Сенбі, 27 Сәуір 2024
46 - сөз 4734 6 пікір 20 Мамыр, 2020 сағат 16:58

Ол кезде билік біздің үндеуімізге құлақ асқан жоқ...

ҚҰРМЕТТІ ЖАСТАР!

ЕАЭС басын көтерген кезде біз, орта буын, бей жай қарамадық. О кезде мен өз бизнесіме қарамай бұл мәлімдемені өз қолыммен жазғанмын. Шаханов ағамызбен бірге бүкіл оппозицияны үгіттеп қолдарын қойғызып жарияладық. Бұл 2010 жылы, наурыз айы болатын.
Бірақ о кезде билік біздің үндеуімізге құлақ асқан жоқ.

"КЕДЕН ОДАҒЫНА ЕНУ - ТӘУЕЛСІЗДІКТЕН АЙЫРЫЛУ

Республикамыздың барлық азаматтарына!

Тәуелсiздiгiмiзге қауіп төнді. Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы 2010 жылдың 1-шiлдесiнен бастап Кедендік одаққа кiредi. Бастапқыда Белоруссия да бұл одаққа қосылмақ болған. Олар өз мүдделерін жоғалтатынын алғашқы келіссөздер кезінде анық байқады да, одан бас тартты. Көршiлерiмiз - Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан бұдан сырт қалды. Тәуелсiздiктерiн қастерлегендіктен де Украина, Грузия, Армения мен Балтық жағалауындағы үш мемлекет мұны тiптi ауызға да алмады. Егер экономикалық жағынан тиiмдi болса, олар Кеден одағына мойын бұрмас па едi. Ресейден құқайды көп көргендіктен олардың ешқайсысы кешегі Кеңестік замандағыдай бодандық қамытын қайта кигiсi келмеді.

Республикамыздың барлық азаматтарына!

Тәуелсiздiгiмiзге қауіп төнді. Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы 2010 жылдың 1-шiлдесiнен бастап Кедендік одаққа кiредi. Бастапқыда Белоруссия да бұл одаққа қосылмақ болған. Олар өз мүдделерін жоғалтатынын алғашқы келіссөздер кезінде анық байқады да, одан бас тартты. Көршiлерiмiз - Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан бұдан сырт қалды. Тәуелсiздiктерiн қастерлегендіктен де Украина, Грузия, Армения мен Балтық жағалауындағы үш мемлекет мұны тiптi ауызға да алмады. Егер экономикалық жағынан тиiмдi болса, олар Кеден одағына мойын бұрмас па едi. Ресейден құқайды көп көргендіктен олардың ешқайсысы кешегі Кеңестік замандағыдай бодандық қамытын қайта кигiсi келмеді.

Біз, Қазақстандағы елуден астам қоғамдық бiрлестiктерді, демократиялық, оппозициялық саяси партияларды, зиялы қауым өкiлдерiн, тәуелсіз басылымдарды, жастар ұйымдарын біріктірген «Тәуелсіздікті қорғау» халықтық-демократиялық қозғалысы атынан үстiмiздегi жылдың 18-наурызында Кедендік одаққа кіруге наразылық бiлдiрiп, мәлімдеме жасадық. Қазақстан Республикасының президенті Н.Назарбаевқа, Сенат пен Мәжiлiс төрағалары Қ.Тоқаевқа, О.Мұхамеджановқа, премьер-министр К.Мәсімовке жолданған ол мәлімдемеге жауап қайтарылған жоқ. Қазақстандық билік қоғамдық ұйымдармен, халықтың пiкiрiмен санасқысы келмейтiнiн, алған бағытынан қайтпасын сездiрдi.

Сондықтан да біз халыққа арналған осы Ашық хатта мынаны мәлiмдеймiз:

- Кедендік одақты және Бірыңғай экономикалық кеңiстiктi құру Қазақстанның тәуелсiздiгi мен экономикалық мүддесіне зор залалын тигiзедi.

Қазақстан қазiрдiң өзінде сыртқы сауда саясаты саласындағы дербес өкiлеттiгiн Мәскеудің ұлттық органнан жоғары тұрған Кеден одағы комиссиясына аманаттады. Бірыңғай экономикалық кеңiстiк шеңберінде бұл органға Қазақстан өзiнiң мынандай маңызды дербес экономикалық өкiлеттiктерiн:

- бірыңғай валютаны қалыптастыруды;

- бірыңғай базалық тарифтерді белгiлеудi;

- макроэкономикалық саясатты келiсудi өткiзiп беретін болады. Сөйтіп теңгенің орнына ортақ валюта жасайды; электр, газ, теміржол, т.б. қатысты базалық тарифтерді өзі белгілей алмайтын болады; бюджет тапшылығы, мемлекеттік қарыз, инфляция, валюта бағамы, мұнайға қойылатын бағаларды түрліше шамалау, мемлекеттік сатып алу, ауыл шаруашылығына субсидия беру сияқты мәселелерді өз бетінше шешу мүмкiндiгiнен айырылады.

Макроэкономикалық саясатты үйлестіру, негiзгi бағыттарды айқындау, кедендік одаққа мүше елдердің экономикалық-мониторингiн іске асыру осы комиссияға жүктелмек. Мұның бәрі де одақтық үкiметтi қалпына келтіруге кiрiскендiктi көрсетеді. Ресейдің атышулы шенеунiктерi КСРО үлгiсiндегi бiрлестiктi құру жоспарын ашықтан-ашық мәлімдеп жүр. Ресей Федерациясының территориясын бұрынғы одақтас республикалар есебінен ұлғайтуды көздеген олардың жария етілген шақыруларын РФ Сыртқы істер министрлiгi немесе жоғары лауазым иелерiнiң бірде-бiрi теріске шығарған жоқ. Қазақстан үкiметi соған келiскендей-ақ үнсіз қалды, қарсы пiкiр айтуға жарамады.

