Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Абай мұрасы 131057 1 пікір 15 Мамыр, 2020 сағат 11:49

Абайдың поэмалары

Абай поэмаларының саны – үшеу. Олар «Масғұт», «Ескендір», «Әзім әңгімесі» – аяқталмаған поэма. Ақынның бұл үш поэмасының үшеуі де өзінің туып-өскен қазақ ортасын, олардың тұрмысын, болмысын суреттейтін шығарма емес. Үшеуі де шығыстық дастан-аңыздардан немесе ертегілік тақырыптардан алынған сюжеттерден құралған. Көлемі аз, оқиға сюжеті шағын, Абайдың осы поэмаларының негізгі идеясы мен мақсаты ұстаздық тәрбиелік ойларға арналғанын байқаймыз. Қоғам өмірін жан-жақты кең қамтитын роман-поэмаларға немесе шытырман оқиғалы қызық тартысқа құрылған романтикалық поэма жанрына Абай көп қызықпаған секілді.

Ақын белгілі бір оқиғаларды суреттей отырып, шығарма соңында оқушысын анық бір тәрбиелі ойға жетелейді. Бірінші айтпағымыз «Масғұт» поэмасы.

Поэманың уақиғасы, тақырыбы шығыс халықтарының аңызынан алынғаны байқалады. И.С.Тургеневтің «Восточная легенда» атты қысқа әңгімесі мен «Масғұт» поэмасының бірінші бөлімінің сюжеті басынан аяғына дейін айна-қатесіз бірін-бірі қайталайды. Екеуінде де оқиға шығыс елдерінің бірінде, дәлірек айтсақ, Бағдад қаласында өтеді. Поэмада Абай араб халқының, оның тіршілігін нақты детальдармен кең қамтып суреттеуді мақсат етпеген. Поэма желісі бойынша басты кейіпкердің аты – Масғұт. Ешқандай ерекше қасиеті жоқ, қарапайым халық арасынан шыққан адам. Тіршілік ететін шаһары – Бағдад. Заманы – Һарон Рашид Халифаның тұсы. Кейін Масғұтқа кездесетін қария мұсылман аңыздарындағы Қызыр, қазақша Қыдыр ата. Халық түсінігіндегі Қыдыр ата кейде-кейде бағы жанған адамдардың көзіне көрініп, оларға бақ-дәулет үйлестіруші адам. Адамдардың көзіне әр жағдайда әр түрлі болып көрінетін Қыдыр ата поэмада Масғұтқа жәбір көріп, таяқ жеген бейшара шал кейпінде көрінеді. Масғұт оны ұрылар өлтірмекші болып, жәбірлеп жатқан жерінен құтқарып алады. Бұған риза болған шал, оны ертесіне бір жерге шақырып, бұзылған бір тамға ертіп барады. 

Барса тамға бір гүл тұр солқылдаған,

Басында үш жеміс бар былқылдаған.

Бірі – ақ, бірі – қызыл, бірі – сары,

Таңдап ал мен берейін бірін саған.

Ағын жесең ақылың жаннан асар,

Сарыны алсаң дәулетің судай тасар.

Егер де қызыл жеміс алып жесең,

Ұрғашыда жан болмас сенен қашар,-дейді шал.

Шалдың айтқандарын тыңдап, ойланған Масғұт қызыл жемісті алады. Ол ақылдан да, байлықтан да жиреніп қашады. 

Абай өзінің бірінші қара сөзінде «Мал бағу (Абай бұл жерде дүние жинап, баюды айтып отыр Н.М.) жоқ, баға алмаймын... қызығын өзің түгел көре алмайтұғын, ұры, залым, тілемсектердің азығын бағып беремін деп, қалған аз ғана өмірімді қор қылар жайым жоқ. Ғылым бағу(Абай бұл жерде ақылды болуды айтып отыр Н.М.) жоқ, ғылым бағар да, ғылым сөзін сөйлер де адам жоқ. Білгеніңді кімге үйретерсің, білмегеніңді кімнен сұрарсың? Мұңданып шер тарқатысар кісі болмаған соң, ғылым өзі тез қартайтатұғын күйік»- деген Абай, байлық пен ақылдан қашқан Масғұтқа,көп наданның ортасындағы сол өз басының аянышты халін айтқызып отыр. Қызыл жемісті таңдаған Масғұт:

Қызылды жесем,мені әйел сүйер,

Арамдыққа жүрмесем, не жан күйер?

