Жексенбі, 5 Мамыр 2024
Өзгелер 3432 11 пікір 22 Маусым, 2020 сағат 11:40

Путин ІІ Дүниежүзілік соғысқа «ревизия» жасады

22 маусым күні ұлттық фашистік Алмания мен таптық фашистік режім КСРО арасындағы 5 жылға созылған қанды қырғынға 79 жыл толады. Осы атаулы күн қарсаңында 18 маусымда Ресей президенті Владимир Путин америка басылымы «The National Interest-ке» жазған өзінің «Vladimir Putin: The Real Lessons of the 75th Anniversary of World War II (Владимир Путин: Екінші Дүниежүзілік соғыстың 75 жылдығының ақиқат тәлімі)» атты мақаласында ІІ жаһан соғысындағы КСРО-ның Балтия елдерін (Эстония, Литва және Латвияны) аннексиялауы мен оккупациялауын заңды деп ақтап шықты.

Тіпті, кеңестік дәуірде Европа мұны «оккупация» деп айыптаған еді. Мақала жарыққа шығысымен Балтия елдері: Латвия, Литва мен Эстония Ресей билігі тарапынан Молотов – Риббентроп пактісіне байланысты тарихи фактіні бұрмалауға өре түрегеле қарсы тұрды.

Үш елдің де сыртқы істер министерліктері ресейлік елшілерді өздеріне шақырып, РФ Мемлекеттік Думасының осы пактіге қатысты 1989 жылға КСРО халық депутаттары Съезіндегі қаулысының күшін жою бастамасына қатысты демаршын білдірді.

Біз «The National Interest» басылымының «Ресей президенті Екінші дүниежүзілік соғыстың мұрасын жан-жақты бағалау керек» деген өз ұсынынысын алға тартып, «Мюнхен сатқындығын бүгінгі еуропа саясаткерлері, оның ішінде поляк көшбасшылары көзден таса қылғысы келеді. Мюнхен сатқындығы Кеңес одағына батыс елдері өз қауіпсіздігі мүддесін көзге ілмейтіндігін танытты» деп, түйіндеме жасаудан басталатын мақаласын «Abai.kz» оқырмандарына Путин тұжырымдамасынан цитаталар келтіріп ұсынып отырмыз.

Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына да 75 жыл өтті. Осы жылдар аралығында бірнеше буын өсіп, ержетті. Ғаламшардың саяси картасы да өзгеріске түсті. Әлемді құтқарып, нацизмды қирата жеңген Кеңес одағы келмеске кетті. Оның үстіне, сол соғыстағы оқиғалар, тіпті, оған қатысушылар үшін де еміс-еміс еске алынатын естелікке айналды. Неліктен Ресей тоғызыншы мамырды ең ұлы мереке деп атап өтеді? Неге адамдар мұны тамағына тас тұрып қалғандай сезінеді?

Бүгін бізде халық өмірге әкелген «Ажалсыз полк» сияқты жаңа дәстүр бар деп мақтана ой көсілткен Ресей Президенті, одан әрі өзінің түсінігіндегі ІІ дүниежүзілік соғыс пен Ұлы Отан соғысы туралы ой түйіндеулеріне не ТМД, не әлем көшбасшылары құлақ аспағанына қынжылып: «Сол себепті мен ІІ дүниежүзілік соғыс пен Ұлы Отан соғысы туралы мақала жазуға мәжбүр болдым»,- деп мұңын шағады.

Өзінің бұл мәселені ТМД көлемінде көтеруі еуропада дүрбелең тұрғызғанын мойындай келе, І дүниежүзілік соғыстан кейінгі Ресейсіз қабылданған Версал келісімшарты мен Ұлттар Лигасын айыптауға көшеді. Әрі дәл қазір Ресейде орын алып отырған реваншистік ахуалды қаперіне алмай, немістерге «ІІ дүниежүзілік соғысты реваншистікпен бастады, әрі оның әскери әм экономикалық қуатының артуына Батыс пен АҚШ та кінәлі», деп айып тағады.

Және 1930-жылдардың аяғындағы қайыра жер бөлісудегі Фин-Ресей соғысын тарс естен шығарып, бар кінәні Ұлыбритания, Франция мен Польшаға артады. Батыс басшыларындай емес, өзімбілемдігі бар Сталиннің Хитлермен ешқашан жеке кездеспегенін мақтан етеді.

Мақала басы бүтін кеңестік Ресейді ақтап алуға тырысудан тұрады. Оның ІІ дүниежүзілік соғыс басталысымен фашистік Алманиямен ауыз жаласып, 2 бірдей мемлекеттің, Польша мен Финландияға соғыс ашып, жерін тартып алғаны, ал, Латвия, Литва мен Эстонияны мемлекеттігінен айырғаны ауызға алынбайды. Енді осы ақтап алуларды оқырманға ұсынайық.

«Сонымен, Ұлыбритания, Франция, Мюхенде солқылдақтық жасады». Бұл Кеңес одағына фашистік Алманиямен бірлесіп, Ресей империясының жерлерін қайтарып алуға зор мүмкіндік бергенін Путин есінен шығарып алған секілді.

