Сейсенбі, 7 Мамыр 2024
Естелік 3495 0 пікір 6 Маусым, 2020 сағат 10:32

Мемлекеті бар кісі...

Жасалмай қалған баяндама

Қазақтың көрнекті ақыны Серік аға Қапшықбайұлының дүниеден озғанына да біраз жыл болыпты. 

Арғы бетте өлеңін оқып жүрген ақынмен Қазақстан топырағына табаным тиген сәттен кейін барып жүздесудің сәті жүсті. Тұманбай ағаны іздеп барып, Серік ағамен кездескенім – өз алдына бір бөлек әңгіме. Сол күннен бастап, өмірден озғанға дейін ол кісімен жиі қарым-қатынаста болдым. Марқұм бір кездескенде 80 жасын Қара шаңырақ Жазушылар одағында атап өткісі келетінін өзіне тән бір айту тәсілімен өте әдемі жеткізді. Әрине, қазақ өлеіңе өзгеше сүрлеу салған ақынның мерейтойын қала өткізсе де жарасады. Сол жерде отырып, Одақтың орынбасар төрағасы, ақын Ғалым Жайлыбай ағамызға телефон шалып, Секеңнің 80 жасқа толып жатқанын айтып ем, «Әңгіме жоқ, жоспарға кіргіеміз, бір шапаны дайын, қалған жағын өзің ұйымдастыр. Жақсы баяндамашы болсын!» деді Ғалекең.

Сөйтіп, ақын Бекқожа Жылқыбек екеуіміз барып, Секеңнің Елордада тұратын жерлес әрі туысқан інісі, кәсіпкер Сакош ағамызға айтып едік, екі сөзге келген жоқ, машина бізден деді Сәкең!

Ғалекеңнің тапсырмасы бойынша, енді баяндамашы керек. Серік ағамен ақылдаса келе, «Балдырған» журналында қызмет атқаратын, талантты жазушы Серік Нұғыманға тоқтадық.

Қоңырау шалып ек, Серік Нұғыман да сөзімізді қайтарған жоқ, жақсы көретін ағасына бір-екі ауыз сөз айтуға келісімін берді. Тіпті, той жақындағанда, «Міне, оқып шық!»-деп, Серік жездем мақаласын электронды почтама салып та жіберген болатын.

Дау жоқ, Серік ағасы жайлы жеңіл-желпі сөйлей салатын жігіт емес. Айтары бар азамат! 

Той Алматыда дүрілдеп өткен, шапан да жабылған, машина да мінгізілген. Бірақ, баяндама жасалмай қалған. Асабалықпен «атағы шыққан» әнеу бір желөкпе ағамыз кіші Серіктің жолын кесіп, сөз кезегін беріңкіремеген көрінеді. 

Құдай сөйтіп қойғаннан соң, ол кісіге не дауа бар енді. Бай мен манапқа бас ұрудан алдына жан салмайды, Серік Нұғыман екеуміз секілді кедей-кепшікке мұрнының ұшымен қарайды, қызыл шыққан жерге құзғыннан бұрын жетеді... 

Серік Нұғыман маған өкпеледі.
Мен кешірім сұрап, сол беті үнсіз қалдым...

Бүгін компьютерімді ақтарып отырып, Серік Нұғыманның сол мақаласын тауып алдым. Ардақты ақынның рухы риза болса екен деп, «Abai.kz» сайтына жолдап отырмын.

Ауыт Мұқибек

 

Мемлекеті бар кісі 

Ассалаумағаләйкүм, ардақты ағайын!

Бүгін той! Қадірлі ақсақалымыз, халқымыздың көрнекті ақыны  Серік Қапшықпайұлы 80 жасқа келіп жатыр. Қытайға қарасты қазақ жері Шағантоғайдан басталған ұзақ жол бүгін тәуелсіз Қазақстанның алғашқы астанасы Алматыда сексен дейтін сеңгірге көтеріліп, мерейлі мезеттерді бастан кешуде. Аз, көп дейтін емес, Алланың берген жасы, ары қарай да мағыналы, ғибаратты ғұмыр кешіңіз, аға! 