Ұрғашы да көп жан ғой, досым болса,

Деп едім бір пайдасы маған тиер

 

Еркектің еркек адам болса қасы 

Қатын,шеше,қызы жоқ кімнің басы?

Хан қаһар, қара кісі қастық қылса,

Сонда ұрғашы болмай ма, арашашы?

 

Тегінде адам басы сау бола ма?

Бойында тексерілмес дау бола ма?

Ері ашу айтса, әйелі басу айтып,

Отырса, бұрынғыдай жау бола ма?

 

Соны ойлап қызыл жеміс мен таңдадым

Берсеңіз жемек болып бел байладым.

Топа - торсақ бұл сөзді айтқаным жоқ

Басында-ақ  ойлап тегін абайладым.

Масғұт әйелді, ең алдымен адамзаттың қақ жарымы деп түсінеді. Оның ойынша әйел, ол саған жарық дүние сыйлаған – анаң, ол сенің өмірлік серік жарың. Әйел және әйел тегі ол сенің перзентің – қызың! Ол әйелдің достығын ерекше бағалайды. Әйел жынысы ер жынысымен адамгершілік жөнінде тең дәрежеде. Адамгершілік мораль философиясындағы өзі айтпақ болған ойларды гуманист-ақын Абай Масғұт атымен айтады. Поэмада моральдық философиялық ой, оқиға тартысынан емес, ақынның ақылынан туады. Масғұт қызыл алманы жеген соң, поэмадағы келесі оқиғалар, әйел қауымы, әйел достығы туралы болып, өріс алуы шарт еді. Бірақ, Масғұт бар әйел қауымы түгіл, бір әйелдің достығына душар болмайды . Бұл Абайдың «Масғұт» поэмасындағы композициялық тұрғыдан үлкен олқылыққа жол беруі еді. Қызыл жемісті жеген Масғұт әйел достығына кездесудің орнына:

Сол Масғұт Қыдыр шалдан бата алыпты,

Соңында Шәмсі-Жиһан аталыпты.

Мағынасы «бұл дүниенің күні» деген

Жетіліп бізге ғибрат сөз қалыпты,-деп, ол ақыл парасаты арқылы күллі жаһанның яғни күллі әлемнің күні болған ақылды кісі болып кетеді.

Іс-жүзінде ол қызыл жемісті жеген кісі емес, қайта өзі жемеймін деген ақ жемісті жеген кісі болып, үлкен ақыл иесі болып шығады.

Сол Масғұт халифаға уәзір болып жүрген кезінде, түсінде сол баяғы Қыдыр шал аян беріп: «Ей, балам! Күндіз-түні қатты жауын жауады. Сол жауынның суын ішкен адам жеті күн жынды болып, жеті күннен соң қайта оңалады. Жынды болып қалмас үшін көп қылып су жинап ал»-дейді. Уәзір Масғұт мұны патшасына айтып, екеуі көп қылып су жинап алады. Айтқанындай уәделі күні қатты жауын жауып, сол судан ішкен патшалықтағы барлық адам жынды болып, патшаға бағынудан қалады. «Сендер кесапатты жауынның суын ішіп, кеселге ұшырап жынды болдындар»- деген патша мен уәзірді, жынды су ішіп, жынды болып қалған көпшілік өлтірмекші болады. Өлімнен құтыларлық қандай жол табамыз деген патшаға Масғұт: «Жынды судан өзіміз де ішуіміз керек»-дейді. 

Екеуі жынды судан ішіп алды,

Құтырып көп алдына жетіп барды.

Өңкей жынды байқамай айтыппыз деп

Құлдық ұрып, бұларға көп жалбарды.

 

...Көрдің бе, көп тентектің қылған ісін,

Еріксіз есті екеуін есер етті, - дей келе:

 

Көптің бәрі осындай, мысал етсең,

Көп айтты деп алданып, уағда күтсең.

