Жұма, 26 Сәуір 2024
Деп жатыр 7263 4 пікір 20 Мамыр, 2020 сағат 16:12

Дағдарыстан шығудың жалғыз жолы...

Бұл жолығы сөз – дағдарысқа байланысты бірнеше экономикалық атауларды және бүкіл әлемде ортақ қолданылатын дағдарыстан шығу жолдары туралы болмақ. 

Сонымен бірге, Президенттің дағдарысқа қарс қабылдап жатқан шараларына қосымша, тығырықтан сәтті шығуға септігі тиеді-ау деген бірнеше ұсыныс айтылмақ.

Көпке белгілі, экономика – микро және макро экономика болып, екіге бөлінеді. 

Микро экономика, бір сөзбен айтқанда, сұраныс пен ұсыныстан тұратын алым-берім қарекеті. Әдетте үкімет ұсыныс пен сұраныстың тепе-теңдігі мен нарықтың табиғи қатынастарын заң тармақтарымен шектеу немесе ынталандыру шаралары арқылы реттеп отырады. 

Бұл – микролық реттеу деп аталады. 

Бүкілдей нарықтық экономика жүйесіндегі Батыс елдерінде микролық реттеу болмайды. Ұсыныс пен сұраныстың баланысын нарық өзі реттеп отырады. Үкімет бұл нарық жүйесіне тікелей араласпайды. Микролық реттеу – бұрынғы жоспарлы шаруашылықтың шекпенінен шыққан біз секілді елдердің қолданатын әдісі. 

Мемлекет экономиканың жалпы көлемінің өсуіне бағыт-бағдар беріп, реттеп отырады. Бұл – макролық реттеу деп аталады.

Макролық реттеу мемлекеттің қаржы саясаты мен ақша-кредит саясаты арқылы жүзеге асады. Қаржы саясатының атқарушы органы – үкіметтің қаржы министірлігі. Ақша-кредит саясатының атқарушы органы – Ұлттық банк. 

Қаржы министрлігінің ролына тоқталмай-ақ қояйын, ол бәрімізге түсінікті. Одан гөрі адамдарға шамалы түсініксіз болып көрінетін ұлттық банктың ролына аз-кем аялдайыық. 

Қарапайым тілмен қысқаша түсіндірсек,  ұлттық банк – теңгені өзі басып шығаруға бірден-бір құзіреті бар әрі ол теңгені көтерме бағамен екінші деңгейлі банктерге және басқа қаржылық ұйымдарға сататын оптовик. Сонымен қатар,  екінші деңгейлі банктердің басқарушы органы әрі  ақшасын жиып сақтайтын қоймасы. Ұлттық банктің бұдан басқа да функциялары көп. Оның бәріне тоқталу – артық әңгіме. Қарапайым түрде осылай түсінсек жеткілікті. Ал, күнделікті ақша алып, ақша қойып жүрген банкымыз – екінші деңгейлі банк деп аталады.

Әлемде экономикалық дағдарыс туылғанда, оның салдарын жою үшін сол елдің орталық үкіметі мен ұлттық банкы атқа қонады. Екеуі бірінің саясатына бірі қайшы келмейтін шартпен тәуелсіз жұмыс атқарады.

Ал, мемлекетте экономикалық дағдарыс туындағанда, оны жеңудің  қалыптасқан 5 түрлі әдісі бар. 

Бірінші, үкімет те, халық та барлық шығыстарды азайтып, үнемдеуге болатын ақшаның бәрін үнемдеу, шығынды барынша қысқарту арқылы. Бірақ,  шығысты шексіз қысқарта берсек, соңы кірістің азайуына апарып соғады. Өйткені, біреудің шығысы – енді біреудің кірісі болып табылады. Сөйтіп, экономикалық өсім үздіксіз құлдырауға бет алады. Жұмыссыздық көбейеді. Осындай кезде мемлекет дағдарысқа қарсы екінші түрлі шараға көшеді. Мемлекет жұмыссыздықты азайту үшін, кәсіпкерлердің борышын жеңілдетеді. Яғни салығын азайтады және жеңілдікпен несиелер береді. Мемлекеттік сатып алуды арттырады. Экономиканың белсенділігін жоғарлатып, жұмыс орнының көптеп ашылуына жол ашады. Ол үшін, үкімет кәсіпкердің банк алдындағы борыштарын азайтып немесе өзі арқалап, кәсіпкер мен банктың кредиттік қатынасын қайта қалыптастыруға тырысады. Үкімет бұл ақшаны ұлттық қордан алады немесе мемлекеттің мерзімді құнды қағаздарын финаныс тарауларына тарату арқылы табады. Осылайша, банк пен кәсіпкер арасындағы кредиттік қатынас қайта қалпына келеді. Егер, осындай жағдайда да  ішкі сыртқы себептерге байланысты өндіріс өнімділігі  өспесе, экономика жанданбаса, онда кәсіпкердің банк алдындағы борышы тіпті артады. Кәсіпкер банктың қарызын қайтаруға шарасыз қалады. Бара-бара банктың депозиттық кленттердің ақшасын шешіп беруге мүмкіндігі төмендейді. Осы кезде депазиттық кленттер банкке сенімсіздік танытып, ақшасын банктен толықтай шығарып беруді талап етеді. Бұл – банкты күйреуге апарып соқтырады. Егер, банктер жалпы беттік күйресе, бұның зардабы өте ауыр болады. Оның соңы дүрбелеңге ұласуы әбден мүмкін. 