Той болған соң, арт жаққа бір бұрылып, бар-жоқты түгендеуге тура келеді. Сол дәстүрді жалғастырып, біз де бүгін Серік аға басып өткен ұзын сүрлеу – шұбырынды ізді жіті бір шолып өтсек дейміз. Мойынға алған міндетті ойдағыдай орындай алып жатсақ, ақынның қазақ жыр көшіндегі нақты бейнесі сұлбаланып қалар деген үміттеміз. Ал сұлбаланбай қалса, ол жерде Серік ағаның кінәсі жоқ, барды көрсете алмаған, асылды жарқырата алмаған біздің кінәміз. 

Серік аға 1935 жылы Тарбағатайдың Толы деген жерінде дүниеге келіпті. Негізі, бұл кісі қызығып өмірге келетін уақыт емес болатын. Өздеріңізге мәлім, бұл тұс, яғни, 32 жылдар... бергі бетті сұмдық ашаршылық жайлап, ел арғы бетке ауса, ал арғы бетте «Дүңген үріккен» деген дүрбелең басталып, онсыз да оңып тұрмаған үкіметтің билігі қолынан кетіп, жаппай бассыздық жайлаған, аумалы-төкпелі жағдай орнаған кезең-тұғын. Бірақ, аласапыран өтіп кетсін деп қарап жататын халық бар ма, қиындыққа қарамай, ұрпағын өргізіп, әулет-зәузәтін өрбіте беріпті. Сол өрбегендер қатарында, тағдыр жазуы, Серік ағамыз да «іңгәлап» дүние есігін ашыпты. Ақынның:

 Іздесе түнде бір пана,
Жолаушы жан кешіккен,
Терезені қақса да,
Кіреді ол есіктен.

Мен де кіргем өмірдің,
Есігінен қарманып!
Жүруші еді көңілім,
Қапелімде алданып... – деп толғайтыны, сірә, сол мехматы мол заман. 

Өмірге келген соң, әрине, қарап жатпақ жоқ, тырбынып тірлік кешу керек. Ағамыз да ары қарай қыбырлап тірлік бастайды. Қанша қиындық көрді, өзі біледі... жасына толған соң мектепке түсіпті. Талабы бар баланы әкесі де бетінен қақпаған. Сөйтіп жүріп бір күні бозбала Серік Үрімжідегі Шиін жияң шүе янның төрінен бірақ шығады. Шиін жияң шүе ян, көзі қарақты жұрт жақсы біледі, арғы беттегі қазақтың ең білімділері оқыған, немесе, сонда оқып білімді болған білім жұрты. Бүгінгі тілмен айтқанда, сол кездегі қазақтар үшін қол жетімді ең жоғары оқу орны. Бірақ, өкініштісі, жас шәкірттің «шоң зиялы болатын болдым» деген қуанышы ұзаққа бармайды. Кешікпей елде алай-дүлей саяси дауыл басталады.

Өздеріңізге мәлім, біздің қазақта ең көп азап шеккен кісілер – қаламгерлер. Өте-мөте, өткен ғасырда олар адам айтқысыз қиыншылыққа тап болып, қынадай қырылды. Мысалға алар болсақ, бергі бетте Алаш зиялылары, ол кезде әлі жас М. Әуезов, Ғ. Мүсіреповтерді қоспағанда, түгелге жуық қырылып қалды. Неге жазықты болғанын өздері білмейді. Ал осы қырғын, араға ширек ғасыр салар-салай арғы бетте де айнымай қайталанды. Тура сол қалпында. Қалам ұстаған кәрі-жас түгелге дерлік қуғынға ұшырады. Арысы түрмеге тоғытылды, берісі Такламаканның шөліне айдалды. Қалғаны қалпақ киіп, қазақша айтқанда, «құйрығына шала байланып» ауылға қайтты. Шығармашылық мехнаты өз алдына, тағдырының өзі теп-тегіс жерде қияметке айналып жүре беретін осы бір кәсіпке қазақ баласының соншама құмарлығына кейде отырып қайран қаласың! Құдды бір отқа ұмтылған көбелек сияқты. Несіне қызыққанын өзі біледі, өз заманындағы сол «отқа» ұмтылған ессіз пәруәналардың қатарында біздің Серік ағамыз да болыпты. Не «бүлдіріп» қойғанын тағы өзі біледі, қағынып қара дауыл басталғанда жаңағы аталған үш топтың үшіншісінің қатарында, «оңшыл, ұлтшыл» деген қалпақ киіп, халықтың қатаң бақылауына, ауылға қарай «аттанып» кете барады. 

