Сенбі, 27 Сәуір 2024
4154 4 пікір 7 Шілде, 2020 сағат 14:14

Төлесовадан «жәбір көрген» алты полицей кім?

6 маусым күні митингіге шығып, полицияға қол көтерді деп айып тағылған белсенді Әсия Төлесованың соты онлайн өтіп жатыр. Бұл туралы Malim.kz жазды. 

Сотта алты полицей Әсия Төлесовадан жәбір көргенін айтыпты. Олардың екеуі Нұрбек Темірханов пен Мейіржан Тұрғанбек Төлесованың өздеріне күш қолданғанын айтса, төрт полицей Ернат Сабалақов, Тасқын Талдыбаев, Ұлан Абибулла мен Тілек Төлегенов белсенді өздерін жария түрде қорлады дейді.

Сотқа белсенді Әлнұр Ілияшевтің ісін қараған судья Залина Махарадзе төрағалық етуде. Әсия Төлесованы адвокаттар Джохар Өтебеков пен Назерке Ризабекова қорғап отыр. Сот сондай-ақ Әсия Төлесованың анасы Жанар Жандосованы қоғамдық қорғаушы ретінде қатыстыру жайлы өтінішті қанағаттандырды.

Адвокат Джохар Өтебеков психологиялық-филологиялық, фото-техникалық, психологиялық-психиатрлық және сот медицина сараптамасын жасау жөнінде өтініш түсірді. Айтуынша, сот психологиялық-филологиялық сараптама Ә.Төлесованың полицейлерді қорлаған-қорламағанын анықтауға көмектеседі. Ал фото-техникалық сараптама Төлесова полицейлерге қол тигізді ме, тигізсе қай жеріне неше мәрте тигізгенін анықтайды. Ал сот-медицина сараптамасы Төлесова күш қолданды дейтін полицей дене жарақатын алған-алмағанын анықтап береді.

Төлесованың адвокаттары қылмыстық істі тоқтату жайлы өтініш түсірді. Өйткені бұған дейінгі сараптама Төлесова полицейді ұрмағанын, тек фуражкасына қол тигізіп, оны жерге ұшырып түсіргенін көрсеткен. «Сарапшы Ильиных Төлесова полицейдің басына қолы тимегенін, тек сол алақаны полицей фуражкасының жоғары жағына тиді деген қорытындыға келді.  Төлесова «Жексұрынсың, сен де жексұрынсың. Ешқайсысың форма киюге лайық емессің» деді. Бұл былапыт емес, әдеби сөздер. Ол жерде екі полицей тұрды. Қалған үш полицей қайдан шыққанын білмейміз», – деді адвокат Назерке Ризабекова.

Джохар Өтебеков жәбірленуші деп танылған полицейелерден жауап алу жөнінде де өтініш түсірді.
Сотта Әсия Төлесова өзіне тағылған айыптаумен келіспейтінін, бірақ ұстамсыздығы үшін жәбірленушілерден кешірім сұрауға дайын екенін айтты.

Сот адвокаттардың өтініштері бойынша қандай шешім қабылдағанын түстен кейін хабарлайды.

Азаматтық белсенді Әсия Төлесованың үстінен Қылмыстық кодекстің «билік өкілін қорлау» және «билік өкіліне күш қолдану» баптары бойынша іс қозғалды. Белсендінің үстінен қылмыстық іс қозғауға оның 6 маусым күні рұқсат етілмеген митинг кезіндегі әрекеті түрткі болған.

Әсия Төлесова әлеуметтік желідегі парақшасында бұл әрекетін полиция адамдарды жас-кәріге қарамай заңсыз ұстай бастағанда оларға араша түскенімен түсіндірген. Белсенді Бейбарыс Толымбековтің анасы Ляззат Толымбекова бұл видео қиылып алынғанын,  оған дейін Әсия Төлесова қарттарды автозакпен әкетуге қарсы шыққанда, полицейлер оны жерге құлатқанын айтқан.

Әсия Төлесоваға тағылған айыптар бойынша (Қылмыстық кодекстің 378,380-баптары) 3000 айлық есептік көрсеткіш (8,1 миллион теңге) айыппұл не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына міндеттеу немесе 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қарастырылған.

Abai.kz

4 пікір