990 жылдың яғни 30 жылдың аралығында Қазақстанның 700-ден астам мектептерінде қазақ тілінде сабақ жүргізілмеді. Ауыр кезеңдерді бастан өткізген қазақ халқы ешуақытта да ұлтшылдық сипатта бас көтермеген, басқа халықтарға, ұлт өкілдеріне қамқорлық жасағаннан басқа ешқандай теріс іс жасамаған. Қазақ халқының осы қасиеттерін аяққа басқан Орталық 1986 жылы бұл халықты ұлтшыл деп арсыздықпен жария етті.
Қазақ халқының ешуақытта ұлтшыл еместігін тарих тағы да растады. Егемендік алғаннан кейінгі қазақ даласындағы барлық ұлттар, ұлыстар бір кісідей бүгін тату-тәтті өмір сүруде. Қазақстандағы 130-дан астам ұлт өкілдері бір кісінің баласындай бауырлас. Қазақстан халқы Ассамблеясы сияқты ұйым дүниежүзінде тек біздің елімізде бар. Міне, осылардың өзі аз-ақ қазақтың қандай дарқан халық екенін танытпай ма?!
Желтоқсан оқиғасына байланысты жағдайларға түпкілікті баға беру жөніндегі комиссия құрамында Мұхтар Шахановтан басқа атақты заңгерлер Т.Бұрабаев, С.Жақсымбетов, А.Стамқұлов, С.Қасымов, В.А.Ким, М.Сарсембаев, журналистер Ю.Киринцианов, Ф.Игнатов, партия қызметкерлері И.Тасмағамбетов, Т.Ізмұханбетов, С.Әбдірахманов, адам құқығы жөніндегі қоғамдық комитет төрағасы И.Фокина, ғалым Ю.Дуберман, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаттары, ақын Қ.Мырзалиев, Н.Задороженый табандылықпен тер төгіп, істің ақ-қарасына әділ бағасын берді.
Желтоқсан оқиғасы жөніндегі орын алған заңсыздықтарға баға беру үшін жиналған материалдар Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына жіберілді. Конституциялық Сотта мен де сарапшы ретінде қатыстым. Желтоқсан оқиғасы бойынша республика соттары соттаған 99 адамның қылмысын зерттеп, заңдылық баға беруге атсалыстым.
Жалпы, Желтоқсан оқиғасы бойынша кезінде республикада 707 адам әкімшілік қамауға алынған, партия қатарынан 57 адам алыстатылған, 210 адам партиялық жазалауға іліккен, комсомолдан 758 адам, жоғары және орта оқу орындарынан 266 студент шығарылып, 1164 жастар комсомолдық жазаға тартылған. Желтоқсан оқиғасынан кейін қазақ жастарын жоғары оқу орындарына қабылдау да қиындай түсті. Мысалы, 1985 жылғы Қарағандыдағы жоғарғы милиция мектебіндегі абитуриенттерінің 61 пайызы қазақтар болса, келесі 1986 жылы оның саны 27,5 пайызға дейін кеміген. Қазақ жастарын ішкі істер органына қабылдау күрт азайған. Тіпті Шымкентте облыстық ішкі істер басқармасы алдында «Қазақтарды ішкі істер органына қабылдамаймыз» деген жарнама ашық жазылып қойылды. 1987 жылы 90 мыңнан астам қазақ жастары елден кетіп, басқа республикаларда жұмыс істеуге мәжбүр болды.
Желтоқсан оқиғасына байланысты материалдар Конституциялық Соттың өз қызметін мерзімінен бұрын тоқтатуына байланысты түпкілікті қаралмай, оған тікелей кінәлі адамдардың теріс іс-әрекеттерінде баға берілмей қалды, орын алған заңсыздыққа тиісінше баға берілмеді. Осы оқиғаға байланысты жинақталған он бір томдық іс-материалдарда неше түрлі сұмдық заңсыздықтар туралы фактілер, басшылықтың қиянаты, жәбірленген қазақ жастарының адамгершілігі мен ар-намысының қорлануы, аяққа тапталуы толық көрініс тапқан-ды. Бірақ соның бәрінен де біз үшін құндысы Желтоқсан оқиғасына қатысушыларының ұлттық, азаматтық рухының өлшеусіз биіктігі еді...

Арықбай АҒЫБАЕВ,
заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

http://www.aikyn.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=11086&Itemid=2

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1537
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1408
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1155
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1162