Жазған құлда шаршау бар ма, төбеден төнген қалғымас қадағалау астында ақын ширек ғасырға жақын өмірін өткізіпті. Оны үзік-үзік өмірбаянынан білдік. 

Сейіл де менің сейілім,
Сергелдең де сейілім!
Семіріп мың, арыдым,
Ішінде бір терінің!

        . . .

Бақытты болам біресе,
Біресе тартам азабын.
Есігімнен енгенше,
Қаңғыра бер ажалым! – деп толғағаны, бәлкім, ақынның осы бір қиын жылдарды айтпақ болғаны.  

Алай-дүлей дауыл тұрып жатыр екен деп тоқтап қалатын өмір бар ма, тіршілік ары қарай жалғаса береді. Ақын содан сексенінші жылдардың басында ғана саяси құқы қалпына келіп, басы бүтін бостандық алып, босынып шығады. Бұның қытайдығы дәуір бөлгіш кезең «Үшінші жалпы мәсіліспен» тұспа-тас келегенін ашалап айта кеткен жөн. Яғни, Дың шиау пиің қайта атқа қонған кез. Жалпы, содан кейін қытай жақ аласапыраннан аман, әйтеуір. Тыныш болғаны жақсы, тыныштыққа ештеңе жетпейді.

Басы азат, ерікті адамға айналған Серік ағамыз 4-5 жыл өз ауылында мұғалім болыпты. Оқыған қай қазақтың баласы ауылда мұғалім болмады дейсіз, бола берсін. Бізді қызықтыратыны, ақынның содан көп өтпей аймақ орталығы Шәуешек қаласына аяқасты топ етіп, «Тарбағатай» атты әдеби журналдың төріне қонжиғаны. Бүгінгі 40 пен 80 нің арасындағы барша кісі жақсы біледі, дәл сол тұста «Тарбағатайыңыз» армансыз-ақ дүркіреді. Арғы беттегі 5-6 әдеби журналдың секіріп алдына шықты – бірден маңдайалды басылымға айналды. Жарияланған шығармалардың сапасы жағынан ғана емес, жаңашылдығымен де ерекшеленіп көзге түсті. Ұмытпасам, бергі беттегі үздік авторлардың озық шығармаларының алдыңғы легін біз сол журналдан оқыдық. Қажекеңнің «Найзағай» атты өлең романы да, жаңылмасам, сонда басылып шықты. Ол кезде журналға қойылатын жалғыз кінә: әріптері тым ұсақ еді. Сірә, көбірек қамтуды мақсат ететін болар, материалдар аузы-мұрнынан ақтарылып жататын. Жасы егде адамдар луфа әйнекпен ғана оқитын. Ал көзі бүтін біздер басынан түсетінбіз де, салып ұрып аяғынан бірақ шығатынбыз. Жаңа бастаған жастарға да орын көбірек тиетін. Дәл сол тұстағы жас талапкер ретінде атымыздың журналдың бір бұрышына жазылғанын біз бүгінгі күнде де мақтанышпен еске аламыз. Алмас ағамыз Іле жақтағы жастардан бір топтама ұйымдастарған екен, арасына байқамай біз де кіріп кетіппіз.  

