Жұма, 26 Сәуір 2024
Қазақтың тілі 7298 28 пікір 25 Мамыр, 2020 сағат 12:14

Тіл дауы. «Түптің түбінде Конституцияға өзгеріс енгізіледі»

Тіл төңірегіндегі жаңа текетірес

Келесі жылы ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы кең көлемде атап өтіледі. Бірақ ұлттық санадағы азаттық «Ата Заңнан орыс тілінің «ұлтаралық қатынас тілі» мәртебесін алып тастау жайлы» мәселеде қаққа жарылып келеді. Жалпы ұлттық мемлекет құру жайлы көзқарастар мен принциптер бойынша қазақ қоғамы тілдік факторға байланысты екі топқа бөлініп, әзірше бейбіт түрдегі «ақпараттық соғысқа» ұласып отыр.

Кезінде билік басындағылар қазақ қоғамы алатайдай бүлініп, жікшілдік пиғыл орын алмауын орайластырып орыстілді көпшілік үшін «қазақстандық ұлт» пен «орыс тілі ұлтаралық қатынас тілі» деген саяси шарғыны қолдануға мәжбүр болды. Енді бір кездегі орыс тілді көпшіліктің заман ауанына орай этникалық азшылыққа айналуы жаңа саяси факторды туғызды. Қазақ тілді БАҚ ішінде пікір екіге жарыла бастады. Бірі – жаппай қазақтандыруды қолға алуға үндесе, екіншілері – ішінара түгестіре қазақтандыру процесін бірте-бірте жүргізуге шақырады.

Соңғы көзқарасты ұстанушылар Ата Заңдағы «орыс тілі ұлтаралық қатынас тілі» деген тұсқа еш өзгеріс жасамай тек осы уақытқа дейін қабылданған барша заңдардың тек қазақ тілінде ғана қолданылуын және мемлекеттік тілдің қолдану аясын әкімшілік, парламент, заң, салық, банк салаларында барынша кеңейтуге бағыт ұстануды талап етеді. Сонымен бірге, ҚР 2020-2025 жылдарға арналған тіл саясатын жүзеге асыруға қатысты мемлекеттік бағдарламасы аясында бюджеттік мемекелер мен ұйымдардың, түрлі деңгейдегі депутаттық корпустардың қазақ тілінде ғана іс-қағаздарын жүргізуге 3-5 жыл төңірегінде бірте-бірте көшуін қалайды. Әрі жарнаманың, мекеме мен ұйымдар, бизнес құрылымдар маңдайшаларының қазақ тілді көпшілікке түсінікті болуы үшін  тек орыс және латын жазуымен мемлекеттік тілде жазылуы керек деп санайды. Бір кездері қабылданған барша заңдар мен заңнамалар қазақ тілінде сауатты өзгеріс және толықтырулар енгізілінген соң, қайыра қабылданып, мемлекеттік тілді қорғайтын әлеуметтік-әкімшілік реформалар  жүргізіліп, қазақ тілді көпшіліктің ішіндегі білікті жастардың түрлі деңгейдегі биліктегі орыс тілділерді алмастыруы кезек күтірмейтін мәселеге айналып отыр дегенді алға тарта бастады.

Қазір қоғамда өте қауіпті құбылыс: орыс тілін білмейтін һәм қажет санамайтын қандастарымызбен қаны қас, сана-сезімдері Ресей идеологиясымен уланған, қазақ тілін керек етпейтін бірыңғай орыс және не оқып, не жаза алмайтын, ана тілін тек ауызекі деңгейде ғана, шала-шарпы, «билік пен бизнес үшін» уақытша меңгерген ресейшіл қазақтандықтардың өзара ауыз жаласқан «әлеуметтік тобы» пайда болды. Алғашқылары ағылшын, қытай және өзге тілдерді қанша жерден жетік білсе де, ең бастысы мемлекеттік тілдің барша функциясын тартып алған ұлтаралық қатынас тілі саналатын орыс тілін білмегендіктен басшылық қызметте істей алмайды. Орыс тілін білетіндер болса, қазақ тілін ғана емес, ағылшын, қытай және өзге тілдерді білмей-ақ, мемлекеттік мекемелерде қызмет ете алады. Әділеттілік қайда!? Конституцияда жазылған азаматтық құқық қайда?