Сондықтан, біздің үкіметтің де дағдарыс кезінде ең алдымен банктерді құтқаратындығының себебі осында. 

Үшінші, мемлекет жұмсалған ұлттық қордың орнын толтырып, үкіметтің қаржылық дефицитын азайту үшін, мемлекеттің активтерін сатуға мәжбүр болады. Осы арқылы бюджиеттік шығыстардың орнын толтырып, әлеуметтік шығындарды төлеп, экономиканы орнықтыруға тырысады. Мемлекеттің активтері мемлекет меншігіндегі жылжымайтын және жылжитын мүліктерді, ұлттық компанияларды, құнды қағаздарды т.б қамтиды. 

Мемлекет дегеніңізді, былайша айтқанда, «Супер отбасы» ретінде түсінуге болады. Егер, отбасынызда экономикалық дағдарыс болса, алдымен өнім бермейтін жылжымайтын мүлкіңізді сатасыз. Сол сияқты мемлекетте бірінші қадамда өзіне сол мезетте бюджиеттің қоржынын толдыруға жәрдемі тимейтін, тиімсіз активтерін сата бастайды. Бұнда ең оңай сатылатын, ақша тез түсетін актив – Жер. 

Жер – ауыл шаруашылық мақсатында пайдаланатын жерлер, бизнестік мақсатқа пайдаланатын жерлерді қамтиды. Байқап қарасаңыз, мемлекетімізде Жер сату науқаны, әр жолы дағдарыс белең бергенде басталады. Мысалы, 2016 жылғы жерді аукцион арқылы сатуға тырысқан әрекет. 2016 жылы еліміз экономикасында қандай құлдырау болғанын айтпасақ та көз қарақты адамдардың барлығы біледі. 

Қорытып айтқанда, мемлекеттің жер сатуға мәжбүр болуының бір себебі – бюджеттің  түбі көріне бастауы. Егер, жер сату жүзеге аспаған жағдайда, мемлекеттік нысандар, ұлттық компаниялар сатылымға шығады. Дағдарыс кәсіпкерлер үшін бір жағынан қиыныншылық әкелесе, енді бір жағы орай тудырады. Осындай кезде мемлекеттің активтерін арзан сатып алуға болады. 

Егер бұл шаралар өнім бермесе, мемлекет төртінші әдіске көшеді.

Ол – байлардың қалтасына «қол салу» тәсілі. 

Бұнда, алдымен табысы жоғары байлардың салығын көтереді. Екінші бір жағынан, кезінде мемлекет өзі көлеңкелі бизнес ашуына жол берген, соның арқасында байыған ауқаттылардың байлығын ортаға салуға мәжбүрлейді. Тіпті жаманына бақса, «берсе қолынан, бермесе жолынан» деп, тартып алуға дейін барады.  

Естеріңізде болса, 2017 жылғы бір жиналыста Елбасының «Елге қайтарыңдар ақшаны, тағы қандай кепіл керек? Қандай заң, жарлық керек? Айтыңдар, мен істеймін. Мұны істемесеңдер, біз өзіміз істейміз, сосын ренжімеңдер» деп шүйліккені бар. 

Демек, экономика әбден тұралағанда,  мемлекет еріксіз осы қадамға барады. 

Бесінші, мемлекеттік облигациялар шығарады. Ұлттық банк үкіметтің талабы бойынша теңгені артығымен көбейтіп басады. Теңгенің депозиттік резервін төмендетеді. 