Ғапыл боп көп нәрседен бос қаласың,

Аңдамай көп сөзімен жүріп кетсең, - деген ақынның басты ойы – өмірде өзіндік көзқарасы, ойы, пікірі бар жеке тұлға қалыптастыру. Міне, осындай өзінің айтайын деген негізгі ойымен ақын  поэмасын аяқтайды. Абай бұдан да бұрынғы ғибратты сөздеріндегі «Сократ хакімге у ішкізген», «Жанна д’Аркті отқа жаққан көпшілік емес пе еді «Көпте ақыл жоқ»:

Көп айтса көнді

Жұрт айтса болды

Белгісі надан адамның»-деген пікірлерін поэмада айтпақ болған мақсатты ойларымен ұштастырады. Өзінің бесінші қара сөзінде қазақ мақалдарын, ондағы айтпақ болған ойды талдап сынайтын Абай, «Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен жүріп адас»,  «У ішсең руыңмен»-деген қазақ мәтелдерін «Масғұт» поэмасы арқылы сынап, өзінің сыншылдық-сатиралық ойынан хабар беріп тұрғандай. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Абай бұл поэмасының композициясын ойдағыдай толық көркем етіп шығара алмаған. Масғұт халифаға уәзір болған соң поэманың соңғы бөліміндегі «Жынды су» мотиві және одан туатын «Жұртың жынды болса, сен ақылды болма, қоса жынды бол» – дейтін қорытындылар, поэманың алғашқы бөлімінде суреттелетін қызыл жеміс таңдау себептеріне, оқыстан болған ерекше оқиға сияқты, логикалық жүйе жағынан үйлесіп, қиыспай тұр.

Поэманың түпкі идеясы – Арабстанда болған оқиғаны айту емес, Арабстандағы оқиға арқылы, ақын өзі өмір сүріп отырған қазақ қоғамына ой тастай отырып, «Көп айтса көнді, жұрт айтса болды», - дейтін емес, жеке тұлға ретінде өзіндік ойы бар, пікірі бар адам тәрбиелеу.

«Ескендір» – Абайдың ең үздік поэмасы. «Масғұттай» емес, мұндағы сюжеттік құрылыс оқиға өрісіне сай, барлық әрекеттер мен қайшылықты оқиғалар негізгі ойларға ұйтқы болып, Ескендір басымен байланыстырыла суреттеледі.

Шығыста Ескендір, Еуропа елдерінің атауынша Александр дүние жүзі халықтарының аңыздарында, ертегі дастандарында ерекше орын алған адам.

Әр халықтың әдебиетіндегі Александр Македонскийдің бейнесін көп зерттеген ғалым Е.Э.Бертельс: «Шығыс халықтарына Александр жорықтарының шын мәні беймәлім болды. Александр грек республикасын талқандап, азаматтарын бағыныштыларға айналдырғаны, еркіндіктің орнына жеке адамның өктемдігін орнатуы, оның жорықтары Шығыс елдерін ойрандап, мәдени қазыналарын жойғанына олар мән бере қоймады. Мұндай әрекеттер шығыстық тирандарға тән әдет еді. Сондықтан да, нағыз Александр тез ұмытылып, аңыздар мен әңгіме-ертек тұмандарында тез ғайып болды. Александрды өнегелі басқарушы етіп суреттеу дәстүрі қалыптасты. Ол туралы нақты деректердің жоқтығынан кейіпкердің бойына автор қандай қасиеттерді қаласа соны ұялатты. Мұның өзі басқарушыға үйрету, ақыл айту (зерцало) тақырыбы топтасқан ерекше бір шығармалар тегінің тууына әкеп соқты. Сөйтіп, "Александрия" фабуласына өз кезінде ғылымның әр салаларының әр түрлі деректерді енгізу әрекетіне әкелді де, басқарушы адам меңгеруге тиіс білімдерді қызықты түрде хабарлайтын өзіндік бір энциклопедияға айналды. Бұл көркем шығармалар ғана емес, сол шығармалар жазылған дәуірдің саяси даналығының жиынтығы еді» [1,4]- деп жазды.

