Сенбі, 18 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3038 0 пікір 8 Қараша, 2011 сағат 04:52

Зайлағи Жантуғанұлы. Мемлекеттік тіл және мемлекеттік әліпби

Мемлекет тілі - бейбіт өмір тілі бостандық пен теңдік тілі, әділдік пен құқықтық өмір тілі. Сондықтан, кең мағынада алғанда, мемлекеттік тіл - мемлекет теорриториясында бейбіт және әділ өмірді орнықтыратын және оның тұрақтылығын қаматамасыз  ететін тіл. Себебі, мемлекет дегеніміздің өзі түптеп келгенде бейбіт өмірдің әмбебап құралы, кілті деген мағынаны  береді және осы мағына мемлекет құбылысының /феноменінің/ шынайы табиғатына сай келетін оның бірден бір анықтамасы. Демек, белгілі бір аумақта және қоғамда мемлекет орнату деген сөз осы аумақта және қоғамда бейбіт және құқықтық өмірдің әмбебап кілті әрі тірегі болар барлық іс-шараларды дайындап, белгілеп, жариялау оларды іске асыру және солардың тұрақтылығы мен өміршеңдігін қаматамасыз ету деген сөз. Олай болса кез келген халықтың кең әрі шынайы мағынадағы мемлекеттік тілі дегеніміз - оның тәуелсіз және егемен мемлекеттілігінің туындысы, көрінісі және құрамдас бір бөлігі ғана.  Сондықтан да еврей халқы өліп  қалған ана тілдерін /ивритті/ өздерінің егемен мемлекеттерін құрғаннан кейін ғана қайта тірілте  алды және оны өз мемлекеттерінің ресми мемлекеттік тілі дәрежесіне көтерді. Бұлай болмаған жағдайда еврей тілінің  мемлекеттік тіл дәрежесіне көтерілуі ғана емес, қайта тірілуі де неғайбыл болатын.

Мемлекет тілі - бейбіт өмір тілі бостандық пен теңдік тілі, әділдік пен құқықтық өмір тілі. Сондықтан, кең мағынада алғанда, мемлекеттік тіл - мемлекет теорриториясында бейбіт және әділ өмірді орнықтыратын және оның тұрақтылығын қаматамасыз  ететін тіл. Себебі, мемлекет дегеніміздің өзі түптеп келгенде бейбіт өмірдің әмбебап құралы, кілті деген мағынаны  береді және осы мағына мемлекет құбылысының /феноменінің/ шынайы табиғатына сай келетін оның бірден бір анықтамасы. Демек, белгілі бір аумақта және қоғамда мемлекет орнату деген сөз осы аумақта және қоғамда бейбіт және құқықтық өмірдің әмбебап кілті әрі тірегі болар барлық іс-шараларды дайындап, белгілеп, жариялау оларды іске асыру және солардың тұрақтылығы мен өміршеңдігін қаматамасыз ету деген сөз. Олай болса кез келген халықтың кең әрі шынайы мағынадағы мемлекеттік тілі дегеніміз - оның тәуелсіз және егемен мемлекеттілігінің туындысы, көрінісі және құрамдас бір бөлігі ғана.  Сондықтан да еврей халқы өліп  қалған ана тілдерін /ивритті/ өздерінің егемен мемлекеттерін құрғаннан кейін ғана қайта тірілте  алды және оны өз мемлекеттерінің ресми мемлекеттік тілі дәрежесіне көтерді. Бұлай болмаған жағдайда еврей тілінің  мемлекеттік тіл дәрежесіне көтерілуі ғана емес, қайта тірілуі де неғайбыл болатын.

Бүгінгі таңда мемлекеттік тілдің мемлекеттегі және қоғамдағы рөлін объективті және шынайы бағалауға жол ашып, оның орынын кемсітпей де, асыра сілтемей де, адастырмас ақиқат аясында қарастыру өте маңызды. Мемлекеттік тіл тұтастай мемлекеттік жүйенің аса қажетті және ажырамас бір бөлшегі ғана екендігін жадымыздан шығармау керек.

Мемлекеттік тіл туралы сөз болғанда, ол мемлекетті құрайтын оның барлық құрамдас бөліктерімен бірге және бірлікте қаралуы керек, /олардан бөле-жара оқшаулап қарауға болмайды/ өйткені, солармен бірігіп және жарасымды әрі бір бағыт пен бір мақсатта жұмыс істегенде ғана мемлекеттік тіл өзінің қажетті орынын таба алады және бүкіл мемлекетке және қоғамға пайдалы қызмет атқара алады.

Осы тұрғыдан алғанда «мемлекеттік тіл» ұғымы - осы мемлекеттің ойлау, сөйлеу және жазу тілі деген мағынаны береді. Мемлекетте жүріп жатқан және болашақта іске асатын барлық іс-шаралар мемлекеттік тілде жоспарланып, ой елегінен өткізіліп, сөздік баламасын иеленіп, қағазға түсіп жазылуы тиіс. Мінеки, мемлекеттік тілдің төл мағынадағы ұғымы осы.

Мемлекеттік тіл - мемлекет егемендігінің басты белгілерінің бірі. Мемлекеттік тілдің өз қызметін өз дәрежесіне сай атқаруы мемлекет тәуелсіздігінің тұрақтылығын бейнелейтін және соны қаматамасыз ететін басты факторлардың бірі.

Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялағаннан бергі уақыттағы біздің Республикамыздағы мемлекеттік тіл - қазақ тілі. Қазақ тілінің бұл мәртебесі Республикамыздың 1993 жылғы Конституциясында да, қазіргі қолданыстағы 1995 жылғы Конституцияда да /7 бап/ ең жоғарғы құқықтық реттеу дәрежесінде бекітілді.

Тәуелсіздік жылдары қазақ тілінің мемлекеттік тіл есебінде заң тұрғысынан бекітіліп рәсімделуі және іске асуы қоғамдық пікірде әр-түрлі тұрғыдан қаралып, зерттеліп және соған сай бағаланып жүр. Ресми органдар бұл бағыттағы қазақ тілінің жетістіктерін баса айтса, билікке оппозияциялық топ өкілдері жіберіп алған мүмкіндіктер мен кемшін тұстарға назар аударуда. Әрине, шыңдық бір-біріне теке-тірес келер осы екі пікірдің ортасында орналасқандығы белгілі. Жеткен жетістіктерімізді де, жіберген кемшіліктерімізді де көре біліп, дұрыс бағалай алғанда ғана пікір таластырушы жақтар өзара келісімге келіп, бүкіл қоғам болып болашақ бірігіп атқарар іс-қимылдардың бұл мәселедегі нәтижелі жоспарын жасай аларымыз хақ.

Дау тудырмас басы ашық ақиқат мынада - мемлекет болмай мемлекеттік тіл болмайды. Содықтан адам, азамат және халық үшін ең басты құндылық - олардың өздері құрған және өмір сүріп отырған мемлекеті. Ең алдымен осы мемлекеттің және мемлекеттіліктің қадірін білу керек және оның барлығын, тұрақтылығын әрі өміршеңдігін қаматамасыз етуге бар күш-жігерді салу керек.

Қазақстан Республикасында егемен мемлекет құрылды, оның мемлекеттік тілі деп бүкілхалықтық келісім - Конституция негізінде қазақ тілі анықталды. Ал енді тек осы Конституция талабын толық іске асыру - бүкіл Қазақстан халқының, оның азаматтарының және өзге де тұрғындарының әрі құқығы, әрі міндеті, әрі борышы. Мінеки, Қазақстан жағдайындағы мемлекеттік тіл мәселесі - мемлекеттік тіл туралы Конституция талабын орындау туралы ғана мәселе. Сондықтан мемлекеттік тіл туралы барлық жоспарлар, іс-шаралар, пікір-таластар және дау-дамайлар да осы ауқымдығы және көлемдегі ғана мәселелер.

Мемлекеттік тілге байланысты екінші басы ашық ақиқат - азматтығы жоқ адамдарда (ғылымда олар апатридтер деп аталады) мемлекеттік тіл болмайды. Демек, мемлекеттік тіл - азаматтық деңгейге көтерілген адамдардың ғана қолында бар және қолдана алар артықшылығы. Олай болса, өзінің азаматтық деңгейін мәртебе деп бағамдай алар адам ғана мемлекеттік тілді өз деңгейінде қадірлей де және осы деңгейде ұқсата ұстай да алады.

Мемлекеттік тіл туралы жалқы келісім ортақ мемлекет құру туралы жалпы келісімнің бір тармағы және құрамдас бөлігі ғана. Мемлекет болып өмір сүру шындығының осы қағидасын естен шығармаған абзал. Мемлекет құру туралы бүкілхалықтық жалпы келісім болмаса және осы келісім тұрақты әрі берік болмаса осы мемлекеттің мемлекеттік тілі туралы жалқы келісімнің де тұрақты әрі берік болмасы, демек іске аспасы белгілі. Біз Қазақстан мемлекетін құру туралы бүкілхалықтық келісім (Конституция) қабылдап, оны іске асырудамыз. Осы бүкілхалықтық келісімнің бір құрамдас тармағы - мемлекеттік тіл туралы келісімге де қол жеткіздік. Бірақ бұл келісімді Қазақстан азматтарының бәрі бірдей тегіс және толық орындамай отырғандығы - өмір шындығы. Осыған байланысты қоғамда мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру жайлы әртүрлі пікірлер туындауда. Ендігі мәселе, бұл пікірлердің орынды екендігін мойындап, оларды мемлекеттік мүдде деңгейі тұрғысынан дұрыс ескеріп әрі оң бағалап, нәтижелі түрде іске асуына жағдай жасау керек. Мұндай іс-шаралардың мемлекетіміздің егемендігі мен тәуелсіздігін баянды етіп, оны нығайтудағы берері мол екендігі күмәнсіз.

Әрине, қазір біз қазақ тілінде барлық Қазақстан азаматтарының сөйлегенін мақсат етіп отырмыз, қазақ тілінде балық мемлекеттік қызметкерлердің сөйлегенін, барлық мемлекеттік органдардың осы тілде қызмет істегенін талап етудеміз. Мұндай даму қазақ тілінің мемлекеттік тіл есебінде «экстенсивті» әрі «сандық тұрғыдан» даму кезеңі және деңгейі болмақ.