Журнал жұмысының өрге басуы бас редактордың еңбектенуі мен ізденісінің тікелей нәтижесі екенін ескерсек, Серік ағаның басылым үшін қанша тер төккенін ешкім айтпай байқап алуға болады. Әрі бұл, білген адамға, дәл солай жұмыс істеуге тиісті де кезең болатын. Неге десеңіз, саясат қалпына келіп, қағылған-соғылған қазақ қаламгерлері жүрексінсе де қолдарына қаламын қайта алып, қауырт жаза бастаған бір қызық тұс-тұғын. Оларға жақсы орта, ашық алаң жасап беру Серік аға сияқты басылым басында отырғандардың бас тарта алмас борышы еді. Бұл тұрғыда Серік аға өзіне артылған үмітті артығымен ақтады. Соның арқасында, Серік аға сияқты тағы біраз көзі қарақты редакторлардың арқасында қытайдағы қазақ әдебиеті сол тұста жылдам жетілді. Әрине, Серік ағаның өз шығармашылығы да. Ағамыз жайлы орынға қонжиған соң тек журнал шығарумен ғана емес, өлген уақыттың есесін қайтармақ болған шығар, шығармашылыққа білек сыбана кірісті. Шынын айту керек, ағамыздың атының алысқа кеткен кезі де сол тұс болды. Не жазғанын түсініп жарытпасақ та, әйтеуір, ағамыздың әйдік есімі ұзын-сонар ақындар тізімінің алдынғы легінде жүретін. «Түсініп жарытпасақ та» дегенде, ашығын айтуымыз керек, Серік аға бүгін ғана емес, арғы бетте де «жаңашыл», «түсініксіз» ақын ретінде ерте танылған.

Осы арада тоқтала кететін бір жай, арғы беттегі қазақ әдебиетінде бір қызық үрдіс бар: жаңалық атаулының көбі Тарбағатай жақтан келеді. Бәрі десем, басқа аймақтан келген бауырлар ренжіп қалар, көбі дейін. Иә, көбі Шәуешек жақтан келетін. 

Тарбағатай жақтан келетін жаңалықты әуелі Омарғазы ағамыз бастапты. Ол кезде біз жоқпыз, 60 жылдардың басы болу керек, «Қызыл атпен келемін», «Мен азиятпын!» деген сияқты бір топ биік пофосқа толы жалынды өлеңдер жазып жариялаған екен, сол сәт қып-қызыл дау басталып жүре беріпті. «Бұл – ақ өлең» депті бір білгіш. «Жоқ, бұл – өлең емес!» депті төңкерістік рухтағы бір белсенді. «Жоқ, ұлы Қазан төңкерісінің зеңбірек үнімен бізге жеткен Маяковскийдің тоникалық өлеңі дегеніңіз осы болады» депті көп оқыған тағы бір білермен. Дау ары қарай созылып кете берген. Аяғының немен тынғанын біз білмейміз. Соның соңына ала тағы бір жаңалықты Тарбағатай жақтан Серік аға бастады. Бұл жолғы тартыс, шет-жағасын көріп қалдық, анау айтқандай кескін, үзілді-кесілді болған жоқ. Сірә, адамдардың төңкерістік рухы сәл пәсейіп, байсал тартқан кезі болса керек, күңкіл-сүңкіл деңгейінде ғана өрбіді. Соңғы нүктесін Серік ағаның замандасы Құлмұқан Ахмет деген ақын қойды. Бір жолғы әдебиет талқы жинынына Іле жақтан ол кісі де барған екен, сонда айтыпты дейді: «Әй, жігіттер, сендер анау-мынау дейсіңдер, менше, осы  Серікке қарағанда Омарғазы мұсылмандау» деп. Түсінікті дегені ғой. Сол сөз аңыз болып тарап кетті кейін. Ел арасында ұмытылмаған жаңғырығы әлі де айтылады. Бірақ, Серік ағамыз содан кейін де аса «мұсылман» бола қойған жоқ-ау деймін. Сол «мұсылман» болмаған күйінде бергі бетке секірді. 