Бұл дәстүр Фирдоусидің (934-1020) поэмасы «Шаһнаманың» Искендер бөлімінде, Низамидің (1141-1203) «Искандер-Намэ», Хосроудың (1253-1325) «Искандердің зерцалосы», Жамидің (1414-1492) «Искандер даналығының кітабы» және Новоидің (1441-1501) дидактикалық философиялық дастаны «Садди Искандерий» («Ескендірдің қорғаны») шығармаларында дамығандығы белгілі.

Бұл айтылған шығармаларда Ескендір ақылды, әділетті де данышпан ел басқарушы қолбасы ретінде қастерлене жырланады.

Бұл аталған шығыс классиктерінің шығармаларын Абайдың жақсы білгеніне күмән жоқ. Абайға дейін тек азербайжан классигі Низами ғана Александр Македонскийдің тарихын дұрыс жазып, оны Филикустың (Филиптің) баласы деп жырласа, басқа авторлар Ескендірдің өмір тарихын өз қалауынша өзгертті. Мысалы, I-III ғасырлардағы «Псевдо-Каллисфен» романы оны Египет адамы Нектанебтың баласы десе, Фирдоуси Иран шахының ұрпағы ретінде баяндады.

Абайтанушы ғалым М.О.Әуезовтің айтуынша: «Соңғы тапқан деректерімізге қарағанда Абай Ескендір жайындағы аңызды түгелімен сол Низамидің "Ескендір намасынан" алған. Әзербайжанның ұлы классигінің ең зор поэмасы "Ескендір нама" сансыз көп оқиғалардан, көп тарау бөлімдерден құралған аса бай мазмұнды дастан. Ескендірдің Дариймен соғысқаны, онан соң азербайжан патша әйелі Нушабемен кездескені, Ескендір мен Хақан әңгімесі, Қытай, Тұран өлкелерінде жүрген сапарлары және терістік өлкедегі ғажайып бақыт, молшылық, әділет орнаған елге ұшырасуы - бәрі де Низамиде мол баян етіледі. "Ескендір наманың" тағы бірнеше тараулары сол Ескендірдің түн тарапынан шеккен сапарына арналады. Ол сапарға Ескендір Әбулхаят суын (мәңгі өмір беретін суды) іздеп барады.

Түн дүниесінде, ұзақ қараңғылық сапарында, сан қиыншылықтар ортасында қалың қолмен жүрген Ескендірді бастаушы Хызыр болады. Бұлар іздеген Әбулхаят суын Хызыр жалғыз тауып, өзі ішіп, жуынып алады. Астындағы ақбоз атын да суарып, әрі суға шомылдырады. Бірақ ғажайып суды Ескендірге білдірмек болғанда, ғажайып су ғайып болып кетеді. 

Сол түн тарапта жүргенде, жорықтағы Ескендірге сыры, жайы мәлімсіз бір жас кездеседі. Ол жас періште деп айтылады. Сол жан Ескендірге өзгеше сыры бар, кішкентай тас береді. «Кейін ойлансаң осы тастан көп сыр көресің, ой табасың»,- дейді. Түн тарапынан Ескендірдің барлық серіктері неше алуан қымбат асыл тастар алып қайтады. Ескендірдің алғаны жаңағы кішкентай тас. Кейін Ескендір өзінің ойшылдарымен бірге отырып сол тасты сарапқа салады. Тас таразыға түскенде барлық өзге асылды баса береді. Оның салмағына қарсы қандай қазына үйсе де, пара-пар келмейді. Осы күйге қайран болған Ескендірдің қасына Хызыр келіп бір уыс топырақты кішкене тастың үстіне тастай бергенде, тас жағы жеңілейіп, аспанға көтеріледі. Сонда өзгеден бұрын Ескендірдің өзі ойшылдық танытып, «Топырақтан біткен топырақтан ғана тойым табады», -деп байлау жасайды.

Міне, біздің білуімізше, Абай пайдаланып отырған сюжет Низами жазған «Ескендір наманың» дәл осы тұсынан алынған [2, 191-192].