Қазақ тілінің мемлекеттік тіл есебінде сапалы түрғыдан даму кезеңі де алыс емес екендігін ескерген жөн. Ол үшін біздің мемлекетіміз, мемлекеттік органдарымыз, мемлекеттік қызметкерлеріміз сапалық тұрғыдан алғанда жоғары деңгейге көтерілуі ләзім. Мемлекетіміз өзінің бейбітшілдік, құқықтық, халықтық-әлеуметтік, имандылық табиғатын айқара аша және дамыта білуі керек. Сонда ғана мемлекеттік қазақ тілі де бейбіт өмір тілі, құқықтық тіл, техника және өндіріс тілі, мәдениет және ғылым тілі, иман тілі ретінде өз әлеуетін көрсете және дамыта алады. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл есебінде конституциялық-құқықтық тұрғыдан бекітілуінің және осы талаптың іске асуының түпкі әрі басты мақсаты да осы меже болса керек.

Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде орнығуы үшін жоспарланатын және іске асатын барлық мемлекеттік және мемлекеттік мәні бар мәселелерді осы тілде ойлау, сөйлеу және жазу керек, сөйтіп осы тілде олардың бәрін жүзеге асыру керек. Әдетте біз бұл тізбектен сөйлеу мен жазуға көп мән береміз де ойлауды естен шығарып аламыз. Шын мәнінде енді басты назарды қазақ тілінде ойлауды мемлекеттік деңгейдегі мәселе және іс деп бағаласақ, сөйтіп осыны іске асырсақ онда қазақ тілінде сөйлеу және жазу өзінен-өзі іске асады. Демек, бала тәрбиесіне, үй тәрбиесіне, ата-ана жағдайына, бала-бақшаға, мектепке көп көңіл бөлу керек, қоғамдық өмірдің осы буындарында қазақша сезініп-ойлаудың берік орын алуына жағдай жасау керек.

Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесінің болашақ тағдырына айтарлықтай әсер етер бір жәйт - ол Республикадағы негізгі әліпби /алфавит/ мәселесі.

Мемлекеттік тіл өз мәртебесін өз деңгейінде орындауы үшін ол тілді таңбалайтын мемлекеттік алфавит тұрақты болуы тиіс және өзгермеуі тиіс. Әсіресе, шынайы мемлекеттік мәртебеге көтерліуі қиын болып тұрған, осы жолда әртүрлі объективті және субъективті кедергілерге көп кездесіп отырған қазақ тілі үшін өзі таңбаланатын әліпбиінің тұрақты болуы - бүгінгі күні өмірлік мәні бар мәселе.

Осыған байланысты кейінгі кездері баспасөз бетінде және теледидарда көп көтерліп жүрген Қазақстанға «латын алфавитін енгізу туралы» пікірталасқа өз ойымды білдірсем деймін.

Бірден көзге түсетін жәйт мынау - латын алфавитін енгізгісі келетін азаматтардың басты мақсаты латын алфавитін Қазақстанға енгізу емес. Олар осыны өздері толық және аяғына дейін айқын сезіне бермесе де, олардың уәждері мен дәлелдері біздің осы түйінімізді жоққа шағармайды, керісінше қуаттайды.

Латын алфавитін Қазақстанға енгізу жайлы пікірді қостаушылардың алға тартар басты ойлары мыналар:

1. Осы арқылы біз ұлттық сананың қоғамдағы орнын бекіте түсеміз, Ресей және Кеңес дәуірлерінде қалыптасқан ұлттық санадағы отаршылдық көріністерден (психологиядағы, идеологиядағы, тұрмыстағы т.б.) арылуға жағдай жасаймыз.

2. Түркі тілдес халықтармен байланысымыз арта түседі.

3. Қазақ тілінің тазалығы артады, ол орыс тілінің үстемдігінен, оның қазақ тіліне тигізіп отырған «әлім жеттік» әсерінен арылады.

Әрине, отаршылдық /құлдық/ сана сарқынышақтарынан арылудың ақиқаттығы, түркі тілдес бауырлас халықтармен етене жақын болу қажеттігі Қазақстан мемлекеті мен халқы алдында тұрған өзекті мәселелер екендігін ешкім жоққа шығармайды. Бұл мәселелерді мемлекеттік деңгейде бақылауға алып, жүйелі және пәрменді түрде табандылықпен іске асыру керек екендігін баса айтқымыз келеді. Мемлекетіміздің бұл бағытта атқарған және атқарып жатқан іс-шараларына да жаңа серпін беру керек екендігі де жасырын емес.

Дегенмен, аталмыш мақсаттарға жету бағытында іске асырырлар іс-шаралар тізбегі қандай болу керек? Осы мақсаттарға жетудегі іс-шаралар тізбегінде латын алфавитіне көшудің алар орны қаншалықты қомақты? Латын алфавитіне көшу бізді осы мақсаттарға жетуге қаншалықты жақындатады /әлде бейтараптандырады, әлде қашықтатады/?

Бұл сұрақтарды осы біз қойған жүйеде және байланыста әлі ешкім байыптап қойған жоқ және барлап тексерген жоқ. Сондықтан қойылған сұрақтарға баспасөз бетінен не өзге әдебиеттен қанғаттандырарлық жауап ала алмасымыз да белгілі.

