Жексенбі, 7 Маусым 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 12694. Жазылғандар — 7135. Қайтыс болғандар — 53
Дәстүр 1454 23 пікір 16 Мамыр, 2020 сағат 15:09

Мәселе домбырада емес, мәселе - киеде!

Кие дегеніміз не?

Бар нәрсе ме ол өзі, жоқ нәрсе ме? Бар болса оны кие тұтуымыз керек пе, жоқ па? Үш мысал.

1.Шардарада Базарбай есімді білімдар молда кісі өтті. 70-жылдары бір отырыста бір даукес жас жігіт: "Құдай жоқ!" деді. Базекең саспай: "Жақсы, сен анау ең басында Лениніңнің суреті тұрған "Правда" газетіңді күнде әжетіңе жаратып жүрсің. Енді соны Құранның бір парағымен істеп көрші" деді...

2.Астрахан қаласын орыстар алғаннан кейін мешітті арақ ішетін, жын-ойнақ құратын жерге айналдырыпты. Бірақ, «сауыққойлар» ауырмай-сырқамай өле беріпті. "Жалмауызға да жан керек", жақсы ғимаратты да қимаған, жан да керек болған немелер не істейміз поптарына барыпты. Олардың ішінен біреуі ғана ақыл-кеңес беруге жарапты: "Сендер мешітке шошқа қамаңдар. Мешіттің күші таусылған күні шошқалар да өлмейтін болады. Содан кейін кіріп тұра бересіңдер" депті. Айтқаны дұрыс келіпті...

3.Діннен қазақы қалыпқа көшейік. 80-жылдардың ортасында мен Бетпақдалада геоэкспедицияда жұмыс істедім. Арамызда қырғыз Албан дейтін күйеу бала болды. Өзі аңшы еді. Киікке шыққанды күрт қойып кетті. Себебін бір күні сұрап едім: "Әдеттегідей олардың Шолақеспедегі артезиан құдыққа суға келетін кезін күтіп, қамыстың ішінде жатқанмын. Келді. Ық жақтамын. Бәрі суға бас қойды. Енді біреуін атайын деп оқтала бергенімде текесі басын көтеріп, тура сезгендей, мен жаққа бұрылып қарады. Маңдайында жалғыз көзі бар екен. Мылтығым қолымнан түсіп кетті. Содан бері шыққан жоқпын" деді... 

Жақсы. Сол Албан бір күні қасқыр тұмақ киіп келді. "Таста, Албан, киме, сен әлі қырыққа келген жоқсың!" дедім. "Кім айтты?" "Мен айттым. Қазақ айтады. Қырықтан аспай қасқыртұмақ киюге болмайды!" "Қазақ айта береді" деп, күлді де қойды. Екі-үш ай өтпей, ауырмай-сырқамай өлді де қалды... Сөзге жоқ, біртоға жақсы жігіт еді. Сонда неге көзін жеткізіп айтпадым деп, өліміне өзім кінәлідей әлі күнге дейін өкінемін...

Киені кие тұтпасақ, кепиеті ұрмай ма?

Бұның бәрін не үшін айтып отырмын? Біз кәзір "кие" дегенді мүлдем ұмыттық. Қазақ түйежүн шекпенді астына басып отырмайтын. Қанша түйесі мен жылқысы барын, баласының саны секілді, айтпайтын. Аңды атарда «сенде жазық жоқ, менде азық жоқ» деп, алдын-ала кешірім сұрайтын, бүгінгідей тікұшақпен, аэрошанамен, автоматпен ермекке қырмайтын. (Кәзір сіз күнгейдегі Сырдың бойынан қырғауыл таппайсыз). Қасқырдың атын атамай, "ит-құс" дейтін. Ер адам да, әйел адам да бас киімсіз жүрмейтін, оны ешнәрсеге айырбастамайтын. Келіншек балалы болған соң оған сәнді-салтанатты биік кимешек кигізетін, оның АНА болғанын солай байқатып, мәртебесін көтеретін. Ер адамның жағалы киімін жоғары іліп қоятын, киімін әйелдің кимімен қосып жумайтын. Бұрын бедеу биені тек жорыққа мінетін, қанша жүйрік болса да бәйгеге қоспайтын, "адал жарыс болмайды, еркек мал шабысты емес, иісті ойлап кетеді" дейтін. Ал, кәзір аламан бәйгені алған байталдың бәрін тізіп шығуға бір дәптер керек... 

Айта берсек таусылмайлы. Кәзір осының бәрі ұмыт болған жоқ па? Киені кие тұтып жатқан кім бар? Мәселе сол заттың өзінде емес, оны кие тұтатын психологияда, адами қалыпта. Егер сіз нені болсын кие тұтынбасаңыз, ол затта ешқандай қадыр-қасиет қалмайды. Ядролық физиканың атасы Э.Резерфорд өзінің институты жаңа ғимаратқа көшкенде, кіреберіс есікке таға қағып жатса, бір шәкірті: "Сэр, сіз осыншама біліміңізбен соған сенесіз бе?» деп сұрапты. Сонда ғұлама: Шырағым, ол менің сенген-сенбегеніме қарамайды, өзінің ісін істей береді"" деген екен...