Сонда қалай, Абай «Ескендірді» Низамиден аударған болып шыға ма?

Жоқ, олай емес екен! Тағы да сол ұлы ғалым М.Әуезовке жүгінейік. М.Әуезов: «Көпке мәлім болған тарихи шындықтар бойынша, шығыста бір классик жырлаған тақырыпты келесі буында тағы бір шығыс ақыны қайталап әңгіме ететін, тың дастандар шығаратын дәстүр бар.

Олар біреуінің тақырыбын біреуі алуды заңды жол еткен. Тек алдыңғының өлеңін алмай және алдыңғы айтқан оқиғаларды негізінен пайдаланса да, көп жерде өз еркімен өзгертіп, тыңнан жырлап шығаратыны болады. Бұлайша бір тақырыпты әр ақынның қайталауы еш уақытта аударма деп танылу керек емес. Ол өзінше қайта жырлау, тыңнан толғау, ақындық шабыт сынасып, жырмен жарысу есепті бір салт еді.

Шығыс поэзиясы бұл салтты заңды деп біліп, осы дәстүрге «Назира», «Назирагөйлік» деп атау берген. Абай сол дәстүрді жақсы біліп қана қоймаған, қолданған да. Назира жолымен алдыңғы ақынның поэмасы бойынша, қайтадан жаңа поэма жазатын ақындар, кейінгі заманның көзқарасын, творчестволық жаңа поэзиясын танытады. Мысалы Низамидің «Хамсасында» жырланған «Ләйлі-Мәжнүн», «Хосырау-Шырынды» өзбектің ұлы классигі Науаи қолға алып жырлағанда көп тың жаңалықтар қосқан. Науаи өз дәуірінің ойшылы, өкілі болып отырып, Ләйлі мен Мәжнүннің махаббатына да тыңнан шындық сипаттар береді. Ал, «Фархат-Шырында» Низамидағыдай емес, Хосрау патшаны үлкен сыншыл оймен әшкерелеп, зұлымдық сипатта суреттейді» [2, 194]- деп көрсетті.

Низами өзінің «Ескендір намасында» Ескендірді "әділетті", "ойшыл", "дана", "өнегелі басшы"- деп оны үлгі ете суреттесе,

Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?

Македония шаһары оған мекен.

Филипп патша баласы ер көңілді

Мақтан сүйгіш, қызғаншақ адам екен,-деп, өз поэмасын бірден Ескендірге жағымсыз мінездеме беруден бастаған Абай:

Ескендір тоқтау көрмей өскен жан ғой,

Келмей ме тоқтаусыздың бәрі даңғой,- деп Ескендір бойындағы жағымсыз қылықтарды көбейте келе:

Жазықсыз жақын елдің бәрін шапты,

Дарияның суындай қандар ақты.

Шапқан жердің бәрін де бодан қылып,

Өкіметпен қолына тартып апты.

Ескендір елде алмаған хан қоймады,

Алған сайын көңілі бір тоймады.

Араны барған сайын қатты ашылып,

Жердің жүзін алуға ой ойлады,- деп, даңғой мақтаншақ Ескендірдің қара ниетті жауыздық басқыншылық соғыстары мен оның өмір тарихын батыс пен шығыстың білімін тең меңгерген хакім Абай, тарихи деректерге сай, ралистік тұрғыда суреттейді.

Сол жер жүзін жаулап алуды мақсат еткен Ескендір қатты шөлден қиналып, ақырында өзгеше тәтті, ғажап бір суға кездесіп, сол жердегі елді жаулап бағындыру мақсатында, суды өрлеп келе жатып, алтын қақпалы бір қорғанға кездеседі. Менменсіген тәкаппар Ескендір қорғанның қақпасын аша алмай:

-Білмесең, мен Ескендір патша деген,

Жер жүзінің соғыста бәрін жеңген,- деген Ескендірге:

-Мықтымын деп мақтанба, ақыл білсең,

Мықты болсаң өзіңнің нәпсіңді жең!