Сөйтсе де басы ашық мәселе мынау - жоғарыда аталған мақсаттарға жету жолында атқарылар іс-шаралардың ішінде латын алфавитіне көшу осы мақсаттарға апарар ең басты жол және құрал емес. Демек, латын алфавитіне көшудің діттеген межеге жетудегі алар орнын дұрыс межелеп алғанымыз жөн, оның салмағын асыра бағалап алмағанымыз абзал. Олай болса осы бағытта жүргізілер ғылыми зерттеу, талдау жұмыстарына өріс беріп, олардың  нәтижелерімен қаруланып алмай латын алфавитіне  көшуді жоғарыда аталған мақсаттарға жетудің бірден-бір жолы ретінде жалау етіп ұстау - әзір ертелеу екендігі көрініп-ақ тұр.

Бір қызығы осы мақсаттарға латын алфавитін енгізбей-ақ «кириллица» алфавитінің мүмкіндіктерін барынша сарқа және жете пайдалану арқылы да жетуге болатындығын ешкім жоққа шығара алмайды. Демек, біз «қолда бардың қадірі жоққа» салмай, мәселенің осы жағына көңіл аударғанымыз жөн. «Кириллицаның» қазақи ұлттық сананы жаңғыртып, ондағы «отаршылдық» сарқыншақтардан арылуға деген әлі пайдаланылмаған мүмкіндіктерін аша түсіп, сондай-ақ бұл алфавиттің түркі тілдес бауырларымызбен ара-қатынасымызды бекіте түсуге деген әлеуетін көре біліп, әрі осы бағыттағы «пайдалы коэффициентін» жан-жақты қолданып, сонымен бірге қазақ тілінің тазалығын сақтай білудегі, орыс тілінің ана тілімізге көрсетер және көрсетуі мүмкін «әлім жеттік» әрекеттеріне тосқауыл қояр және мүлде жояр «кириллицаның» біз әлі пайдаланбаған «тетіктерін» іске қосып, осы қолданыстағы алфавиттің өзін-ақ /оны ығыстырмай-ақ, басқа алфавиттермен ауыстырмай-ақ/ діттеген мақсаттарымызға жету үшін өте тиімді пайдалануға болады. Олай болса осыған дейін халқымызға қалтықсыз қызмет істеп келе жатқан және алда да әлі атқарар қызметі көп /қадірін білсек болды/ «кириллицаны» басқа алфавиттермен ауыстырудың қажеттігі күмәнді, тіптен жоқ десек те қателеспейміз.

Латын алфавитін енгізу туралы пікірталасқа тән келесі бір көзге ұрып тұрған шындық - осы пікірталасқа қатысушылар латын алфавитінің Қазақстанға ресми түрде әлдеқашан еніп кеткендігін көре алмауларында. Егер қазіргі «кириллица» алфавиті Қазақстан Республикасының ресми түрдегі нөмері бірінші алфавиті болса, латын алфавиті Қазақстан мемлекетінде ресми түрде мойындалатын және енген номері екінші алфавит. Бұған дәлел ретінде мына фактілерді келтірсек болады:

а/ Қазақстан Республикасындағы барлық мектептерде латын алфавиті бірінші сыныптан бастап «кириллица» алфавитімен қоса оқытылады. Біздің Республикамызда латын алфавитін білмейтін, ол алфавитте оқи алмайтын адам жоқ десе де болады. Себебі бізде барлық мектептерде бастауыш сыныптан бастап европалық бір тілді /ағылшын, неміс, итальян, француз т.б./ үйрету міндеттелген. Ал, бұл тілдерді ресми түрде мектептерде үйрету деген сөз - латын алфавиті ресми түрде біздің елге енгізілді деген сөз. Тек, латын алфавитінің Қазақстанға енгізілу тәсілі ғана ерекше - латын алфавиті біздің мемлекетке европа елдерінің тілдерін үйрету құралы ретінде «айқай-шусыз», «дабырсыз» өте жұмсақ және эволюциялық /революциялық емес - кириллицаны «күшпен» ысырып, оның орнын мәжбүрлі түрде латиницамен ауыстыруды аңсайтындар ұсынғандай/ жолмен енуде және еніп, орнықты.

б/ Біздің Республикада компьютер енгізілмеген бірде-бір мектеп не мекеме, керек десеңіз компьютер пайдаланбайтын бірді бір үй жоқ десе де болады. Ал, компьютерлік техниканың негізінде латын алфавиті жатқанын ескерсек, компьютердің елімізге жаппай енуі латын алфавитінің елімізге керек десеңіз, бүкіл әлемге жаппай енуінің бір көрінісі емес пе?

в/ «Кириллица» алфавиті мен  латын алфавитінің негізі бір, олар - грек алфавитінің екі түрлі тарихи тармағы. Егер латын алфавиті грек алфавитінің батыс Европа елдеріне бейімделіп жасалған нұсқасы болса, «кирилица» - грек алфавитінің  славян /орыс/ тіліне оңтайланып жасаған нұсқасы екендігі - тарихи шындық. Демек, «кириллица» дегеніміз де, латын алфавиті дігініміз де - оңтайланған грек алфвиттері екен. Олай болса, грек алфавитінің европа елдеріне тараған тарихи үлгісі латын алфавиті екендігін және осы грек алфавитінің славяндық нұсқасы «кирилица» екендігін мойындауымыз керек. Кеңес өкіметінің құрамына кірген басқа мемлекеттер сияқты Қазақстанда да грек алфавитінің славяндық нұсқасы - «кирилица» кең тараған.