 Ал, біз екі күннен бері "кертартпалар, ауыздарыңды ашпаңдар, домбыраның өзі емес, ол тек сурет қана ғой" деген уәжге көміліп қалдық. Неге онда боксшы Мохаммед Әли "Жұлдыздар аллеясына" өзінің аты-жөнін жұртпен бірге жолға, аллеяға жаздыртпады (жалғыз ғана оның есімі жеке қабырғада, биікте тұр)? Өйткені, ол пайғамбардың есімін кие тұтты! Біздің теңдессіз, өнеріне өзіміз өлердей ғашық Роза Рымбаева қарындасымыз Мәскеудегі «Жұлдыздар аллеясына» атын жазғанына қарсы болған жоқ...

Ал, біз неге қайдағы бір "жаңашыл данышпанның" шаңырақтың суретін Ақ Орданының еденіне мозаика етіп салғанына көнеміз? Неге қарсы шыққан жанды "артта қалған неме" деп күстәналаймыз? Себебі, кие тұтпаймыз! Ал, сол кие тұтпау, табанға басып таптау мен көтерем малдай орнынан тұра алмай жатқан экономикамыздың, табиға апаттарды қоспағанда, тілден екі, діннен жетпіс екі тармаққа бөлініп кеткеніміздің, жастардың өзіне-өзі қол салуынан әлемнің алдына, жас отаулардың ажырасып-күйреуінен Орталық Азияның алдына шыққанымыздың арасында ешқандай байланыс жоқ деп кім дәлелдеп бере алады?..

Анау болғым келеді, мынау болғым...

Баяғыда бір атамыз жайлауда інісінің үйінің шаңырағын көтере бергенде, дамбалының бауы шешіліп кетіпті. Келіндері бетін басып теріс қарағанда: "Сендер қымсынып қалды екен деп, мен баурымның шаңырағын жерге түсірмеймін, қадай беріңдер уықты!" деген екен. Біз сол бір сауатсыз бабамыз құрлы бола алмай жүрміз. Неге? Себебі, "сауатты надандармыз". Иә, тағы да "онда тұрған не бар, әдемі ғой" деп маған да, басқаға да араша жабылып, итше талап тастауларыңыз бек мүмкін. Өйткені, сауатты наданның көпшілік екеніне әбден көзім жетті. Тіпті, "Жер-Ана дейміз, сөйтеміз де оған дәретхана саламыз, ендеше оны неге сатуға болмайды" деген бір депутаттың сөзін неше түрлендіріп, домбыраның суретін жерге салғанды жақтаушылар бет қаратпай жатыр. Шетелдерде гитараны, ананы, мынаны ғимарат етіп салған ғой деген секілді уәж жаңбырша жауып, қарша борап тұр. Дұрыс! Сол ел, сол ұлттар үшін дұрыс. Өйткені, олардың жан-дүниесі, болмыс-бітімі оны кие тұтып қалыптаспаған. Ондай ұғымның өзі жоқ оларда. Мысалы, біз "киелі, қасиетті дастархан" дейміз. Батыс түгілі арабың білмейді оны, наныңмен қоса басып жүре береді. 

Ары қарай. Батыс кәзір әбден дамыды. Дамығаны сонша, ешқандай киелі, қасиетті нәрсе қалған жоқ олар үшін. Айуан істемейтін нәрсені істеп, еркек пен еркек, әйел мен әйел, шешесі мен баласы отбасы құрып жатыр. Соны жаппай заңдастырып жатыр! Сіз бүгін  сол азғындардың «батасын» алмасаңыз, әлемдегі ең ақылды, ең бай жігіт болсаңыз да АҚШ-тың президенті болып сайлана алмайсыз...

Бізге, "аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесін" дейтін біздің ерме, еліктегіш, әуейі, көрсеқызар қазаққа солардың ісінің бәрі дұрыс, барлық нәрседе тек солардай болуға ұмтыламыз. Біз де ұлт едік-ау, тамырымыз терең еді-ау, біз жыл он екі ай бойы өмір үшін табиғатпен күресетін, сол табиғаттың жақсы жағын үйреніп, жаман жағынан жиренетін, сол табиғаттың әмбебап заңына сәйкес бірде жеңіп, бірде жеңілетін, ал, ол үшін айналасындағының бәріне оймен қарайтын, сол жүздеген жылдар бойы күрестің нәтижесінде туабітті философ халық болып қалыптасқан ұлт едік-ау демейтін болдық. Солай болуымызға 30 жылғы билік те орасан зор «еңбек сіңірді». Сіңіргенінің бір ғана дәлелі - әлі күнге дейін біздің Ұлттық идеямыз не, оны іске асыратын Ұлттық идеологиямыз қандай болуы тиіс, оны Кандай жолмен іске асырсақ болады, ол жайлы бір шешімге келіп, бір Тұжырым жасаған жоқпыз. Ал, ол біздің ең бірінші кезекте іске асыруға тиіс ісіміз еді ғой! Өйткені "30 жылдық дәуірге" қазақтың басының бірікпегені ауадай қажет болды. Біріккен қазақ жемқор билікті 30 жылда қырғыздар секілді 2 рет емес, 4 рет төңкеріп тастар еді.