Тарбағатайдың жаңашылдығын ары жалғаған келесі кісі – бүгінгі жиынның жүргізушісі болып, бишік үйіріп отырған Алмас ағамыз, Ақметбекұлы. Серік ағамыз «Тарбағатайды» біраз жерге жеткізіп тастады да, тізгін-шылбырды жиып, ол кезде жаңа таныла бастаған жас ақын Алмас ағамыздың қолына ұстатты, өзі шығармашылыққа ығысып, жұмысты алыстан бақылауға көшті. Жарқырай көрінудің кезегі енді Алмас ағама тиді. «Шәкірт тәрбиелесең осылай тәрбиеле» деді кірпік қақпай бағып отырғандар. Айтса айтқандай-ақ, Алмас ағамыз кешікпей бұрынғысынан мүлде басқа әуенде сілтей бастады (жаза бастады). «Мынаның бетін тырнасаң, аржағынан Олжас шағады» деді біреулер. Бір-екі жылды араға салып тағы бір топтама жариялап еді, «Мынаның жүз-шырайынан Жұмекенді шырамытып тұрмын» деді тағы біреулер. Екі-үш жылдан соң, ұмытпасам аты «Өрмекшінің сирағы», бір дастан жазып еді, «Әп, бәрекелді, мынау енді ұстазының дәл өзі» деді байқағыштар. Біз, аса көп білмейміз ғой, кімді шырамытармызды білмей, дал болдық та қала бердік. Алмас ағамыз Серік ағаның ізін ала бере бергі бетке қарғыды. 

Алмас ағамыздан кейін Тарбағатайдан шыққан жаңашыл – Зақан, Серік ағаның төл шәкірті – Зақан Рақыш. Міңгірлеп бірдеңе айтып жаттатын. Ежігін ерінбей оқып шықсаң, соңында ғана бірдеңе ұққандай болатынсың. Бірақ, оған қайдағы уақыт, көбінде орта жолда ұмыт қалатын. Кейін не болғанын білмедік, хабырсыз қалдық. 

Тарбағатайлық жаңашылдардың тағы біреуі – біздің Ләззат. Ләззат Игісін. Ләззат өлең жаза бастаған тұста, ары беттегі қыз-келіншек ақындардың жаппай Ләззат болып сілтегіні әлі есте. Өтірік десеңіздер, айтыңыздар.

Ләззаттан кейін Тарбағатайдан шыққан жаңашыл – Мұрат Шаймаран болды. Қазақ өлеңінде жоғала бастаған, арасында баяғы Шираз бұлбұлы хожа Хафиз бар, басқа да шығыстық ұлы шайырлар бар, жұғысты болған асқақ романтиканы қайта әкеліп сыйлады. Бүгінде, үлкендерді білмеймін, Алматыдағы жастар іздеп жүріп оқитын үздік ақындардың бірі. 

Мұраттан кейін Тарбағатайдан шыққан жаңашыл жігіт, дәу де болса, осы Ардақ, Ардақ Нұрғазы. Арғы бетте белгісіздеу еді, Алматыға келді де, модернизімді өзіне біржола жекешілендіріп алды. Мұнда бар бұрынғы модернистер шаң қауып далада қалды.

Шәуешек жақтан одан кейін қандай жаңашылдардың шыққанын білмедік. Шықса, сәлем айтыңыздар, маған келіп тізімделсін. Құдай бұйырса, енді он жылдан кейін, Серік ағаның тоқсан жылдық тойында баяндаманы тағы да мен жасап қалуым мүмкін. Сонда тізімнің бір жеріне іліп жіберемін... сәлем айтыңыздар! 