Тарихи деректерге сүйенсек, әлемдегі ең көне әліпбилердің бірі грек алфавиті біздің заманымыздан бұрынғы 9-8 ғасырларда қалыптасқан. Ал, латын алфавиті осы алфавит негізінді батыс Европа елдерінде б.з.б. 3-4 ғасырларда, ал кей мағұлматтар бойынша б.з. 1 ғасырында қалыптасады. Ал, осыдан шамамен он ғасыр уақыт өткесін, 9 ғасырда кириллица пайда болады.[1] Қазақстанда араб алфавиті орта ғасырлардан 1929 ж. дейін, ал 1929-1940 жылдары латын алфавиті, 1940 ж. бері бүгінге дейін кириллица қолданып келеді.[2] Демек, кирилица мен латын - грек алфавитінің екі тармағы, оның үстіне латын алфавитін бір рет пайдаланып көрдік. Әрине, кирилицаны ысырып латынға қайта көшуге де болады. Бірақ, сонда не ұтамыз. Ештеңе ұтпаймыз, ал ұтыларымыз айдан анық. Себебі, бәрібір грек алфавитінің аумағында қаламыз және айырмашылығы аз әрі бір-біріне өте ұқсас оның бір тарихи тармағының орнына екіншісін ғана қабылдаймыз. Егер кирилицаны латынмен ауыстырушылрдың логикасына ерсек, онда тікелей көне грек әліпбиіне неге көшпеске, сөйтіп, сол көне грек әліпбиінен оның тағы бір нұсқасын - қазақша алфавитін неге жасамасқа?

Көріп отырғанымыздай, кирилицаны итеріп латынды қабылдайық деушілердің ниеттері түзу, пиғылдары адал болғанымен (ұлттық сананы нығайту, қазақ тіліне орыс тілінен келер әсерді азайту), олардың өз жоспарларын іске асыру үшін ұсынып отырған жобалары қисынсыз, әрі аяғына дейін толық ойластырылмаған үстірт ұсыныс. Оның үстіне, қазаққа араб алфавиті лайықты деп төте жазуды ұсынған Ахмет Байтұрсынов өнегесін ескерсек және грек алфавитінің европалық нұсқасы - латын алфавитінің елге енуіне кезінде Халел Досмухамедовтың қарсы болғанын (дегенмен мемлекет қайраткері ретінде оны қазақ тіліне үйлестіріп жасау ісіне қатысқан) еске түсірсек, өз ұлтын бір адамдай-ақ сүйе білген «Алаш» көсемдерінің де латын әліпбиін таңдамақ түгіл, оны аса жақтыра және жақтай қоймағанын, керісінше, бұл әліпбиге «салқындық» танытып, оған бейтараптықпен қарағанын байқаймыз.

Мәселені осы тарихи жағынан қарау біздің көзімізді үлкен шындыққа ашады. Ол шындық мынада - «кириллицаны» ысырып орнына латын әрпін кіргізу дегеніміз - грек алфавитінің «славяндық» нұсқасын аластап, оның орнына осы грек алфавитінің европалық нұсқасын енгізу деген сөз. Грек алфавитінің бір тарихи нысанының орнына оның екінші нысанын енгізуді талап ету деген сөз. Осы айтылған тарихи фактілерден шығатын қорытынды мынау болса керек - бүгінгі таңда Қазақстандағы қолданыстағы алфавит - кириллица - грек алфавиті, бірақ оның славяндық үлгідегі нұсқасы. Ал, егер, «кириллицаның» да қазақ тіл мамандары тарапынан біраз өзгерістерге ұшырағанын /қосымша - з,ғ,ө,ң,і,қ,ұ әріптері енген/ оның қазақ тілінің ішкі заңдылықтырына және даму талаптарына сай біраз «өңделгенін» ескерсек - онда Қазақстанда қолданып жүрген алфавит - грек алфавитінің кирилица арқылы қазақшаланған нұсқасы десе де болады. Біздің бұл тұжырымымыз «кириллицаны» латын алфавитімен ауыстырамыз деген ұранның нағыз осал және жалған тұстарын әшкерелейді - бұл ұранды жақтаушылар өздерінің нені көксеп жүргендерін толық түсінбеген - олар еліміздегі қолданыстағы грек алфавитінің славянша нұсқасын осы грек алфавитінің европалық нұсқасымен ауыстырғылары келіп жүр. Яғни, мәселе бір алфавитті басқа бір алфавитпен ауыстыруда емес - мәселе осы алфавиттің бір нұсқасынан оның екінші нұсқасына өтсек қалай болады екен деген сәуегейлік ойда, бір басқан тырманы қайта басуға алып барар, «реформа үшін реформа жасауға» ғана жетелер, ұтары беймәлім бірақ ұтылысы анық «ұсыныста» болып тұр.

«Кириллицаны» латын алфавитімен ауыстыру мәселесінің ойдан шығарылғандығы және мұндай ауыстырудан ештеңе ұтпасымыз енді түсінікті болса керек. Себебі, мәселені бұлай қою - грек алфавитінің бір нұсқасын оның екінші нұсқасымен ауыстыруды ғана іске асыра алады, яғни, бір «грек» алфавитін екінші «грек» алфавитімен ауыстыру жәйлі ғана мәселе қозғалып отырғанын естен шығармауымыз керек.

