Сенбі, 27 Сәуір 2024
2859 0 пікір 30 Сәуір, 2020 сағат 16:04

«Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын қайта қарау керек»

Бүгін Дариға Назарбаеваның төрағалығымен ҚР Парламенті Сенатының отырысы өтті. Жиында Сенат Спикері Дариға Назарбаева қазақстандықтарды алаңдатып отырған бірнеше өзекті мәселелер жөнінде айтты.

Сенат Төрағасы әлемді алаңдатып отырған коронавиурс пандемиясының қауіп қатері мен оның әлемдік экономикаға тигізер зияны жөнінде айтып өтті. Және, бұл жағдайды Қазақстан да дұрыс бағамдау керектігін ескертті.

- Пандемия әлемдік экономиканы ешқашан болмаған көлемде қысқартып, мұнай нарығында бағаның төмендеуіне, кәсіпорындар мен тұрғындар шаруашылықтарын аса қиын жағдайға алып келді.Ол біздің еліміз үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін де нағыз сынақ болды. Мұның салдары әр адамның өміріне ұзақ уақыт әсер ететіні  анық. Бұл жағдайды дұрыс бағалай білуіміз керек. Шығындарды азайту қажет болады. Біздер енді бүгінгі күннің шындығымен жаңаша өмір сүріп жүрміз, - деді сенат спикері.

Сонымен қатар, Дариға Назарбаева халықты әлеуметтік жағынан қолдау үшін нақты мүмкіндіктермен резервтерді қарастыру қажеттігіне тоқталды.

- Әртүрлі сценарийлер мен болжамдарды қарастырып, нақты мүмкіндіктер мен резервтерге баға беруіміз қажет. Бүгінгі жағдайда халық пен экономиканың барлық салалары мемлекеттің қолдауына мұқтаж. Әлемдік экономикадағы келеңсіз ахуал мен ресурстардың шектеулі болуында ескеру қажет. Сондықтан, Үкіметтің іс-қимыл жоспарының негізі ережелерін Парламенттің, өңірлердің, экономика салалары мен қоғам  өкілдерінің қатысуымен талқылау қажет деп есептеймін. Бұл мәселелер бүкіл қоғамды толғандырады, - деді Сенат Төрағасы.

Бұл тұрғыда Сенат төрағасы мемлекеттік саясаттың басымдықтарының арасында санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік мәселесі, азық-түлік, сондай-ақ импортты алмастыру бірінші орында болуы тиіс екенін айтып өтті.  Және ол мұнайдан түсетін табыстардың төмендеуі экспорт мүмкіндіктерін айтарлықтай қысқартатынын, сондықтан біз көп нәрсені өзіміз жасап үйренуіміз керек екенін айтты.

Одан бөлек, Сенат төрағасы агроөнеркәсіп саласында бірқатар мәселелер бар екеніне тоқталып, бұл мәселені бірінші кезекте шешу қажет деді.

- Жыл басында өткен парламенттік тыңдауда агроөнеркәсіп секторына жасалған талдау осы салада проблеманың көп екенін көрсетті.Бұрынғы проблемаларға енді төтенше жағдай кезіндегілер  қосылды. Бұл Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын қайта қарау керек екеніне тағы да көзімізді жеткізіп отыр. Бүгінгі күннің шындығын ескеріп, мұны бірінші кезекте атқару қажет. Себебі, бүгінде жер жыртып, мал өсіріп отырған ірі, орта және шағын бизнес азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келеді,- деді Дариға Назарбаева.

Сонымен қатар ол, Түркістан облысындағы ауылшаруашылық мамандары тап болған өзекті мәселелер төңірегінде сөз қозғады.

-Қырыққабат өніміне байланысты Түркістан облысында орын алған жағдайға қараңыздаршы. Бүкіл әлем көптеген елдерде аштықтың орын алу ықтималдығы жоғары екенін талқылап жатқанда, біз жиналған өнімдермен не істерімізді білмей отырмыз- деді сенат төрағасы.

Дариға Нұрсұлтанқызының айтуынша, оңтүстіктегі бұл мәселені мәслихаттар мен тексеру комиссиялары қатаң бақылауға алу қажет.

-Фермерлерге мемлекеттің көмегі қажет, оны осы айдың тәжірибесі  көрсетті. Көмекті ішкі нарық қажеттілігіне, сондай-ақ қайта өңдеу мен экспорт мүмкіндіктеріне қарай көрсету керек.Олардың еңбегін зая кетіруге біздің құқығымыз жоқ, - деді Сенат Төрағасы.

Сонымен қатар, Сенат спикері осындай жауапты кезеңде депутаттардың аса маңызды міндеті – экономиканы, шағын және орта бизнесті, ауыл шаруашылығы мен азаматтарды қолдауға бөлінген, дағдарысқа қарсы шараларды іске асыруға бағытталған қаржының жұмсалуына бақылау жасау екеніне тоқталып өтті.

Сондай-ақ, ол  Президент тапсырмаларының орындалуына тұрақты мониторинг жүргізуді, Үкіметтің дағдарысқа қарсы шараларының іске асырылуын жоғарғы Палатаның комитеттерінің бағыттары бойынша, өңірлерден сайланған депутаттарға – өз өңірлері бойынша бақылауға алуды тапсырды.

Одан бөлек, Сенат Төрағасы бүгінгі кезеңде Парламентке келіп түскен 2019 жылға арналған республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкіметтің есебі бойынша жұмыстарға жеке тоқталды.

- Бюджеттік жоспарлау жүйесін дұрыс құрудың маңыздылығын ескере отырып, біз Сенат жанынан бюджет заңнамасын жетілдіру жөніндегі кеңес құрдық және ол белсенді жұмыс істеп жатыр. Кеңестің көптеген ұсыныстарын Қаржы және Ұлттық экономика министрліктері жұмыс үшін қабылдады. Осы жұмысты жалғастыру керек, - деді Д.Назарбаева.

Сондай-ақ ол Сенат комитеттеріне өз бағыттары бойынша есепті мұқият зерделеп, проблемалар анықталған жағдайда, оларды жүйелі түрде шешу жолдарын ұсынуды тапсырды.

Abai.kz

0 пікір