Міне осы үндеулер мен шақырулар 1991 жылдан бері орнығып қалған. Бірақ күні санаулы «қазақстандық ұлт» концепциясымен аруақтанған орыстілді зиялы қауым өкілдері мен ғылыми ортаға еш ұнамай, олар ауыздарына не түссе, соны айтып, ойларына не келсе соны сандырақтауға мәжбүр бола бастады. «Қазақ үні» көтерген бастамадан кейін «Avaaz» сайтында және Ермек Тайчибеков бастамасымен warren_buffet@mail.ru-да орыс тіліне мемлекеттік тіл мәртебесін беру мәселесін көтерген интернет шақырулар төбе көрсетті.

Тіл төңірегіндегі аталған мәселеге қатысты өз ойларын білдірген орыс тілді қандастарымыздың пікірлерімен «Abai.kz» оқырмандарын таныс етуді жөн көрдік.

Жалпыалаштық әділеттіліктің жаңа қадамын жасап отыр

Д. Сулеев: Судьба казахстанской печати в том, что будет в головах у журналистов нового поколения, у руководителей государства нового поколения

Жәнібек Сүлеев, web-баспагер, журналист және публицист:

- Үш жылдан соң, «Қазақ үні» («Голос казаха») газетінің негізін салушы Қазбек Иса бас болып, жалпыалаштық әділеттіліктің жаңа қадамын жасап отыр. Шындығында бұл қадам өзіне қарсы бас көтерулерді де туғызды...

Қазбек Исаға сенер болсақ, 2017 жылы 50 мың адам қол қойған екен... Бірақ орыс тілінің мәртебесін жанын сала қорғаштаушылардың саны шындығында өте көп. Бұл арада ең бірінші петиция қандай ауанда жазылды соған көз жіберейікші!? Онда орыс тілін қазіргі мәртебесінен айырып, қазақ тілін жеңіске жеткізу көзделінген. Оған қасарыса қарсы шығушы авторлар тап соны орыс тіліне қатысты талап ете бастады. Олардың мақсаты дүниені бастан аяқ төңкеріп, «ұлтаралық қатынас тілін» «мемлекеттік тілге» айналдыру. Екі қадам да Ата Заңға өзгеріс енгізуді қалайды.

Міне, осы орайда ұлтаралық қатынас тілінде «Кім жеңіп шығады?» деген мәселе туындайды. Меңіше, екі тілде жеңіліске ұшырайды…

Егер орыс тілі заңнан тыс деп табылса, іс-қағаздары мен техникалық құжаттардың дайындалу деңгейі төмендейді.

Қазақ тілін жетілдіріп қана әлемдік деңгейдегі тіл мәртебесіне жеткізу арқылы бұл текетірестің алдын ала аламыз. Қазіргі біреулер үшін шекесін шылқытып отырған лингва-франкадан (орыстілділік факторынан) арылту үшін түрлі саладағы кәсіби мамандар мен біздің  филологтардың ерен еңбегі керек. Бұл енді бөлек әңгіме. Әрі ешкімнің басын жарып, көзін шығармайтын жағдаят…

Бұл дау-дамайдың аяғы неге әкеліп соқтырады?

Еркин БАЙДАРОВ: «Жизням наших миротворцев в Ливане ничего не ...

Еркін Байдаров, Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану Институтының жетекші ғылыми  қызметкері философия ғалымдарының кандидаты:

- Карантин кезінде Орталық Азияның қос елі – Қазақстан мен Өзбекстан бір мезетте тілдік мәселедегі түйіткілді қоғамдық ойға қозғау салып, кең деңгейде көтере білді. Иә, құланның қасуына, мылтықтың басуы кезеңін нақ аңғара пайдаланды. Бұл мәселе ежелден қазақ және орыс тілділер арасында үнемі теке-тірестік туғызып келетіні жасырын емес. Меніңше, бұл орайда уақыт басты рөл ойнап тұрған жоқ.