«Кириллицаның» орынына латын алфавитін енгізу мәселесін әлемдегі тілдік ахуал төңірегінен қарасақ та, отандастарымыз көтеріп жүрген тақырыптың тайаздығы және оның қолдан жасалған жасандылығы айқындала түседі.

Тарихи өз алфавиттері бар елдердің көбісінде төл алфавиттері тұрақты, негізгі әліпби есебінде қызмет атқарады. Сонымен бірге мұндай елдерде екінші, үшінші алфавиттердің де енгізіліп, олардың төл әліпбиімен қатар өмір сүре берулеріне жағдай жасалады. Қосымша алфавиттер енген кезде бұрыннан келе жатқан тұрақты /негізгі/ алфавитті ысырып тастау, қолданыстан шығарып тастау туралы мәселе туындамайды, мұндай «өрекпулердің» «революциялық ұрандардың» белең алуына жол берілмейді. «Бір алфавиттің орнына екінші алфавит», «не анау не мынау» деген шолақ ой мен ұсыныстарға тосқауыл қойылады. Оның орнына «ботқаны маймен бүлдіре алмайсың» /кашу маслом не испортишь/ дегендей «қосымша алфавиттер артық етпейді» принципі басшылыққа алынады. Айталық, Қытайдың өзінің негізгі алфавиті - иеорогливі болса да, бұл елде сонымен қатар грек алфавитінің европалық үлгісі де (латын) славяндық үлгісі де /кириллица/ пайдаланылады, сондай-ақ араб алфавиті де елдің ресми қосымша алфавиттерінің бірі болып саналады. Өздерінің тарихи төл алфавиттері бар грузиндер де грек  әліпбиінің «европалық» (латын) да «славяндық» да /кириллица/ нұсқаларын қосымша әліпби есебінде тең игергендігі бәрімізге аян. Араб алфавитін негізгі әліпби есебінде пайдаланатын барлық мемлекеттерде латын алфавиті қосымша әліпби есебінде қатар енген,  тіптен, Ресейдің өзінде де «кириллица» негізгі әліпби ретінде, ал латын алфавиті қосымша алфавит ретінде пайдаланылуда.

Біз де әлемдік тәжірибенің осы озық үлгілерін басшылыққа алып, бүгінге дейін негізгі әліпби есебінде пайдаланылып келген грек алфавитінің славяндық /кириллица/ нұсқасын және оның қазақша оңтайланған жобасын осы дәрежеде еліміздің түпкі және негізгі әліпбиі ретінде қолдана беруіміз керек. Ал, грек алфавитінің европалық үлгісі (латын) қосымша /«екінші»/ әліпби ретінде елімізге енген екен, оның осы жағдайын сақтап қалуымыз  және мүмкіндігінше одан әрі жақсарта беруіміз керек. Грек әліпбиінің «кириллицалық» нұсқасын өмірден аластап, оның орнына оның европалық нұсқасын (латынды) енгіземіз деген пайдасынан зияны мол, қате де кертартпа пікірден арылғанымыз абзал.

Республикамыздың әліпби саласындағы өмір шындығы елімізде қосымша «үшінші» әліпби ретінде араб алфавитінің /мұсылмандықтың қайта орнына келуіне байланысты/, де ене бастағанынан хабардар етеді.

Кириллица алфавитінің қазақша нұсқасының - қазақша кириллицаның /қазақша жазатындар үшін/ және славянша  нұсқасының - славянша кириллицаның /орысша жазатындар үшін/ негізгі әліпби есебінде Республикада орнығуы және одан әрі дамуы, ал латын алфавитінің қосымша  /екінші/ әліпби ретінде орнығуы, сондай-ақ, үшінші қосымша әліпби есебінде араб алфавитінің енуі және дамуы - мінеки, бүгінгі таңдағы Қазақстан Республикасындағы «алфавиттік» өмір алаңындағы өмір шындығы және оның даму бағыты осындай. Мұнан біз «кириллицаны» латынмен ауыстырамыз деген пікірталастың және оған жалғасқан жалаң  ұранның осы өмір шындығына ілесе алмай қалғандығын және оған мүлде жат екендігін байқаймыз.

«Кириллицаны» латынмен ауыстырамыз деушілердің негізгі айтпақ ойлары мынада - олар грек алфавитін тағы да сол грек алфавитімен ауыстырғылары келеді, дәлірек айтсақ, грек алфавитінің өздеріне ұнамаған бір нұсқасын  оның екінші нұсқасымен ауыстырсақ дейді. Және ауыстырғанда Республиканың «негізгі» алфавиті есебінде грек әліпбиінің европалық нұсқасын алып, ал оның славяндық және оның қазақшаланған нұсқаларын еліміздегі екінші, «қосымша» деңгейдегі әліпби есебінде пайдалануды ұсынады.

Әрине, мұндай жасанды ауыс-түйістің пайдасы - күмәнді, ал зияны - көрініп-ақ тұр. Себебі, мұндай өзгерістен ешнәрсе өзгермейді - бір грек алфавитінің орнына екінші грек алфавиті ғана келеді. Яғни қоғамдық белсенділікті және уақытты пайдасыз, қолдан жасалған «жоқ» әрі жалған мәселеге аударамыз, мемлекет қаржысын қолда бар қолданыстағы қазынаны әдейі бүлдіріп, сосын оның  сондай екінші бір нұсқасын «қайта сатып» алуға жұмсағандай боламыз.

