Сенбі, 27 Сәуір 2024
46 - сөз 4126 11 пікір 26 Маусым, 2020 сағат 14:25

Қаламы мен қадамы тұсауланған мамандық күні

Әрине, сөз бостандығы жоқ елде баспасөз күнін тойлаудың өзі қызық...

Бірақ айтайын.

Мамандығымыз – журналистика.

Ақпаратсыз өмір жоқ. Ақпарат болса, екі жүзді қылыштай: бір сөз елді алға жетелейді, екіншісі – кері тартады. Керек болса, бір ауыз сөз бір күнде-ақ мәңгі мызғымастай көрінген жүйенің быт-шытын шығарып тастай алады.

Сондықтан сөзбен ойнауға болмайды. Оны айтқанда не жазғанда, әрине, батыл болу шарт. Бірақ, сонымен бірге абай болу да керек.

Бес жыл университетте оқып, көз майын тауысып, журналистика мамандығын қыр-сырын үйрендік. Теориясын зерттедік, практикасын үйрендік. Журналистік жолымызды аудандық газеттен бастадық.

Кейде біздің мамандық туралы небір ғайбат сөздер айтылып жатады. Мәселен, «ең көне екінші мамандық» деп әжуалап, тәнін сататындармен де теңестіріп жатады.
Меніңше, мәселе мамандықта емес, оның нақты иелерінде!

Иә, билікке не белгілі бір олигархтық топқа, нақты ұйым не қолдан жасап алған кумирге өз сөзін сатып жүріп, күн көріп жатқандар да бар.

Бірақ мемлекеттік БАҚ-та жұмыс істеп жүргендерің бәрі шетінен өтірікші деп кім айтты? Үкімет қаржыландыратын БАҚ-та да талай азаматтар қоғамға адал қызмет жасап жатыр. Бас жаққа барыспаса да, олар да хал-қадерінше шырылдап шындықты айтып жатыр.

Немесе билікты сынап жүрген БАҚ өкілдерінің бәрі шетінен шыншыл, объективті деп кім айта алады? Ол жақта да белгілі бір топтың не ұйымның сойылын соғып, ақты қара етіп, фейк пен хайп дертіне шалыққандар да табылып жатады.

Өз басым "оппозициялық БАҚ" деген терминге қарсымын. Партия не тұлға оппозициялық бола алады, ал нағыз БАҚ ешбір саяси күштің - құй, ол билік партиясы болсын, құй, оппозициялық болсын - "барып кел, шауып келі" болмауы тиіс!

Өйткені журналист айтуға тиіс шындық көбінесе ақ пен қараның екі ортасынан табылып жатады...

Меніңше, журналистиканың ең басты критерийі – елде боп жақтан оқиғалар туралы бүкпесіз, ешбір боямасыз ақпарат жеткізу.

Қалғанының бәрі – совет дәурінен қалған үгіт-насихат, саяси бюрократия, бір күндік конъюнктура немесе жанрлық ерекшеліктер!

Бюджетке тәуелді және өзін тәуелсіз санайтын БАҚ-та сөзге адал мамандар жеткілікті.

Бүгін соларды құттықтаймын!

Кімнің кім екенін журналистердің өздері-ақ, ең бастысы, көкірегі ояу, көзі ашық оқырманның өзі біледі.

Бір өкініштісі, осы күндері билік көбінесе өзіне жағымды сөз айтып, астына көпшік қойып, мақтауға әуес журналистерді мақтап, марапаттап жатады. 30 жылдан бері мемлекеттік идеология тығырыққа тіреліп, мемлекеттік БАҚ жүйесі дағдарысқа ұшырап жатқан қазіргі кезде ондай дифирамбтардың өзі артықтау көрінеді маған.

Ал биліктің кемшілігін түзіп, ащы шындықты жазып жүргендер шенділер тарапынан ондай құрметке ие бола алмай қалады: өзін сынап-мінеп жатқандарды кім ұнатсын?

Бірақ одан оларға деген халықтың құрметі көбеймесе, азаймайды.

Кәсіби мерекеміз құтты болсын, ақпараттық баррикаданың бер жақ, ар жағында жүрген достар!

Әміржан Қосановтың әлеуметтік желідегі жазбасы

Abai.kz

11 пікір