Ең бастысы: бұл дау-дамайдың аяғы неге әкеліп соқтырады? Өз басым әлдебір әлеуметтік дүрбелең туғызады деп еш ойламаймын. Бұл мәселе – қашанда қазақ тілділердің қанын қыздыратын, үнемі өзіне қайыра соқтырып отыратын қоғамдық пікір-талас кеңістігі. Бірақ бір мезетте қазақ қоғамындағы азшылықтағы көпұлттықтың табиғи даму процесін «тасталқан» ететін процеске айналмауы керек.

Асығыс шешім қабылдауға еш болмайды. Өмірдің өзі бәрін өз орнына қояды. Бейбітшілік пен тыныштық бірінші орында тұруы керек. Құмыраны тас-талқан ету оңай, ал оны қайыра қалпына келтіру оңай дүние емес, сондықтан, сәл жарықшақтың өзі-ақ жіберілген қателіктерден сыр шертеді.

Ашық мойындаймын. Өз басым орыс тілін оның бүгінгі иеленіп отырған мәртебесінен айырушылар жағындамын. Бірақ бұл қылығым менің осы тілге һәм осы тілде сөйлейтін орыс тілділерге қарсымын дегенді еш білдірмейді. Де-факто орыс тілі ұлтаралық қарым-қатынас тілі болып қала береді, бұл құқығын одан ешкім тартып алғалы отырған жоқ. Дегенмен, ҚР Конституциясында мемлекеттік тіл тек қана қазақ тілі болуы керек деген берік сенімнен мені ешкім де бас тартқыза алмайды. Бұны мен затым қазақ болған соң ауызға алып отырғаным жоқ, қайта еліміз қоғамының басым көпшілігін құрайтын ұлтымыздың атын иеленіп, осы жолда қазақ жұрты азапты мехнат шегіп, алдыңғы қатарлы ұл-қыздарының қанын судай төккендіктен құқылы екендігін сөз етіп отырмын.

Ал, менің көзқарасымша, орыс тіліне ресми екінші мемлекеттік тіл мәртебесін беру ақылдан адасқындық болып табылады. Мәслен, өз басым «Avaaz қауымдастығы» мүшелерінің  «шын мәнісінде қазақ тілінде еліміздің азаматтарының жартысынан астамы ғана сөйлейді»  деген уәждауларымен еш келіспеймін. Бұл деректер қайдан алынып отыр?.. Немесе «Барлық саладағы құжат айналымы, техникалық құжатнама, заңнамалық акітілер не тек қана орыс тілінде, не болмаса екі тілде кезектесіп, көбіне орыс тілінен аударма түрінде, қазақ тілінен еш аударылып қолданылмайды» деген ой түйіндеулер қайдан шықты? Мен бұны факті емес, мемлекеттік қызметкерлер тарапынан ҚР «Тіл туралы» Заңын тиісті деңгейде орындамай жасап отырған қаскөй қастандықтары деп атаймын.

ҚР 2020-2025 жылдарға арналған тіл саясатын жүзеге асыруға қатысты мемлекеттік бағдарламаның мазмұндағы ресми мәліметтер бойынша елімізде орын алып жатқан жағдайға көз жіберетін болсақ, мемлекеттік тілде сөйлейтін азаматтардың саны жылдан-жылға артып келеді. Егерде Қазақстанның түркітілдес тұрғындарын алар болсақ: онда өзбектердің – 95,5%, ұйғырлардың – 93,7%, қырғыздардың – 92,7% жуығы қазақ тілінде тұрмыстық деңгейде сөйлей алса, 12% – емін-еркін қолдана алады. Славяндық этностар арасында ауызша қазақ тілін түсінетіндер саны: орыстар – 25%, украиндар – 21,05%, белорустар – 19%, поляктар – 20,9%, сондай-ақ, неміс диаспорасы өкілдері – 24% болып келсе; оқи және жаза білетіндер – 2,9% құрайды.