Міне, қадірлі қауым, өздеріңіз көріп отырғандай, Серік аға арғы беттегі қазақ өлеңіндегі жаңашылдардың басында тұрды. Ағасы аз болғанмен, інілері, ізбасарлары көп. Менше, осының өзін ғана әдебиетке қосқан үлкен үлес деп бағалауға болады. Себебі, жаңашылдықты, белгілі бір мәнде, көшпелі рух деп есептесек, ол, әрине, өзінің өмір сүретін жерінде ғана өркендейді. Үлгі, өнеге деген көрінген жерде шашылып жатқан керексіз тас емес.

Әлгінде айттық, Серік аға «мұсылман» болмаған күйінде бергі бетке қарғыды деп. Шамасы, мұнда келген соң да жарытып «мұсылман» болған жоқ. Ал, еңбектенуге келсек, бұл жағы, енді, қапасыз! Арғы бетте «Өмір ойлары», «Зардап», «Ерікті сөз», «Жылдар арасында», «Бала» қатарлы әр түрлі жанрдағы 5 кітабы жарық көрсе; мұнда келген соң, «Тас», «Жылқы ішінде ала жүр», «Күншығыс», «Салмақ түскенде» қатарлы жыр жинақтарымен қатар, «Жер басып жүргендер»  атты әңгіме, пиессалар жинағын және «Жоқ», «Жүрек тұстан» атты романдар жазып, жарыққа шығарды. Ұзын саны 12. Аз дүние емес. Бір әттеген-айы, осы еңбектердің бағалану жағы сәл кемшіндеу түсіп жатыр. Дегенмен, ауызды қу шөппен сүртуге де негіз жоқ; ақындар мен сыншылар назар аудармағанымен, философтар мойын бұрыпты. Осыдан біраз жыл бұрын, нақтап айтсақ, 2010 жылғы «Қазақ әдебиетінің» №36 (3200) санында академик Ғарифолла Есім екі-үш ақынмен бірге Серік ағаның өлеңдеріне де ішкерілей еніп, жіңішкелей талдады. Соған қарағанда, сақа ақынымыз сылдыраған сұлу сөз емес, тереңге тартқан батпан ой қуып жүр-ау шамасы. Байқау керек. 

Бар-жоқты түгендеу барысында, Серік ағаның Қытай халық республикасының мемлекет сыйлығының иегері екенін және елге келген соң бірнеше реткі халықаралық жыр мүшәйрасында топ жарғанын айтпадық. Себебі, мен ақын шығармашылығын солардың бәрінен жоғары қоям. Бойын биіктету үшін сол болмашы нәрселерді көпшік етіп қойғым келмеді. Ал, «Қазақстан Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалі жайлы әңгіме басқа. Өйткені, ол елдің тәуелсіздігі және оның он жылдығы туралы медал ғой. Айтпай кету, сөз жоқ, әбес. 

Алланың берген қуатымен сексеннің сеңгіріне көтерілген Серік ағамыз бүгінде зейнеткер. Шәуешектің тұсындағы Бақты бекетінен ары қарай көрінбейтін шланг өткізіп тастап, қытайды теспей сорып жатыр. Еш айыбы жоқ, кезінде еткен еңбегінің, зая кеткен уақытының және көрген азабының өтеуі. Ал бер жақтан не алатынын білмедік. Айтайық дегеніміз, тұрмыста еш қиыншылық жоқ. Құдайдың берген жасын жасап, ары қарай да кең көсілуге жағдай бар. 

Серік аға, жалпы, бақытты ақын! Өйткені, бір өлеңіңде өзі:  

«Кім де кімнің
Тие бермес қарғысы.
Қаңқу сөзге
Қарамаймын.
Мен бүгін,
Мемлекетім, өкіметім
Бар кісі!» деп жырлапты!

Рас сөз! Сіз отаны бар, бақытты адам ғана емес, «кім көрінгеннің қарғысы тие бермес» бақытты ақынсыз, аға. Ендеше сол азат отаныңызды жырлаудан ешуақытта жалықпаңыз... шаршамаңыз!

Серік Нұғыман

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1592
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1492
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1242
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1211