Қазақстанның Ресеймен экономикалық бiрлестiгi тең дәрежеде құрылып отырған жоқ. Халықаралық интеграция ұстанымы бойынша жақындасушы елдердің шама-шарқы, индустриализацияландыру деңгейі қарайлас болуы шарт. Сонда ғана iшкi салалық бәсекелестiктi тереңдетуге, өнiмнiң сапасын арттырып, бағасын төмендетуге мүмкiндiк туады. Кеден одағы шеңберінде iшкi салалық бәсекелестік туралы сөз қозғаудың өзі артық. Өйткені Қазақстанда шын мәнiнде дайын өнім шығаратын салалар жоқтың қасы. Мұндай жағдайда шығатын қорытынды біреу: ресейлік салалық монополизм аумағы кеңейеді, сыртқы баж салығы аспандаған күйінде қалады. Ақырында Қазақстан ресейлік өндiрiстiң басыбайлы тұтынушысына айналады. Елiмiздегi бағаның шарықтап өсіп, ел халқының кедейлене беруіне ол да бір себеп.

2010 жылдың I-тоқсанында ғана инфляция өсiмiнiң қарқыны өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда едәуір артты (Былтыр - 2,8 %, биыл - 3,6%). Жеміс пен көкөніс - 12,6, қант - 8,1, сүт және ет өнiмдерi - 4,1 пайызға қымбаттады. Азық-түлік бағаларының бағасы - 5,4, азықтық емес тауарлар бағасы - 6,7, ал қызмет көрсету 10,2 пайызға көтерiлдi. Бұл тек инфляцияның бастапқы қарқыны. Кедендік одақтың адамдардың әлеуметтік жағдайын құлдырататыны жөнiндегi бұрынғы ескертпеміз дәл келді.

Қазақстан парламенті қолданыстағы жиырмадан астам заңды Кеден одағы негiзiнде Ресей Федерациясы заңдарының ыңғайына орай қайта үйлестiрудi шұғыл түрде қолға алды. Бұл - елiмiздегi заң шығарушы органын - парламентті Ресей Федерациясы Думасына тәуелді ететін алғашқы қисық қадам. Мұндай тәуелдiлiк Қазақ мемлекеттiлiгiн жоюға дейін апарып соғары даусыз. Біз ғасырлар бойы ата-бабаларымыз армандаған, күресіп, қан төгіп, мыңдаған құрбандықпен қол жеткізген тәуелсiздiктен айырылып қалуға немесе оны Ресеймен бөлісуге түбегейлі қарсымыз!

20 жыл iшiнде Малайзия, Сингапур, Индонезия, т.б. елдер дамыған ұлттық мемлекеттерге айналды. Ал бүгiнгi Қазақстанның экономикасының төрттен үш бөлiгi шетелдік капиталға тәуелді. Сыртқы қарызымыз - 111 миллиард доллар. Бұл елдің жалпы iшкi өнiмiне тең. Дүниеге келген әрбір Қазақстан азаматының шетел алдындағы қарызы - 7 мың АҚШ доллары. Мұның бәрі «Қазақмыс», Еуразия тобы, «МитталСтил» сияқты олигархиялық топтардың 15 жыл бойы бюджетті толықтыруға тиесiлi үлес қоспауынан, экономиканың 20 пайызын құрайтын мұнай саласынан ондаған миллиард доллардың бюджетке түспеуінен және ел экономикасын шетелдік компаниялардың басқаруынан туындады.

Қазақстан үкiметi экономиканы дамытуды, инновация, индустриализация жөнiндегi бағдарламаларды тек қағаз жүзінде ғана жасай бiледi. Оны іске асыруға қабiлетсiз, құлықсыз және мүдделiлiк танытпады. Сондықтан да өз елiмiздегi өндiрiстi, кәсiпкерлiктi, ауыл шаруашылығын дамытудың орнына, ұлттық, мемлекеттік мүддені алға шығарып, оны қызғыштай қорғаудың орнына шетелдiктердiң ыңғайына жығылуға бейім тұрды. Отаншылдық, патриоттық сезiмдi жоғалтқан, жемсаулық, жағынғыштық, жалған айтушылық әдеттерді бойына сiңiрген басшылардан еш қайыр жоқ! Олар мемлекет басшысын қателікке ұрындырмауды, керек кезінде түзетіп отыруды өздеріне міндет санамайды. Кедендік одақ арқылы Ресейге саяси және экономикалық жағынан тәуелді ету - сондай сатылғыштардың iсi.

Қадірлі отандастар!

Біз Сіздермен бірге билік ұсынған алғашқы доктринаға, «қазақстандық ұлтқа», Қытайға жерді жалға беру мәселесіне қарсы тұрдық. «Көп қорқытады, терең батырады», қалың қауым - Сiздердiң қолдауларыңызбен белгілі деңгейде жеңіске жеттік. Бұл күресте де бірге болайық.

КЕДЕН ОДАҒЫНА ЖӘНЕ БІРЫҢҒАЙ ЭКОНОМИКАЛЫҚ КЕҢІСТІККЕ ЕНУГЕ қарсымыз! Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне қатер төндіруге жол бермейміз!

Қазақстан Республикасын өзінің туған отаны санаған әрбір азамат осы үндеуді қолдайды, конституциялық құқығын пайдалана отырып, оған қол қояды және қол жинауға ат салысады деп сенеміз."

https://abai.kz/post/4218

Мұхтар Тайжанның желідегі жазбасы

Abai.kz

6 пікір