Алысқа бармай-ақ, 2009 жылғы санақтың нәтижесін еске алатын болсақ, онда еліміздің азаматтарының 74%-ы ауызша қазақ тілін түсінетіндерін, қазақ тілінде еркін оқи алатындар  – 64,8%, өз ойын жазып жеткізе алатындар – 62% болды. Ал мынау ең соңғы 2018 жылы жүргізілген әлеуметтік зерттеудің нәтижесі: орыс диаспорасының өкілдерінің – 2,7%, өзге ұлт өкілдерінің – 9,4% қазақ тілін өз ана тілім деп көрсеткен. Демек, қазақ тілінде сөйлеушілердің үлесі тек жергілікті ұлт өкілдері арасында ғана емес, сонымен  бірге өзге этностар арасында өсіп келеді. Бұл түйіндеулердің бәрі аспанан алынып отырған жоқ «Қоғамдық пікір» зерттеу институтының деректері бойынша тұжырымдалып отыр. Онда  мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі 2017 жылы – 83,1%, ал, 2018 жылы – 85,9% құрайды деп көрсетілген.

Барша һәм ресми, әм жеке зерттеулер орыс тілінің қолданылуына қатысты керісінше құбылысты аңғартса да, неліктен «Қазақстан азаматтарын Үндеудің» авторлары ел өмірінің барша саласындағы қазақ тілінің сұранысқа иелігін жоққа шығаруға тырысады? Оның үстіне екі тарап та істі дабырайтпай, ақылға салып, оңды жолмен шешуге талпыныс жасауға тиіс…

Бұл жол төңкерістік емес, табиғи болуы тиіс

Канат ТАСИБЕКОВ: И верные, и красивые

Қанат Тасибеков, елге танымал «Жағдаяттық қазақ тілі» тілшарлары топтамасының авторы:

- Сөзді орыс тіліне екінші мемлекеттік тіл ретінде мәрте беру жайлы петициядан бастағым келеді. Мен бұған үзілді-кесілді қарсымын, әрі ұлтараздығын қоздырушылыққа тырысушылық деп санаймын. Шындығында да қоғам келісіп, жұрт мойындаған дүниені жоққа шығарушылық кімге не үшін қажет бола қалды?

Ал, екінші петицияға қарата айтар болсам, қазақ тілінің ресми құжаттарда ғана емес, күнделікті өмірде де де-юре ғана емес, сонымен қатар де-факто да, өзіне лайықты орын иеленуін шын жүрегіммен қалайтын жанмын. Сондықтан ат-арбаның алдына түсіп алып далбаңдай жүгіруді ұсынатындарды еш қолдамаймын. Олар тап осындай шешім қабылдау үшін оған сай базаны қалыптастыру керектігін тарс естерінен шығарып алады. Бәріміздің бір білетініміз түптің түбінде Конституцияға өзгеріс енгізіледі, бірақ біз бұған сауатты, мәртебелі әм кәсіби тұрғыда сақадай сай дайын болуымыз шарт. Бұл жол төңкерістік емес, табиғи болуы тиіс.

Оның үстіне тілге қатысты қол жинаумен және протестік акцияларды ұйымдастырумен зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар емес, бірыңғай тек саясаткерлер ғана айналысуға тиіс.

Түйін. Мемлекеттік тіл мәселесі елімізде тіркелген саяси партиялардың белсене араласуысымен ҚР 2020-2025 жылдарға арналған тіл саясатын жүзеге асыруға қатысты мемлекеттік бағдарламасы аясында бюджеттік мемекелер мен ұйымдардың, түрлі деңгейдегі депутаттық корпустардың қазақ тілінде ғана іс-қағаздарын жүргізуге 3-5 жыл төңірегінде бірте-бірте көшуін қағаз жүзінде емес, іс жүзінде жүзеге асырылатын уақытының жеткенін танытып отыр.  Қазір де-юре мемлекеттік тіл болып табылатын қазақ тілін ҚР 2020-2025 жылдарға арналған тіл саясатын жүзеге асыруға қатысты мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіби мамандар мен филологтар де-факто өзіне лайықты орын иеленуі үшін сөзбен емес, іспен жүзеге асыруы керек.

Әбіл-Серік Әлиакбар

Abai.kz

28 пікір