«Қылкөпірге» жақындап қалдық...

Жарайды, "өткенге - салауат, алдағыға - аманат" дейік. Дейік дейін десек, бір жылда осы бағытта ауыз толтырып айтатындай тұшымды, толымды істі тағы таба алмай қиналып отырмыз. Оның бір дәлелі - 40 күнгі карантинде толып жатқан телеарнадан қазақтың рухы, болмысы. ұлттық өнері мен музыкасы жайлы бір де бір(!) хабар берілген жоқ, Ұлттық әндер мен күйлерді орындаушылардың бір де біреуінің жеке концерті берілген жоқ (Рамазан Стамғазиевтің концертін береміз деп алдап кетті. Кешірім де сұрамады...) Есесіне Тұрсынбек пен әзілкешсымақтардың "өнеріне" мелдектеп тойдық. Тойған біз ғана, азғантай, аттың төбеліндей, былайғы көп жұрт "осы сендер-ақ ұлттың қамын ойлағыш екенсіңдер" деп мысқылдап, "ұлтшыл-патриоттар" деп ат қойып, айдар тағып, ағаш атқа қондыруға аз-қалып отырғандар емес екен, оған кешегі Талғат Теменовтің су жаңа министр Аида Балаева ханымға жазған Ашық хаты дәлел.

Ұлттық өзегі жоқ адам, "кімі - дос, кімі - қасы екенін айырмайтын, бірі май, бірі қан болып отырған екі ұртты" адам не істемейді - кімнің айтқанына бас шұлғымайды? Оған өткен жылдардың өзі куә. "Қазақтың ханы шатыр тікпеген, тіксе де қисық шатыр тікпеген" сөзге құлақ асқан адам болған жоқ. "Қазақ әрқашан Ордасын, орда емес жай отауының өзін батысқа емес, тек шығысқа қаратып тігеді" деген сөз де ескерусіз қалды. 

Артық кеткен жеріміз болса, кешірім сұраймыз. Бірақ, Ұлттық мәселеде, мысалы, қазақ тілінің ертерек іс жүзінде мемлекеттік тілге айналуы тәрізді, ымыра деген болмайды. Ымыра болса онда одан ұлттық әшнәрсе қалмайды... 

Иә, біз, ұлтшылдар, әзірге тек жеңілумен келеміз. Бір жылдан бері жылымық келгендей әсер бар екені де рас. Дегенмен, ертең мына "домбыра дауында" біз тағы да ұтыламыз. Өйткені, Гераклдың (!) өзіне жалғыз атқораны тазартуға тұтас бір күн керек болған. Соның өзінде ол екі өзеннің сағасын бұрып әкеліп барып қана тазалай алған. Бізді де алдымызда өз "өзендеріміз" күтіп тұр. 

Тек ұнжырғамыз түспеуі керек. Себебі, біз күн санап мақсат-мұратымызға, Ұлттық Мемлекетімізге жақындап келеміз. Махатма Ганди мына даналық сөзін тура бізге арнап айтқан секілді: «Басында олар сені менсінбейді, содан кейін сені мазақ етіп күледі, сосын сенімен күресе бастайды. Ал, сосын сен жеңіске жетесің».

Біз де кәзір 3-кезеңдеміз. Көп емес, аз қалды. Бізге ұнай ма, ұнамай ма, біз кәзір, дәл бүгін қазақ ұлтының тарих санасында ұлт ретінде қала ма, қалмай ма деген, тағдыры шешілетін  тарихи кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Біз әрбіріміз соған дайындай білсек, Герольд Бельгер ағамыз секілді мәселенің бәріне тек қана «осы қазаққа тән бе, жоқ па?  қазаққа керек пе, жоқ па? қазаққа пайдалы ма, зиян ба?» деген тұрғыдан баға беріп үйренсек, соған сәйкес әрекет-қимыл жасап үйренсек қана ертеңгі ұрпағымыздың бетіне тіке қарай алатын боламыз. «Әсіреқызыл сөз ғой» десеңіз өзіңіз білесіз...

Өмірзақ Ақжігіт

Abai.kz

23 пікір