Сенбі, 18 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2158 0 пікір 8 Қараша, 2011 сағат 06:10

Мұхтар Шерім. Жүрегімді сатпаймын!

Құдайға шүкір, Қазақстанда, Астанада иттің емес, мысықтың емес, адамның жүрегіне трансплантация жасалды! Ауызға жұдырықпен қойып қалғандай,  бұқаны атып жығып, сойып салғандай етіп айтсақ, адамның жыртық-тыртық жүрегінің орнына,  жаңадан өлген адамның сау жүрегі ауыстырылып салынды!

Құдайға шүкір, Қазақстанда, Астанада иттің емес, мысықтың емес, адамның жүрегіне трансплантация жасалды! Ауызға жұдырықпен қойып қалғандай,  бұқаны атып жығып, сойып салғандай етіп айтсақ, адамның жыртық-тыртық жүрегінің орнына,  жаңадан өлген адамның сау жүрегі ауыстырылып салынды!

Мәселен, Мыжбан деген миллиардер сыныптасым осы жуырда ғана Германияға барып, жүрегіне әшейін еріккеннен операция жасатып келді.  Оған негрдің жүрегі салынды. Сән үшін... Бірақ иеговашыл негр екен, Мыжбанымыз Отанына орала салысымен иегова сектасына жылып-еңіреп кіріп кетті. Оның бүйрегі де Америкада ауыстырылған. Израиль азаматының бүйрегі. Сондықтан деймін-ау, Палестинаға қарай зымырандарымен атқылай бастаған соғысқұмар еврейлерді  жүдә жақсы көреді. Бауыры да өзінікі емес. Ливиялық жесір әйелдің бауыры көрінеді... Сол елдің экс- президенті Каддафи көтерілісшілер қолынан қаза тапқанда, өкіріп жылағаны бар. Ақшасы көп болған соң, Мыжекең не істемеді десеңізші! Иттің өкпесін салдырып алып, талай отандастарына иттік жасап жүргені бар. «Орыстар Ресейге жаппай көшіп жатыр! Біз оларға қысым жасап жатырмыз!» деп бөсті теледидардан! Былтыр жол апатына ұшырап, мұрны түбінен кесіліп қалған еді. Қытайға барып, асылып өлген қытай жігітінің мұрнын мұрын орнына жалғаттырып алды. Содан бері: «Қытайдан қорқатын ештеңе жоқ... Мектептерде қытай тілін оқыта бастайық!» деп айқайлап қояды да, қытай жаққа қарай түшкіреді келіп... Айтпақшы, былтыр қыста Жириновскидің туған күнінде көп ішіп қойып, далада ұйықтап қалған екен. Қызығы сол, аузын ашып, тілін сыртқа шығарып ұйықтағандықтан, тілі үсіп кетіп, түкке жарамай қалған. Мәскеуге барып, Путиннің көңілдесін араға салып жүріп, «свежии» өлген орыс әйелдің тілін  тіліне жалғаттырып алған еді. Ойпырмай, содан бері орысшыл болып, Ресей президенті Медведовтің портретін қойнына алып жататынды шығарыпты.  «Кедендік одағы несі, дінаралық одақ та жасасайық, орыстың поптары мен қазақ молдалары бірігіп, тойларда жүрсін!» деп сандырақтап барып, талып қалғаны бар...

Бірді айтып, бірге кетемін-ау, мен Мыжбан сияқты миллиардер емеспін. Мүшелерімді  сән үшін ауыстырып сала бертін... Қазақстанда жүрек ауруы-ишемиямен ауыратындар бірінші орында тұр. Қара халықтың қалтасы шұрқ тесік... Шұрық тесік өкпесі сияқты... Мен де мәз емеспін, дегенмен, жүрегім таза... Күн сайын жүрек тұсымды сабындап жуып ­тұра­мын. Арам жүрегім жоқ. Отанына адал.  Қысқасы, қаражаттан қысылып, көше-көшелердегі аялдамаларға хабарландыру қағаздарын жабыстырып тастадым. Онда былай деп жазылған:

«Жүрегі ауыратын Қазақстан азаматтары! Алдын-ала, өлмей тұрып, жүрегімді сатамын! Жүрегім Отанына шексіз берілген, нағыз қазақы жүрек! Еркек жүрек. Осы уақытқа дейін қымбатшылықтан, сатқындардан, діни экстремистерден, бір басында бес алты пәтерлері бар астаналық шенеуніктерден, тіпті аштан өлейін деп жатқан әйелімнен де қорыққан емес! Өмірінде инфаркт алған емес... Таза салмағы бірнеше килограмм... Халал жүрек. Жүрегімнің жасы қылшылдаған қырықта... Жүрек ауыстыратындармен келісім- шартқа отырамын»

Сол күні бір семіз әйел жетіп келді.

- Жүрегіңізді сатасыз ба?-деп сұрады ол.

- Ия.

- Тірідей сатасыз ба?

- Жоға... Мен өлген соң... соған алдын-ала ақша аламын...

- Қашан өлесіз сонда?

- Құдай біледі...

- Өлмей қойсаңыз ше?

- Шайтан емес шығармын енді...

- Жүрегім ауырады менің... бала-шағамның болашағын ойлап, жүрегім ауырады. Атыс, жарылыстар... Күнде өліп жатқан жастар... діни ағымдар...

- Былай ғой апай, кенеттен миыма қан құйылып өліп те кетуім мүмкін. Бірақ жүрегім тірі болады. Машина басып та кетуі мүмкін. Сол кезде жүрегімді  алуыңызға болады. Егер ақшасын алдын-ала төлеп қойсаңыз...-деп түсіндірген болдым... Апайымның аузы аңқиып кетіп қалды. Ертеңіне еңіреп ер кісі келді.

- Жүрек сатады деп естідім...

--Ия.

- Қаншаға сатасыз?

- Оптом...

- Немене, бір өзіңізде бірнеше жүрегіңіз бар ма сонда?-деп ол мұрнын шұқылады. Жаман әдеті болса керек.

- Жоға... Базарларда «оптом, оптом» деп арзан айтып жатады ғой... Соған еліктеп... кешіріңіз...

- Қанша деймін?

- Он мың доллар...

- Қымбат екен.

- Германияға барсаңыз, 50 мың доллар сұрайды.

- Сонда сіз мен операцияға жатарда «срочно» өлесіз бе?

- Қойыңызшы, аузыңыз Ауғанстанға қарай қисайып қалғыр... Мен кенеттен өліп қалуым мүмкін...

- Қашан ойбай?

- Аштан қатып дегендей...

- Қашан демі таусылады екен деп күті-іп жүреді екенмін де!

- Қазақстанда қаншама астық қар астында қалды, бәрібір нан қымбат. Аштан өлмегенде, нем қалды? Тәңір жарылқасын, мың теңге бере тұрыңызшы, тамаққа тыңқиып тойып алайын...

- Өлген соң айнып кетсеңіз ше?

- Өлген адам сөйлемейді. Нотариус арқылы келісім-шарт жасаймыз...

Келесі күні Америка президенті Барак Обамадан хат келді! «Мұсылмандарды жақсы көруім үшін сіздің жүрегіңізді сатып алғым келеді! Сіздің жүрегіңізді өзіме салсам, араб елдеріне қитұрқы саясат жүргізбейтін болармын деп сенемін. Ендігі аптада жүрегіңізді күтемін...» депті. Құрып кетсінші! Менің өмір сүргім келеді! Жүрегім сатылмайтын болды, жарандар! Жүректер жыламасын...

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2138
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2546
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2312
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1651