Сөйтіп, артық басылған ақшаны бір жағынан екінші деңгейлі банктерге беріп, кредитті қалпына келтіреді. Екінші жағынан, мемлекет өзі инфрақұрылымға, тағы басқа мемлекеттік нысандарға тікелей инвестеция  салып, халықты жаппай жұмыспен қамтуға көшеді. Сол арқылы экономиканы жандандырады. 

Бірақ, бұлай істеудің де өзіндік салдары болады. Зат бағасы күрт өседі,  теңге әлсірейді. Бұл – халықты уақытша күйзелткенімен, елдің тыныштығын сақтауға жәрдемдеседі. Әлемдік экономиканың қайта жандануына жеткенге дейін мемлекеттің шаңырағын шайқалтпай ұстауға мүмкіндік береді. 

Кез-келген әлемдік экономикалық дағдарыстың периоты болады. Мемлекет экономикалық құлдыраудан өрлеуге дейінгі уақыттан аман-есен өтіп кетсе, келесі дағдарысқа дейін халық мамыражай тұрмыс кешеді.

Нарықтық экономика – ол – кредит экономикасы. 

Яғни, болашақтың қаражатын алдын-ала тұтынатын экономикалық құбылыс. Кредит өмір сүреді екен, периотты экономикалық дағдарыс міндетті түрде өмір сүреді. 

Сондықтан, халыққа дағдарыспен бірге өмір сүруге дайын болыңыздар дегім келеді. 

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы жақында дағдарысқа қарсы көптеген шаралар қабылдады. Бұл шаралардың барлығы да жоғарыда баяндалған дағдарыстан шығудың әлемде қалыптасқан бес түрлі тәсілімен   үндесіп жатқанын байқап отырмыз. Атап айтқанда, дағдарысқа қарсы ғылми түрде, әлемдік тәжрибелердің негізінде батыл қадамдар жасап жатыр. Оған айтар дауымыз жоқ. Алайда, осы қабылданып жатқан шараларға қосымша, өзімнің жұмыс барысындағы тәжірибеме сүйене отырып, бір пайдасы тиіп қалар деген ниетпен бір-екі ұсыныс айтқанды жөн көрдім.  

Бірінші, Үкіметтік сатып алу жүиесіне қайта реформа жасау керек. 

Қолданыстағы заңдарға сай, бәсекелестіріп сатып алуда, Үкімет ең төменгі баға ұсынған кәсіпкерге тендер береді. Бірақ, тауардың ақшасын тауарды жеткізіп берген соң  төлейді. Нақтылап айтсақ, тендерге қатысушы кәсіпкер  алдымен өзінің ақшасын жұмсап, жұмыс біткеннен кейін барып ақшасын алады.

Бұл дағдарыс кезінде орта-шағын кәсіпкерлікті қолдауға көмектеспейді. Үкіметтік сатып алудың бұл әдісі тек қолында дайын қаржысы бар монополдарға ғана мүмкіндік береді. Бұның соңы монополияға, сапазыздыққа, жемқорлыққа апарып соқтырады.

Қазіргідей дағдарыстық жағдайда алып-сату мен және қызмет өтеушілікпен айналысатын орта-шағын кәсіп орындарда күнделікті айналымдағы ақшадан сырт, запас қаражат болмауы мүмкін. Ұсақ өндіруші кәсіпорындардың жағдайы тіпті қиын. Олар шынтуайтында  бірді бірге жалғап «Шықпа, жаным, шықпа!» - деп, әрең күнелтіп отыр. Бұндай жағдайда ұсақ кәсіпорындар үкіметтік сатып алудың қызығын көру былай тұрсын, маңайына да бара алмайды. Сөйтіп, шағын кәсіпорындар есеймейді. Бұл жаңа кәсіпкерліктің пайда болуына кедергі келтіреді. Шағын кәсіпкерлер  жөргегінде тұншып қала береді. Мемлекеттік сатып алу жүйесі, тек, бір бөлім адамдар ғана игіліктенетін майлы жілікке айналады. 

Сондықтан кәсіпкерлікті демеп, халықты көптеп жұмыспен қамту үшін, мемлекеттік сатып алуда барлық кәсіпкерлерге  тең мүмкіндік берілуі керек. Үкіметтік сатып алу – кез-келген кәсіпкерге тең  мүмкіндік жасайтын платформаға айналуы тиіс. Ол үшін, «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға мынадай өзгерістер енгізу керек деп есептеймін.  