Айта кететін бір жәйт, грек алфавитінің европалық нұсқасының өзінің бірнеше түрлері бар - англо-саксондық, американдық, контенинтальдық т.б. Егер біз «кириллицаның» орнына латын  алфавитін енгіземіз десек, онда оның қай түрін таңдаймыз деген «шеті» жоқ таңдаулар мен алфавиттік өзгерістер легіне тап боламыз.

Европалық үлгідегі грек алфавитін (латынды) енгізу - славян  үлгісіндегі грек алфавитін (кирилицаны) Қазақстан Республикасы аумағынан толық ығыстыра алмайды. Егер іске асып жатса бұл шара тек кириллицаға қоса латын алфавитін елге енгізумен шектеледі. Яғни, мұндай жағдайда Қазақстанда грек алфавитінің екі нұсқасы бірден қолданылатын болады: 1/ грек алфавитінің славяндық нұсқасы - кириллица; 2/ европалық үлгідегі грек алфавиті - латын алфавиті.

Грек алфавитінің славяндық нұсқасының /кириллица/ Қазақстанда ресми алфавит болып қала беретінінің басты себебі - орыс тілінде  оқитын және жазатын барлық мекемелерде оқу орындарында, мемлекеттік мекемелерде бұл алфавит негізгі әліпби болып қала береді. Оның үстіне орыс тілі біздің мемлекетте ресми түрде қолданылатын тіл екендігін ескерсек, грек алфавитінің славяндық нұсқасының мемлекеттік деңгейде қорғалатын және қолданатын мемлекетіміздің ресми алфавиті есебінде әзір елден ығыстыра қойылуы күмәнді.

Демек, кириллицаның орнына латын алфавитін енгізіеміз деген ұранның объективті ақиқат бейнесі - кириллицаға қоса грек алфавитінің европалық нұсқасын да енгізейік дегенге саяды. Немесе, славяндар кезінде грек алфавитін өз тілдеріне бейімдеп кириллица алфавитін жасады, ал біз болсақ кириллицаны қазақ тіліне беймдедік, енді одан бас тартайық та грек алфавитінің европалық нұсқасы - латын алфавитін тікелей енгізейік және оны қазақ тіліне бейімдеп «латын алфавитінің қазақша жаңа нұсқасын жасайық» деген ұранға саяды. Мұндай іс бізге керек пе, әлде жоқ па? Әлеумет ойланып өз пікірлерін білдірер.

Бұл айтылған уәждерден шығар тағы бір қорытынды - латын әліпбиін енгізу, басқа «көлеңкелі» тұстарын айтпағанда, еліміздегі қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе дәрежесіне іс жүзінде көтерлуіне кедергі келтіретіндігі, бұл процестің аяғына тұсау болып байланып, оған зиян келтірер қолдан жасалған «жасанды» тосқауылдардың бірі болатындығы.

Себебі, егер біз кириллицамен бірге латын алфавитін (демек оның «жаңа қазақша» нұсқасын да) енгізсек, онда орыс тілділер үшін бұл жаңалық мемлекеттік тілді үйренбеудің қосымша  «желеуі» болады, ал үйренгісі келетіндер үшін шын  мәнінде қолдан жасалған жасанды кедергілердің біріне айналады, өйткені, оларға қосымша екінші  «жаңа» алфавитті игеруге тура келеді.

Бүкіл бір ұлтқа ортақ бір алфавиттің болуы, әрине, бұл ұлт өкілдерінің өзара қарым-қатынасының жақсаруына жағдай жасайды. Дегенмен, ұлт бірлігін орнықтыруда, сақтауда және бекітуде ортақ алфавит шешуші роль ойнамайды, сондықтан ортақ алфавиттің бұл мақсатты іске асырудағы орынын асыра сілтеп жіберу - жаңсақ пікірлерге, түйіндер мен бағамдауларға және жаңсақ қадамдарға бастауы мүмкін. Ортақ алфавиттің болуы көптеген ұлттардың этникалық, мемлекеттік және әлеуметтік-экономикалық тұтастығын сақтап қалуға қауқарсыз болғандығын көне тарих та, жаңа тарих та, күнделікті өмір де дәлелдеп отыр. Ортақ алфавиті бар тұтастай араб  ұлтының отызға тарта мемлекеттерге бөлінуі, Солтүстік және Оңтүстік Корея мемлекеттерінің арасындағы дүрдараздық, ортақ тілі және ортақ алфавиті бар Африка халықтарының өзара жауласуы және бөлшектенуі - міне осының бәрі - ортақ алфавиттің ұлт бірлігін сақтаудағы орынын кемсітпей де асыра да бағаламай объективті шындыққа сай бағалауымызды талап етеді. Тіптен кеше ғана кириллицаны тастап латын алфавитін қабылдаған Өзбек ағайындарымыздың өзге түркі халықтарымен қарым-қатынасы осыдан кейін күрт жақсарды деу де әзір күмәнді.