Іші тар, көре алмастың біреуі сен,

Ондай кісі бұл жерге келмейді тең,- деп, ескерткішке сый сұраған өркөкірек Ескендірге орамалға түйіп бір қу сүйек беріп жібереді. Маған сыйға бір қу сүйек берді деп ашуланған Ескендірге данышпан Аристотель бұл сүйектің қасиетін көрсетейін деп, таразы алдырып, бір жағына сүйекті салып, екінші жағына қанша алтын-күміс, асыл заттарды салса да, сүйек асыл заттарды басып тұра береді. Аң-таң болған Ескендір мұның сырын тапшы деп, данышпан Аристотель хакімнен сұрағанда:

Хакім жерден топырақ алып барды,

Бір уыстап сүйекке шаша салды,

Ана басы сылқ етіп жерге түсіп,

Сүйек басы жоғары шығып қалды,-дейді.

 Мұның мәнісін сұраған патшаға хакім Аристотель:

Бұл адам көз сүйегі,-дейді ханға,-

Тоя ма, адам көзі мың мен санға?

Жеміт көз жер жүзіне тоймаса да,

Өлсе тояр көзіне құм құйылғанда.

 

Кәпір көздің дүниеде араны үлкен,

Алған сайын дүниеге тоя ма  екен?

Қанша тірі жүрсе де, өлген күні,

Өзге көзбен бірдей-ақ болады екен,- деп, өзінің поэмадағы оқушысына арнаған қорытынды өсиетін Аристотельдің аузымен айтқызған Абай: 

Қу өмір жолдас болмас, әлі-ақ өтер,

Өз күлкіңе, өзің қарқ болма бекер!

Ұятың мен арыңды малға сатып,

Ұятсызда иман жоқ, түпке жетер.

 

Мақтанасын біреуге мақтасын деп,

Шаужайымнан еш адам қақпасын деп,

Сен кеткен соң артыңнан күліп қалар,

Антұрғаннан құдайым сақтасын деп.

 

Ақылсыз өзін мақтап былжырайды,

Бойыңа өлшеп, сөйлесең, нең құрайды.

Жақсы болсаң, жарықты кім көрмейді,

Өз бағаңды өзіңнен кім сұрайды?!- деп, Абай поэманың соңғы шумақтарындағы ой-түйіндерін өз заманының тынысы мен талабына, өзінің негізгі гуманистік, ағартушылық бағытына сәйкестендіріп, бұрын өзге өлеңдерінде өзі айтып келген моральдық-философиялық тәрбиелі ойларына қарай бұрған. М.Әуезов айтқандай, «Ескендір» тақырыбына Шығыс ақындарымен «Назирагөйшілікке» барған Абайдың Шығыс классиктерінен негізгі айырмашылығы неде? Енді осыған келейік.

Біздің ойымызша, басты айырмашылығы сол, Шығыста «бірінші» ұстаз аталған данышпан-ғалым – Аристотель, шын өмірде тарихи Александр Македонский патшаны жас кезінде ғылымға тәрбиелеп оқытып, ұстазы болған. Бұл – тарихи шындық. Осы ақиқат шындықты хакім Абай тарихи еңбектер арқылы жақсы білген. 

Шығыс классиктерінде Ескендір патшаға көмек беретін ақылшылары Қызыр ата не болмаса жас періште секілді әр түрлі қасиетке ие мифтік тұлғалар болса, Абайдың «Ескендірінде» Ескендір патшаның ақылшысы, өзінің өмірдегі ұстазы, тарихи тұлға, данышпан ғалым Аристотельдің өзі. Ақын Аристотельді:

Сол күнде Аристотель – жеке дара,

Ақыл сөзін тыңдамай бар ма шара, -деп, жырға қосады. 

Поэмада суреттелетін сүйектің сырын ашу оқиғасында, Аристотельдің ақылы мен гуманистік ойы оның даналығы жан-жақты тереңнен ашылады. Сүйектің сырын сұраған Ескендірге Аристотель:

Бұл- адам көз сүйегі,- деді ханға,-

Тоя ма адам көзі мың мен санға?