1) Алдын-ала төлемсіз сатып алуды, алдын ала 50% төлеп сатып алуға өзгерту керек. 

2) Әрбір облыс, аудан, қала мемлекеттік сатып алуда алдымен өз өңіріндегі кәсіпкерлердің тендерге қатысуына қолдау көрсетіп, басымдылық бере алатын болу керек. Сол арқылы өңірлік кәсіпкерліктің жандануына дем беріп, өңірдегі жұмыссыздықты азайтуға мүмкіндік туады.

3) Электронды портал арқылы тендерді ұтып алған кәсіп орынды тапсырыс беруші жақ алдымен нақтылап тексеріп барып сосын ақша аудару керек. Егер "Аты бар заты жоқ" кәсіпорын болса, алдын-ала төлем жасаудан бас тартуға тиіс.. 

Екінші, Қызметкерлердің еңбекақысынан ұсталатын салықты  реформалау қажет.  

Дағдарыс жағдайында, жалақыдан ұсталатын салықтың өзі кәсіпкерліктің тұрақты дамуына кедергі келтіретін негізгі фактордың бірі деп қарауға болады. 

Неге дейсіз ғой? 

Әдетте, заң бойынша, жалақының 10% - салыққа, 10%-ті бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына ұсталады. 

Енді қараңыз, қалыпты жағдайда орта-шағын бизнестегі орташа айлық 120 000 тг дейік. Егер, жоғарыдағы 20% -ті қызметкер өзі төлесе, онда оның қолына 96 000 теңге тиіп, еңбекақы мөлшері тіпті азайып, мардымсыз болып қалады. 

Егер, ол сома компанияның есебінен төленсе, әрбір қызметкер үшін 24 000 теңге төлеу – кәсіпкерге де едәуір салмақ түсіреді. 

Қысқасы, бұл ақшаны кім төлесе де, бәрі бір «Арық атқа қамшы ауыр» болайын деп тұр. Сосын бұл мәселе жұмысқа тұру мен жұмысқа алуды да қиындатып жіберуі мүмкін.

«Төмен жалақы алатын азаматтар салықты аз төлейді, ал жоғары жалақы алатын жұмысшылар үшін салықтың көлемі артады», - деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында.

Осы орайда мен тек 150 000 теңгеден төмен еңбекақы алатындардан салықты алып тастауды ұсынам. Оден жоғары 300 мың тегеге дейін  еңбекақы алатындарға 3%, 500мың теңгеге дейін жалақы алатындарға 5% , 1 миллион теңгеге дейін айлық алатындарға 7% салық салған дұрыс деп есептеймін. Одан көп алатындардан 10 % ұстаса болады. 

Сөйтіп, Президент айтқандай көп айлық алатындардан көп, аз жалақы алатындардан аз салық ұстап, үкімет кәсіпкердің жұмыскерді тұрақты жұмыспен қамтуына шарт-жағдай әзірлейтін мүмкіндік тудыруы тиіс. 

Үшінші, «Туған жерге туыңды тік» бағдарламасын одан ары жандандырып, үлкен байларды өз туған ауылын көркейтуге үндеу керек.

Ауқатты азаматтар өзі туған ауылдан кәсіпорын ашса, ауылдастарын жұмыспен қамтыса, ауылдың инфрақұрлымын жөнге келтірсе, Үкімет сол ауылдың атын сол кәсіпкерге беру немесе мектебінің атын беру сынды, шабыттандыру шараларын іске қосса, артықтық етпейді. Әсіресе, халық аз қоныстанған өңірлердегі ауылдардың. 

Дағдарыстан шығудың ең ұтымды бір жолы ауылдарды басқару тәртібіне және ауыл шаруашылықты субсидиялауға түбегейлі реформа жасау. Бұл туралы келесі мақаламызда арнайы тоқталатын боламыз. 

Сонымен бірге, қаладағы жаңа салынған көпірлердің атын аукционға шығарып сатып та қаржы жасауға әбден болады. Әрине, оны да ауқатты азаматтар алады. 

Сайып келгенде, және қайталап айтамыз, осы «керектер» мен «тиістердің» бәріне батыл-батыл қадамдар жасалуы, кемелді-кемелді заңдар керек, тиіс!!!

Ербосын Нұрмұханұлы

Abai.kz

4 пікір