Ұлт бірлігін сақтап, қаматамасыз ету - әрбір ұлт өкілінің ісі, жалпы ұлттың ісі, ұлттық мемлекеттің ісі. Ал, жалпыұлттық алфавит - осы ұлттық бірлікті қамтамасыз етуде шешуші роль болмаса да белгілі бір роль ойнайды. Сондай ортақ алфавит ролін бүгінгі күнге дейін қазақ халқы үшін грек алфавитінің  славяндық нұсқасы және соның негізінде жасаған кириллица алфавитінің қазақша нұсқасы (қазақша кириллица) орындап келеді. Ал, енді оны алып тастап, оның орынына грек алфавитінің еуропалық нұсқасы болып табылатын латын алфавитін енгіземіз деу - әрине, тарихи тұрғыдан артқа шегініс немесе бір істеген істі қайта істеу болар еді.

Қоғамдық пікірде қалыптасқан жаңсақ пікірлердің бірі - Қытай Республикасында орналасқан қазақстардың /қазақстардың шет жердегі ең көп диаспорасы  - 2 млн.-дай қазақ/  негізгі алфавиті араб алфавиті /төте жазу/ деген пікір. Қытай қазақстары үшін ең басты және негізгі әліпби - қытай иероглифі, ал араб алфавиті олардың екінші және қосымша, өз іштерінде қолданатын алфавиті. Олар латын алфавитін де игерген және оны халықаралық деңгейдегі алфавит ретінде, үшінші қосымша алфавит ретінде пайдалануда және олар Қазақстанда қолданылатын грек алфавитінің славяндық нұсқасын да, қазақша нұсқасын да игерген, ал игермегендері үшін оны пайдалану аса қиынға соқпайды. Осы жағдай шетелде жүрген қазақ диаспораларының бәріне тән. Олардың барлығы сол өздері тұратын мемлекеттің алфавитін өздерінің негізгі алфавиттері ретінде пайдаланады да, ал, қосымша әліпби ретінде өзге алфавиттерді, оның ішінде латын адфавитін міндетті түрде пайдаланады. Себебі, латын  алфавитін  білмейтін және игермеген қазір әлемде бірді-бір өзін сауаттымын деп есептейтін халық жоқ екендігі белгілі. Демек, өз мемлекеттігін өз жерінде құра білген Қазақстан Республикасының азаматтары үшін де және Республикадан тыс жерде тұратын қазақ ұлтының өкілдері үшін де латын алфавитінің славяндық үлгісі - кириллица және оны қазақ тіліне бейімдеу нәтижесінде пайда болған бүгінгі қазақ алфавиті Республикадағы ортақ мемлекеттік алфавит ғана емес, бүкіл әлемдегі қазаққа ортақ жалпы ұлттық әліпби дәрежесін де абыроймен атқарып келеді, атқара береді және болашақта атқара алады деген түйінге келуге әбден болады.

Мұнан шығар қорытынды - әліпби мәселесінде бізге де озық әлемдік тәжірибеге сүйену керектігі. Ол тәжірибе бойынша елде тарихи қалыптасқан негізгі әліпби өзгермеуі тиіс. Ал, одан өзге әліпбилер заман талабына сай қосымша - «екінші», «үшінші» әліпбилер рөлдерін атқара береді.

Біздің Республикада грек алфавитінің славяндық /кириллица/ және кириллицаның қазақша нұсқалары /біріншісі - орыс тілділер, екіншісі - қазақ тілділер үшін/ негізгі ресми әліпби есебінде еніп орныққан. Ал, латын алфавиті елімізге екінші, қосымша әліпби ретінде ресми түрде енген, орныққан және барлық мектептерде, жоғары оқу орындарында оқытылады.

Өзінің негізгі әліпбиін өзгерте беретін ел - осы зиянды әдетінен арылмаса, онда әліпбиді өзгертуді  өзінің «негізгі әліпбиі» қылып алатынын, сөйтіп, әлсін-әлсін «естен танып», қараңғылық құшағына ене беретінін білгені абзал.

Қазір әлемде танымал ондаған «әліпбилер» бар. Олардың қай-қайсысы да кез келген елдің тұрақты да негізгі әліпбиі рөлін атқара алатындықтарын дәлелдеді. Мәселе, бұл алфавиттердің қайсысын таңдап алуда емес, мәселе - осы бір таңдап алынған әліпбидің қадірін біліп, соны тұрақты мемлекеттік негізгі әліпби ретінде пайдалана білуде.

Сондай әлемдік деңгейде өзінің кез-келген елдің тұрақты әрі негізгі әліпбиі бола алатындығын дәлелдеген әліпбилердің бірі - біздің елде қолданылып жүрген грек алфавитінің славянша  нұсқасы/кириллица/ және оның қазақша оңтайланған жобасы Елімізге 70-жылдан бері қызмет істеп келе жатқан және мемлекетіміздің тұрақты әліпбиі дәрежесіне көтерілген осы қызметін абыроймен атқарып отырған әліпбиіміздің қадірін білейік, ағайын жоқ жерден желікпейік,  асыл қазынамызға араша түсе білейік!

Кенжалиев Зайлағи Жантуғанұлы

заң ғылымдарының докторы,

профессор

«Абай-ақпарат»



[1] Қараңыз: Лингвистический энциклопедический словарь. Москва, «Советская энциклопедия», 1990, стр.119,222,253.

Қазақстан. Ұлттық энциклопедия.6 том. Алматы, «Қазақ  энциклопедиясының» Бас редакциясы, 2004, 238 б.

[2] Қазақстан. Ұлттық энциклопедия.1 том, Алматы, 1998, 178 б.

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2134
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2541
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2303
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1646