Жеміт көз жер жүзіне тоймаса да,

Өлсе тояр, көзіне құм құйылғанда,- дей келіп,

Ашуланба, ей, патшам, айтайын дат:

Алтын қақпа бермеді сізге рұқсат.

Сый сұрадың, бергені- бір қу сүйек,

Мұны көріп, алыңыз сіз де ғибрат,- дейді.

Аристотельдің бұл сөзі Ескендірге ой салып, райынан қайтарады.

Ойлап-ойлап патшаның мойны түсті,

 «Құдайым көрсетті,- деп бұл бір істі.

Бекерлік екен менің бұл ісім», - деп,

Қолын алып, жұртына қайта көшті,- деп, поэма оқиғасын аяқтаған ақын, Аристотельдің даналық сөздері арқылы Ескендірдің шапқыншылығын тоқтатып, жауыздықты әділеттілікке жеңдіріп, Аристотель образы арқылы даналық пен әділетті дәріптейді.     

Поэмада Аристотель білімді де беделді, үлкен ақыл иесі, тіпті жер-жаһанды жаулаушы Ескендір патшаның өзінен де қаймықпай, оған өнегелі ой айтатын данышпан ретінде суреттеледі. 

«Ескендір» поэмасындағы Аристотель бейнесі – тарихта болған данышпан ғалым Аристотельдің образы. Абай поэмада үлкен ақыл иесі Аристотельді патша Ескендірден сонағұрлым жоғары қояды. Мұның өзі тарихи деректерден мол мағлұматы бар, реалист-ақын, хакім Абайдың терең білімінен хабар берсе керек.     

Екіншіден,  өздерінің қиялынан туған «өнегелі басшы» идеясын дәріптеген Шығыс классиктері, тарихи Ескендірді білмеген, білуге тырыспаған да, оны мақсат етпеген де секілді. Батыс пен Шығыс білімін тең меңгеріп, ақындық шеберлікте ешкімге дес бермейтін хакім Абай, Ескендірдің өмір тарихын, оның жер жүзін жаулап алғысы келген қанқұйлы басқыншылық соғыстарын тарихи зерттеулерден жақсы білгені көрініп тұр. Тарихи шындық арқау болған Абайдың «Ескендір» поэмасында, Ескендір дүние жүзін жаулап алғысы келген басқыншы ретінде суреттелді.

Әлем әдебиетіндегі Александр Македонскийдің бейнесін көп зерттеген ғалым Е.Э.Бертельс Абайдың «Ескендір» поэмасын білмеген. Егер ол Абайдың «Ескендір» поэмасымен таныс болған болса,  Абайдың «Ескендір» поэмасы, тарихта болған, дүние жүзін жаулап алғысы келген басқыншы Ескендірдің бар болмысын ашып көрсететін көркемдік шешімі аса жоғары, тарихи-реалистік шығарма екендігін мойындаған болар еді,- деп ойлаймыз.

Қорыта келгенде, Абай өзінің «Ескендір» поэмасындағы Ескендір бейнесі арқылы, тарихта болған басқыншы Александр Македонскийдің (Шығыста Ескендір) тарихи-реалистік бейнесін сомдаған.

Өз поэмасында тарихи-реализм тұрғысындағы тарихта болған, тарихи Ескендірдің бейнесін сомдап, адамгершілік пен әділетті жырлаған Абай, «Ескендір» тақырыбын жырлауда, шығыс классиктерінен сонағұрлым биікте тұр. Себебі, Абайдың «Ескендір» поэмасы – парасатты адамгершілік пен әділетті жырлаған тарихи-реалистік шығарма. Бұл – ақиқат дүние! Сондықтан да «Ескендір» поэмасын, Абайдың дүниежүзілік «Александрия» тақырыбына қосқан өзіндік зор үлесі деп қарауымыз керек.   

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Е.Э.Бертельс. Роман об Александре и его главные версии на Востоке. М.Л. 1948, 378 стр.
  2. М.О.Әуезов. Абай (Ибраһим) Құнанбаев. Монография. Алматы, «Жазушы» - 1985ж. 496 бет.

Нұрғали Махан

Abai.kz

1 пікір