«Тап осы жағдайда Кеңес одағы Алманиямен шабуыл жасаспау туралы пактіге қол қойды. Ол бұл қадамға барған ең соңғы еуропалық ел еді. Оның үстіне бұлай ету екі бірдей майданның ашылуынан: шығыста  – жапонмен, батыста – Алманиямен, болатын, әрі бұл кезде Халхин-Гол өзенінде ұрыс қималдары жүріп жатқан.

Сталинмен оның маңындағылар шын мәнісінде көптеген заңды айыптауларға әбден лайықты. Біз оның режімінің өз халқына жасаған қылмысын әм жаппай қуғын-сүргін үрейін еш ұмытпаймыз. Басқаша айтар болсақ, кеңес басшылығын көптеген мәселелер бойынша айыптауға да болады, бірақ, бұлай етушілік сыртқы күштердің оған төнгізген қаупін ұғынбаушылыққа әкеп соқтырады. Олар Кеңес одағын жайына қалдырып, тек Алмания мен олардың одақтастарымен ғана істес болғылары келді. Міне, осы төніп тұрған қауіпті көргендіктен, уақытын құры босқа жібермей, елдің қорғаныс қабілетін арттыруға жұмсай білді.

Біз бүгін заманалық Ресейге қатысты, шабуыл жасамау туралы пактіге қол қою бойынша көптеген айыптауларды естиміз. Иә, Ресей КСРО-ның мұрагер мемлекеті болып табылатындықтан, кеңестік кезеңдегі жеңістер мен жеңілістер – біздің мың жылдық тарихымыздың ажырамас бір бөлігі. Сонымен қатар, Кеңес одағынның Молотов-Риббентроп пактісіне берілетін құқықтық әм моралдық бағалауды да естен шығармаймыз. Жоғарғы Кеңестің 1989 жылғы 24 желтоқсандағы қаулысы мен құпия хаттама «ешқашан кеңес халқының ерік-жігерін танытпайтын, ол үшін жауап бергізбейтін» «жеке биліктің актісі» деп ресми айыптаған болатын.

Немістер жаңа статус-квоны қалыптастыруды ұсынды. 1939 жылдың 28 қыркүйегінде Иоахим фон Риббентроп пен В. Молотов Мәскеуде Алмания мен Кеңес одағы арасындағы шекара мен достық турасындағы келісімшартқа және мемлекеттік шекараның өзгеріске түсуі жайындағы құпия хаттамаға қол қойды. Ол бойынша де-факто екі елдің армиясы орналасатын шектеу шегі мойындалды.

1939 жылдың күзінде Кеңес одағы өзінің әскери стратегиялық және қорғаныс мақсатында Латвия, Литва мен Эстонияны инкорпорациялау процесін бастап кетті. Олардың КСРО-ға қосылуы биліктің сайланған органдарының келісімшарттық ұйғарымы бойынша жүзеге асырылды. Бұл сол кездегі халықаралық және мемлекеттік құқыққа сай келеді. Оның үстіне, 1939 жылдың қазан айында бұрын Польша құрамында болған Вильно қаласы мен оның төңірегі Литваға қайтарылды. Балтия республикалары КСРО құрамында болғанда өздерінің мемлекеттік органдарын, тілін сақтап, Кеңес одағының жоғары мемлекеттік құрылымдарында өкілеттілікке ие болды.

Сол себепті, нацистердің сыртқы істер министрі Риббентроптың Мәскеудегі екі апталық сапары Екінші дүниежүзілік соғысты бастауға басты негіз болды деп әділетсіз ұйғарым жасауға болмайды. Соғыс отының бұрық ете қалуына барша жетекші елдер белгілі бір мөлшерде жауапкершілікте. Олардың әрқайысы төніп келе жатқан әлемдік апаттан тек өзімді ғана аман-есен алып қаламын деп мың құбылған қитұрқылыққа басып, қателік жіберді», - депті Путин.

Мақалада Ресей басшысы:

«Мұны сөз еткенде мен не айыптайтын, не ақтайтын төрешінің рөлін өз мойыныма алмаймын. Сонымен бірге, елдер мен халықтарды тығырыққа тірейтін тарих саласындағы халықаралық ақапараттық конфронтацияның жаңа бұтақшасының туындауына да мұрындық болғым келмейді. Мен әлем елдеріндегі ғылыми беделді, ақ, адал академиктер өздері саралап, тиісті бағасын беріп, бір ізге түсіреді деп есептеймін. Бәрімізге де ақиқат пен объективтілік керек. Егер осылай істейтін болсақ, бұрынғы жіберген қателіктерді қайталамай, бейбіт те, табысты өмір сүруді ұзақ жылдарға қамтамыз ете аламыз»,- деген түйіндеме пікір білдіреді.

Путин КСРО-ны жасырын ақтап, Батысты сипай қамшылай кінәлі етуді өз алдына басты мақсат етіп қояды. Иә, бұл соғысты тек КСРО мен фашистік Алмания Польша жерін жаулау арқылы бастады. Бұл ешкім жалтара алмайтын тарихи факті. Мұны ақтау – ақылдан адасқандық. Арты екі қошқардың басы бір қазанға сыймай, 1941 жылдың 22 маусымындағы Ресей жағы «Ұлы Отан соғысы» деп атайтын, ТМД елдері «Шығыс майдан» деп санайтын 5 жылдық қанды қырғын соғысқа ұласты.

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1391
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1219
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 979
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1053